Нәпсінің құлы емес, қожайыны бол
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Нәпсі адамды еріксіз түрлі есуас әрекеттерге итермелеп, өзіне де, өзгеге де залалын тигізетін істер істетеді. Сезім деп аталатын табиғи құбылыстың бір тармағы ретінде нәпсі адамдардың бар өміріне үлкен ықпалын тигізеді. Сондықтан, сезімін бақылап, басқаруды үйренген адамдар ғана нәпсі-дұшпанның құрығына түспей, бірқалыпты байыпты өмір кешпек. Ал нәпсі тіліне ерген пенде екі дүниеде де залалын тигізетін жаман әрекеттерге барып, өкініште қалып жатады.
Мені құртқан ине
Ертеде бір қандықол қарақшыны дарға асу үшін қаланың алаңына айдап апара жатады. Кісі өлтіріп, қарақшылық жасап келген әлгі пенде «мені құртқан ине» деп егіліп барады екен. Қасынан өткен біреу осының жайын сұрағанда өлтіруге апарыла жатқан қарақшы мынадай әңгіме айтыпты.
Ол жастайынан ешкімнің ала жібін аттамайтын отбасында өнегелі тәрбие алып өскен екен. Күндердің күнінде көшеден ине тауып алады. Бөтен біреудің мүлкін рұқсатсыз алуға дағдыланбаған әлгі тауып алған инесінің иесін іздеп көреді. Бірақ менікі еді деп ешкім шыға қоймапты. Содан ол инені қалтасына салып үйіне әкеледі. Алғашында бөтен біреудің затын үйіне әкелгенінен қысылып жүріпті. Біраздасын еті өліп, үйреніп кетеді. Содан кейін иесі жоқ инені шаруасына пайдалана бастапты.
Осы оқиғадан кейін ол енді көшеде жан-жағына қарап, түсіп қалған бірдеңе жоқ па деп іздейтін болыпты. Ондай ұсақ-түйек заттар табыла қалса енді қысылмай бірден қалтасына салып ала қоятын болыпты. Келе-келе тауып алғанды місе тұтпай, жұрттың қалтасына түсіп, ұрлық істеуге, онан әрі қарақшылық жасап тонауға шығады. Сөйтіп, ешкімнің ала жібін аттамай тәрбиелі өскен адам ақырсында қандықол қарақшыға айналады.
Құрдымға құлататын ашкөз нәпсі
Осы әңгімедегі қарақшы сияқты сезімнің құлына айналып, жаман әрекеттер жасау алдымен ұсақ-түйектен басталады да өсе келе бой бермейтін ағысы қатты өзен сияқты адамды қақпақыл етіп басын тауға да, тасқа да соғатын болады.
Маскүнемдік жүз грамнан басталады. Жұртқа еліктеп алғашында аз-аздап, кейін бой үйрене келе көбірек, онан соң ішпесе жүре алмайтын маскүнемдік күйге қалай түскенін пенде сезбей қалады. Ұрлық та, өтірік айту, жағымпаздық, алаяқтық, парақорлық сияқты жаман әдеттер де кішкентайдан басталып, ақырсында өсе келе адамның ақыл-санасын билеп, сезімнің құлақ кесті құлына айналдырады.
Жоғарыда аталған жаман әдеттерге сезімнің қандай қатысы бар? -деген сұрақ туындауы мүмкін. Сезімнің адамның барлық іс-әрекеттеріне тікелей, не жанама түрде қатысы болады. Нәпсі дегеніміздің өзі сезімнің жемісі. Ұрыны сондай теріс әрекетке итермелейтін ашкөздік деп аталатын сезім. Көбірек алсам, оңай жолмен жан қинамай олжа тапсам рахатқа батар едім деген ашкөздік сезім пендені сондай жаман әрекетке еріксіз итермелейді.
Жыныс жақындығына деген ашкөз құштарлық та адамды неше түрлі арсыздықтарға итеріп, отбасының алдында, қоршаған орта алдында ұятты істер жасауға мәжбүрлейді. Биыл жазда Батыс облыстардың бірінде болған алты жастағы қызды зорлаған еркекті мұндай есуас қадамға итермелеген нәпсіқұмарлық, яғни жыныс жақындығына деген ашкөз сезім екені анық. Оның бұл есуас әрекетінің салдары: жас сәбиді тәни және психикалық жағынан айтып жеткізгісіз азапқа ұшыратты, өзіне мәңгі өшпес «педофил» деген қара таңба бастырды, енді ұзақ мерзімге, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, бар ғұмырын тар қапаста өткізбек.
Сезімнің жетегіне ерудің адамға қаншалықты залал әкелетінінің мысалын осылай жалғастыра беруге болады.
Сезімді бақылап, басқаруға бола ма?
Сезімді бақылап, басқару мүмкін бе? Иә, мүмкін. Өкінішке орай, сезімді бақылау және басқару сияқты адам үшін аса маңызды мәселені бүгінгі ғылым мүлдем дерлік қарастырмайды. Керісінше, бұл мәселемен дін, оның ішінде христиан, ислам, иудей, буддизм және индуизм сияқты дәстүрлі діндер ғана айналысады.
Аталмыш діндердің шарттарына назар аударып көрсеңіз, бәрінде тиым салынған тағамдар, әрекеттер, сөздер, рұқсат етілген және істеуге міндетті әрекеттер барлығын бағамдауға болады. Егер сіз ислам дінін ұстанатын болсаңыз, онда күн сайын бес рет дәрет алып намаз оқуға, жылына бір рет отыз күн ораза ұстауға, пітір-садақа түрінде қайыр жасауға, мүмкіндігіңізге қарай қасиетті жер – Меккеге қажылыққа баруға міндеттісіз.
Егер сіз осы парыз аталған міндеттеріңізді орындап, шариғат заңына сай тиым салынған әрекеттерден, тамақтан тиылсаңыз, бойыңызда ақырындап ерік-жігер күші пайда болады. Сөйтіп сіз уақыт өте келе өзіңіздің әрекетіңізді бақылап, басқара алатын дәрежеге жетесіз.
Дәстүрлі дінді ұстанбайтын адамдар әдетте ойларына не келсе соны жасауға бейім. Олар ұйқысы келсе ұйықтап, не ішіп-жегісі келсе соны ішіп-жейді, жыныс жақындығын тән рахаты санап, кез-келген мүмкіндікті жібермеуге тырысады, бір сөзбен айтқанда сезімнің құлақ кесті құлы болады. Ондай адамдарда әдетте ешқандай ерік-жігер, жауапкершілік болмайды.
Түйін: Егер сіз өз әрекеттеріңізді, сөзіңізді, ойыңызды бақылап, басқармайтын болсаңыз, ойыңызға келгенді жасауға әдеттенсеңіз, онда сезімнің құлымын деп есептеуіңізге болады. Ал сезімнің құлы болу адамның өзіне де, айналасындағыларға да залалын тигізеді. Егер сіз дәстүрлі діндердің бірін ұстансаңыз, бірақ бойыңызда әлі де сезіміңізді басқаруға ерік-жігер аздық етіп жатса, соған қарамастан, сіз өзіңізді сезімді бақылап, басқаруға бағдар ұстанған, түптің түбінде сезімнің қожасы болатын дәрежеге жететін жолдамын деп санауыңызға хақыңыз бар.