Кітап оқу не үшін қажет?

Бүгінгідей интернетке қосылған смартфоны жоқ, тіпті телевизордың өзі екінің бірінде болмайтын кеңес заманында үлкендер де, кішілер де жаппай кітап оқитын. Туған күнге немесе басқа да мерекелерге кітап сыйлау дәстүрі болды және өзін сыйлайтын әрбір отбасында  жақсы кітапханасы болатын. Ал бүгінде  адамдар барлық ақпаратты интернеттен алады және кітап оқу қажетсіз шаруа болып қалды.

Адамды биіктерге жетелейтін күш – қиял

Біз қазіргі қол жеткен ғылыми жетістіктеріміз үшін ең алдымен қиялгер жазушылар мен өнер адамдарына, жалпы қиялшыл жандарға қарыздармыз десек, шындықтан алыс кетпейміз. Екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен қиялгер жазушы Жюль Верн өзінің айға саяхат туралы кітабында зеңбіректің снарядымен айға ұшып барған адам туралы айтады. Ал капитан Немо жайындағы романында ол кезде аты да, заты да жоқ су асты қайығы туралы әңгімелейді. Жюль Верннің өзі өмір сүрген кезеңде қиял-ғажайып саналған Айға саяхаты да, сүңгуір қайық та қазір бар.

Үй салу үшін адам алдымен оның бейнесін көз алдына қиялмен елестетіп, қанадй болуы керектігін ақылында пісіріп алады.  Яғни, болашаққа бастайтын қуат – қиял. Қиял көкжиегі кең адамда ғана ертеңгі болашақта биіктерге жетсем деген ынта-ықылас болады және сол құлшыныс оны биіктерге жетелейді. Ал қиялы жоқ, бар ақыл-ойы ішіп-жемі мен ұйқы, нәпсісін қанағаттандыру төңірегінен шықпайтын пенде бауырымен жорғалаған құрт сияқты ешқашан биіктерге жетпей, бар өмірін жер бауырлап өткізеді.

Қиял – бұл екінің бірінің маңдайына жазылмаған және бойында жоқ құдыретті қуат. Ол өздігінен келе салмайды. Оны гүл сияқты алдымен көшет етіп отырғызып, содан кейін суарып баптап, өсіресің. Сонда ғана ол жемісін бермек. Бұны қарапайым тілмен айтсақ, қиялды дамыту үшін кітап оқу қажет деп тұжырымдауға болады. Неге кітап оқу керек? Енді соған тоқталайық.

Кітап адамның қиялын дамытады

Сіз кино көрсеңіз, мейлі ол фантастикалық қиял-ғажайып фильм болсын, сіздің қиялыңызды дамытпайды. Неге десеңіз, кинода барлық оқиға, сол оқиға болатын кеңістік – түгел сіздің назарыңызға дайын күйінде ұсынылады. Ал кітапта оқиға орны, адамдардың іс-әрекеті, сыртқы бейнесі, мінез-құлқы – бәрі сөзбен айтылғандықтан, оның қандай болатынын сіз көз алдыңызға өзіңіз елестетіп, қиял көкжиегін кеңейтуге тиіс боласыз. Яғни, кітап шикізат та, ондағы ақпараттарды жандандырып, түр-келбет беру сіздің өз шаруаңыз болып қалады.

Осылайша, кітап адамның қиялын дамытуға, көз алдына түрлі оқиғалар мен заттарды, бейнелерді елестетуге ынталандырады. Былайша айтқанда, кітап адамның қиялын дамытуға серпін береді. Кітапты көп оқыған адамда қиял көкжиегі кең болады және болашағын өз бетінше жоспарлап, болжамдай алатын қасиет орнығады.

Әлемдегі ең озық технологияның иесі саналатын жапон халқы балаларын кітап оқуға кішкентай кезінен баулиды. Оларда мектеп бағдарламасында 200-ден астам кітап оқуға міндеттейді. Жоғары оқу орындарында да кітап оқуға ынталандыру әрдайым назарда ұсталады. Міне, соның нәтижесінде жер асты байлығы жоқ жапон мемлекеті әлемдегі ең дамыған және бай елдердің бірі болып отыр.

Түйін: Болашақта жақсы нәтижелерге жетіп, арман-мақсатыңыздың биіктерінен көрінгіңіз келсе, кітіп оқуды әдетке айналдырыңыз. Тым болмағанда айына бір кітап оқып отырыңыз. Бұл сіздің қиял көкжиегіңізді кеңітіп, биіктерге құлшындырады. Ал құлшыныс болған жерде, міндетті түрде нәтиже болмақ.  

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика