Адамдар неге еркінен тыс қателікке бой алдырады?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Қазақ «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді. Бұның астарында жаңылыспайтын, яғни қателеспейтін пенде жоқ деген ұғым бар екендігі анық. Шындығында ешбір пенде өзін ешқашан қателеспеймін деп айта алмайды. Біз еркімізден тыс түрлі қателіктерге бой алдырып жатамыз. Осының сыры неде?
Әзәзілдің арбауына түскендер
Ресейлік бір телеарнадан берілген авторлық бағдарламада бүгінді ИГИЛ деп атап жүрген өздерін ислам мемлекеті деп жар салған қандықол қарақшылардың құрығынан қашып шыққан Чешенстанда тұратын Сайд Мажоевтың басынан кешкендері жайлы баяндады. Грозный қаласында тұратын оның жары, екі баласы, ата-анасы болған. Тұрмыс жағдайы да жаман емес. Міне, осындай жағдайда жап-жақсы өмір сүріп жатқан жігіт кенет бәрін тастап Сириядағы соғысқа аттанады.
Ол алдымен Түркияға оқуға барамын деп анасын және жарын алдайды. Сөйтіп, Түркия арқылы Сирияға жол тартады. Бірақ, бір танысы арқылы бейнероликтерден алған ақпарат бойынша танысқан әділдік және ислам діні үшін күресіп жүрген жихадшы дегендердің нағыз қандықол қарақшы екендіктерін келген сәтте көріп, көзі жетеді. Құрыққа түскен оның бұдан құтылуы өте қиын болады.
Сайд бірнеше айдан кейін болған жайды баяндап анасына телефон шалады және анасы ұлының соңынан Стамбулға барады. Тағдырдың жазуымен күзетте тұрғанда жарақат алған Сайд Стамбулда бір айдай емделеді. Міне, сол кезде ата-анасының көмегімен қашып шығады.
Телебағдарлама барысында оған түрлі сауалдар қойылды. «Интернеттен ИГИЛ туралы насихат ақпараттармен бірге оның шынайы бет-бейнесін ашатын бейнероликтер де аз емес, соларды неге көрмедің?» деп сұрағандар да болды. Шындығында, қазіргі күні ИГИЛ туралы интернетте жантүршігерлік видеолар жыртылып айрылады. Олардың қыз-келіншектерді зорлайтыны, мал сияқты бір-біріне сататыны, адамдарды сәл ғана кінәсі үшін тамам жұрттың алдында бастарын шауып тастайтыны, бала демей, кәрі демей жазықсыз адамдарды атып өлтіретіні, т.б. осындай сойқандары жайында ақпараттар аз емес. Бірақ солардың бәріне қарамастан, қарақшылардың алдауына сеніп, құрығына өз еріктерімен түсіп жататындар аз емес.
Өткен жылы Қазақстаннан Сирияға аттанып бара жатқан біраз адам ұсталды. Олардың арасында жап-жас жігіттер, тіпті кәмелетке толмаған қызын ерткен орта жастағы әйел де бар. Негізінен интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алып, осындай соқыр тәуекелге баратындардың сол интернетте жыртылып айрылатын ИГИЛ жайындағы жағымсыз ақпараттарды көрмегені, оған мән бермегені несі?
Адасқанның алды жөн, арты соқпақ
Сіз адасып көрдіңіз бе? Көрсеңіз, ол жайында түсінігіңіздің болғаны ал адасып көрмесеңіз, онда мына жайды есіңізде мықтап ұстаңыз: адасқан адам ақылынан айрылады және оңды теріс, терісті оң санайды. Мұндай ахуалдан адасқан пендені тек бағыт-бағдарды білетін адам ғана құтқара алмақ.
Жоғарыдағы лаңкестердің құрығынан қашып шыққан Сайд деген жігітке қайта оралайық. Оған «сен ақымақсың ба?» деген мазмұндағы сауалдар қойылды. Бұл түсінікті де. Өйткені, бүгінгі күні ИГИЛ жайында интернетте ғана емес, барлық ақпарат құралдарында, оның ішінде телевидениеде аз айтылып жүрген жоқ. Теледидардан дін атын жамылған баскесерлердің адам жанын түршіктіретін небір сойқан әрекеттері жайында айтылып, көрсетіліп жатады. Бірақ соның бәріне қарамастан, бір тиын ақша алмастан және басқа себепсіз әлгі кісіөлтіргіштердің сөзіне имандай сеніп, бала-шағасын, туған жерін тастап басын бәйгеге байлап жат жерге кетуіне не себеп болды деген сауал туындайды.
Оған жауап беру үшін адам санасына әсер ететін Жаратқанның қуаттары жайында аздап болса да түсінік алуымызға тура келеді. Онсыз бұның себебін ешқашан түсіне алмаймыз. Бһагавад Гитада адам санасына үнемі әсер етіп, оларды түрлі әрекеттерге мәжбүрлейтін Жаратқанның үш түрлі қуаты жайында жан-жақты айтылған. Ол қуаттар: саттва гун (қайрымдылық гуны), раджас гун (құштарлық гуны) және тама гун (надандық гуны) деп аталады.
Бұл қуаттар біз дүние есігін ашқан сәттен өлгенге дейінгі аралықтағы барлық әрекеттерімізге түрткі болып, соған итермелеп отырады. Яғни, адам ешқашан өз еркімен, өз бетінше әрекет жасай алмайды. Олардың әрбір әрекеті жоғарыда аталған үш гунның немесе қуаттың ықпалымен жасалады.
Тама гунның ықпалында болған адам жақсыны жаман, жалғанды шындық, залалдыны пайдалы деп түсінеді, яғни, адасқан адамдар сияқты бұндай пенделер әрдайым теріс бағытқа қарай жүреді. Сондықтан ондайлар өздеріне де, айналасындағы өзгелерге де үнемі тек залалын тигізіп жатады.
Ал раджас гунның ықпалына түскен адам асқан белсенділікпен қайтсем көбірек рахатқа батамын деген ниетпен әрекет жасайды. Ондайлар мансапқа, байлыққа, атақ-даңқын шығаруға, нәпсісін қанағаттандыруға шектен тыс беріліп, өздерін аямай жанталаса әрект жасаумен болады..
Саттва гунның ықпалындағы адам ең алдымен білімге, оның ішінде дін іліміне ден қояды және өмірдің өткінші екендігін түйсініп, алтын уақытын тиімді пайдалануға тырысады, Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, артық дүние жинауға ұмтылмайды, өзіне де, айналасындағыларға да үнемі тек пайдасын тигізуді ойлап, дұрыс әрекет жасауға тырысады.
Міне, осы үш қуат біздің санамызға күндіз-түні үнемі әсер етіп отырады. Бірақ ол қуаттар өздігінен стихиялы түрде әсер етпейді. Оның қалай ықпал етуі ең алдымен біздің әрекетімізге байланысты болмақ. Егер біз имандылықты жүрегімізге ұялатып, өзімізге де, өзгелерге де пайдасын тигізетін жақсы әрекеттер жасайтын болсақ, ақырындап саттва гуны санамызды билейтін болады. Ал керісінше әлдекімдердің сөзіне еріп, жаман әрекеттерге бой алдырсақ, санамызды тама гуны тұмандандыра бастайды.
Тама гунның ықпалына түскен пенденің дұрыс әрекет жасауы мүмкін болмай қалады. Ол ерікті немесе еріксіз түрде үнемі тек жаман әрекет жасайды. Табиғаттың бұл гуналары немесе қуаттары ұдайы алма-кезек ауысып, бірде біреуі үстем болса, кейін екіншісі күш алып, ықпал етіп отырады. Адамның еркінен тыс теріс әрекет жасауы, түрлі қателіктерге бой алдыруы ең алдымен сол табиғат гунының әсерімен болады.
Қателік құрығынан қалай құтылуға болады?
Қателеспейтін пенде жоқ деп жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен, сондай қателіктерге бой алдырмай, одан аулақ болып жүруге де болатынын теріске шығаруға болмайды. Ол үшін санамыз саттва гунының ықпалында болуы тиіс.
Саттва гуны адамға не береді? Ең алдымен саттва гунының ықпалына түскен адам ЗЕРДЕГЕ ие болады. Зерде (разум) деген не? Батыстың бір ойшылының «егер Құдай адамды жазалағысы келсе, оның зердесін алады» деген сөзі бар. Бһагавад Гитада зерде туралы жан-жақты түсінік берілген. Зерденің үш түрлі функциясы болады: 1) зерде адамның жасаған әрекеттерін таразылайды, яғни анализ жасайды; 2) зердесі бар пенденің жады (памьят) мықты болады, яғни ол өткенді ұмытпай, әрдайым есінде ұстап жүреді; 3) зердесі бар адамның ерік-жігері мықты болады, яғни ол өзін жаман әрекеттерден бас тартуға немесе жақсы әрекеттер жасауға мәжбүрлуге күш-қуаты жетеді.
Зердесі бар адам өткен қателіктерін ақыл таразысына салып, одан әрдайым сабақ алып отырады, яғни, ондай қателіктерді алдағы уақытта жібермейді. Сондай-ақ, зердесі бар адам өзіне залал әкелетін нәрселерден ерік-күшін қосу арқылы оп-оңай бас тарта алады. Мәселен, арақ ішу, темекі тарту сияқты залалды әрекеттерден зерделі адам еш қиындықсыз бас тартады. Ал зердесіз пенделер ерік-күші болмайтындықтан, темекіні немесе арақты қоя алмай емшіге, көріпкелге барып әуреге түсіп жатады.
Адамдарда неге зерде жоқ?
Адамдардың 90, тіпті онан да көп пайызында зерде жоқ. Бұл олардың зердесі мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Әу баста Жаратқан адам баласының баршасына зерде берген, бірақ уақыт өте келе адамдар жаман әрекеттерінің салдарынан санасы тұманданып, соның кесірінен зерделерін шел басқан. Егер көзді шел басса, адам көру қабілетінен айрылады. Сол сияқты зердесін шел басқандар жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты айырудан қалады.
Адамдардың еріктерінен тыс түрлі қателіктер жасап жататындықтарының ең басты себебі осында. Зердені қалпына келтіру немесе басқан шелден тазарту үшін не істеу қажет? Оның жалғыз жолы бар, ол: рухани практикамен айналысу, яки шариғат жолымен жүру, Аллаға өзі ұстанатын дәстүрлі діндердің бірі арқылы шын ниетімен құлшылық ету. Осылай жасаған адамның бойында имандылық қасиеттер орнығып, ақырындап зердесі ашылады.
Имандылық қасиет деген не? Ол – қайрымдылық, кешірімшілік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, жомарттық, қанағатшылдық, нәпсіден бас тарту, тазалық, діндарлық, ілім-білімге ұмтылу, сабырлылық, төзімділік сияқты жақсы қасиеттер. Егер сіз құдай жолымен жүріп, діни шарттарды орындап жүрсеңіз, бірақ бойыңызда осындай жақсы қасиеттер көбеймесе, онда сіздің жасап жатқан әрекеттеріңіз (мейлі бес уақыт намаз оқып, ораза ұстаңыз, шариғат жолынан айнымаңыз бәрібір) ДҰРЫС ЕМЕС деген сөз.
Дұрыс тағат ибадаттың ЕҢ БАСТЫ және НЕГІЗГІ белгісі – жоғарыда аталғандай жақсы қасиеттердің адам бойында орнығуынан көрінеді. Оны анықтаудың жалғыз жолы осы.
Тест: сіз намаз оқисыз ба, жоқ па, шариғат жолымен жүресіз бе, әлде оны ұстамайсыз ба, мәселе онда емес. Ең бастысы бойыңызда ИМАНДЫЛЫҚ қасиеттердің болуында. Сіздің бойыңызда жоғарыда айтылғандай қайрымдылық, кішіпейілдік, сабырлылық, жомарттық, төзімділік, кешірімшілдік сияқты жақсы қасиеттер бар ма, болса қандай деңгейде?
Сіздің бойыңызда ашушаңдық, мақтаншақтық, өзімшілдік, сараңдық, нәпсіқұмарлық, мансапқорлық, байлыққа құштарлық, ұшқалақтық, жалқаулық, салақтық, тәкаппарлық сияқты қасиеттер қаншалықты орныққан?
Осы екі сауалға бүкпесіз шынайы жауап беріп, бойыңыздағы жақсы немесе жаман қасиеттерді қағазға жазыңыз және қайсысы көп, не аз екендігін ақыл таразысына салып байқаңыз. Сонда сіз өзіңіздің сана деңгейіңіздің қандай дәрежеде екендігін көретін боласыз.