784 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

ажалӨмір сүріп отырған дүниемізде барлық қол жеткен «менікі» деп аталатын игіліктеріміздің бәрінен күндердің күнінде түгел айрылуға мәжбүр боламыз. Көретін бар қызықтарымыз бен қуаныштарымыз да өткінші. Өкініштісі сол, осы ақиқатты адамдардың 99,9 пайызы мүлдем білмейді. Олар тек бастарына түскен сәтте ғана өкініп, бармақтарын тістеп қайғыдан қан жұтып жатады. Бірақ, онымен қаперсіз келген қайғыны азайта да, тауқыметін жеңілдете де алмайды.

Астам бастықтың ақыры

Осыдан алты жыл бұрын, бізбен бірге қызметтес болған кісінің лауазымы өсіп, үлкен қызметке тағайындалды. Жүзі қуаныштан бал-бұл жанған әлгі өзін сол сәтте дүниенің кілтін ұстағандай, барша әлемді табанынының астына салғандай, яки құдай да, құдайдан былай да емес сезінгендей еді. Астамси сөйлеп, сол дәрежеге өзінің данышпандығы мен қабілетінің арқасында жеткендей, өзін өзгелерден оқ бойы озық жандай сезінген оның сөздері өте ірі, көкірегі аяққаптай еді.

Жылдар зулап өтіп жатты. Таяуда зейнеткерлікке шыққан ол қызметінен кетті, нақтырақ айтқанда кетірді. Еркіне салса ол өлгенше сол орында отыра берер еді. Дегенмен, уақыт шіркін өз дегенін жасайды емес пе. Осылайша, қызметінен кетіп, лауазымынан айрылған әлгі пенденің үлкенірек басқа қызмет таппақ болып жанталасқаны, басшылардың табалдырығын тоздырып қайта-қайта кіргіштеп бетінің битін сығып арпалысқаны туралы жұрт айтып жүрді. Бірақ, қанша жанталасса да онысынан ештеңе шықпады.

Сөйтіп, бір кезде асып-тасып, барша әлемнің тұтқасын ұстағандай сезінген пенде жағалауға қалай шығып қалғанын сезбегендей. Басынан бақ тайғанына қанша сенгісі келмесе де, өмір шындығы оның еңсесін еріксіз езіп, иығын жаншып кеткен сыңайлы. Таяуда тағы көрдім. Иығы еңкіш тартып, жүдеңкіреп кетіпті. Аяққаптай көкірек жоқ. Жүзі сынық. Міне, өмір деген осылай бірде жоғары көтеріп, бірде құрдымға құлатып, қақпақыл ойнатады.

Өмірдің өткіншілігін білу – адамға не береді?

Фәни жалғанда бәрі де өткінші екенін білу – адамды сондай табиғаты өткінші игіліктерге байланбай, әрдайым жақсылыққа да, жамандыққа да дайын жүруге, басына сондай жай келгенде қатты қуанып немесе қайғыға бой алдырмауға бейімдейді. Осылай жасау арқылы ол қайғы-қасіреттен аулақ болып, айналасындағы адамдармен әрдайым жылы, жақсы қатынаста болады.

Мен мысалға келтірген жоғарыда айтқан адам бастық болған кезінде көзін шел басып, айналасындағы көп адамдарды ренжітті. Тіпті, көрместей болып кетті. Енді басынан бақ тайғанда әлгілердің бетіне қарай алмай, қор болып қалды.

Қолында компасы, картасы бар, жолға қажетті азық-түлігін алып сайланып шыққан жолаушы мен еш дайындықсыз шыға салған адам тең бе? Жоқ. Сайланып шыққан адам ойына алған жеріне көп қиындықсыз жеңіл жетеді. Ал сайланбай шыққан пенде көп қиындықтарға тап болатыны өз алдына, ойлаған жеріне жету-жетпеуі де неғайбыл.

Өмірдегі барша игіліктің, оның ішінде бала-шаға, мансап пен байлықтың да өткіншілігін білген адам ешқашанда оған байланбайды және олардан айрылып қалса өкінбейді және сондай игіліктерім бар деген мақтаншылықпен өзгелерге шекесінен қарап, көңілдерін қалдырмайды. Сондықтан ол айналасындағылардың бәрімен жақсы қатынаста болады, игіліктен айрыла қалған жағдайда оның өткінші табиғатын түсінгендіктен, онша қатты қайғыра қоймайды. Міне, бұл – білім. Нағыз білім – өмірде нақты кәдеге асырып, игілігін тататын пайдалы ақпарат. Жәй басыңызға сақтап қойған өлі ақпарат емес. Егер осы айтқанымыздан біреу сабақ алып, өткінші жалған игіліктерге байланбай, олардың бәрі өткінші екенін түйсініп, айналасындағы жандармен жылы қатынасын әрдайым сақтауға көңіл бөлсе, сенімнің ақталғаны деп білеміз. Өйткені, мына фәниде адам үшін ең үлкен игілік – адамдармен жақсы қарым-қатынас. Бұл адамға екі дүниенің де игілігін әкеледі.

 

Артық салмақтан арылу, сұлу, сымбатты болып, өзіңізді әрдайым сергек сезіну, аурулардан аулақ болып, денсаулықты нығайту, халық емшілігі - осылардың бәрін сіз мына сайттан таба аласыз (сілтемені басып сайтқа кіріңіз): https://eatsdiet.ru/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика