Апат салдарынан зардап шеккендерге мемлекет көмектесуге міндетті ме?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Биыл көктем қазақстандықтар үшін біраз қиындықтар әкелді. Еліміздің бірқатар өңірлерінде  еріген қар суының салдарынан өзен-көлдердің деңгейі көтеріліп, елді мекендерді су басты. Әсіресе, батыс Қазақстан облысы апаттан қатты зардап шекті. 60 мыңнан астам тұрғыны бар Құлсары қаласы түгелге жуық су астында қалды. Апат салдарынан баспаналарынан айрылғандар материалдық шығын үшін өтемақы талап етіп, Құлсары қаласында шеруге шықты.

Апат аймағына барған Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккендердің материалдық шығындары түгел өтелетінін айтқан еді. Осыған орай, апат болған аймақтарда арнайы жұмыс топтары құрылып, апат салдары мен келтірілген шығындарды анықтауда және баспаналарынан, мүліктерінен айрылғандардың шығындары есептеліп, өтемақы берілуде. Бұл мәселе еліміздің апат болған аймақтарының бәрінде  дерлік оңды шешімін тауып жатыр деуге болады. Тек Құлсары қаласында берілетін өтемақы көлемімен келіспегендер шеруге шығып, билікке өз талаптарын қойды.

Он күннен астам уақытқа созылған шеру таяуда аяқталып,  баспаналарынан айрылған көптеген адамдар қала әкімдігімен арада жасалған келісім-шартқа қолдарын қойды. Шартқа келіспейтіндер де бар. Билік өкілдерінің айтуынша, шаршы метріне 400 мың теңгеден өтемақы беру – бұл өте жоғары көрсеткіш. Астана мен Алматыда да дәл мұндай баға жоқ. Баспаналары жарамсыз болып қалған адамдар шаршы метріне 400 мың теңгеден төлеуді және ақшаны қолдарына беруді талап еткен. Ұзаққа созылған келісімдерден кейін жеке тұрғындар мен  қала әкімдігі арасында келісім жасалды.

Құлсары қаласында 500-ден астам үй зақымданған екен, оның 120-сы апатты жағдайда, яғни ол үйлерді қайта салу қажет. Зақымданған үй мүліктері үшін берілетін 600 мың теңге жәрдемақыны қомсынып жатқандар аз емес. 600 мың теңгеге шетелдік аса қымбат жиһаз бен тұрмыстық заттар алуға болмас, дегенмен қажетті заттардың бәрін алуға бұл сома жетіп артылады.

Шеруге шығып,  шу шығарған құлсарылықтардың талаптарының қаншалықты негізді екендігін түсіну үшін іргелес ресейдегі апатқа ұшыраған Орск қаласы тұрғындарының жайына назар аударсақ  болады. Орск қаласы да Құлсары сияқты түгелдей су астында қалған. 200 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың үйлерін толықтай су басып, су жарты айдан астам уақыт тұрған. Осы уақыт ішінде үй мүліктері жарамсыз болып қалып, біраз үйлер құлаған. Ал құламағандары сызданып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ресей үкіметі  үйлерінен айрылған Орск қаласының тұрғындарына үәй салу үшін 100 мың рубль  жәрдемақы берген. Ол теңгеге шаққанда 500 мыңдай ғана. 500 мың теңгеге үй салып алуға бола ма? Ал үй мүліктері зақымданғандарға берілген жәрдемақы көлемі 20 мың рубль, теңгеге шаққанда 100 мың теңге.

Ал құлсарылықтар үй мүлкі үшін берілген 600 мың теңге жәрдемақыны азсынып, үйді қалпына келтіру үшін шаршы метріне 400 мың теңгеден сұрауда.  Мәселен, үйіңіздің аумағы 100 шаршы метр болса, оған 40 млн теңге алуыңыз қажет екен.  Бұндай баға Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда болар, ал Құлсары сияқты шалғайдағы шағын қала үшін бұл өте жоғары баға екені кім кімге де түсінікті. Осыған орай, жергілікті биліктің бұндай талаппен келіспеуін түсінуге болады. Орск қаласының тұрғындары құлсарылықтардай шу шығармай, басқа салды біз көндік деп, қираған үйлерін өз күштерімен ілдебайлап қалпына келтіруде.

Іргелес алып ресеймен салыстырғанда біздегі жағдайдың  көш ілгері дейтін дәрежеде екендігін айтуға болады. Жақсылы-жаманды апаттан зардап шеккендердің бәрі назардан тыс қалмай өтемақы алып, баспанасынан айрылғандар үй алуда. Бұл енді «шүкір» дейтін жағдай. Қазір бірқатар  өңірлерде табиғат апатынан баспаналарынан айрылғандарға жаңа баспана бергендігі туралы БАҚ айтып, жазып жатыр.

Жалпы, егер әлем тарихына назар аударып қарасаңыз, алпауыт ел АҚШ-тың өзінде табиғат апатынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем жасалмайды екен. Нарық заңы бойынша жеке меншік үйінің тағдыры түгелдей меншік иесінің мойнында. Осыған орай, Батыс елдерінің әрбір есі дұрыс азаматы үйлерін міндетті түрде сақтандырады. Табиғат апаты орын алған жағдайда  үй иелері мемлекеттен емес, өтемақыны сақтандыру компанияларынан талап етеді және өзі жасаған келісім-шартта белгіленген мөлшерде өтемақы алады. Ың-шыңсыз, еш айқайсыз әр адам сақтандыру компанияларынан өтемақыларын алып, соны пайдаланып, үйлерін қалпына келтіреді болмаса қайта салып алады.

Еліміздің нарыққа көшкеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Дегенмен, адамдар әлі күнге дейін нарық талабын үйрене алмай келеді. Қазақстанда да шүкір, сақтандыру компаниялары жетіп артылады. Бірақ та, ешкім сол компаниялардың қызметін пайдаланып, үйлерін сақтандырып жатқан жоқ. Ал апат болған жағдайда, бар шығынды өтеуді мемлекеттен талап етеді. Бұның өзі заңда да нақты негізделмеген. Дегенмен де, табиғат апаттарының салдарынан зардап шеккендерге үкімет тарапынан әрдайым жәрдем көрсетіліп келеді. Осыған қанағат деп, айқай-шусыз мемлекет берген өтемақыны қажетіне жаратудың орнына, оны қомсынып, маған пәлендей сома бер деп талап қою қаншалықты заңды?  

Жалпы, азаматтарымыз нарық заңын түсініп, соған бейімделулері қажет-ақ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама

"Ақиқат" сайтының Кітап дүкенінен әдеби, танымдық қызықты кітаптар ала аласыз. Ол кітаптардан сіз көптеген пайдалы ақпараттар тауып, оны нақты өмір тәжірибеңізге қолдануыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Яндекс.Метрика