Архив рубрики ‘Шежіре’

Өмірімнің 33 жылын журналистика саласында қызмет етуге арнаған екенмін. Сол жылдарда өз  мамандығының  кәсіби шебері болған қарымды журналистерді де, аты бар да, заты жоқ, жұмысын тек күнкөрістің құралы санайтын дүмбілез жандарды да, басшыларға жағынып, мансапқа қол жеткізуді ғана армандайтын мансапқорларды да көрдім.  Журналист деген атқа дақ түсірмей, өле өлгенше қолдарынан қаламдарын тастамай кеткен екі азамат туралы айтсам деймін. Олардың өмір, еңбек жолдарында бір-біріне деген егіз қозыдай ұқсастық бар және екеуі де  өз мамандығының хас шебері деңгейіне жеткен мықты журналистер болатын.

2004 жылдың қазан айының 28-де  Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің сол кездегі редакторы  Жомарт Әбдіхалық автокөлік апатынан қайтыс болды. Бұл күн менің есімде сақталған себебі, 27 қазанда  мен газеттің кезекші редакторы болған едім.  Жомарт Әбдіхалық  редактор ретінде газетке қол қою үшін компьютер цехына келді. Ол әдеттегідей қалжыңдап, өте көңілді отырды және таңертең жол жүретінін, алдағы уақытта газет еш қиындықсыз бюджеттен қаржыландырылатынын, сол мәселе ертең шешілетінін  айтып, жаңалықпен бөлісті. Ал ертеңіне ол жол апатынан қаза тапты. Сол тұста оның жасы 60-та болатын.

(далее…)

Ұлы жеңіске – 80 жыл. Ертеректе отандық  басылымдар  осылай деп жазып, бұл күнге бүтін бір нөмірді арнап жатар еді. Қазір бір кездегі айтулы мерекенің мәні де, мазмұны да өзгерді. Әсіресе, 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басқыншылық  жасауынан бастап  Жеңіс күні мерекесіне деген бұрыңғы КСРО елдеріндегі халықтың көзқарасы күрт өзгеріп, біраз елдер ол күнді мереке ретінде атап өтулерін тоқтатты.

Қазақстанда да Жеңіс күні мерекесіне деген жұртшылықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Рас, биыл еліміздің біраз қалаларында Жеңіс күніне орай түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды, ал біраз аймақтар мерекені атап өткен жоқ. Бұл күнді ән салып, би билейтін көңілді мереке емес, соғыста Отан үшін опат болғандар мен қазірде көпшілігі бақилық болып кеткен  майдангерлерді еске алатын Азалы күн ретінде атап өтуді ұсынып жатқандар бар.  Бұрыңғы КСРО шекпенінен шыққан көптеген елдерде бұл күн бүгінде Азалы күн түрінде аталып өтуде. Осылайша, бір кезде КСРО елінде ең басты айтулы мерекелердің бірі болған – 9 мамырдың сыйпаты мен мәні қазір қатты өзгерді.

(далее…)

Бұрын Целиноград атанған астаналық облыстың  облыстық газетін 16 жылдай басқарған Октябрь Қайырұлы Әлібековтың туғанына 90 жыл толып отыр. Рас, ол ағамыз бүгінде арамызда жоқ, дегенмен де саналы өмірін түгелге жуық журналистика саласына арнаған ол соңында есімін ел есінде сақтарлық жақсы істері мен көптеген ізбасарларын, шәкірттерін қалдырды. «Жақсының аты өлмейді» дейді қазақ.

Кеңес заманында «Коммунизм нұры, кейінірек «Арқа ажары» атанған газет Арқа өңіріндегі қазақ  басылымдарының қара шаңырағы болған еді. Қазақ өз жерінде азшылық болып, қазақ мектептері жаппай жабылып, аз қазақтың көбі ана тілдерін ұмытып орыстанып кеткен сол заманда ұлттық тіліміздің туын жықпай,  отын өшірмей жас буынға жеткізуде бұл газеттің сіңірген еңбегі орасан зор болғаны даусыз. Сондай алмағайып кезеңде газет ұжымын басқарып, жақсы істерге мұрындық болған ұлтжанды, елжанды азамат Октябрь Әлібеков болғандығын атап өтуге тиіспіз. Орыстанып кеткен көше, елді мекен, тіпті облыс орталығы Целиноград атауын бұрыңғы Ақмолаға қайтарудың қаншалықты күреспен, айтыс-тартыспен келгендігін бүгінгі аға буын өкілдері өте жақсы біледі. Сол айтыс-тартыстардың белортасында  Әлібеков басқарған облыстық газеттің журналистері жүрді.

(далее…)

Биылғы жылдың  қазанында біраз жылдар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне бас редактор болып, өтпелі кезең аталған сол бір ауыр жылдарда газет ұжымын басқарған қарымды қаламгер, публицист, жазушы Жомарт Сафиұлы Әбдіхалықтың дүниеден озғанына 20 жыл толады екен. 60 жасында төтенше келген ажалдан көз жұмған оның бергені де, әлі берері де мол болатын. Соңында публицистикалық, пәлсапалық біраз кітаптары, тәлімін алған шәкірттері мен ізбасарлары, ел, қоғам үшін атқарған елеулі еңбегі қалды. Сол алпыс жылдық ғұмырында ол өте көп шаруалар тындырды, көзтаныстары мен әріптестерінің есінде қалар, құрмет тұтар жақсы істер атқарды. Сол еңбектері еленіп мемлекет тарапынан атақтар мен марапаттар да алды.

Мен 1988-90 жылдары Қима аудандық «Дала таңы» газетінде қызмет атқардым. Сонда жүріп облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне үнемі жазып жүрдім. Облыс орталығы Целиноград қаласына бара қалсам міндетті түрде газет редакциясына соғып кетемін. Ол кезде газетті Октябрь Әлібеков басқарады. Жомарт Әбдіхалық бас редактордың орынбасары. Сол тұста газетте Мәди Хасенов, Алдан Смайылов, Баймұрат Есмаханов, Амангелді Жұмабеков, Бәдуан Имашев, Ілияс Қарағозин, Жұматай Сабыржанов, Жылқыбай Жағыпаров, Мағжан Садыханов, Төлеген Ілдебаев, Амантай Есілбаев, Үкімет Сүйінжанов сияқты  қаламдары қарымды, есімдері елге танымал тәжібибелі мықты журналистер еңбек етті. Олардың әрқайссы бір-бір мектеп болатын. Мен облыстық газетті нөмір жібермей бастан аяқ оқып жүремін. Аудандық газетте еңбек ететін журналистік еңбек жолын енді бастаған мен үшін аттары аталған қаламгерлерден үйренер жайлар аз болмайтын.

(далее…)

Ұзақ жылдар «Арқа ажары» газетінде қызмет істеп, газеттің үлкен жүгін көтеріскен қарымды қаламгер Амангелді Жұмабектің фәни дүниеден озғанына да бір жылдың жүзі болыпты.  Әріптестері «Арқа ажарының» сары өгізі» деп әзілдеп атайтын Аужекеңнің  газеттегі орны ерекше еді. Ол ұзақ жылдар газеттің ең ауыр және жетекші бөлімі саналатын экономика бөлімін басқарды және қазақ журналистері үшін ауыр тақырып болып отырған қаржы, экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың  жілігін шағып, жеріне жеткізе жазатын қарымды журналист болды.

Мен Аужекеңмен 1989 жылдың күзінде танысқан едім. Ол кезде Қима аудандық «Дала таңы» газетінде қызмет істеймін. Аужекең біреулердің жазған шағымы бойынша талдау материал жазу үшін ол кезде «Коммунизм  нұры» аталатын облыстық газеттен іссапарға келген екен. Аудандық газетте істесем де облыстық газетке жиі жазып тұрамын. Мақалаларымды былай қойып, очеркім мен әңгімем де жарияланған.  Аужекең маған «Қалкөз деген сенсің бе? Мен сені жазғаныңа қарап , жасы біразға келген адам ба десем, жап-жас жігітсің ғой» деді таңырқап.

(далее…)

                

…Әр өңірдің өзіне тән тарихы, құпиялары бар. Біз білмейтін зар замандағы оқиғаларды алдыңғы буын ағалардан естиміз. Олар ғасыр қойнауына кеткен небір құнды дүниелерді бүгінгі ұрпағына жекізеді. «Ауылыңда ақсақалың болса, жазылып қойған шежіре» деген сөзді бабаларымыз бекерге айтпаған. Ел қадірлеген  ақсақалымыз Қасен Тықанұлының көргені мен тоқығаны көп  шежіреші ме дерсің. Әңгіме тиегін ағытқанда беріле тыңдағаныңды байқамай қаласың. Халқымыздың арғы-бергі тарихынан ой толғағанда құды сол дәуірге барып келгендей әсер аласың…

      «…Әрғы аталарымыз орта жүз найман, бағаналы. Оның ішінде жырық атадан тарайды. Атбасар дуанының аға сұлтаны Ерден би Сандыбайұлының  тікелей ұрпағымыз. Бергі аталарым Байдәулет, одан Төбет, Қалменде, Шайкен, Нұреке есімді төрт ағайынды болған. Қалменде (Қалменбай) жасынан өнерпаз, қыран бүркіт, құмай тазы, жүйрік ат ұстаған сері болыпты. Ол кісі сауық сайранмен жүріп қырық тоғыз  жасқа келгенде он үш жастағы Бөпежан есімді жас қызға үйленеді. Он төрт жасқа келгенде тұңғыштары дүниеге келеді. Есімін Тықан деп атайды. Бөпежан он үш баланы өмірге әкелген. Оның екеуі егіздер. Он үш баланың төртеуі-Тықан, Зәрер, Мұқыш, Шекер тірі қалады. Алпыс жеті жасында атамыз Қалменде өмірден өтеді.

      

(далее…)

Қазіргі қазақ қоғамы қым-қуыт күндердің қарсаңында, қарбаласқа толы оқиғалардың тоғысында тұр. Кешегі жаңа Үкіметтің жасақталуы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық-әлеуметтік салада өміршең мәселелерді шешу жөніндегі талап-тілектері жаңа бетбұрыс жасауға ықпал ететіні анық.
Осы оқиғаның қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен мүдделі топ елордаға жиналып, «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорын құруға арналған басқосуға қатысып, ел тұрғындарына үндеу тұрғысындағы манифест құжатқа қол қойдық.
Жаңа қордың негізгі мақсаты – барша қазақстандықтарды толғандырған өзекті мәселелерді түбегейлі шешуге атсалысу, үн қосу. Бұл ретте еңбек адамдарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, әлеуметтік және экономикалық бағыттағы түйкіл мәселелерді көтеріп, оны осыған мүдделі құрылымдармен бірлесіп шешу.
Әрине,  тақырыбы да ауқымды, арнасы да кең, әділетті Қазақстанды құру ісінде сырт қалмай, осы келелі іске бәріміздің белсене үлес қосуымызды білдіреді. Мәселен, Ақмола облысын да толғандырған мәселе өте көп. Аталған қордың өңірдегі белсенді өкілдері ретінде осы проблемалардың оңтайлы шешімін табуына жұмыс жасайтын боламыз.

(далее…)

Таяуда әлеуметтік желіде жарияланған жас қазақ келіншектің жанайқайы жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызды. Павлодарлық жас келіншек қаладағы фитнес клубта ойнап жүрген бес жастағы баласына қазақша сөйлегені үшін орыс келіншектің балағаттап, бар дауысымен айқайлауынан қорыққан сәбидің жүйкесі зақымданып, үш күннен бері дұрыс ұйықтай алмайтынын, қайта-қайта шошып ояна беретінін айтады. Соңғы кезде тәуелсіз Қазақстан елінде орыс ұлтының өкілдері тарапынан қазақша сөйлегендерге осындай қоқан-лоққы жасау әрекеттері әржерде көрініс беріп жүр. Бұның астарында ресейлік ақпараттың адам санасына тигізіп жатқан ықпалы тұрғаны дау туғызбас шындық.

«Ақпаратты билеген – әлемді билейді» деген түсініктің астарында үлкен ақиқат бар. Адам санасына тигізетін ақпараттың әсерін бүгінде психолог мамандар ғана емес, қарапайым халық та жақсы біледі. Осының нақты мысалы ретінде іргелес ресейдегі жағдайды айтуға болады. 2022 жылдың ақпанында тәуелсіз бөтен елге баса көктеп кірген ресейдің сыртқы саясатын осы елдің халқының 70 пайызы қолдайтынын ресми органдар айтып, жазған еді. Бұның жалған мәлімет емес екендігін қазіргі ресейдегі жағдай анық байқатып отыр. Соғыста күн сайын ондаған, жүздеген ресейлік жауынгерлер қаза тауып, ата-аналары қаралы қағаз алып жатса да, ақпараттық насихаттың әсерімен бұл соғысты Отан қорғау үшін болып жатқан әділ соғыс деп санайтындар аз емес екен. Ертеректе емеурінмен, тұспалдап айтып келген жайларды соңғы кезде Соловьев, Скабеева, Симонян  сияқты тележүргізушілер ашық және өте дөрекі түрде айта бастаған жайы бар.

(далее…)

Державин деген кім және оның қазақ еліне,  астаналық облыстың іргелі қаласына есімін беріп әспеттейтіндей қандай еңбегі сіңген? Уикипедияны қарасақ, Державин Гаврил Романович Екатерина патшаның заманында өмір кешкен ақын және патша билігінің шенеунігі болғанын білеміз. Ол өмір бойы  патшаға  адал қызмет етіпті. Әскер қатарында болып, офицер атағын алған. Кейін сенатор болып сайланып, тіпті бірнеше жыл әділет министрі де болыпты. Оның ақ патшаға сіңірген ең елеулі еңбегі  —  Пугачев көтерілісін басып-жаншуға көмектескені екен.  Қызығы сол, халық көтерілісін басқарған Емелян Пугачевты кеңес заманында коммунистер халық батыры атады, ал сол көтерілісті басуға белсене қатысқан ақ патшаның офицері Державинді ақын ретінде құрмет тұтып, есімін ел есінде сақтауға жағдай жасаулары сол көзқарастарына кереғар болып тұрған жоқ па.

Державиннің өмірбаяны мен қызметтеріне қанша үңілсек те, қазақ еліне, қазақ халқына қатысты бір түйір дерек таппадық. Яғни, Державин деген адамның қазақ еліне мүлдем қатысы жоқ. Міне, осындай жанға тың өлкесіндегі іргелі қаланың  атын беру ақылға сиымсыз іс. Бұның бәрі тың игеру жылдарында аннан-мұннан қашқан тың игеруге келгендердің өздері билеп-төстеп жасаған шаруалары екені анық. Ол кезде жергілікті қазақ халқынан ешкім, ештеңе сұраған жоқ. Елді мекен, оның көшелерінің атын сырттан келген келімсектер  ешкімнің сұрауынсыз өздері қойып жатты. Соның нәтижесінде солтүстік өңірде қаптаған орыс тілді елді мекендердің атауы мен көше атаулары қалды.

Тағы бір қызығы, бір кезде қазақ халқынан сұрамастан, сырттан қойған сол атауларды  өзгертіп, байырғы атауын беруге келгенде, заң өзгеріп шыға келді. Енді елді мекендер мен көше атауларын өзгерту үшін сол өңірде тұратын тұрғындардың  көзқарасы міндетті түрде ескерілуі тиіс. Осындай заңға сүйенген солтүстікте әлі күнге дейін басым көпшілік болып отырған орыс ұлтының өкілдері  қит етсе «тарихымызды бұрмалап жатыр, оған жол бермейміз» -деп ұрандап шыға келеді. Осының салдарынан көптеген елді мекендердің атаулары сол баяғы кеңес заманындағыдай орысша аталып келеді.

(далее…)

Өткен аптада Астанамыздың 25 жылдық мерейтойын  салтанатпен атап өттік. Осы ширек ғасырдың  ішінде бір кезде провинциялық көп қалалардың бірі болған Астана еліміздің ғана емес, әлемнің сәулетті  шаһарларының біріне айналды. Мына жайды біз жадымыздан өшіріп тастай алмаймыз: Астанының Арқа төсіне көшірілуіне еліміздің бұрынғы президенті Н.Назарьбаевтың сіңірген үлкен еңбегі бар.

Қазір жасыратыны жоқ, Елбасы туралы ел арасында түрлі теріс пікірлер көп айтылады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде елді жайлаған жемқорлық пен асты-үсті толған қазыналы елде тұратын қарапайым халықтың кедейлік тауқыметін тартып отырғанына елдің бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың тікелей кінәсі барлығы тілге тиек болып, ол кісінің атына небір ғайбат сөздер айтылып жатады. Бір ғұламаның айтқан: «Адамның бойындағы жалғыз жаман қасиеті барлық жақсы қасиеттерін жояды» дегеніндей, Елбасының жасаған игі істерінің бәрін жемқорлығы мен мансапқорлығы, атаққұмарлығы жоқ қылып, жоғалтып жібергендей.

(далее…)
Яндекс.Метрика