Адам жалқы тіршілік иесі

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Адам мына фәни дүниеге жалғыз келіп, жалғыз кетеді, жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Пенде мына дүниеде айналасына отбасы, туыс-бауыр, дос-жаран сияқты қанша адамдарды топтастырып, солардың ортасында жүргенімен, бақи дүниеге жападан жалғыз аттанады және бар өмірін ақша-дүние жинауға арнап, мол байлыққа белшесінен кенелсе де, о дүниеге сабақты ине де әкете алмайды. Яғни жалғыз және жалаңаш кетеді.

Дүние, қарап тұрсаң, бекер екен…

Сәби шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап өлім, кәрілік, ауру атты үш қатер оның көлеңкесі сияқты өмір бойы қыр соңынан қалмайды. Біз сәт сайын қартайып барамыз, ажалымыз жақындап келеді. Қартаймайтын, өлмейтін адам жоқ, пайғамбар да қартайған, ақырсында ажалы келіп, бақи дүниеге аттанған. Мына фәниден небір бай-бағыландар, даңқты патшалар мен батырлар, әншілер мен шешендер өткен. Ал енді мынаған назарыңызды аударып көріңізші: сіз мың, оны мың жыл бұрын өмір сүрген кімдерді білесіз, бойыңызда кімдердің қаны бар, мың жыл бұрын өмір кешкен ата-әжелеріңіз кім болған? Бұл сұрақтарға сіз ешқашан нақты жауап бере алмайтыныңыз анық.

Тоқтамайтын уақыт барша тіршілікті жалмап жұтып жатыр және бәрін адамдардың есінен шығарып, ұмыттырады. Егер сіз бар өміріңізді, күш-қуатыңызды сарып қылып жеткен атағыңыз бен мансабыңыздан, байлығыңыздан, отбасыңыздан, немере-шөберелеріңізден – бәрінен жұрдай болып айрылатын болсаңыз және барша адамдардың жадынан шығып, ұмытылатын болсаңыз, онда сонша күш-қуатыңызды жұмсап фәни дүниенің игіліктерін жинаудың қанша қажеті бар?

Өмір қас қағымдай ғана

Қазір сіздің жасыңыз нешеде? Отыз, қырық, алпыс, тіпті жетпісте болсын. Өткен өміріңізді ойлап, есіңізге түсіріп көріңізші. Бар өміріңіз қас қағым ғана сәттей сезілетінін көрер едіңіз. Иә, сіз қанша жасқа келсеңіз де, өткен өміріңіз сізге қас қағым сәттей ғана болып сезілмек.

Біржан салдың «Әудемжер» деген әнінде «кәрілік келіп қалдың қай жағымнан» деген өлең жолдары бар. Иә, кәріліктің қай жағымыздан келіп қалғанын сезбей қаламыз. Жастық шақта өмір осылай мәңгі жалғасардай алаңсыз жүретін пенде кәріліктің қалай келіп қалғанын білмей, бір күні айнадағы әжім басқан егде бейнесін көріп, қайран қалмақ.

«Дүние жалған» деп өмірдің қас қағым сәттей сезіліп, зымырап өте шығар қасиетіне қарап айтылса керек. Шындығында, дүние жалған, ол зымырап өтіп, кәрілік және ажал болып келіп, тірлігіңде қол жеткен игіліктеріңнің бәрін әп-сәтте тартып алады. Ажал сәтінде адам өзінің жалғыздығын және тұттай жалаңаш кедейлігін бір-ақ сезеді.  

Кеше бітпестей көріп жүрген қызықты күндер, айналаңнан шықпайтын дос-жарандар, ағайын-туыстар, мәңгі қызығын көрердей жиған дүние-мүлкің, қызметің қайда? Ажал алқымнан алғанда ғана пенде өзінің жалғыздығын, бар уақыты мен күш-қуатын сарып қылып жұмсаған қызметі мен байлығының, атағының өткінші жалғандығын анық сезінбек. Міне, сол сәтте ғана пенде мына өмірге түк білмей надан қалыпта келіп, түк түсінбей надандық құрсауында кетіп бара жатқанын ұғынбақ.

«Егер бәрі өткінші, жалған болса не үшін үйленіп, отбасы құрдым, не үшін ақ тер, көк тер болып жұмыс істеп дүние жинадым, не үшін атағымды шығарамын, ішіп-жеп, ойнап-күліп қызық көремін деп жанталастым, не үшін мансапқа жетемін деп құлшындым? Бар өмірімді сарып қылып қол жеткізген сол игіліктерім қайда? Мені не күтіп тұр?»  Міне, осындай сауалдар ажал тырнағына ілінген пендені азапқа салып, бар өмірінің босқа өткендігін түйсінуіне, сөйтіп, өкініштен өзегі өртеніп, «неге ойсыз тірлік кештім?» деп өкініш құрдымына құлауына себеп болмақ.

Ажалды жеңетін адам бар ма, өлімсіз, кәріліксіз, аурусыз өмір бар ма, ажал тырнағынан құтылу үшін не істеу қажет? Бұл сауалдардың жауабын блогымыздың «Тылсым ілім» айдарымен берілген мақалалар сериясынан табатын боласыз.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика