Былыққа белшеден батқан сала
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Еліміздің ертеңгі тізгінен ұстайтын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру міндеті мойындарына жүктелген білім беру саласы қазір еліміздегі жемқорлыққа белшеден батқан салалардың бірі болып отыр. Әсіресе, соңғы екі-үш жылдың ауқымында білім саласындағы жемқорлыққа қатысты ұсталып жатқан лауазым иелері мен сотталғандар саны күрт артып кетті. Күні кеше әлеуметтік желілерде Алматы облысы Іле аудандық білім бөлімінің басшысының 680 млн теңге бюджет қаржысын қымқырған деген айыппен қамауға алынғаны туралы ақпарат таралды.
Аудандық білім бөлімі басшысының үйінен бір қап ақша табылған. Иә, кәдімгі үлкен пропилен қапқа салынған пашкі-пашкі ақшаларды құқық қызметкерлері санап алып жатқаны туралы суреттер интернетте жарияланды. Оның ат шаптырым зәулім котеджі, бірнеше қымбат автокөліктері бар екен. Біраз жылдар бойы ол жұмыс істемейтін адамдардың атына жалақы аударып, соны пайдаланып келген. Аудандық білім бөлімі басшысы сонша ақша ұрласа, облыстық, республикалық деңгейдегі шенеуніктер қанша ақша ұрлайды екен деген ойға қаласың.
Білім саласындағы жемқорлықтың шектен шығып кеткені жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бұл салада жемқорлықпен бірге, жас ұрпаққа білім-тәрбие берудегі олқылықтар одан да көп екендігі БАҚ арқылы жарияланған ақпараттардан байқалады. Өткен жылы астаналық бір мектептің жоғары сынып оқушылары бірінші сыныптың ер баласын жабылып зорлағаны туралы ақпарат жұртшылық тарапынан үлкен шу туғызды. Жүкті болып қалған кәмелетке толмаған оқушы қыздар еліміздің барлық аймақтарында кездеседі. Ал Түркістан облысында мектеп директоры өзінің жетінші сыныпта оқитын ер баласын екі жылдан бері зорлап келгендігі анықталып, жұрт жағасын ұстады. Мектеп директоры деген ұстаздардың ұстазы ғой. Директордың сыйқы осындай болғанда, ол басқарған ұжым, олардан тәлім алатын балалардың жайы қандай екен деген қорқынышты ой келеді.
Осы Түркістан облысында мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып істейтін жас келіншектің арақ ішіп алып аузына келген боғауызды айтып, былапыттаған видеосы таралды. Оқушыларды тәбиелейді деген адамның педагогке жат мына ісіне қарап, оның өз міндетін қаншалықты деңгейде орындайтынын бағамдауға болады.
Балаларға қол көтеретін, ар-намыстарына тиіп балағататйтын мұғалімдер жайында да жиі айтылады. Күні кеше Түркияда демалысқа барған екі жас мұғалімнің түнгі клубқа барып, соны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқаны, соған орай жұмыстан босатылғаны жайында ақпарат таралды. Ұстаздардың түнгі клубқа баруы, оны видеоға түсіріп, интернет арқылы таратуы – бұл енді ешқандай ақылға симайтын шаруа.
Ұстаздар мен мектеп директорлары, білім саласы басшыларының істеп жатқан айтуға ауыз бармайтын шаруалары туралы осылай тізбелей беруге болады. Осы жайларға қарап отырып, бұл саланың қаншалықты былық-шылыққа батқанын аңғарасың.
Мұғалімдер мен білім мекемесі басшыларының теріс істерін былай қойып, балаларға білім беруге тікелей қатысты оқулықтардың жайы да ойландырады. Жұртшылық тарапынан оқулықтарға қатысты сын-ескертпелер, өкпе-реніштер жиі айтылып жатады. Таяуда ғана бастауыш сыныпқа арналған Ана тілі оқулығындағы смартфон жайлы жазылған ақын Ертай Ашықпаевтың өлеңіне қатысты видео интернетте жарияланды. Өлеңнің мазмұны мынадай: самартфонды күндіз-түні қараймын, сабаққа бармаймын, оқулықтың бетін ашпаймын, мұғалім мен ата-анамды тыңдамаймын. Осындай мазмұндағы өлеңді оқулыққа не себепті енгізгені белгісіз. Ау, Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институты қайда қарайды, оқулықтың сапасына жауапты министрліктің мамандары қайда?
Мектепке еден жуушы болып кіргені үшін 500 мың теңге пара берген келіншек аты-жөнін айтпай, осы оқиға жайында видеоны әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, мұғалім болып кіру үшін 2-3 млн теңге беру қажет екен. Мектептегі мұндай парақорлық жүйенің әбден орныққаны туралы айтылып, жазылып жатыр. Бірақ, әлі күнге дейін еш өзгеріс жоқ.
Қазір мұғалімдердің жалақысы біршама көтерілді. Айына 300-400 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл басқа салалармен салыстырғанда біраз жоғары. Соған қарамастан, білім саласындағы былық-шылықтар азаяр емес. Жемқорлыққа белшеден батқан білім саласы жас ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие, білім бермек?
Жыл сайын ауысатын білім саласын басқаратын министрлер өз беттерінше реформалар жасауға құмар-ақ. Ең көп реформа жасалатын, соған қарамастан, білім сапасы көтерілудің орнына төмен құлдыраған бұл салаға түбегейлі реформа қажеттігі қазір анық байқалып отыр. Еліміздің болашақ тізгінін ұстар жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін саланың жұмысын осы күйінде қалдыру, еліміздің болашағына балта шабумен бірдей.