Қожа Ахмет Яссауи туралы не білеміз

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ислам әлеміндегі ұлы тұлғалардың бірі саналатын  атақты ғұлама, әулие сопы Қожа Ахмет Яссауидің есімі  қазақ  халқына кең танымал. Яссауидің Түркістандағы кесенесін білмейтін жан жоқ деуге болады. Дегенмен де, көп адамдардың ғұлама әулие туралы білетін бар білімі сол Түркістандағы кесенемен ғана шектеліп қалатыны жасырын емес. Әулиенің өмірі, еңбектері, ислам әлеміндегі орны жайында  осы саланың зерттеуші мамандары мен ғалымдар болмаса, екінің бірі біле қоймайды.

Қожа Ахмет Яссауи өмір кешкен 10-шы ғасырдың басы Орта Азияда ислам дінінің кең таралып, ол туып өскен бүгінгі Оңтүстік Қазақстан аумағында дінді қарапайым ұстанушылармен бірге дін саласының ғұламалары да көптеп шыққан кезең болды. Сол тұстағы  діни жағдайға байланысты халық арасында кең таралған «Түркістанда Түмен бап, Отырарда отыз бап, Самарқанда сансыз бап, ең үлкені Арыстан бап» деген өлең жолдары Орта Азияда сол кезеңде дін ілімінің қаншалықты деңгейде дамығанын көрсетсе керек. Бап  деген «қақпа» деген мағынаны білдіретін араб-парсы сөзі. Аллаға кіргізетін қақпа деген мағынада айтылған «бап» атауы дін ілімінде үлкен биіктерге жеткен ғұлама әулиелерге берілетін дәреже іспетті саналған.

Қожа Ахмет Яссауидің туған және қайтыс болған жылдары туралы нақты жазба деректер жоқ, соған орай біреулер ол 1093 жылы туды десе, енді біреулер 1103 жылы дүниеге келді деп жазады. Қанша жасында қайтыс балғаны да нақты емес. Біреулер 73 жасында өмірден өткен деп санаса, енді біреулер 120 жасқа дейін ғұмыр кешті дейді.

Қожа Ахмет Яссауи туралы халық арасында таралған аңыз әңгімелер аз емес. Сол аңыз әңгімелерден алынған деректер мен әулиенің өзі жазып  қалдырған Диуани Хикметтеріндегі айтылғандарға назар аударсақ, ел арасында таралған аңыздардың оншалықты негізсіз еместігін аңғаруға болады.  Қалай болғанда да, ислам әлемінде Мұхаммед пайғамбардан кейін ең беделді және білімді тұлға ретінде аталатын Қожа Ахмет Яссауидің дүниеге келуі мен өмір жолында өзгелерге ұқсамайтын таңғажайып  тылсым жайлар аз болмаған.

 Пайғамбар Миғраж түні көкке көтеріліп, Жаратқанмен жүздескенінде оған болашақ үмбеттерін көрсетеді. Әлі дүние есігін ашпаған рух түріндегі тіршілік иелерінің ішінен нұр шашып жарқырған ерекше рухты көріп, Пайғамбар қатты қайран қалады. «Бұл кім?» деп сұрайды. Сонда Жәбірейіл періште «бұл сеннен кейін төрт ғасырдан соң дүниеге келетін ислам дінінің үлкен ғұлама әулиесі » деп жауап береді. Осылайша, Пайғамбар өз үмбеті болатын, ислам дінінің атағын аспандататын Қожа Ахмет Яссауидің  ол тумай тұрғанда рухын көреді.   Бұл жайында Қожа Ахметтің өзі Хикметтерінде былай деп жазады:

«Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,

Көп жыл жүріп халыққа жол көрсеткей.

Он төрт мың талапкер қызмет қылғай,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге».

Пайғамбар дүниеден өтерінде көкте рухын көрген өзінен кейін төрт ғасырдан соң дүние есігін ашатын әулие үмбетіне деп құрма қалдырады. Ол құрманы әулие  ұстаздар сақтап, бірінен кейін екіншісіне аманаттап қалдырып отырған. Аңыз бойынша сол құрманы Арыстанбап тілінің астында ұзақ жылдар сақтайды. Осы оқиға туралы Қожа Ахмет Хикметтерінде былай деп айтады:

Жеті жаста Арыстан бапқа қылдым салам,

Хақ Мұстафа аманатын қылған анам.

Сол мезгілде мың бір зікір қылдым тәмам,

Нәпсім өлім мекеніме кеттім міне.

Құрма беріп маңдай сипап көңіл бөлді,

Бір мезгілде ақыретке сапар салды.

Хош бол айтып бұл әлемнен өтіп кетті,

Білім алып қайнап толып тастым міне.

Арыстан бап жеті жастағы Қожа Ахметті бірден танып, оған Пайғамбардың аманаты – тілінің астына сақтап келген құрманы береді. Құрманы жеген баланың санасы ашылып, тылсым әлемдердің бәрі есігін ашады. Пайғамбардың аманатын берген соң Арыстан бап сол арада демі бітіп, көз жұмады.

Бұл жайында Хикметтерде былай деп айтылады:

Жеті жаста  Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сырымды пердеменен бүркеп жапты.

«Бихамдиллах» көрдім деді, ізімді сүйді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Әзірейіл келіп Арыстан бабам жанын алды,

Хорлар келіп жібек тоннан кебін қылды.

Жетпіс мың періштелер жиылып келді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Ұстазы қайтыс болғаннан кейін Қожа Ахмет ислам күмбезі аталған Бұхараға жол тартады. Бұхарада сол кезде Алланың рухымен бірігу жолын іздестіруге бой ұрған мистиктердің мектебі бар еді. Сол мектептің ұстаздарының бірі Қожа Жүсіп Хамдани арқылы сопылық іліміне ден қояды. Осы кезден бастап ол орта ғасырларда кең таралған ислам әлеміндегі сопылық ілімін жан-жақты терең зерделеп, бойындағы туабітті талантымен бірге Алла берген еңбекқорлығы, алғырлығы арқылы әулиелік мақамға қол жеткізеді.

Сопылық ілімде пір-ұстазға қол тапсырған шәкірт ұзақ жылдар бойы ұстаздың көмегімен рухани практикамен айналысады. Ол практиканың ішінде бойындағы тәкаппарлықты жою үшін ерікті түрде диуана-дәруіш болып ел кезіп, қайыр сұрау, күн сайын ондаған сағаттар бойы тынбай Алланың есімін зікір ету сияқты жакештілікті қажет ететін әрекеттер бар еді.

Жаратқанға деген махаббатты басты мақсат етіп алған сопылық ілімде рухани практикада алға жылжу мақам деп аталатын аялдамалар арқылы өлшенеді. Алты мақам әулие болса, он екі мақам уәли болады. Әр мақамда тылсым сыр бар және рухани жолда қадам басқан сайын кездесетін қауіп-қатерлер мен кедергілер бар. Оның бәрін жеңу, сөйтіп рухани даму екінің бірінің қолынан келмейтін аса қиын іс. Қожа Ахмет Яссауи сопылық ілімде ең биік дәреже саналатын уәли деңгейіне жеткен данышпан.

Ұзақ жылдар Бұхарада дін ілімін үйреніп, содан кейін бірқатар ислам елдерін аралаған әулие кейінірек туып өскен мекені – Түркістанға қайтып оралады. Ол енді сол тұста Яссы аталған шаһарда қалған ғұмырын тұрақтанып өткізеді және айналасына шәкірттерін жинап, дін ілімін үйретеді.

Қожа Ахмет Яссауидің еңбектері терең зерттелмеген. Оның бізге дейін жеткен бірнеше кітаптары ғана бар. Солардың ең бастысы және маңыздысы – Диуани Хикмет аталған хикметтері. Шағатай тілінде жазылған төрт шумақты өлеңдерден тұратын еңбегінде өзінің өмір жолына аздап шолу жасаған данышпан сопылық ілім, оның ішінде Аллаға ақыл-санамен  ғашық болу, беріліп қызмет етуге жете мән береді.

Дүние есігін ашқан кезден бастап рухани дамуға аяқ басқан туабітті талант, данагөй әулие Қожа Ахмет Яссауиді өзге ислам ғұламаларынан өзгешелендіріп, дәрежесін биіктетіп тұратын жалғыз қасиет – 63 жасында ерікті түрде жер астына түсіп, дүниені тәркі етіп, қалған ғұмырын түгел Аллаған құлшылық етуге арнауы болды.

Құл Қожа Ахмет, дүние қусаң текке бекер,

Көкіректен шыққан даусың көкке жетер.

Өлерде Хақ Мұстафа қолың тұтар,

Сол себептен Хаққа сиынып кірдім жерге.

Дүниені тәркі қылып, бар ақыл-ойын, сезімдерін түгел Құдайға құлшылыққа арнау – христиан, буддизм, индуизм діндерінде бар, дегенмен ислам дінінде тәркі етушілік болмаған. Қожа Ахмет Яссауи ислам әлеміндегі Жаратқанға бар дүниені тәркі ету жолымен құлшылық етуге бекінген жалғыз тұлға десе болады. Оның өзгелерден ерекшелігі және артықшылығы да осында болса керек.

63 жасында жер астына ерікті түрде түсіп, қалған бар ғұмырын тар қапаста өткізген ғұлама қара су мен кепкен жемісті нәр қылып, кейде 30, кейде 60, кейде 120 күнге дейін ораза ұстап, нәр татпайтын кездері болыпты.

О Тәңірімі құдыретімен назар салды,

Көңілді боп, жер астына кірдім міне.

Ғаріп пендең бұл дүниеден сапар шекті,

Құлшылықпен жер астына кірдім міне.

У болып, мейрімді болып, Хақты таптым,

Дүние қызығын харам қылып, жаншып тептім.

Естен танып, рәсуә болып, жаннан бездім,

Қамсыз болып жер астына кірдім міне.

Осылайша, дүниенің бар қызығын тәркі етіп, жер астындағы қылует аталған тар үңгірде бар өмірін құлшылықпен өткізген әулиені бір деректерде 73 жасында қайтыс болды десе, екіші деректерде 120 жыл ғұмыр кешіпті дейді.

Әулиенің қайтыс болғаны туралы ел аузында сақталып қалған аңыз бар. Бұл туралы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Әсел Айтжанова өзінің  «Эзотеркиа вед и исламский мистицизм» деген монографиясында былай деп жазады:  Қайтыс боларында ұстаз жер үстіне шығып, далаға көз салып қарайды. Бұрын жер үстіне шықпайтын ұстаздарының бұл әдетіне таңғалған шәкірттері оның жанына барып, неге қарап тұрғанын сұрайды. Әулие: Тәңірімді күтіп тұрмын, деп жауап береді. Ол бірнеше күн қатарынан осылайша  үңгірінен шығып, кең далаға қарап телміріп біраз тұратын болыпты. Содан бір күні ол далаға қарай жүріп кетеді. Бір қатерге ұрына ма деген оймен шәкірттері оған көрінбей соңынан ереді. Айтқандай, бір кезде әулие әлі құрығандай жерге  жантайып жата кетеді. Шәкірттері қастарына барғанда  шалқасынан көзін ашып жатқан ұстаз кенет «Сен қандай сұлусың» деп үн қатады. Содан кейін көздерін жұмып сұлық қалады. Әулие осылай  жан тапсырады.

Өмір бойы Жаратқанға ақыл-санамен ғашық болып, махаббатты армандаумен өткен әулие жан тапсырар сәтінде аңасаған Жаратқанның нұрлы дидарын көрді ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ, бар өмірін құлшылыққа арнаған, дүниенің бар қызықтарын баз кешіп, тәркі еткен ғұлама әулиенің есімі елдің есінде мәңгі сақталып қалды. Алғашында шәкірттері тұрғызған шағын кесене 14-ші ғасырда жарты әлемді жаулап алған Ақсақ Темірдің әмірімен кең салтанатты кесенеге айналды. Түркістан қазақ хандығының көп жылдар астанасы болды және осы әулиенің кесенесінің іргесінде көптеген қазақтың ұлы тұлғалары жерленді.

Өзінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген бар өмірін құлшылыққа арнаған  тақуа әулиені жарты әлемді жаулап алған жихангер патша Ақсақ Темір неліктен сонша құрмет тұтып, рухына бас иді? Өйткені,  Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауи ислам әлеміндегі теңдесі жоқ үлкен тұлға, ғұлама әулие еді.  Ақсақ Темір арнайы жарлық шығарып, сол кездің өлшемімен өте көп ақша беріп, зәулім сәулетті кесене тұрғызды.

Қожа Ахметтің кесенесі салына бастаған кезде қабырға өздігінен құлап қала беріпті. Бұрын талай құрылыс салған шеберлер бұған қайран қалысып, не амал жасарын білмей дал болады. Бір күні Ақсақ Темірдің түсіне Қожа Ахмет кіріп, алдымен менің ұстазым Арыстанбаптың басын көтер дейді. Арыстанбаптың басына кесене салынған соң ғана Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі тұрғызылады.

Аллаға деген махаббатты басты мақсұт еткен әулие сопылардың ол дәурені бүгінде өтіп кетті.  Дүниенің қызығын баз кешіп, Жаратқанға деген махаббатқа жетемін деп өмірін өткізген сопы дәруіштердің  ізін жалғастырамыз деушілер бүгінде де бар. Бірақ, сопымыз деп жүрген ондайлардың әрекеттеріне қарап, шынайы сопылықтан қаншалықты алыс жатқанын ұғынуға болады.

Асық жырын жан кешпей біліп болмас,

Малдан безбей менмен бас иіп болмас.

Бар ынтаңмен берілмей сүйіп болмас,

Ондай ғашық жүрмейді жақын көпке.

Жаратқанды ынты-шынтың, жаныңмен сүй,

Адал жас боп сорғалар қаныңмен сүй.

Дәруішке лайық арыңмен сүй,

Жолында өлсең қалқам дер, рахым еге.

Таң атқанша зікір айт талмай жаның,

Тау мен шөлді бау-бақ қып қанды айдағын.

Тасқа соқпай ашылмас маңдай бағың,

Өжет болар – кім жүз мың өкінеді.

Хикметтердегі  дәруіш сопының қандай болуы керектігіне берілген бұл бағаға лайықты адам бар ма бүгінде?  Аллаға деген ғашықтықпен күндіз-түні зікір айтып, көзінің жасы сорғалап жүрген дәруіш сопы бүгінде ертеде өтіп кеткен ескі замандағы аңыздың кейіпкері ғана іспетті. Солай болуы мүмкін дегенге де қазір ешкім онша сене қоймайды.

Өкініштісі сол, соңғы кезде Қожа Ахмет Яссауидің сопылық жолын жалғастырушылармыз дейтіндер шықты. Филофия ғылымдарының кандидаты Әсел Аитжанова  жоғарыда аталған өзінің монографиясында  сопылық пен вайшнавизмге тән парампара, яғни ұстаздан шәкіртке берілетін тізбекті жол жайында былай деп жазады.  Шәкірт ұстазға, яғни пірге қол тапсырған соң ұстаздың айтқандарын айнытпай орындай жүре, рухани практикада биік нәтижелерге қол жеткізеді. Ұстаздан шәкіртке берілетін тірі  тізбек үзіліп қалған жағдайда, оны қалпына келтіруге болмайды. Ваишнавизмде де,  суфизмде де  парампара аталатын бұл  жолды үзіліп қалған жағдайда қалпына келтіру мүмкін емес. Оны электр станциясынан желі арқылы келетін электр қуатын алу үшін желі үзілмей жалғасуы қажет болатын шартпен теңестіруге болады. Егер желі үзіліп қалса, электр қуаты берілмейді. Сол сияқты ұстаз бен шәкірт арқылы жалғасатын тізбек үзілген кезде оны қайта жалғау мүмкін емес.

Қожа Ахмет Яссауи  сопылық мектебінің жолы ерте заманда үзіліп қалған. Ал бүгін оны қайта жаңғырттық деп жүргендердің әрекетін  электр желісі үзіліп қалған розетка арқылы ток аламыз деген адамның ісімен салыстыруға болады.

Қазақтардың арасында ертеден қалған мынадай түсінік бар: егер Түркістанға  Әзірет Сұлтанға барып зиярат етсең, бұны кіші қажылықпен теңеуге болады. Ислам әлеміндегі ұлы тұлға саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың басына барып зиярат етудің қандай жанға болмасын берер игілігі аз болмасы анық. Хикметтерінде Қожа Ахмет Яссауи былай дейді:

Менің хикметтерімді тыңдағанға айтқын.

Дұғамен мадақтап, рахметке батқын.

Менің хикметтерім ұлық пірдің қолы,

Есіткендер болар мас, тыңдаса оны.

Тірі болса дүниеде қор болмас,

Оқыған пенделер ауру болмас.

Қияметте оған жолбасшы болармын.

Қазір Меккеге барып, қыруар ақшасын шығындап қажы болып қайтатындар көп. Тіпті, 10,20 рет қажылыққа барғандар бар. Шынын айтқанда қажылыққа бару қазір туризм сияқты бизнес көзіне айналып кетті. Қажы атанғандардың мінезі өзгеріп, бойларында имандылық ұйып, Аллаға деген сенімі артып кеткендері шамалы. Керісінше, теріс әрекеттер жасап, қажының сыйқы осы ма, дегізіп жүретіндер бар. Және қажылыққа бару төңірегінде соңғы жалдарда аляқтық та көбейіп кетті.

Осы орайда, соңғы кезде облыс орталығы болып,  заман талабына сай сәулеттенген Түркістанға, Қожа Ахмет Яссауи әулиенің басына барып зиярат етсе, бұның пайдасы аз болмасы даусыз. Осы орайда, қала әкімдігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етудің шарттарын жасап, кіші қажылықтарын өтегісі келетіндерге мүмкіндік туғызса, арнайы сертификаттар тапсыруды жолға қойса зиярат етуге ынталылардың аз болмайтыны анық.

Қалкөз Жүсіп.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика