Қазақстанда дінаралық қақтығыс қаупі бар ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Тарихқа зер салып қарайтын болсаңыз, қантөгіс соғыстардың көпшілігі діни көзқарастағы қайшылықтардан туындайтынын бағамдауға болады. Орта ғасырлардан басталған протестанттар мен католиктер арасындағы текетірес әлі күнге дейін созылып келеді және ара-тұра болып тұратын қарулы қақтығыстардан мыңдаған адам қаза тапты. Пайғамбар дүниеден өткен соң көп ұзамай пайда болған ислам дініндегі суннизм мен шиизм ағымдарының арасындағы қақтығыс та әлі күнге дейін жалғасуда. Соңғы кезде исламның өз ішінде пайда болған әртүрлі теріс ағымдардың дәстүрлі исламға қарсы әрекеттері уақыт өткен сайын күшейіп барады. Бұның ақыры католиктер мен протестанттар арасындағы текетірес сияқты қарулы қақтығысқа айналу қаупі бар.
Өткен аптада әлеуеметтік желіде Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде намаз оқып тұрған дәстүрлі Ханафи мәзхабын ұстанушы мен уахаби ағымы өкілінің арасындағы төбелес туралы видео таралды. Бір қатарда намазға тұрғандардың біразы қолдарын кіндіктерінің астына байлап бастарын төмен салып тұрса, бірнеше адам қолдарын кеуделеріне айқастыра ұстап, аяқтарының арасын ашып талтайып тұр. Бұлардың тұрысынан сәләфиттер екенін анық аңғаруға болады. Сол сәләфиттердің намаз оқып тұрып «Әмин» деп айқайлаған сөзін естіп шыдамаған Ханафи мәзхабының өкілі жас жігіт әлгіні желкесінен алып итеріп қалғанда ол ұшып түсті. Құлаған адамды әлгі жігіт ұрып-соға бастады. Бұны көргендер намаздарын қоя сала оларды арашалауға ұмтылды.
Кейін белгілі болғандай, қол жұмсаған жігіт мешітке үнемі келіп намаз оқитын Ханафи мәзхабының өкілі екен. Ал сәләфиттер ауылдан келген адамдар көрінеді. Осы оқиғаға қатысты түсінік берген мешіт имамының айтуынша, олар намаз оқыр алдында мешітте намаздың Ханафи мәзхабы ережесіне сай оқылатындығын және «Әмин» деген сөзді дауыстамай, іштерінен айту қажеттігін ескерткен. Соған қарамастан, сәләфиттер намаз оқып тұрып «Әмин» деп дауыстауларын қоймаған. Осыған ыза болған жігіт әлгі сәләфилердің біріне қол жұмсаған.
Әрине, Құдай үйі саналатын мешітте ұрыс-жанжал шығару діни түсінік бойынша күнә, ал пендешілік ұғымда дөрекі бұзақылық болып саналады. Өзгелерге көркем мінездерімен үлгі көрсетуге тиісті намазхандардың Құдай үйінде төбелес шығарғаны естір құлаққа ерсі ұят жағдай болды. Егер осы жайға тереңірек зер сала қарап, оның астарына үңілер болсаңыз, жыл өткен сайын асқынып, шиеленісіп бара жатқан дәстүрлі ислам дінін ұстанушылар мен жаңа теріс ағым өкілдерінің арасындағы текетірестің салдары екендігін аңғаруға болады.
Үнемі мешітке барып намаз оқитын ханафи мәзхабын ұстанушылардың айтуынша, соңғы кезде қатары көбейіп кеткен сәләфиттер мешіттің ішкі ережесін бұзып, намазды өз қалауларынша оқиды. Әмин деп айқайлаумен ғана шектелмей, олар намаз оқып отырғанда саусақтарымен тарсылдатып еденді шертіп отырады екен. Осылайша олар сайтанның басынан шертеді-міс. Одан қалды сәләфиттер намазды басқаларға қарағанда шолақ қайырып, ерте бітіріп, содан соң намаз оқып жатқан адамдардың үстерінен аттап өтіп жапа-тармағай сыртқа ұмтылады дейді. Осылайша сәләфиттер күн сайын адамдардың намазына кедергі жасап, жұрттың көңілін бұзуда. Күнде осылай жасайтындықтан және мешіт имамының айтқанын құлақтарына қыстырмайтындықтан, намазхандар арасында олардың әрекетіне деген ашу-ыза іштей жиналып, бұның өзі екі тараптың арасындағы текетіресті шиеленістіре түсуде.
Шымкенттегі мешітте болған оқиға сол шиеленісті текетірестің салдары деуге болады. Егер екі тарап арасындағы шиеленісті тоқтатуға қажетті тиісті шаралар жасалмаса, онда бұндай оқиғалардың басқа мешіттерде де орын алатыны даусыз. Ал шиеленіс жалғасе келе, оның ақыры жәй төбелес емес, көп адам қатысқан үлкен жанжалға, тіпті кісі өліміне ұшырататын қақтығысқа ұшыратуы әбден мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бей-жай қарамай, тиісті құзырлы органдар мен ҚМДБ өкілдері нақты шаралар қолдануы керек.
Орта ғасырларда Парижде католиктер мен протестанттардың арасындағы қақтығыстан бір түнде 20 мың адамның қаза тапқандығы және ол «Ворфолемей түні» деген атпен тарихта қалғандығы белгілі. Бүгін мешіт ішінде жұдырық жұмсап төбелескен сәләфиттер мен ханафиттердің ертеңгі күні жаға жыртысып, жанжалдасуға баруы, одан кейін тіпті, қолдарына қару алып шайқасуы әбден мүмкін. Ауғанстандағы жағдай осыны айғақтайды.
Қазіргі ҚМДБ өкілдерінің ұстанып отырған саясаты мүлдем түсініксіз. Жұрттың арасында теріс уағыз жүргізіп, қатарларын әбден қалыңдатып алған сәләфиттер жылдан жылға күшейіп, өздерінің азу тістерін билікке де, дін өкілдеріне де көрсетуде. Өткен күзде оқу жылы басталар тұста хиджаб мәселесіне байланысты үлкен дау туғызған сәләфиттер зайырлы мемлекет саналатын еліміздің заңдарын аяқ асты етсе, бүгін мешіттің ереже-шартын бұзып, шиеленісті өршітіп отыр. Өткен жылы бір топ зиялы қауым өкілдері Президентке хат жазып, сәләфиттер мен басқа да теріс ағымдардың жұмысына тиым салатын заң қабылдау туралы өтініш білдірген еді. Дегенмен, президент тарапынан да, билік тарапынан да бұл ұсыныс қабылданбады. Шымкент мешітіндегі оқиға ислам дінінің өз арасындағы жағдайдың қатты шиеленісіп, ушығып кеткендігін көрсетті. Бетімен кеткен сәләфиттерге тиым салатын заң қажет, әйтпесе бұның соңы үлкен шиеленіске ұшыратуы әбден мүмкін.