Көкшетауға жаңа әкім тағайындалды
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Бауыржан Ғайса кеткелі бері екі айдан астам уақыт бос тұрған Көкшетау қаласы әкімінің орынтағына жаңа әкім келді. Қазақпараттың мәліметінше, Президент әкімшілігі мен облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімінің өкімімен Көкшетау қаласының әкімі болып Әнуар Күмпеккев тағайындалды. Түрлі деңгейдегі әкімдердің жиі ауысып жататынына халықтың еті үйреніп кеткені сонша, қарапайым жұрт бұндай хабарға онша мән бере де қоймайды.
Осыдан бірер жыл бұрын аудан, қала әкімдерін сайлап қоямыз деді. Біраз өңірлердің әкімдері сайланды да. Бірақ оларды халық емес, мәслихат депутаттары сайлады. Содан болар ол сайлаулар еш дабырасыз елеусіз өтті және әкімдердің бәрі бұрынғыдай Аманат партиясының мүшелері, билік басында болған ескі кадрлар болатын. «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, демократия дақпыртымен әйтеуір сайлау өткізген болдық. Жә, бұған да шүкір, әкімдерді жоғарыдан тағайындап емес, әйтеуір мәслихат болса да халық өкілдерінің дауыс беруімен сайлап жатсақ, бұл демократияға қарай жасалған бір қадам болды деп ойлаған едік. Бірақ та, арада бірер жыл өтпей жатып енді міне, Көкшетау қаласының әкімін бұрынғыдай Президент әкімшілігінің батасын алып, мәслихаттың келісімімен облыс әкімі тағайындапты. Неге қала, аудан әкімдерін сайлайтын болған соң толайым осы үрдіске көшпейміз? Бес жыл мерзімге сайлана ма әкім, бес жыл отырсын. Егер де міндетін дұрыс атқара алмай жатса, оны сайлаған мәслихат депутаттарының құзырымен қызметінен босатылып, басқа адам сайлансын. Осындай демократиялық үрдіс енгізілетін уақыт жеткен жоқ па.
Күмпеккеевтің әкім болып тағайындалуына байланысты әлеуметтік желілерде біраз алыпқашты әңгімелер айтылды. Бұрын біраз жыл Степногор қаласының әкімі болып, содан кейін Павлодар қаласына әкім болып кеткен Әнуар Күмпеккевтің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабылет-қарымына дау айтпаймыз. Бірақ та, Павлодар қаласының әкімі болып тұрған кезінде бірқатар жемқорлық сипаттағы заң бұзушылықтары үшін қатаң сөгіс алып, ақырсында қызметінен кеткен еді. Ол өзі тұратын қызметтік пәтерді аса жоғары бағаға 49 млн теңгеге сатып алған және қызмет кабинетіне қажетті кеңсе жихазын да шектен тыс жоғары бағаға 6 млн теңгеге алған екен. Бюджет қаржысын осылай орынсыз жұмсаған әкім сол қылығы үшін қатаң сөгіс алып, содан көп ұзамай қызметінен кеткен болатын.
Міне, осындай жаманатқа ұшырап қалған адам астаналық Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына әкім болып тағайындалып отыр. Қателеспейтін жан болмайды, жәрайды бір рет қателік жасаған екен, ол үшін өмір бойы айыптауға болмайды десек те, мемлекет қаржысын орынсыз ысырап қылған адамның сол әдетін алдағы уақытта тағы қайталамайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Жемқорлық қылмыстар шектен тыс көбейіп кеткен қазіргі шақта жауапты қызметке тағайындағанда жеті рет өлшеп, бір рет кес дегендей, бұл мәселені аса сақтықпен шешу қажет-ақ. Осы орайда, егер қарамағындағы жауапты қызметкерлердің бірі жемқорлықпен сотталып жатса, оны сол қызметке тағайындаған адамды да міндетті түрде жауапқа тарту қажет деген сонау Назарбаев билікте тұрған кезінде көтерілген, кейінірек ескеруісіз қалған шартты енгізу қажет.
Соңғы бірер жылдың ішінде ғана милиардтаған бюджет қаржысын қымқырған бірнеше үлкен қылмысты топтар сотталғанын бәріміз білеміз. Жемқорлық қылмыстың жолын кесіміз десек, әкімдерді жоғарыдан тағайындау үрдісінен түгел бас тартып, оны халықтың өзі сайлап алу жүйесін енгізуіміз қажет. Әкімдер халық алдында есеп берсін, егер міндетін орындай алмаса оны қызметінен босату мәселесін халық өкілдері шешетін тетік қарастырылсын. Осындай жағдайда ғана билікке елжанды, ұлтжанды адал азаматтардың келуіне мүмкіндік жасалады. Әйтпесе, бұрыңғы жемқорлық шектен шыққан Назарбаев заманының кадрлары бір орыннан екінші орынға ауысып, жең ұшынан жалғасып мемлекет қаржысын ұрлауын жалғастыра беретін болады.
Қалкөз Жүсіп.