0 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ұстазға қол тапсырып, рухани даму жолына түскен буддашыларда мынадай түсінік бар: рухани практикамен айналыса жүріп, белгілі бір деңгейге жеткенде адам айналасындағыларды өзгеріссіз шынайы қалпында көре бастайды. Өмірді өзгеріссіз шынайы қалпында көру деген не? Енді осы жайына  кеңірек тоқталайық.

Бһагавад Гитада адамдарды өзіне де, өзгелерге де залалын тигізетін теріс әрекеттер жасауға еріксіз мәжбүрлейтін күштің барлығы, ол күштің нәпсі  екендігі айтылады. Нәпсі дегеніміз, бұл жыныс жақындығына деген құштарлық қана емес, мансапқорлық, атаққұмарлық, дүниеқоңыздық, мақтаншақтық, арақ-шарапқа, есірткіге құмарлық — бәрі де нәпсі. Нәпсі адамға өзіне залал келтіретін жаман нәрселерді әдемі, тартымды етіп көрсетіп, соны жасауға еріксіз мәжбүрлейді.

Дәстүрлі діндердің бәрінде адамды осы ең қатерлі жауы — нәпсіден тыюға қатты көңіл бөлінеді. Ислам дінінің негізін салушы Мұхаммед пайғамбардың айтқан: “нәпсіге қарсы күрес қиямет қайымға дейін созылады” деген сөзі ислам дінінде нәпсіні тыюға қаншалықты назар аударылатынын аңғартады.

Нәпсінің адам санасына әсерін түсіну үшін мына жайға назар аударып көріңіз. Америкалық бір талдау мекемесі ер адамдар арасында зерттеу жұмысын жүргізеді. Сонда мынадай жай анықталады: ер адамдар әрбір төрт минутта әйел немесе жыныс жақындығы туралы ойлайды екен. Сол Американың қалаларында көшеде жүрсеңіз әр жерде жарқ-жұрқ еткен жарнамалардан көз сүрінеді, ал жарнамалардың дені жалаңаш әйелдер мен жыныс жақындығына шақыратын мазмұндағы суреттермен безендіріледі. Осылай жасау арқылы жарнама берушілер адамдардың назарын баурап алуды ойлайды. Бұндай жарнамалар теледидарда, интернетте де өріп жүр. Соны үзбей көретін ер адамның ақылы қозып, әр төрт минут сайын әйел, жыныс жақындығы туралы ойға беріледі екен. Осының салдарынан Батыс елдерінде жезөкшелік, қыз-келіншектерді зорлау, тіпті кәмелетке толмаған жас қыздар мен ұл балаларды жезөкшелікке тарту сияқты жаман құбылыстар өте белең алып кеткен.

Жыныс жақындығына деген құштарлық — нәпсінің бір қыры ғана. Ал оның біз біле қоймайтын және онша назар аудармайтын басқа қырлары да жетіп артылады. Соның бірі — ақшаға деген құмарлық. Нарық қоғамында ақша адамдардың ақыл-санасын билейтін өте қуатты құдыретті күшке айналды. Ақшаға ар-намысын, тәнін, ағзаларын да сататын жандар бар. Әлем елдерінде, оның ішінде соңғы жылдарда Қазақстанда қатты белең алып кеткен жемқорлық қылмыстың астарында ақшаға ар-намысы мен ұятын сатушылық жатқаны анық. Бірнеше жоғары оқу орнын бітірген, ғылыми дәрежесі бар жоғары шенді шенеунік мемлекеттің қаржысын милиардтап ұрлайды және оны қылмыс та, ұят деп те санамайды. Сондай шенеуніктер топырлап сотталып жатыр, бірақ одан сабақ алып, мынау ұят қана емес, түрмеге түсіретін қауіпті іс екен деп ойлайтын пенде жоқ.

Соңғы кезде көбейіп кеткен маскүнемдік, нашақорлық сияқты теріс құбылыстардың астарында да нәпсінің жетегіне еру сияқты рухани әлсіздік жатқаны белгілі. Осылардың бәрінен түйеріміз: нәпсі адамдардың санасын баурап алып, өздеріне де, өзгелерге де залалын тигізетін теріс әрекеттер жасауға еріксіз мәжбүрлейді.

Осы арада жоғарыда айтып кеткен буддашылардың өмірді қаз-қалпында көру жайындағы түсінігіне қайта оралып, оның мәніне үңілетін кез келгендей. Өмірді бұрмалаусыз шынайы қалпында көру дегеніміз — бұл нәпсіні санадан алып тастап, өмірге нәпсінің ықпалынсыз қарау. Мынаған назар аударып көріңіз: жыныс органдары жетілмеген жас бала үшін жалаңаш сымбатты әйел жәй адам ғана. Ол жалаңаш әйелге еш құштарлықсыз адам ретінде қарайды. Ал  ересек ер адам үшін жалаңаш сымбатты әйел ақыл-естен айырып, құштарлығын қоздыратын рахаттану нысаны болып табылады. Жалаңаш әйел екі адамға екі түрлі әсер етеді. Жыныс органы жетілмеген жас бала жалаңаш әйелге қызығып қарамайды және ешқандай өрескел әрекет те жасамайды. Ал ересек ер адам ақыл-естен айрылып, құтырынаған нәпсінің жетегіне ереді. Ол әйелді егер дегеніне көнбесе зорлауы, құмарын қандыру үшін небір арсыздықтар жасауы мүмкін, тіпті оның ақыры заң алдында жауапқа тартылып, сотталумен аяқталатынын білсе де осындай қадамға баратыны даусыз. Өйткені, асау аттай құтырынған нәпсіні тізгіндеуге адамның қауқары жетпейді.

Атаққа, мансапқа, ақшаға құмарлық та адамды ақыл-естен айырып, түрлі теріс әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. Отыз жылдан астам мемлекетті басқарған Назарбаев биліктен айрылып қалмау үшін қауіпсіздік кеңесі дегенді құрып, өзіне қосымша құзырет беретін заңдар қабылдады. Бұндай әрекеттерді ол қайткен күнде де билікті ұстап отыру үшін жасағаны дау туғызбас шындық. Жасы сексенге жақындаған бар өмірін ел басқарып өткізген, атақ пен мансапқа әбден тойынған адамның бұл әрекеті нәпсінің ешқашан тоймайтынын және адамды өз дегеніне еріксіз көндіріп, есуас әрекеттерге итермелейтінін анық көрсетеді.

Осы арада мына жайға көңіл аударып қараңыз: егер нәпсі сізге еш ықпалын тигізбесе, онда бұл өміріңізге қалай әсер етер еді? Ең алдымен, қыз-келіншектерге қызығушылық жойылады, сіз енді әйел затына құмарыңызды қандыратын рахаттану нысаны деп емес, адам ретінде қарай бастайсыз. Мансап та, атақ пен байлық, ақша да сізге еш тартымсыз болып қалады. Сондықтан сіз енді өміріңізді, уақытыңыз бен күш-қуатыңызды ақша табуға, атағыңызды шығарып, мансапты сақтап қалуға, қыз-келіншектермен көңіл көтеруге жұмсамайсыз. Оның орнына көңіліңіз қалаған іспен айналысып, рухани, интелектуалдық жағынан өзіңізді дамытуға көбірек көңіл бөлесіз.

Нәпсі адамды айналасына түрлі түсті көзілдірік арқылы қарауға мәжбүрлейді. Нәпсісі бар адам қарама-қарсы жыныс өкілдеріне көзін сүзе қарап, ойша жаман әрекеттер жасап тұрады. Нәпсі адамды қайтсем көбірек ақша табамын, атағымды шығарамын, мансабымды сақтап, бұдан да биік мансапқа қол жеткіземін деген ешқашан бітпейтін арман-тілектердің шырмауында ұстайды. Нәпсісі жоқ адам ондай арман-тілектерден аулақ болады, жаны тыныш, жағасы бос, уақытын көңілі қалайтын істермен айналысуға жұмсап, тыныш және бақытты тірлік кешеді.

Мен бір кісіні білемін жасы жетпістен асып кетті, әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан, бірақ әлі күнге дейін басшы қызметте істейді. Ол сол қызметте қалу үшін лауазымды адамдарға жағымпазданып, жасына лайықсыз істер жасайды, ар-намысын аяқ асты етеді. Осылайша нәпсі адамды өле өлгенше қармағынан шығармай, тойымды білмейтін құрдымға қамайды.   

Өмірді қаз-қалпында көру, нәпсінің ықпалынан шығу адамға бостандық, еркіндік әпереді, өмірге басқаша қарап, өзі үшін тірлік кешуге ынталандырады. Бұндай жан енді әлдебір тұманды идеялардың жетегіне еріп халық, ел, болашақ үшін еңбек етемін деген сияқты пайдасыз әрекеттерден тиылып, нақты өзін дамытуға, өзіне пайда әкелетін шаруаларды жасауға ынталандырады. Соның нәтижесінде адам рухани, интелектуалдық жағынан дамиды, айналасындағылармен жылы қатынас орнатып, денсаулығын жақсартады, өмір жасын ұзартады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика