Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Адамдардың көбі ақшаны қалаған затын сатып алуға болатын әдемі жылтыр қағаз деп бағалайды және ақшаға қалағанын алатындықтан, оған байлыққа, сол арқылы қол жеткізетін тән рахаттарына мүмкіндік беретін үлкен игілік деп санайды. Мұндай көзқарастағы адамдар ақшаға Құдайға табынғандай табынады. Шындығында ақша – бұл Жаратқанның қуаты. Қуат болғандықтан, ақша адамға сенімділік, өркөкіректік, өзімшілдік сияқты жасанды қасиеттер береді. Ақшасы көп адам мен ақшасы жоқ адамды салыстыруға болмайды. Ақшасы жоқ адам өзін қорғансыз жандай сезініп, біреуден бірдеңе алу үшін жалынышты болады. Кеңес заманында адамдардың бәрі бір деңгейде орташа өмір сүрді және ақша оншалықты бағалы болып саналмады. Нарыққа көшкеннен кейін ақшаның рөлі артып, адамдардың оған деген көзқарасы да күрт өзгерді. Қоғам бай және кедей болып екіге жарылды. Адамдарды ақыл-ойына, рухани деңгейіне қарап емес, киіміне, байлығына қарап бағалайтын болды. Ақша үшін тәнін сататын жезкөше дегендер шықты, ақшаға арын сатып, пара алатын, сеніп тапсырған қызметін пайдаланып, қазына қаржысын ұрлайтындар көбейді. Осылайша, ақша билеген қоғам адардарды аздырып, моральдық жағынан құлдыратты. Содан болар, көпшілік арасында «ақша адамды бұзады, аздырады» деген түсінік пайда болды.
Шындығында ақша адамды бұзбайды және мінезін өзгертіп, азғындыққа ұрындырмайды. Жақсы-жаман болмағы адамның тікелей өзіне байланысты. Рухы әлсіз адамдар мол байлыққа қолы жетсе көздеріне шел бітіп, азып-тозып құрдымға құлайды. Ал рухы берік адамдар, ақшаны орнымен жұмсап, адамдық бейнесін сақтайды. Соңғы кезде шыққан өзін өзі дамыту деген ғылым бар. Сол саланың білгір сарапшыларының біразының курстарын алып оқыдым. Олардың бәрі кедейден шығып, мол байлыққа қол жеткізген іскер және еңбекқор адамдар. Солардың пікірінше, ақшаға құл болуға болмайды, керісінше оны өзіңе қызметші етіп пайдалану қажет. Ол үшін инвестициямен айналысып, ақшадан ақша жасау өнерін меңгерген жөн. Және де, ақша адамды бақытты етеді деген жаңсақ ұғымнан арылып, ақша тек бақытқа жетудің бір құралы деген түсінікті санаға сіңіру қажет дейді олар.
Ақшаға табынуға да, ақшаны адамды бұзатын жаман нәрсе деп жеккөруге де болмайды. Ақшаны Құдайдың қуаты ретінде оған сый-құрметпен қарап, оны қажетті игілік үшін орнымен пайдалану қажет. Ақшаға табынбайтын адам әдетте қолы ашық, жомарт болады. Ол мұқтаж адамға әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Ал ақшаға табынатын пенде мейлі ол миллионер, миллиардер болсын, сонша ақшасы бола тұра біреуге бір тиын беруге қиналады. Соған қарамастан, ондайлар ақшаларын құмар ойындарына салып, жезөкше қыздармен қыдыруға, арақ-шарап ішіп көңіл көтеруге жұмсап, ысырап қылады. Соған орай, ақшаны дұрыс пайдаланбаған адамдар жаман әрекеттер жасап, азғындыққа салынады және о дүниеде тамұққа түсіретін ауыр күналар жасайды. Сөйтіп, мұндай жандар ақшадан игілік емес, залал табады. Ал ақшаны Алланың қуаты деп санап, оған құрметпен қарап, орнымен жұмсауға тырысатындар, екі дүниенің де игілігін табады. Олар ақшаларын мұқтаж жандарға көмекке беруге, басқа да қайрымдылықтарға жұмсайды. Мол дәулеті болса да қарапайым тұрмыс құрады, ешкімге көкірек көтермейді, жаман нәрседен аулақ болып, ақшасын сауапты жақсы істерге садақа етеді. Мұндай адамдар екі дүниенің де игілігін табады.
Міне, осылайша, ақшаны кім қалай пайдаланады, соған байланысты не екі дүниенің игілігін табады, не екі дүниеде залал келтіретін жамандыққа ұшырайды.
