Буддашылардың өлім туралы түсінігі

Бүгінгі күні жалпы ауқымы бір миллиардтай адам буддизм дінін ұстанса, саны бір миллиардқа жақындап қалған ипдустар ұстанатын индуизм діні де әлемдіг ірі дәстүрлі діндердің бірі болып саналады. Бұл екі дін иудаизм, христиан және ислам діндеріне қарағанда біршама өзгешелеу.

Буддизм дінін дін дегеннен гөрі, ақылды зерттеп, зерделейтін ғылым деуге де болады. Буддашылардың басқа дәстүрлі дінді ұстанушылардан ерекшелігі сонда, олар жаратушы жалғыз Құдайға да, жанның барлығына да сенбейді. Олардың ұғымынша, адам және барша жан-жануарлар нәзік қуат – ақылдың шеңберінде өмір кешеді. Ақылды олар мәңгі бос кеңістік немесе жарық нұр іспетті мәңгілік қуат деп түсіндіреді.

Буддизм діні ежелгі индуизм дінінен бастау алып, соның негізінде дамығандықтан, рейнкарнация, яғни өлген жанның басқа тәнге ие болып, қайта туылатыны туралы ғылымды мойындайды. Тіпті, реинкарнация буддизм дінінде басты орындардың бірін алады. Буддашылардың түсінігінше, өлген адам тірлігінде жасаған жақсы-жаман әрекеттеріне орай, карма заңына сай келесі өмірінде адамның немесе періштенің тәнін алуы, ал күнәсі көп болса төмен құлдырап, хайуанға, тіпті өсімдікке айналуы мүмкін.  

Буддизм дінінде өлімнің алатын орнының ерекшелігін, мына жай анық дәлелдейді. Буддашыларыдң ұстанымынша – өмір дегеніміз – өлімге дайындалу. Осы ұстанымға сай буддизм дінін ұстайтын әрбір адам туғаннан өлгенге дейінгі аралықта ажалды есінен шығармай, оған әрдайым дайын болуға талпынады. Өйткені, өлімнен кейінгі «бардо» деп аталатын 49 күнді қамтитын аралық кезеңде адамның болашағы нақты айқындалады.

Тибеттің осы дінді ұстанушылары Индиядан буддизмді Тибетке алып келіп таратқан әулие Падмасанбха жазған «Тибеттің өлілер кітабы» қазіргі күнге дейін өлген адамды қайта тууға дайындайтын нұсқаулық болып саналады. Буддизм дінін ұстанатын адам өлгенде монах 49 күнге созылатын «бардо» кезеңінде күн сайын өлген адамның үйіне келіп, аталмыш кітапты дауыстап оқып отырған. Кітапта дәстүрлі діндер «о дүние немесе бақи дүние» деп атайтын өлгеннен кейінгі кезеңде адамның санасына әсер ететін түрлі жағдайлар айтылып, пендені сондай жағдайларға дайындайды және кедергілерден қорықпай бөгетсіз өтуіне үгіттейді.

Буддашылардың түсінігінше, 49 күнге созылатын «бардо» кезеңінде өлген адам ет пен сүйектен жаралған материалдық тәнін тастап, ментальды нәзік тән алады. Ол естиді, көреді және ғылымда телепортация аталып жүрген кеңістікте орын алмасу қасиетіне ие болады. Яғни ментальді тәні бар өлген адам қалаған жеріне әп сәтте жете алады. Осыған орай, ол ойы арқылы өзі туралы адамдардың не айтып жатқанынан, тіпті не ойлайтынынан хабардар болады.

Алғашқы 20 күнде бұрынғы тәнімен байланысты өмірге байланған адам жиырма күннен асқан кезде ақырындап болашақ өміріне назар аудара бастамақ. Карма заңы, яғни тірлігінде жасаған жақсы-жаман әрекеттеріне, санасына сіңірген көзқарастары мен ұстанымдарына сай пендені ақыл қуаты ақырындап болашақ тәніне қарай бағыттайды. 49-шы күні пенде болашақта алатын тәніне орай, адамның, болмаса жан-жануардың бірінің ұрығымен аналық жатырға енеді. Бұның бәрі белгісіз күштің ықпалымен жүзеге асады.

Дегенмен, тірлігінде буддизм дінінің биік шыңына көтеріліп, әулиелік деңгейге жеткен адам өлгеннен кейінгі аралық – «бардо» кезеңінде не істеуі керектігін, қандай сәтте, қалай әрекет жасауы қажеттігін жақсы білетіндіктен, қандай отбасында, қай жерде туылатынын, қандай тән алатынын өз еркімен шешеді. Осыған орай, буддашы ұстаздардың арасында өлер кезінде айналасындағыларға «мен келесі өмірімде мынадай аймақта, мынадай уақытта дүниеге келемін, сол аумақтан іздеп табасыңдар» деп өсиет етіп кететін жайлары өмірде көп кездескен. Бұл туралы буддашылардың арасында аңыз әңгімелер өте көп сақталған.

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика