54 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Күн боранда ит пен бала құтырады» дейді қазақ. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек борандарда ақыл-естен айрылып ойнақ салатын балалар мен ауыл иттері боранда адасып, өледі  екен. Сондықтан күн боранда қазақ балаларын үйге қамап ұстап, иттерін байлап қоятын болған. Баға шарықтап өсіп, дағдарыс жағадан алған қазіргідей қиын шақта боранда құтыратын бала сияқты қазақтар да ақыл-естен айрылып, дарақы тойшылдыққа салынып кетті. Байлар мақтаныш үшін ақшаларын шашса, кедейлер олардан қалмайық деп банктен кредит алып, аста-төк тойлар өткізу әдетке айналды. Қазір әрбір есі дұрыс қазақтың кем дегенде үш-төрттен кредиті бар. «Жау жағадан алғанда, бөрі балақтан тартады» дегендей, дағдарыс пен кедейліктен титықтаған қазақ банктерге жем болып, бар тапқандарын соларға беріп жатыр.

Ресми деректерге қарағанда қазіргі күні 7 млн-нан астам қазақстандықтарда несие бар екен. Олардың банктерден алған кредитінің сомасы 15 трлн теңгеден асады. Кейбір отбасыларында үш, төрт, тіпті бестен несие бар. Бір несиені жабу үшін екінші несие алатындар бар дейді қаржы саласының мамандары. Қалада пәтер жалдап тұратын, жалақылары жан бағуға жетпейтін жандарды түсінуге болады, ал той жасау үшін несие алып, қарызға бататындардың әрекетін қалай деуге болады.

Кеңес заманында да қазақтардың арасында тойлар болатын, бірақ қазіргідей шектен тыс көп емес еді. Ол кезде үйлену тойынан басқа той деген онша бола қоймайтын. Ал қазір шілдеханадан бастап, баласын қырқынан шығарса той, бірінші сыныпқа барса – той, бірінші сыныпты бітірсе – той, сүндетке отырғызса — той, мектеп бітіру, оқуға түсу – бәрі той. Оған қоса, 20-дан бастап дөңгелектенген мерейтойлар, отбасы құрғанының даталы кезеңдері, қыз ұзату, үйлену тойлары, құда шақыру, сырға салу  бар. Қазір әйтеуір той көп, күнде той өтіп жатады. Осыған орай, үлкен қалаларда қаптаған ат шаптырым тойханалар салынуда. Сол тойханалар бір күн де бос болмайды. Қазір қазақ жөн сұрасқанда «қайдан келесің?» десе тойдан, «қайда барасың?» десе тойға барамын дейтін болды.

Дариға Назарбаева ұлының үйлену тойына 100 млн доллар жұмсапты деседі. Сол тойға қатысқан ресейлік әнші Александр Серов «бір ән салғаным үшін маған 350 мың доллар берді» деп мазақ қылып күлді. «Қазақтың осындай ақымақ байлары көп бола берсін» дегені сияқты.  Назарбаевтың тағы бір туысы Қайрат Сатыбалды қызын ұзату тойында 180 млн теңгеге жарты тонна тартатын торт жасатып, ел-жұртты таң қалдырды. Тойға жиналған мың адам әлгі тортты тауыса алмай, ертеңіне оны қоқысқа тастапты.

Күні кеше бір байшыгеш құдалыққа тікұшақпен барып, долларларды жұртқа шашу етіп шашып берді. Тағы бір байшыгеш қырқынан шыққан құдасының сәбиіне 10 құндыз тон апарып тарту етті. Туғанына қырық күн толған шақалақ құндыз тонды кие ме, жоқ па, әлгі байшыгешке бәрібір сияқты. Ең бастысы, мақтану, «пәленше қырқынан шығару тойында 10 құндыз тон сыйлады» дегізіп, жұртты таңғалдыру.

Ертеректе бір даңғой қазақ қызын ұзатайын деп, киім алуға базарға барады. Сатушының бәрі өзбек. Әлгі қазақ мақтанып «жібектен он кез, сұрыптан он кез жырт» деп базарды басына көтереді. Оның есерсоқтығын мазақ қылған бір сатушы өзбек «жыртыл, қазақ, жыртыл» дейді. Соны естіген қазақ «әй, өзбек, жыртылыңнан да он кез жыртып жібер» деген екен дейді. Алаңғасар қазақ «жыртыл» деген матаның түрі деп ойласа керек.

Сол замандағы қазақтан қазіргі қазақтың еш айырмасы жоқ. Әлі сол баяғыша «жыртыл, қазақ, жыртыл» болып жүріп жатыр. Әйтпесе, тойға миллиондаған доллар ақша шашып, бір ән салған әншіге 350 мың доллар берер ме еді? Болмаса, жаңа туған сәбиге он құндыз тон сыйлау – нақұрыстық емес пе? 180 млн теңгеге жарты тонна торт жасату деген ақылға сыятын іс пе?  Осылайша, мақтаныштан жыртылардай болған бай қазақтар барын шашса, кедейлер олардан қалмайық деп тыртыңдайды келіп, Кредит алып, 200-300 адам шақырып, мейрамханада аста-төк той жасайды. Қарызданып-қауғаланып, әншілерді шақырады. Олар бір ән салғаны үшін әкелерінің құнын сұрап, одан сайын шығынға батырады. Мақтаншақ қазақ «жұрттан қалмайын» деп намысқа тырысып, барын салып бағады.

Моншада орыс пен қазақ дауласып отыр. Орыс айтады: жалақымен пәтер алуға болады, әйелім екеуміздің жалақымызды жинап, пәтер алдым, ал ұлым Щучинск қаласынан пәтер сатып алды,, оған қоса шетелдік машина алды» -дейді. Қазақ болса: «жалақымен қайдағы жан баққан, ақша жетпейді, таяуда немеремнің бірінші сыныпқа барғанын тойладым, жүз адам шақырдым, дастарханға 1 млн кетті. Кредитті жабу үшін ай сайын елу мыңнан төлеймін, ақша жетпейді» дейді. Орыс қазаққа жалақымен жан бағуға болатынын, ал тойшыл қазақ жалақы жетпейтінін айтып, бір-бірін түсінісе алмады.

Әлеуметтік желіге біреу  егер қазақтар той жасауды доғарса, бес-он жылда әлемдегі бай халықтардың біріне айналар еді деген мазмұнда видео салыпты. Бұл уәжбен келісуге болады. Қазіргі қазақтың ең басты және қатерлі жауы – той болып тұр. Кеңес заманында қытайдан көшіп келген бір қазақ «қытайда жүруші едім, қымыз ішіп, сәбетке неге келдім, артым қышып, бұл жақта трусик алсаң жу дейді екен, жумасаң, қытайдан келген қу дейді екен» депті дейді. Ол заманда арақ ішуге сылтау керек болып, жуу деген сәнге айналып еді. Қазір, той жасау деген сәнге айналды. Қазақ елі үлкен тойханаға, адамдардың өмірі тойға айналып кеткендей. Әйтеуір бір бітпейтін той. Қазақтарды қарызға батырып, кедейшіліктің құрдымына құлатып жатқан тойшылдықты ауыздықтаудың жалғыз жолы – тойды тыятын заң болса керек. Мына көрші қырғыз және өзбек елдері сондай заң қабылдады. Енді бізге де сондай заң қабылдауды ойластырған жөн болады. Әйтпесе, ақыл-естен айрылған халықтың тамақты қойып, киімдерін сатып, тұт жалаңаш қалғанша тойдан тыйылмайтын түрі бар.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика