60 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Өзекті жанға бір өлім» деген түсінік бар. Жаны бар адам түптің түбінде міндетті түрде өледі. Бірақ та, адамдар біреуге ерте, біреуге кештеу келетін сол ажалдың  кештеу келуін қалайтыны дау туғызбас шындық. Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, ойына алған арман-мақсаттарына жетіп, тірліктің бұйырған қызығы мен шыжығын көрген соң, жас ұлғайған кезде ажал адамға оншалықты қорқынышты бола қоймайды. Дегенмен де, өмір ағысы адамның қалауымен емес, Жаратқанның еркімен жүретіндіктен, өмірдің қызығын татып үлгірмеген қыршын жас қыз-жігіттердің мезгілсіз көз жұмып жататын жайлары кездеседі. Бұның себебін  адамдар «тағдырдың жазуы солай, оған еш лаж жоқ» деп  түсіндіріп жатады. Шындығында солай ма, төніп келген ажалдан құтылуға еш мүмкіндік болмай ма?

Ажалды жеңген адам

1990 жылдың күзінде Алматыда  сол тұстағы партияның оқу-ағарту үйінде Мәскеуден келген Котляров деген кісімен кездесу өтті. Ұзақ жылдар Мәскеуде түрлі басылымдарда қызмет еткен журналист Котляровтың сол тұста жасы 87-де екен. Шашы әппақ қудай егде жастағы азамат екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде тікесінен тік тұрып сөйледі,  жиналған көпшіліктің сан түрлі сауалдарына жауап берді. Котляровтың айтуына қарағанда, басынан өткен оқиғасы мынадай.

-60 жасқа толғанымда зейнет демалысына шықтым, -дейді ол. –Басқа әріптестерім сияқты темекіні үсті-үстіне шегіп, арақты суша сіміретін мен зейнет демалысына шыққанша екі рет инфаркт алып үлгірген едім. Дәрігерлер маған жарты жыл ғұмырың қалды деп үкім шығарып қойды. Көп қабатты үйдің өзім тұратын төртінші қабатындағы пәтеріме әлденеше демалып әзер шығатынмын.

60-қа жаңа толған дәрігерлердің болжамынша жарты жылдай ғұмыры қалған Котляров дегенмен, өлгісі келмейді. Зейнеткерлікке шыққан қолы бос ол төніп келген ажалдан қалай құтылудың жайын ойлай бастайды. Сөйтіп жүргенде қолына халық арасында кең таралған  шынығу арқылы денсаулықты сақтауға арналған шағын кітапша түседі. Онда сексеннен асып қайтыс болған атақты қолбасшы Суворовтың өмір бойы атпен серуендеп,  жорықтарда солдаттармен далада түнеп, қармен денесін сылап жуынатыны жазылған екен.

Содан 60-тан енді асқан ардагер журналист үйіне  іргелес тұрған мектептің спорт алаңына барып жүгіруді бастайды. Алғашында елу, жүз метр аяңдап әзер жүгіретін ол келе-келе қашықтықты ұзартып, бірнеше шақырым жүгіруге көшеді. Бұрынғыдай емес енді ол төртінші қабаттағы пәтеріне демікпей еркін шыға алатын дәрежеге жетеді. Ал бір жылдан кейін шолақ дамбалдан басқа лыпасын түгел шешіп, қысы-жазы жартылай жалаңаш жүгіретін болады. Үйінде таңертең ваннасында мұздай су ға шомылуды әдетке айналдырады. Қыстың қақаған аяздарында шолақ дамбалдан басқа киімі жоқ жалаңаш жүгіруге әбден машықтанып, суыққа тоңуды ұмытады. Котляровқа 30-40 шақырым жүгіру түкке тұрғысыз болып қалады. Денсаулығының нығайғаны сонша, өзін сергек сезінетін ол емханаға баратын жолды ұмытады.

-1982 жылы жаңа жыл қарсаңында ұзаққа жүгіретін мәскеулік марафоншылар 45 шақырым жүгіріп өтуге уағдаластық. Мәре – Кремльдің қызыл алаңы болды. Мен әдеттегідей шолақ дамбалдан басқа лыпамды түгел шешіп, жүгірдім. Желтоқсанның соңы, күн шыңылтыр аяз. 20-25 градустай бар. Шашым әппақ қудай, аузымнан буым бұрқырап, денем қырау-қырау жүгіріп келе жатқанымда  қарсы кездескен үстеріне жылы пальто киіп, бүрсең қаққан жап-жас жігіттер мені көріп ұялып, теріс айналатын, -деп есіне алады ол.

