Алла соншалықты қанқұмар ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Иісі мұсылман баласы үшін қасиетті мереке саналатын Құрбан айты да келіп жетті. Өзге дәстүрлі дін өкілдерінде жоқ тек ислам дінін ұстанушыларға ғана қатысты осы бір діни мейрамның астарында өзіміз өмір кешіп жатқан бүгінгі 21 ғасырдың түсінігі мен талаптарына сыйыспайтындай кереғарлық бар. Ол дін атын жамылып адамдардың жасайтын шексіз қатыгездігіне қатысты түсінік. Уақыт өткен сайын адамдардың арасында ет тағамдарынан мүлдем бас тарту, вегетериандықты ұстану белең алып барады. Бұл денсаулықты сақтауға қатысты ғылыми түсініктің салдары ғана емес, жаны, сезімі бар жануарларды етін жеу үшін өлтіру сияқты қатыгездіктен ерікті түрде бас тартумен де байланысты.
Құрандағы аяттарға назар аударсақ, құрбан шалу ислам діні келмей тұрған сонау Ібірахым пайғамбар заманынан бастау алады екен. Ібрахым пайғамбарға түсінде Алла аян беріп, қартайғанда көрген жалғыз ұлы Ысмайылды құрбандыққа шалуды бұйырады. Жаратқанның бұйрығын орындамауға дәрмен бар ма, Ібрахым пайғамбар құрбандыққа шал деген күні баласын ертіп алып, тау басына барады. Имандылықты жүрегіне сіңіріп өскен Ысмайыл әкесінің еркіне еш қарсы болмайды.
Бірақ та, Ібрахым пайғамбар ұлын бауыздамақ болып, пышағын тамағына тақап кескілегенде пышағы өтпейді. Сол мезетте ғарыштан «Шын мәнінде біз игілік істеушілерді осылай сынаймыз… Бұл бір ашық сынақ еді. Енді ол басқа құрбандықпен алмастырылды» деген үн естіліп, Ысмайылдың орнына көктен көк қошқар түсірілген екен дейді көне хикая. Құрандағы осы аңыздан ұғарымыз, Алла құрбандыққа қошқар түсірген. Неге? Бұның себебі төлдейтін аналық қой емес, қошқар түсірудің астарында адамдардың тұрмыс жағдайына залалы тимесін деген ниет пен төлдемейтін еркек қошқарды құрбандыққа шалудың оншалықты теріс зардабы болмайтындығын ескеру жатса керек.
Дегенмен де, басқа дәстүрлі діндер сияқты ислам діні де уақыт өте келе өзгеріп, бұрмаланды. Осының салдарынан құрбандыққа қошқар ғана емес, енді қой да, сиыр мен түйе де шалынатын болды. Алғашқы кезде Құрбан айты кезінде тек бақуатты адамдар ғана құрбан шалып, малдың етін кедей-кепшікке үлестіріп берсе, кейін келе барша мұсылман құрбан шалатын болды. Бұның өзі діни шарттан гөрі, бәсекеге және мақтаншылыққа айналды.
Бүгінде Мекке қаласында Құрбан айты кезінде 1 млн-нан астам қой сойылады екен. Өзіңіз ойлап қараңыз: Сауд Арабиясында күн 40-45 градустық ыстық болып тұрады, осындай қапырықта 1 млн қой сойғанда не болады? Қолқаны қабар қан иісі айналаны түгел алып кетпей ме. Осылайша мұсылмандар қасиетті Мекке қаласын қан сасыған мал соятын орынға айналдырып алғандай. Сойылған 1 млн қой еті түгел кедей-кепшікке таратыла ма? Жоқ, әрине. Оның етін негізінен қаладағы тамақ саласында жұмыс істейтін дәмханалар мен мейрамханалар пайдаланады екен. Осылайша, о баста кедей-кепшікке бай адамдардың көмегі түрінде қарастырылған шара кейін келе бұрмаланып, мақтаныш үшін жасалатын ысырапшылдық әрекетке айналды. Және ең сорақысы, бұның өзі басқа дінді ұстанушыларға Алланы соншалықты қанқұмар етіп көрсететінін жарысып құрбан шалатындар мүлдем сезбейтін сияқты. Меккеде 1 млн қой сойылса, басқа мұсылман елдерінде де мыңдап, миллиондап мал сойылады. Осылайша Құрбан айты малдың қаны суша ағатын қанды мерекеге айналды.
Құрбан айты кезінде біздің елімізде де мыңдаған мал құрбандыққа шалынады. Жыл сайын қала шетіне апарып, мешіт имамдары арнайы белгілеген жерде құрбан малдары сойылады. Өкініштісі сол, малдың ішек-қарны мен терісін сол жерге тастап кету, осындай шарадан кейін сол аймақ қоқысқа толып қалу жағдайы жыл сайын қайталанып жатады. Ал құрбандыққа шалынған мал еті кедей-кепшікке беріліп, сауапты іс жасалып жатса жөн ғой. Бұл арада да асыра сілтеушілікті байқаймыз.
Бір таныс жігіт айтады: көрші тұратын арбаға таңылған мүгедек орыс әйеліне құрбан айты кезінде қазақтар жарыса еттерін әкеп беріп жатады, тоңазтқышы етке толған әйел «қажеті жоқ, алмаймын» дегеніне қарамай, етті әкеліп үйіп тастайды, дейді. Бүгінде ішер асқа жарымай отырған кедейлер онша көп те емес. Осыған орай бірлі-жарым сондай мүгедек жандарға айт күндерінде қажеттігінен әлдеқайда көп ет беріп, осыны қайрымдылық деп санап жатады.
Пайғамбар заманында адамдардың негізгі тамағы мал еті мен сүті болды. Сондықтан ол заманда құрбандыққа мал шалып, етін кедейлерге таратып беру қайрымды сауапты іс еді. Қазір заман өзгерді. Көп адамдар денсаулықтарын ойлап, ет тағамдарынан бас тартатын болды. Осыған орай, дінбасылары құрбан шалу туралы түсінікті өзгертіп, оны жүздеп, мыңдап мал соятын қан сасыған шарадан, нағыз қайрымдылық шарасына айналдыруына атсалысуылары қажет-ақ. Мәселен, Құрбан айты кезінде бақуатты адамдар тұрмысы төмен отбасыларына көмектесіп, ақшалай немесе басқа да азық-түлікпен жәрдемдессе, бұның сауабы әлдеқайда жоғары болар еді. Құрбандыққа мал шалу жасыратыны жоқ қазіргі күні онсыз да халық арасында абырой-беделі түсіңкіреп бара жатқан ислам дінін одан сайын жұртшылыққа жеккөрінішті еткеннен басқа еш пайда әкелмейтінін уақыт көрсетіп отыр. «Заманына қарай адамы» дегендей, діни шарт-талаптар да заман талабына сай өзгертіліп, сол уақытқа бейімделіп отырса ғана ол діннің ғұмыры ұзақ болмақ.