Биылғы жылдың көктемінде Зеренді ауданына қарасты Дөңгіл-Ағаш ауылының тұрғыны Болатбек Кәрімов үйінің шатырын жөндеп жатқан кезінде құндақтап оралған кітап тауып алады. Осындай кітап табылды дегеннен кейін мен ауылдың молдасы Жақия қажының баласы Сейфолланы апарып көрсеттім. Әрине бір жарым ғасырға жуық сақталғандықтан, кітаптың түсі оңып, біраз өзгерген екен. Кітаптың мұқабасында мешіттің суреті, арабша жазу және орысша «Проведена цензура 23 октября 1890 году. Санкт-Петербург» деген жазу бар.
Бұл үйді 1957 жылы Бекенұлы Қаппас деген кісі салып, 1977 жылы жұбайы Мақанқызы Күлбарам ағайыны Кәрімов Қабылтайға сатқан екен. Бұл кітаптың осы үйдің шатырында сақталуының себебін былайша түсіндіруге болады. Бекше — Тотақай баласы Итжаннан үш ер бала: Бегалы, Бекен, Мүсәйіп туған. Бекен 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында болыс болған. Ол кісінің салдырған үйі Кеңөткел ауылында мектеп ретінде біраз жыл пайдаланылып, қазір тұрғын үйге айналды. Ал Бегалы ауқатты адам болған. Мүсәйіпқа келсек, ол кісі Қызылсаяда Мейрам молла, Биіктесінде Масұғыт молла, Бірлестікте Ғарып молла, Жолдыбайда Қожахмет молла қатарлы Науан Хазыреттен тәлім алған діни білімі жоғары молла болған адам.
1929 жылы Совет Одағы балаларды оқыту үшін ашылған Қызыл отау шыққанға дейін Мүсәйіп молла Тотақай ауылының, көрші ауылдардың балаларына араб әліпбиін, Құранды оқытып үйреткен екен. Елге молда атымен танылған.
(далее…)