Осы кездесуге орай республикалық «Жас алаш» газетіне «87-дегі жігіт» деге көлемді мақала жарияланды.  60 жасқа толғанында жарты жыл ғұмырың қалды деп үкім шығарып қойған дәрігерлердің айтқан болжамын теріске шығарып, төніп келген ажалды  жеңген Котляровтың басынан кешкен жағдай   ажал алмай тынбайтын қатер еместігін айғақтайды.

Ауруды жеңген әйел

 2009 жылы мен Көкшетауда тұратын Ирина Чичкарева деген «морж» әйелмен сұхбаттасып, газетке жарияладым. Оның айтуынша, ракпен ауырған оған дәрігерлер 6 айдай ғұмырың қалды деп болжамдарын айтыпты. Бұл – 1990-шы жылдардың басы екен. Жасы отыздан енді асқан келіншектің өлгісі келмейді. Содан бір күні құрбысы оны қолқалап «Истоки» мәдениет үйінде сол тұста халық арасына кең таралған Порфирии Ивановтың су арқылы шынығу жөніндегі біреудің лекциясын тыңдауға шақырады. Сол лекция қатты ұнап, ол осы тәсілді қолданып көруге бел байлайды.

-Қаңтар айының іші еді. Күн қатты аяз. Мен көп пәтерлі үйдің бесінші қабатында тұрамын. Таңертең ерте тұрып, екі шелек суды құйып алып, баспалдақпен төмен түсіп келе жаттым. Екінші қабатқа түскенімде сырттан суық ызғар сезіліп, ішкі бір үн «ау, ақылыңнан айрылғансың ба, суық тиіп өлесің ғой» деді. Сол кезде екіойлы болып тоқтап тұрып қалдым. Бірақ суықтан өлдім не, аурудан өлдім  не, бәрібір ажал, тәуекел етіп көрейін деп ойладым, -дейді ол.

Далаға шығып, ақ қардың үстіне жалаңаяқ тұрып, барша адамдарға денсаулық тілеген келіншек мұздай суды үстіне құйып жебереді. Қызығы сол, суық су құйынған соң оның денесі жылып сала беріпті. Міне, сол кезден бастап ол күнде таңертең далаға шығып, суық суға шомылуды берік әдетке айналдырады. Жазылмайды деген аурудан жазылып, емханаға бармайтын, дәрі-дәрмек ішпейтін болады.

Ирина Гергиевна қыстың қақаған аяздарында жалаң бас үстіне жеңіл күрте киіп далада серуендей береді. Көкшетауда «морждар клубы» бар екен. Сондағы әріптестерімен қыстың күндері Қопа көлінен ойық жасап, сонда шомылуды дәстүрге айналдырыпты.

Тағдыр зерделіні жетелейді

Облыстық газетте бірге қызмет істеген жігіттің ауырып жүргенін біраз уақыт білмеген едім. Екеуміз бір кабинетте отырамыз. Жұмыс уақытында шығып кететін. Бір күні бір шаруамен сыртқа шыққанымда оның есік алдындағы баспалдақта тұрғанын көрдім. Темекі тартпайтын жігіттің жападан жалғыз неғып тұрғаны маған түсініксіздеу көрінді. «Неғып тұрсың?» деп сұрағанымда «Таза ауа жұтып тұрмын» деді.

Бір күні жиналыста отырғанында жүрегі қысылып, содан Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға әкетеді. Осы жайды естіген соң ғана мен оның науқас екенін білдім. Ертеректе өз басымнан да осындай жай өткендіктен, жасымның үлкендігін алға тұтып «Денсаулығыңды күт, жүрек ауруы деген жаман дерт, салауаттылықты ұстан, таңертең жүгір, дене жаттығуын жаса» дедім. Ол «ештеңе қылмайды, жазылып кетеді ғой» деді мән бермей.

Осылайша әлгі әріптесім дертіне еш мән бермей өзі жазылып кетеді деп жүре берді. Жұмыс уақытында кейде жүрегі қысылып, тынысы тарылып, далаға шығып таза ауа жұтып тұрып қайтатын кездері  көп болса да, денсаулығының жайын ойламады. Сөйтіп жүргенде кенеттен дерті ұстап, Жедел жәрдем келгенше бақилық болып кете барды.  «Ажал адамға айтып келмейді десе де, шын мәнінде Жаратқан пендесінің қандай себеппен дүниеден өтерін алдын ала сездіретін сияқты. Әлгі әріптесімді алайық, оның жүрегі ауырды, тынысы тарылып, жүрегі қысылатынын өзі де сезіп жүрді. Бұл жәй дерт емес, қатерлі дерт екенін де бәлкім білген шығар. Ал жиналыста отырғанында жүрегінің қысылып, Жедел жрдем шақыртуы  Алланың оған деген анық ескертуі болса керек. Дегенмен, ол бұның бәріне мән бермеді. Тағдырдың ескертуіне назар аудармады.

Егер де, ол жоғарыда айтылған  мәскеулік Котляров сияқты тағдырдың ескертуіне құлақ асып, денсаулығын күтсе, сақтанса, ауруға бой алдырмасы анық еді. Қазір мен мына жайды нық сеніммен айта аламын: «егер ол салауаттылықты ұстанып, күнде таңертең бірнеше шақырым жүгіріп, дене жаттығуын жасағанда, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырғанда, қазір арамызда жүрер еді».

Ол әріптесімнің 60-тан асқанда төніп келген ажалды жеңген жоғарыда айтылған  ресейлік Котляровтан ерекшелігі, жасы небары 40-та еді және ешқандай инфаркт алмаған. Яғни, оның ауруды жеңіп шығуына мүмкіндігі мол болатын. Бірақ та, өмір үшін күресіп, нақты әрекет жасаған жоқ. Бір данышпан айтқандай «Тағдыр зерделіні жетелейді, зердесізді тағымға басып сүйрейді».  Адам тағдырдың емеурінін түсініп, жетекке ерсе, өмірі жеңіл болады және қатерлерден сүрінбей өтеді, ал егер жетекке ермесе, тағдыр оны тақымға басып сүйрейді. Ол кезде пенде өмірде көп ауыртпалықтарға кездеседі.

Жалқаулардың философиясы

 Тағдырды өзгертуге болмайды, яғни төніп келген ажалдан құтылу мүмкін емес деп санайтын адамдар аз емес. Шындығында, мұндай түсінік жалқаулардың, рухы әлсіз жандардың философиясы. Мәселен, маскүнемдікке салынған БОМЖ атанған адам «мен осындай болғысы келді дейсің бе, әу баста тағдыр маңдайыма маскүнемдік пен қаңғыбастықты жазып қойса, не  істей аламын» дейді. Ал зинақор да «мені зина жасауға еріксіз мәжбүрлейтін күш бар, тағдыр маңдайыма осылай жазып қойса, оған лажым қайсы» деп ақталады.

Егер тағдыр деген өзгертуге болмайтын қатып қалған жол болса, онда біз ешбір адамды ешқандай теріс әрекеті мен мінезі үшін кінәлай алмас едік. Өйткені нашақорлық, маскүнемдік, зинақорлық, қылмыс жасау, жемқорлық, мансапқорлық, арсыздық – бәрі әу баста пенде дүниеге келген кезінде тағдыр жолы ретінде жазылып қойылған да, енді оны өзгертуге еш мүмкіндік жоқ. Бұлай болған жағдайда, біз ешбір адамды жаман әрекеттері үшін жазғыра алмас едік.

Шындығында, әр адам өз тағдыр жолын өзі жасайды және тағдырды өзгертуге, төніп тұрған ажалдан құтылуға, жазылмайды деген  дерттерді жеңуге болады. Ол үшін ӘРЕТЕТ ЕТУ ҚАЖЕТ. Иә, тағдырды өзгертудің ең негізгі және сенімді жалғыз жолы — әрекет ету. Орыс халқында «без труда, не вытащишь и рыбу из пруда» деген сөз бар. Яғни, әрекетсіз ештеңеге жету мүмкін емес.

Осы арада жоғарыда мысал ретінде келтірген Котляров пен Чичкареваның басынан кешкен оқиғасына назар аударып көрелік. Олар егер тағдырдың жазуы осы деп соған көніп жүре берсе дәрігерлер айтқандай жарты жылдан кейін бақилық болып кеткен болар еді. Бірақ, ол екеуі өмір үшін күресті, нақты әрекет жасады, сөйтіп ажалды да, ауруды да жеңіп шықты. Бұл ойдан шығарылған жай емес, Котляров та, Чичкарева да өмірде болған адамдар. Котляров 94 жасында дүниеден өтті, ал Ирина Георгиевна Чичкарева қазіргі күні Көкшетауда тұрады.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика