Адамның әлсіз буыны

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Әр адамның бір осал, яғни әлсіз жері болады. Сол осал тұсын дөп басып табу арқылы алаяқтар оны өз дегендеріне көндіріп, өзіне де, өзгелерге де залалын тигізетін жаман нәрселер жасатып жатады. Десе де, бұндай әлсіз буын барлық адамдарда бірдей емес, біреулерде көбірек, енді біреулерде азырақ, ал жекелеген адамдарда ондай әлсіз буын деген, тіпті жоқ. Бұның себебі неде?

Діндегі тыйым салудың астарында не бар?

Адамның бойындағы әлсіздік, осалдық қайдан пайда болады? Осы сауалға жауап тапсақ, пенденің әлсіз буынының қайдан шығатынын және оның қаншалықты деңгейде екендігін, ең бастысы бұл осалдықтан қалай құтылуға болатынын біле аламыз. Бұл осалдықты білу не береді дегенге келсек, ол барша адамдардың өміріне тікелей әсерін тигізеді, сондықтан оны білу және ондай осалдықтардан құтылу әрекеттерін жасаудың әрбір адам үшін өте зор маңызы болады.

Сіз дәстүрлі діндердің тыйым шарттарына назар аударып көріңізші. Ол діндердің бәріндегі бұндай тыйым шарттары  адамдарды өміріне үлкен әсерін тигізетін осал буындардың болуынан сақтауға арналған. Мәселен, ислам дінінде арақ-шарап ішуге, некеден тыс қатынас жасауға, ұрлық істеуге, өсімқорлыққа, құмар ойындарын ойнауға тыйым салынған. Христиан дінінде шарап ішуге рұқсат етілгенмен, некеден тыс байланысқа, ұрлық істеуге, өтірік айтуға, құмар ойындарын ойнауға болмайды. Мұндай тыйымдар иудей, буддизм және индуизм діндерінде де бар.

Ал енді осындай тыйымдарға мойынсұнбаған пенделердің жайы не болады? Осыған ойша назар аударып көрелік. Зина жасауға бейім адам зинақорлығын жасыру үшін үнемі өтірік айтуға мәжбүр болады. Қазақта «ойнас оттай ыстық, нәжістей сасық» деген сөз бар. Өз әйелі емес, тек нәпсіқұмарлықтың ықпалымен байланысқан әйелге еркек адам деп емес, құмарын қандыратын машина сияқты қарамақ. Бұндай жағдайда әйел де, еркек те ойларына келгенді жасап, қайтсек құмарымызды қандырамыз деп арсыздықтың құрдымына құлайды. Ал бұл адамның ұят, арлылық сияқты тежегіш сезімдерін әлсіретіп, ойына келгенді жасауға, сол арқылы ерік-жігер күшінен айрылып, нәпсінің құлақ кесті құлы болуға итермелейді.

Егер айналаңызға ақыл таразысымен қарайтын болсаңыз, барша адамдарда сезімді тежегіш (тормоз) қуат бар екенін аңғарасыз. Жануарлар көшеде шағылысып, дәрет ала береді. Ал адам олай жасай алмайды, тіпті жасағысы келсе де ұят деп аталатын тежегіш оған жібермейді. Ал нәпсіге берілген адамның бойындағы тежегіштік, яғни ұят қасиеті азайып, жануарлар деңгейіне дейін құлдырайды.

Мынаған назар аударып қараңызшы: тежегіштік қасиеттен жұрдай болып айрылған адамдар қоғамнан алшақтап, оның жиіркенішті ең төменгі тобына құлайды. Мәселен, БОМЖ атанған маскүнемдерді алайық. Арақты суша сіміретін, өздерін тоқтата алмайтын бұл пенделер ар-ұяттан, отбасынан, достарынан, жұмысынан айрылып, қоғамның ең төменгі тобына құлдыраған. Тәндерін ақшаға сататын жезөкшелер де дәл солар сияқты нәпсіге беріліп, ар-ұяттан, тежегіштік қасиеттен айрылған. Олардан өзін өзі сыйлайтын барша адам жиіркеніп, аулақтау жүруге тырысады.

Психикалық қуаттың әлсіздігі неден болады?

Сезімді тежеу, яғни өз сезімін бақылап, басқару үшін адамның бойында ерік-жігер күші болуы қажет. Ерік-жігері аз адамдар нәпсіге, ашу мен қорқынышқа, түңілуге бейім келеді. Ондай жандардың бойында психикалық қуаты азайған, сондықтан өмірдің ықпалымен жел айдаған қаңбақ сияқты ойсыз тірлік кешуге бейім болады.

Писхикалық қуаттың азаюына әсер ететін ең басты себеп – байлану. Сөзіміздің басында айтып кеткен адамның ең осал буыны, яғни әлсіз жағы да осы байланудан пайда болады. Мәселен, арақ ішуге құмартқан, яғни араққа байланған адам ақырындап ерік-жігер күшінен айрылып, арақ ішпесе жүре алмайтын маскүнемге айналады.

Рас, алғашында көңілін көтеріп, жаңа достар тауып беретін сияқты сезілетін арақ кейін келе ақыл-санасын билеп, өзіне толық тәуелділікке түсіреді. Араққа байланған маскүнем одан айрылса өліп қалардай сезінеді. Оның ең осал тұсы да – осы арақ. Бір жарты арақ берсең, маскүнем жанын қиюға да әзір тұрады.

Зинақор, нашақор, қылмыскер, мансапқор, атаққұмар адамдардың бәрі де сырт көрінісі әртүрлі болғанымен, түпкі мәні бір – байлану деп аталатын дертке ұшырағандар. Түрмеге бір түскен адамның сондай қылмысты қайта-қайта жасап, бар өмірін түрмеде өткізетіні, мансап үшін жанын сататын пенденің ар-ұяттан жұрдай болып, мансабын сақтау үшін неше түрлі айла әрекерттерге баратыны – бәрі байлану арқылы келген адамның бойындағы психикалық әлсіздік дерті екендігі анық.

Кез-келген нәрсеге шектен тыс байлану – адамды әлсіз етіп, бойындағы ерік-жігер қуатынан айырады. Жалғыз ұлын жанындай жақсы көретін, ұлы қайтыс болғанда бар өмірінің мәні жоғалғандай, дүниеден түңіліп, күндіз-түні ұлын ойлап, кездескен жанның бәріне сол туралы айтатын бір адамды білемін. Ал мансабынан айрылғанда инфаркт алып, ауруханаға түскен тағы бір танысым содан жазыла алмай ақыры жүрек дертінен қайтыс болды. Міне, шектен тыс байланудың адамды қаншалықты осал, әлсіз ететіні осылардан анық көрінеді.

Түйін: Егер сіз күнде бір түрлі тамақ жейтін болсаңыз, онда көп ұзамай витамин жетіспейтін қырқұлақ деген дертке ұрынасыз. Сондықтан өзіңіз тіпті, қатты жақсы көретін бослаңыз да, ол тағамға байланбай, әртүрлі тағамдарды жеу қажет болады. Сол сияқты өмірде рахат әкелетін түрлі обьектілерге шектен тыс байлану қашанда қауіпті. Ол мейлі отбасыңыз, туыстарыңыз, қызметіңіз, ақша-дүниеңіз, атақ-беделіңіз немесе басқа да көңіліңіз қалаған нәрселер болсын, ешуақытта ештеңеге шектен тыс байланбаңыз. Сонда сізде әлсіз буын болмайды және ерік-жігер күшіңізді азайтпай, ақыл-оймен әрекет жасап, өзіңізге де, өзгелерге де игілікті істер жасау сізге нәсіп болады. Ал керісінше болғанда, құрдымға, тіпті хайуандардың деңгейіне дейін құлайтыныңыз сөзсіз. Қай жолды таңдау: әр адамның өз еркіндегі шаруа.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика