Балаларды дінге тарту қаншалықты қажет?..
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы келіп, көп адамдар мұсылманның бір парызы саналатын ораза ұстап жүр. Сол ауыз бекітіп, ораза ұстағандардың арасында мектеп жасындағы балалар да бар. Бұл қаншалықты дұрыс? Әлі өсіп, толыспаған жас баланың күнұзақ нәр сызбай аш жүруі денсаулыққа залалды екендігі еш күмән туғызбайтын шындық. Бұл балаға оразаның физикалық жағынан келтіретін залалы. Ал әлі ақылы толмаған баланы дінге тарту, бүгінгі ғылыми ұғым-түсінікке қайшы келетін уағыздарды санасына сіңіру – оның білімге деген ынта-ықыласын жоғалтып, діни соқыр сенімге, ақырсында фанатизмге ұрынуына әсер ететінін көзі ашық әркім жақсы біледі. Дінге бой ұрған бала мен діннен аулақ өскен баланың арасында жер мен көктей үлкен айырмашылық бар.
Өткен жылы көктемде әлеуметтік желіде жоғары сыныпта оқитын бүтін бір кластың балаларының сабақ уақытында столға бастарын қойып, ұйықтап отырғаны туралы видео таралды. Әлгі балалар түгел ораза ұстаған екен. Көктемде күн ұзақ, әрі ыстық кезде ауыз бекіту жас балаға ауыр тиетіні айтпаса да түсінгікті. Соған орай сабақ уақытында қалғып-шұлғып ұйықтап отыратын бала не түсініп, не қабылдайды?
Өкініштісі сол, қазір мектеп оқушылары арасында ораза ұстау сәнге айналғандай. Одан қалды, намаз оқитын балалар қатары жыл санап көбейіп келеді. Сабақтан қашып, мешітке жұма намазына баратын балалар аз емес. Бір қарағанда, жас балалардың дін исламға жүзін бұрып, имандылық жолға түсуі құптарлық іс сияқты. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ақыл таразысына салып қарасаңыз, бүгінгі ислам дінінің бар болашағы алда тұрған жас балаға ғана емес, үлкен адамдарға да тигізетін зардабының аз еместігін өмір үнемі көрсетуде.
Мәселен, ислам дінін ұстанып отырған елдерден біз қандай үлгі ала аламыз? Әлемде қазір 1,5 млрд мұсылман бар екен. Елудеан астам ислам дінін ұстанатын мемлекет бар. Осы ислам елдерінің әлем экономикасындағы үлесі небары 7 пайызды құрайды. Ал 250 млн тұрғыны бар АҚШ мемлекетінің әлемнің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 23 пайыз, Қытайдікі 12 пайыз. Ислам елдеріндегі адамдардың орташа өмір сүру жасы 60 жас шамасында. Халқының 90 пайызы дінсіз атеистер саналатын Жапнонияда орташа өмір сүру жасы 87, Батыс елдерінде 83-84 жас.
Біріккен араб әмірлігі, Катар, Сауд арабиясы сияқты мұнайдың арқасында байыған санаулы елдер болмаса, қалған мұсылман мемлекеттерінің халқы аш-жалаңаш. Кезінде экономикасы Батыс елдерімен қатар қарқынды дамыған Иран ислам мемлекетіне айналғасын-ақ құлдырап төмен кетті. Қазір бұл елдің халқы кедейшілікте өмір сүреді. Ислам экстремизмі, ислам терроризмі деген құбылыстар соңғы кезде дін исламды желеу етіп, адамзатқа қатер төндіретін жаман әрекеттердің бәрі ислам елдерінен шығып жатыр. Ауғанстандағы бір мұсылманды екінші мұсылманның жазықсыз өлтіріп жатқан қырық жылдан астам уақыт үзбей созылып келе жатқан қанды соғысы, Сирия, Ливиядағы, Ирактағы қанды қырғындар – осының бәрі ислам діні бейбіт дін деген ұғымға көлеңкесін түсіруде.
Люксембург деген Қазақстанның бір ауданының көлемінде ғана жері бар шағын еуропалық мемлекет бар. Жер асты байлығы жоқ бұл мемлекет әлемдегі ең ауқатты елдердің санатында. Осы елде барлық қоғамдық көліктер, оның ішінде қалааралық автобустар мен электр пойыздарының қызметі түгел тегін екен. Тегін қызметті тек осы елдің азаматтары ғана емес, сырттан келген қонақтар да пайдаланады. Ал Германияда сатушысы жоқ дүкендер соңғы кезде өте көбейіп кеткен. Адамдар әлгі дүкеннен қалағанын алып, ақшасын жәшікке салып кетіп жатады. Ұрлық деген жоқ. Ал енді ислам елдерінде осындайдың бірі бар ма? Жоқ. Тіпті, қажыға барғандар сайтанды атасың деп қара тасты ақшаға сататынын айтып жүр. Сервистік қызметтің бағасы удай, сапасы сын көтермейді дейді қажы болып қайтқандар.
Міне, осы жайлардан ұғарымыз, ислам елдерінен үлгі тұтып, солар сияқты болайық дейтін ешнәрсе жоқтығын көрсетеді. Сонда балаларымызды кімге ұқсасын деп дінге өз қолымызбен итермелеп жатырмыз?
Қазір барлық дерлік мешіттерде діни сауат ашу курстары бар. Онда араб әліпбиі оқытылып, Құран аяттары жатталады, діни насихаттар айтылады. Ал осы курста оқитындардың 90 пайызы мектеп жасындағы балалар. Ата-аналары балам иманды болсын деген ниетпен оның курсқа баруына қарсы болмайды, тіпті, өз қолымен жетелеп апаратындар бар. Санасы толыспаған бала діни курстан дәріс ала жүріп, санасына дінді сіңіреді де, енді фәни оқуға, білімге деген ынта-ықыласы жоғалады. Балалардың арасында Құран аяттарын жаттау жарысын өткізу, Құранды түгел жттап алған қари атанған балаларды мақтан ету – белең алды.
Жалпы, жас баланы дінге тарту қаншалықты заңды? Санасы толмаған балаға дінді мәжбүрлеп оқыту дұрыс па? Бала 18 жасқа толғанша мектеп бағдарламасына сай дүниәуи ілім-білімді үйренуі қажет. Кәмелеттік жасқа толған соң дін жолын қалай ма, әлде фәни жолмен кете ме – оны өз еркімен шешкені жөн. Ата-аналардың жас баланы мешітке діни курстарға оқытуы – зайырлы мемлекетіміздің заңдарына қайшы әрекет. Сондықтан бұған құзырлы органдар тарапынан заң шеңберінде тиым салу шарасын енгізуі керек.
Егер осылай жалғаса берсе, енді жиырма-отыз жылда жас ұрпағымыз исламданы, ұлдары сақал қойып, қыздары хиджап киген ислам еліне айналамыз. Ол кезде Қазақстан дамыған өркениетті елдердің санатынан шығып, Иран, Ауғанстан сияқты артта қалған ислам мемлекетіне айналатыны даусыз.