Ресей-Украина соғысы: қазіргі жағдай және болашақ зардаптары

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жүріп жатқанына  бір жарым айдай уақыт өтіпті. Осы мерзім ішінде Украинаның көптеген елді мекендері мен қалалары қиратылып, мыңдаған адам қаза тапты, көптеген соғыс техникалары жойылды. Осы жайларға қарап, соғыс деген адамзатқа ешқашан да игілік әкелмейтінін бағамдауға болады. Дегенмен де, адамдардың өзара тіл табысып, келісімге келу арқылы шешуге болатын жайларды қарудың күшімен шешуге тырысатын жағдайларының кездесіп жататыны өкінішті.

Мерт болған жауынгерлер, қираған техника…

Ресейдің ресми ақпараттарына назар аударатын болсақ, арнайы операция деп аталған, шын мәнінде үлкен аумақты қамтыған соғыста қазақ тапқан орыс жауынгерлерінің саны мыңнан сәл ғана асады, соғыс техникаларының қирап, жойылу  саны да оншалықты көп емес. Ресей әскері алыстан ататын қанатты ракеталармен жоғары дәлдікте тек қана әскери нысандарды атқылауда. Бірақ та, Украиналық блогерлер мен ақпарат құралдарының  интернет арқылы таратып жатқан  видеоайғақтарынан ресейдің қанатты ракеталарының әскери нысанға емес, көбіне тұрғынүйлерге, әлеуметтік нысандарға құлап, аса ауыр зардап әкеліп жатқанын көруге болады. Қоршауда жиырма күннен аса уақыт тұрған 400 мыңдай тұрғыны бар ірі қала Мариуполь бүгінде түгелге жуық қиратылған. 2,5 миллион тұрғыны бар Харьковтың жартсына жуығы қиратылған. Атқылау мен бомбалаудың салдарынан үйіндіге айналған кенттер мен селолар да бар.

Жақында ресейліктер тастап кеткен Киев облысының Буча қаласындағы жағдай әлем жұртшылығын қатты шошытты. Көшеде кетіп бара жатқан қарапайым адамдар оққа ұшқан. 18-60 жас арасындағы біраз ер адамдардың қолдарын артына  қаратып байлап, желкелерінен атып өлтірген. Өлген адамдардың мүрделері көшеде жатыр. Әскери журналистердің түсірген суреттері мен видеолары лезде интернет арқылы әлемге таралды. Мына қанды көріністен шошынған жұртшылық өкілдері қанды соғыс дереу тоқталсын деп талап қоюда.

Түркияда өткен екіжақты келісімнің нәтижесі ме, әлде басқа жоспарлары болды ма, ресейліктер Киев облысы мен Чернигов аумағын тастап шықты. Қазір соғыс қимылдары ДНР және ЛНР атанған Донецк мен Луганск аймақтарында, сондай-ақ, ресейліктер қоршауға алған Мариуполь мен Харьков маңында, Херсон-Николаев аймағында болып жатыр.

Соғыс тақырыбын үзбей жариялап жүрген украиналық блогер Тарас Мезевецтің мәліметіне қарағанда, қазіргі күнге дейін ресейліктер 18800 жауынгерінен айрылған. Оған қоса ресей әскері 134 ұшақ, 142 тікұшақ, 618 танк, 1800-дей бронды техникаларын жоғалтқан.

Келісімге келудің мүмкіндіктері

Ары кетсе 3-5 күнде Киевті алып, Украинаны тізе бүктіреміз деген ресейдің жоспары орындалмай қалды. Алғашқы кезде келіссөзден ат-тондарын ала қашқан ресей кейінірек  денификация, яғни орыс тіліне қысым жасаудан тыйылу, демелитаризация – қарусыздану, Қырымды ресейдің жері, ал ДНР мен ЛНР республикаларын тәуелсіз мемлекет деп тану деген сияқты талаптар қойса, соғыс қимылдары созылып, ресей әскері біраз шығынға ұшырай бастаған тұста  денификация, демелитаризация деген талаптарын ысырып қойып, біршама жұмсақ талаппен шектеле бастады. Түркияда өткен кездесуде екі жақ соғыс қимылдарын біршама шектеуге келіскендей болған, дегенмен кейінгі жағдайлар бұның жәй саяси тактика екенін көрсетті.  Киевті басып алу райынан амалсыз қайтқан ресей сол аумақтағы әскерлерін енді Донецк мен Луганск аумақтарына шоғырлап, осы бағыттан қатты соққы беруге кірісуде.

Интернетте жарияланған бірқатар саясаткерлер мен сарапшылардың пайымына назар аударсақ, қазіргі ахуал мынадай болып тұр. Киев түбіндегі шайқастан ойсырай жеңілген ресейліктер енді қысқа мерзім ішінде, атап айтқанда мамыр айына дейін қайткен күнде де өздері тәуелсіз деп жариялаған Донецк мен Луганск облыстарының әкімшілік аумақтарын түгел басып алу, реті келсе Мариуполь мен Харьковті алып, Херсон, Николаев облыстарында табан тіреп сол аумақтарды сақтап қалу. Бұның өзі ресейден тікелей құрлық арқылы Қырымға қатынауға мүмкіндік туғызады. Осылайша бірқатар аумақтарды басып алған соң соғыс қимылдарын тоқтатып,  келісімге қол қоюға болады. Тарас Мезевецтің айтуынша, соғыстың алғашқы күндерінде бүкіл Украина еліне 190 мыңдай әскер енгізген ресей  қазір тек қана Луганск мен Донецк аумағында 190 мың әскерін шоғырлаған. Қиян-кескі соғыс та дәл осы аумақта жүріп жатыр.   

Украина президенті офисінің кеңесшісі Аристовичтің пікірінше, сәуірдің соңында, мамыр айының басында күші сарқыла бастаған ресей екіжақты келісімге келіп, соғыс қимылдарын тоқтатады. Ол үшін Луганск мен Донецск облыстарының әкімшілік аумағын түгел, оған қоса Қырымға құрлық арқылы қатынауға мүмкіндік беретін оңтүстік аумақтарды басып алса болғаны. Егер бұл жоспар жүзеге аспайтын болса, онда соғыс қимылдары ұзаққа созылатын  екінші кезеңге ауысады. Бұндай жағдайда ресей жаппай әскерге шақыру арқылы Украина аумағына 500 мыңдай әскерін шоғырлауы мүмкін.

Таразы басы Украинаға ауа бастады

АҚШ-та тұратын ресейлік оппозиция өкілі Пиантковскии соғыстың Украинаның жеңісімен аяқталатынына сенімді.  Оның айтуынша, бұрын АҚШ басшылығы Украинаға ресейдің шабуылынан қорғану үшін көмектесеміз деп келсе, Бучадағы қанды оқиғадан кейін халықтың пікірі күрт өзгерген тұста Украинаға  Ресейді жеңу үшін қажетті көмектің бәрін жасаймыз деп мәлімдеген. Осы орайда, АҚШ президенті Украинаға  бұрын үзілді-кесілді бас тартып келген ауыр қару-жарақ түрлерін, яғни танктер мен ұшақтарды беру жөніндегі ұсынысын  депутаттарға бекітуге  берген.  Осыған орай, көп ұзамай  Украина қазіргі заманғы ең жетілген танктер мен ұшақтарды алатын болады. Бұл жағдайда ресей әуедегі басымдығынан түгелдей айрылады.

Бучадағы қанды оқиғаға қатысты ресей ақпарат құралдары бұны жасаған Украина  ұлтшыл фашистері деп дәлелдеуге тырысқанымен, нақты видеоайғақтар мен спутник арқылы алынған мәліметтер  басқаша екенін көрсетеді. Буча оқиғасы осылайша  Батыс елдерінің  Украинаға неғұрлым белсенді қолдау көрсетулеріне түрткі болған жайы бар. Тарас Мезевецтің айтуынша, қазіргі күні Словакия Украина қарулы күштеріне өздігінен жүретін 16 ауыр гаубица берген. Минутына 6 снаряд ататын 41 шақырымға дейінгі қашықтықта  кез келген нысанды жоюға қауқарлы  бұл  қару Украина қарулы күштерінің құрлықтағы соғысына үлкен көмегін тигізетіні анық. Оған қоса, Ұлыбритания берген 7 мың метр биіктікке дейінгі ұшақтарды атып түсіретін  снарядты зенит қаруы әуе кеңістігін қорғауға үлкен септігін тигізбек.

Қазір мына жай анық байқалып отыр: уақыт өткен сайын Ресей әскерінің күші сарқылып, мүмкіндіктері азайып бара жатса, керісінше Батыс елдерінен қазіргі заманғы ең үздік қару-жарақ алып отырған Украина әскері күшейіп барады. Бүгінгі күні Украйна аумағында  еріктілерді қосқанда бір миллионнан астам жауынгер ресейліктермен шайқасуда.  Әскери шолушы, блогер Тарас Мезевецтің айтуынша, әскери комиссариттарға  қару сұрап, соғысқа қатысуға өтініш бергендер саны өте көп. Қажет болған жағдайда Украина ресейге қарсы 2, тіпті 3 миллион жауынгер шығара алады. Бүгінгі күні Украина әскерінің құрамында 20 мыңнан астам шетелдік легионерлер шайқасуда. Олардың арасында  бұрынғы шешен соғысына қатысқан Ичкерияның шет елде жүрген жауынгерлері бар. Оған қоса, ресейліктердің тұтқынға түскен жауынгерлерінен құралған  «Свобода Россия» легионының жауынгерлері де ресейліктерге қарсы шайқасуда.

Керісінше, Ресейдің өз әскерін толықтыру барысында көп қиындықтар туындауда. Соғысқа барудан бас тартып жатқандар көп. Жаны қысылған ресей Украинадағы соғысқа Тәжікстан, Армения аумағында тұрған құрамдардың жауынгерлерін тартуда. Байқоңырда тұрған әскери құрам жауынгерлері мен техникаларын әкеткені туралы видео интернетте таралды. Ресей соғысқа елдің барлық аумақтарынан, әскери ғана емес ОМОН сияқты құрылымдардың жауынгерлерін де тартып жатыр. Шешуші шайқастар Донецк, Луганск аумағында болады деп күтілуде. Қазір бұл аумақтарды ресейліктер ауыр артиллериямен күндіз-түні атқылап, ұшақтармен бомбылауда. Осы аймақтағы  шайқас соғыстың тағдырын шешетін болады.

Соғыста жеңуші болмайды

Орта ғасырлардағы соғыстарда жеңген жақ  жеңілушілерді тонап, бар байлығын тартып алатын және жерін алып, бодандыққа салатын. Сондықтан, ол замандағы соғыстарда жеңуші ұтып, жеңілген жақ шығынға бататын. Ал қазіргі заманғы соғыс жайы мүлдем басқаша. Соғыс оған қатысқан екі тарапқа да ауыр залалын тигізетінін өмірден көріп, куәсі болып жатамыз.

Жат жерге әскерін жіберіп, Ауғанстандағы соғысқа қатысқан КСРО да, АҚШ та ұтқан жоқ, соғыс техникаларынан, одан қалды мыңдаған жауынгерлерінен айрылып, шығынға  батты. Ауғанстандағы соңғы соғыста  АҚШ  1 триллион доллардай шығын шығарған екен.  Осындай шығыннан қашып, олар әскерін  ауған жерінен шығарды.

Украинадағы соғыс оны бастаған Ресейге қазірдің өзінде орасан зор шығындар әкелді. Ресей алғашқы күндері соғысқа ең таңдаулы деген 200 мыңға тарта жауынгерден тұратын армиясын салса, олардың төрттен бірі жараланып, қаза тауыпты.  Мыңдаған әскери техникаларынан айрылды. АҚШ-та тұратын аналитик Пиантковскии жаны қысылған ресейліктер қазір соғысқа 1962 жылы шығарылған қоймада тұрған ескі танкілерін  тартып жатыр, дейді. Қоймада ондаған жыл тот басып тұрған ескі танктерден қанша пайда болатынын кім білсін.

Ары кеткенде 4-5 күнде Украинаны тізе бүктіріп, содан кейін өз пайдамызға келісім жасаймыз деп үміттенген Ресейдің жоспары әу бастан-ақ жүзеге аспай қалды. Батыс елдері мен АҚШ бірден соғысқа қарсы бағдар ұстанып, БҰҰ арқылы ресейге ауыр санкциялар салу жобасын мақұлдатты. Бұл ұсынысты 141 мемлекет қолдап, 35-і қалыс қалса, 4  ел ғана санкцияға қарсы дауыс беріпті.  Осылайша  Ресей алдағы ұзақ жылдар бойы әлемдік қаымдастықтан оқшауланып, санкцияның ауыр зардабын тартпақ.

Санкция зардабы қазірдің өзінде сезіле бастады. Соғыс болып жатқан Украина аумағынан 4 миллионнан астам адам жат елдерге  барып баспаналаса,  бейбіт өмір кешіп жатқан ресейден 700 мыңдай адам шет елдерге кеткен.   Санкция салдарынан ресейдегі өмірдің ауырлайтынын түсінген кәсіпкерлер мен жоғары білікті мамандар шет елдерге кетуде. Бүгінгі күні Грузияда 200 мыңнан астам, Қазақстанда 100 мыңнан астам ресейлік жүр деген дерек бар.

Украйнаның  Мариуполь, Харьков, Мелитополь сияқты  біраз қалалары жермен-жексен болып қирады. Оны қалпына келтіру үшін қыруар қаржы қажет болатыны түсінікті. Ал ауыр санкцияға ұшыраған ресейдің тартып жатқан зардаптары да аз емес. Ресейдің ұлттық қордағы 300 млрд доллар ақшасы бұғатталды. Оған қоса, көптеген ресейлік олигархтардың бағалы мүліктері мен құнды қағаздары бұғатталуда. Ресейден 300-ден астам шетелдік ірі компаниялар кетіп қалды. Осының салдарынан жүздеген мың адам жұмыстан айрылды, шет елге баратын әуе реистері түгелге жуық жабылды. Қор биржасы мен валюта ауыстыру орындары жұмыстарын тоқтатты. Ресей рублі құлдырап, баға күн санап шарықтап өсіп барады. Шетелден әкелінетін тауарлар легі тоқталған соң, дүкен сөрелері босап қалды.  Экономист сарапшылардың пікірінше, сәуірдің ортасына қарай дүкендерден шетелдік бренд тауарлар жоғалып, айдың соңында Ресей дефольт  жариялайды дейді. Яғни, сыртқы қарыздарын төлеу қабілетінен айрылмақ. Ал оның экономикалық жағынан орасан зор зардабы болмақ.

Осылайша, соғыс екі тарап үшін де зор шығын әкеліп, тек қана залалын тигізуде. Өзінің жері мен әтуелсіздігін қорғаған Украина тарапы әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып, соғыс тоқтаған соң бірнеше жылда қираған қалаларды қалпына келтіруге, Еуроодақ сияқты мықты ұйымға кіру арқылы экономикасын көтеруге мүмкіндік алса,  ұзақ жылдар санкция зардабын тартатын Ресей тарапы экономикалық жағынан кері кетіп, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп, қиындыққа ұшырайтын болады. Бұның өзі соғыс арқылы байлыққа, игілікке кенелуге болады деген ортағасырлық ұғымның бүгінгі күнге жарамайтынын анық көрсетсе керек. Тек осы ақиқаттан сабақ алсақ, қане.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика