Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Өткен аптада әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Білім министрі Ғани Бейсембаевтың мектепте хиджаб киюге рұқсат етіледі деген мазмұндағы мәлімдемесіне орай жұртшылық тарапынан айтылған наразылық пікірлері көп жазылды. Министрдің журналистке берген жауабында «Зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен, зайырлы мемлекеттік заңдарына бағынуымыз керек» деген сөзінен бұл мәселеге биліктің нақты ұстанымы анық сезілгенімен, соңғы жылдарда әсіредіндарлар тарапынан жиі көтеріліп жүрген бұл жайға соңғы нүкте қойылды деп айтуға болмайды.
Қазіргі күні елімізлде 3 мыңнан астам мешіт бар екен, ал сол мешіттерге барып, бес уақыт намаздарын қаза жібермей оқитын намазхандар саны 3 млн-нан асып жығылады. Кеңес заманында саусақпен санарлықтай ғана мешіттің болғанын, мұсылманның бес парызын жастары келген кемпір-шалдардың ғана орындайтынын еске алсақ, тәуелсіз елімізде ислам дінінің қаншалықты терең тамыр жайғанын бағамдауға болады. Кеңес заманындағы «дін – апиын» деген атеистік түсініктен бас тартып, ислам діні адамдардың бойында имандылық ұялатып, ізгі қасиеттерді орнықтырады деп қанша айтып, жазсақ та, соңғы уақыттағы әлемнің әр аймақтарындағы дінге, оның ішінде ислам дініне қатысты болып жатқан түрлі жағымсыз оқиғалар көңілге күдік пен қорқыныш ұялатады.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында басталып, әлі күнге дейін созылып келе жатқан Ауғанстандағы қантөгіс қырқыстар, күн сайын ондаған адамдардың өмірін алып кетіп жатқан Сирия, Ирак сияқты мұсылман елдеріндегі лаңкестіктер, одан қалды әлемнің әр түкпірінде әлсін-әлі ислам экстремистері тарапынан жасалып жататын қанды оқиғалар – бәрі біз ойлағандай діннің адамның жүрегіне имандылық ұялатып, тек жақсылыққа бастайтын ізгі қасиеттерімен бірге, жамандықтарының да барлығын көзге шұқығындай етіп көрсетуде. Қытайдағы ұйғыр, қазақ сияқты мұсылмандарға қарсы жасалып жатқан қатыгездіктер туралы жиі айтылуда, бірақ бұның да астарында сол ислам экстремизмі деп аталатын кесапаттан қорғану үшін жасалып жатқан шаралар жатқанын бағамдау қиын емес.
Күні кеше қырғыз елінде билік тарапынан 68 мешітті жабу туралы шешім қабылданғаны ғаламторда айтылып, жазылды. Ал Өзбекстанның бұрығы президенті Ислам Каримовтың Андижанда жүздеген мұсылмандарды оққа байлып, қырып салуының негізгі себебі сол ислам эксртемистерінен келетін қауіп екендігін ешкім теріске шығара алмайды.
Тарихқа назар аударып қарасақ, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында демократиялық даму жолымен жүрген ауған елінде әсіредіндарлар алдымен қыз балалардың мектепте хиджаб киіп жүруі қажеттігін айтып, соған қол жеткізген соң, қыздар мен ұлдарды бөлек оқыту, одан қалды жалпы әйелдерді зейнетті жерлерін түгел жауып қымтанып жүруін заң жүзінде шешу түрінде жалғасқан талап-тілектері текетіреске, содан кейін қарулы соғысқа айналып, содан басталған қанды қырғындар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазір ауған елінде әйелдердің жалпақ тілмен айтқанда бес тиындық құқы жоқ. Оларды бастан аяқ қара матамен орап бүркеп, көшеге шығармайды, ешқандай мекемеде қызмет етуге рұқсат етпейді. Әсіредіндарлар әкелген осындай діни шектеулерден ауған елі экономикалық жағынан мешеу елдердің біріне айналды.
Мынадай ресми деректерге назар аударып көріңіз: әлемде ислам дінін ұстанатын 57 мемлекет бар екен, осы мемлекеттерде 1,5 млрд-тай халық тұрады. 1,5 млрд халқы бар сол 57 мемлекеттің әлем елдерінің жалпы өндіретін ішкі өніміндегі үлес салмағы небары 2 пайыздай ғана. Ал 250 млн халқы бар АҚШ мемлекетінің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы 23 пайыз. Құдайсыздық пен дінсіздік белең алған Қытай мемлекетінің әлем экономикасындағы үлесі 15 пайыздай. Ауғанстан, Ирак, Иран, Пәкістан елдерінде халықтың басым көпшілігі қайыршылық жағдайда өмір сүреді. Ислам елдерінде озық технология атымен жоқ.
Экономиканы жәрайды былай қояйық, егер ислам елдерінде халықтың бойында имандылық ұялап, қылмыс, басқа да заң бұзушылықтар аз болса, адами, рухани қасиеттер мол болса, онда әңгіме басқа. Жағдай қазір керісінше болып тұр. Жалпақ тілмен айтқанда, бар пәле ислам елдерінен шығып жатыр.
Биыл жазда қасиетті Меккеге қажылыққа барған бір топ қазақстандық құжаттары дұрыс болмағандықтан, екі күн бойы 40 градус ықстықта автобустың ішінде қамалып отырғаны туралы ақпарат тарады. Ол адамдардың арасында жастары 60-70-ке келген қариялар да болған. Араб полициясының қатыгездіктері сонша, оларды тіпті, әжетханаға да жібермепті. Ал белгілі діндар Мұхамеджан Тазабеков ішкі істер органы қызметкерлерімен болған кездесуінде Меккеде рұқсат етілмеген жерде намаз оқығандарды араб полицейлерінің құйымшақтарын үзіп жіберердей арттарынан шірене тебетінін айтты. Ал дінсіздік жайлаған Батыс елдерінде керісінше, адами қасиеттердің көптігін ақпарат құралдары жиі айтып, жазып жатады. Тіпті, Германия, Швейцария сияқты елдердіе сатушысы жоқ дүкендер көп. Оған кірген адамдар ақшаларын қалдырып, қалаған тауарларын алып кетеді. Ал мұндай жағдай бір де бір ислам мемлекетінде жоқ. Осындай салыстырмалы мысалдарды одан әрі тізбелей беруге болады.
Енді жоғарыдағы біздің елімізде мектептерде қыз балалардың хиджаб киіп жүруі туралы әңгімеге қайта оралайық. Бұл мәселені әредік көтеріп жүрген діндарлар қыздарын мектепке бермейтінідктерін айтып, қоқан-лоққы жасап жатады. Мектеп басшылығының талаптарына қарамастан, әсіредіндарлардың қыздары мектепке оранып келуін қоймай жүр. Арнайы мектеп формасы барлығына, заң бойынша бұл талапты барлық оқушылардың орындауы міндеттілігіне қарамастан, бұл тәртіпті құлағына қыстырмайтын әсіредіндарлар өз дегендерінен қайтпай келеді. Осындай діндарлар тарапынан жасалған қысымнан болуы керек, Білім министрі бір басқосуда бұл мәселені қарап көреміз дегенді айтып қалыпты. Сол-ақ екен, журналистер жан-жақтан «министр мектепте хиджаб киюге рұқсат береміз деді» дегенді айтып, отқа май құя бастады. Әсіредіндарларға да керегі осындай қоғамдық теріс пікірдің өршуі екені анық.
Қазір ислам дінін халыққа тарату, адамдарды дінге уағыздау туралы елімізде еш мәселе жоқ, керісінше бүгінде санасы әлі толықпаған жастарымызды әсіредіндарлардың азғыруынан қалай сақтаймыз деген өзекті мәселе алдымызда тұр. Оңтүстік облыстарда мектеп оқушылары жаппай ораза ұстайтын болыпты. Жұма намазына барамын деп сабақтан кетіп қалатын балалар қатары көбейген. Ата-аналарын жау көріп, «намаз оқымайсыңдар, кәпірсіңдер» деп безетін ұл-қыздар әредік көрініп қалады.
Қазіргі қоғамымыздағы ең үлкен келелі мәселе осы болып отыр, яғни, еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарымызды дін тарапынан жасалып жатқан кері әсерлерден қорғау мәселесі күн тәртібінде тұр. Оны түбегейлі шешпесек, ертең Ауғанстан, Иран сияқты мешеу елдер санатына енуіміздің қаупі бар.
