15 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ислам әлеміне әйгілі пайғамбардың күйеу баласы Хазырет Әлидің мынадай сөзі бар: “Жұқпалы оба ауруымен ауырған адаммен бір бөлмеде он жыл бірге тұрып, бір ыдыстан тамақ ішіп жүріп ауруды жұқтырмау мүмкіндігі бар, ал жаман адаммен бір күн бір бөлмеде тұрғанда оның жаман мінезін жұқтырмау мүмкіндігі қалмайды”. Бұны қазақы түсінікке салып айтар болсақ: “жаман мінез жұққыш келеді” болып шығады.

Ертеректе бір әулие ұстаздан бір кісі “менің баламның болашақта кім болатынын айтып беріңізші” деп сұрайды. Сонда ұстаз оған “балаңның араласатын жолдастарын ертіп кел, сонда оның кім болатынын айтамын” деген екен. Бұдан ұғарымыз: адамның мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалай қалыптасатынын ол араласатын жандар айқындайды. Ұрымен дос болған адам ұрлыққа бейім болады. Ал зинақордың жолдасы зина жасауды әдет етеді. Бұны қазақтар “тең теңімен, тезек қабымен” деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Яғни, адам кіммен араласып, қарым-қатынас жасаса, соған ұқсайды, соның мінез-құлқы мен ұстанымын санасына сіңіреді.

Өзін өзі дамыту ғылымының сарапшысы американдық Брайан Трейсидің айтуынша, нәтижеге жеткіңіз келсе, сол салада табысқа жеткен адамнан кеңес сұрап, сол жасаған әрекетті қайталаңыз. Жас кезінде Браиан Трейси бір сауда компаниясының сатушысы болады. Таң бозынан қас қарайғанша компанияның заттарын арқалап, үй-үйді жағалап жүріп бірер тауарды әзер өткізетін ол ұқйысын қандырып, түс ауа жұмысқа шығатын және күніне екі-үш сағат қана жұмыс істейтін бір адамның ай сайын қомақты табыс табатынын көріп, куәсі болады. Бір жолы ол әлгі кісіден “мен күніне 10-12 сағат жұмыс істеймін, тапқаным тамағымнан артылмайды, ал сіз күніне 2-3 сағат жұмыс істеп жүріп, мол табыс табасыз. Осының құпиясы неде?” деп сұрайды. Сөйтсе, ол адам тауарды қалай сатудың қыр-сырын үйрететін оқу курсын оқыған екен. Жолы болмаған жас жігітті аяды ма, әлгі “менімен бірге бір күн жүріп, қалай жұмыс істейтінімді көр” дейді. Қасында еріп жүріп, тауарды қалай сататынын көрген Браиан оның жасағанын айна қатесіз қайталай жүріп, көп ұзамай ол жеткен жетістікке жетеді.

Мен қызмет істеген газетте бір журналист болды. Ақкөңіл, ашық жігіт болатын. Содан бірде біздің басшымыз ауысып, орнына жаңа бастық келді. Ол әлгі жігіттің жерлес руласы болып шықты. Сол себепті ме, ол кісі әлгі журналистің қызметін көтеріп, орынбасар етіп қойды. Сол-ақ екен, оның мінезі күрт өзгерді. Енді төмендегілерге шекесінен қарайтын болды. Өзін қызметке тағайындаған басшыға жағынамын деп оның асты-үстіне түседі және соған еліктеп, сол сияқты киінетін, сол сияқты қабағын түйіп, әкіреңдеп сөйлейтін болды. Осылайша бірер жылда ол әлгі басшының сойып қаптағандай көшірмесі болып шықты. Өзінің бұрыңғы мінезін, ұстанымын түгел ұмытып, енді қарамағындағыларды жүндей түтетін қатал басшының көшірмесіне айналды. Кейін бастық жоғарылап басқа қызметке ауысты да, әлгі жігіт оның орнында қалды. Отырғаны, тұрғаны, сөйлегені — түгел бұрыңғы бастықтың айнымайтын көшірмесі сияқтанып, өзінің бетбейнесін түгел жоғалтып алған ол бұрыңғы басшы  жеткен жетістікке жетті.

Осы жайлардың бәрінен мынаны түйіндеуге болады: егер сіз  табысқа жетемін, мақсатымды жүзеге асырамын деп армандайтын болсаңыз, онда сондай табысқа жеткен адаммен араласыңыз және соған ұқсауға тырысыңыз. Сонда ол жеткен табысқа сіз де міндетті түрде жететін боласыз. Бұл әдістің қалтқысыз жұмыс істейтінін өмірде талай мәрте көріп, куәсі болдым. Оның астарында “кіммен аралассаң — соған ұқсайсың” деген қағидаттың жатқаны анық.

Менің балалық, жастық шағым кеңес заманында өтті және мені қоршаған адамдардың бәрі арақ ішетін, құдайсыз, дінсіз жандар еді. Соның әсерімен мен де атеистік түсінікті санама сіңірдім, арақ іштім, жастықтың желігімен қыздармен де қыдырдым. Бұның бәрін өмірдің басты қызығы, мәні деп түсіндім. Осы түсінікпен 1994 жылға дейін өмір кештім. Ал 1994 жылдың қазан айында  қолыма “Бһагавад Гита” кітабы түсті, ол кітап менің өмірге деген көзқарасымды толайым өзгертті. Бірден емес, әрине, Дегенмен де санама енген “сен ертең өліп, құрт-құмырсқаға жем болатын тән емес, мәңгілік жансың” деген түсінікке ақырындап келдім. Ең басты жетістігім — 1997 жылдың қаңтарынан бастап арақ-шарап ішуді мүлдем тастадым. Ол кезде жасым — 38-де болатын. 38 жастағы адамның арақ-шараптан мүлдем бас тартуы ол кезде аса қиын еді. Бірақ, санама терең сіңген “Бһагавад Гита” кітабы арқылы келген түсінік арақ-шарапты мүлдем тастауыма ықпалын тигізді.

Сол тұста қолыма “Бһагавад Гитадан” басқа, “Шримад Бхагаватам” кітабының бірнеше томы мен Прабхупада аударған ведалық ілім негіздерін түсіндіретін бірнеше кітаптар түсті. Соларды қайталап оқи жүріп, санам түгел өзгерді. Мен ақыл-ойыммен діндар тақуа адамдармен араластым, солардың мәслихатында болдым. Ал айналамды қоршаған арақ-шарап ішіп, зина жасайтын дүниәуи түсініктегі пенделердің ықпалы маған онша жүрмеді. Өйткені олардың ұстанымы бұрыңғыдай қызықтырмайтын болды. Осылайша, ойша тақуа жандармен араласа жүріп, ақыл-ойымды өзгерттім. Менің бойымдағы өзгеріс, арақ-шарап ішуді тастаумен ғана шектелген жоқ. Ваишнавтар үшін қажетті 4 реттеуші принципті сақтауда да біршама нәтижеге жеттім. Ол принциптер: арақ-шарап, басқа да ақыл-есті аздыратын ішімдіктерден аулақ болу, некесіз жыныс жақындығына бармау, етті тағамдардан бас тарту және құмар ойындарынан бас тарту. Әрине, ол принциптерді толықтай сақтадым деп айта алмаймын, дегенмен де мүмкіндігінше сақтауға күш салдым. Ең бастысы, мен тікелей кездесіп, араласпасам да, әрдайым беріле құлшылық етуші ваишнавтармен ақыл-ой деңгейінде бірге болдым. Өйткені, үнемі солар жайындағы кітаптарды оқып, түрлі видео-аудио ақпараттарды тыңдадым. Бұның бәрі мені сана деңгейінде үнемі ваишнавтармен бірге болуға, солар сияқты өмір кешуге, соларға ұқсауға тырысуға ықпал етті. Міне, кіммен аралассаң, соған ұқсайсың дегеннің мәні осы болса керек.

Ұлы Абайдың “Болмасаң да, ұқсап бақ. Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз” деген өлеңі жоғарыда айтқан жайлардың ақиқаттығын айғақтап тұрған жоқ па. Өзін өзі дамыту ғылымының сарапшысы Брайан Трейсидің пайымынша, табысқа жетудің ең басты кілті — сіздің алдыңызға қойған мақсат деңгейіне жеткен адамды тауып,  соған ұқсауға тырысу, сонымен тікелей қарым-қатынас жасау, егер оған мүмкіндік болмаса ол туралы жазылған мақалаларды оқу, түсірілген видеоларды көру арқылы ақыл-ойыңызды сол адамға шоғырлау қажет. Міне, сонда көп ұзамай сіз де әлгі адам сияқты нәтижеге жетесіз, яғни соған ұқсап, сол адамның көшірмесіне айналасыз.

Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Өмірде кім болатыныңыз, қандай деңгейде өмір кешетініңіз айнала қоршаған ортаға, өзіңіз тікелей араласатын адамдарға байланысты болады. Сондықтан, бұл мәселеге өте қатты көңіл бөлу қажет. Көңіліңіз қаламайтын жандармен араласпаңыз, арақ-шарап ішетін, зина жасайтын, өтірік-өсекке бейім жандардан іргеңізді аулақ ұстаңыз. Өз жан дүниеңізге үңіліп, өзіңізге не ұнайды, қандай нәтижеге жетуді қалайсыз, арман-мақсатыңыз не? Осы жайларды біліп, анықтап алыңыз және соған орай алдыңызға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін қажетті ең басты және оңтайлы амалды жасаңыз. Ол амал: сіз армандаған мақсатқа жетіп, сол деңгейде өмір кешіп жатқан адамды тауып, сонымен араласу, соған ұқсауға тырысу, ақыл-ойыңызды сол адамға қарай шоғырлау. Осылай жасау арқылы сіз біршама уақыттан соң арман-мақсатыңызға міндетті түрде жетесіз. Бұл өмір тәжірибесі арқылы анықталған нақты білім. Ол туралы өзін өзі дамыту саласының білгір мамандары талай еңбектер жазып, видео сабақтар түсірген. Өз басым өмір тәжірибемде бұл тәсілдің қалтқысыз жұмыс істейтінін көріп, талай мәрте куәсі болдым. Оны пайдалану-пайдаланбау әр адамның өз еркіндегі шаруа.   

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика