Назарбаевтың болашағы қандай болады?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазақ елін отыз жылдай басқарған елбасы Назарбаевтың  еліміздің алдындағы еңбектерін Ата Заңда нақтылап көрсетуге Сенат депутаттары қарсы болып, Конституцияға енгізу қажетсіз екендігін атап өтті. Ел арасында Бірінші президент туралы заңның күшін жою туралы әңгімелер де айтылып жүр. Бұның өзі Қазақстанды құрып, дамытудағы  Назарбаевтың  өзі орынтақта отырған кезде шегелеп белгілеген орнын жоққа шығаратын сыңайлы.

Назарбаевта таңдау еркі болды

Менің жастық шағым кеңес дәуірінде өтті. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған тұста барша қазақстандықтар бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Содан кейін өтпелі кезеңнің ауыр жылдары басталды. Ол кезде Атбасар қаласында газетте қызмет істеймін. Қыста жылу жетімсіз, жазда ауызсу болмайды. Қыстың  аязды күндерінде өзім тұратын көп пәтерлі үйдің ішкі температурасы 14-15 градустан аспайтын.

Газ жоғалды, ал электр жарығы жалп етіп жиі өшіп қалады. Көрші үйлердің адамдарының далаға шығып от жағып, тамақ пісіргендерін көрдім. Жалақы айлап, жылдап берілмейді. Соның бәріне дегенмен, халық қыңқ етпей шыдады. Неге десеңіз, біздің болашақтан үмітіміз болды. Өтпелі кезең уақытша деп ойлап, жақсы күндерден үміт еттік.

Шындығында, сол тұста  қазақ елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Назарбаевтың жер аумағы жағынан әлемде 9-шы орында тұрған, жерінің асты мен үсті толы қазына Қазақстанды Біріккен араб әмірлігі, Кувеит сияқты аса бай мемлекетке айналдыруға толық мүмкіндігі бар еді. Ол кезде елімізде жоғары білімді білікті мамандар да жеткілікті болды, кеңес заманынан қалған жаманды-жақсылы көптеген өнеркәсіп орындары жұмыс істеді.

Сол тұста Сингапурды әлемнің ең бақуатты елдерінің санатына қосқан Ли Куан Ю-дің айтқанындай, Назарабевтың алдында екі түрлі жол тұрды. Біріншісі: халқына  адал қызмет етіп, елін әлемдегі ең бай мемлекеттер қатарына қосу, екіншісі, өзі мен отбасын, туыстарын байлыққа бөктіріп, жұмақтағыдай өмір кешу, ал халықты қайыршылықта қалдыру. Өкініштісі сол, Назарбаев екінші жолды таңдады.

1992 жылдың қаңтарында Қазақстан нарыққа көшті. Бұрын  мемлекеттік меншік болған кәсіпорындар жекешелендіріле бастады. Бүгінде «прихватизация» аталып кеткен жекешелендіру кезінде билік басындағылар бай кәсіпорындарды тиын-тебенге жекешелендіріп алып, сатып, жеп құртып тынды. Алматыда 10 мың адам еңбек еткен АХБК, сегіз мыңдай адам жұмыс істеген АДК  сияқты ірі кәсіпорындар жекешеленіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ат төбеліндей аз адам байып, қара халық қайыршылыққа ұшырады.

Ақшадан абырой қымбат

Солай халық аш-жалаңаш қиындық көріп жатқанда, 1998 жылы Назарбаев Сингапурда өзінің алғашқы тапқан миллиард долларын тойлапты. Егер ол бизнеспен айналысып, адал жолмен сонша ақша тапса, оған қызғаныш жоқ. Дегенмен, ел басқарып отырған бизнеспен мүлдем айналыспайтын адамның миллиард доллар табуы, бұл енді ақылға қонымсыз жай. Оның астарында бір ғана нәрсе болуы мүмкін – ол мемлекет игілігін ұрлау. Қазір Назарбаев пен отбасының, туыстарының мемлекет игілігін ұзақ жылдар жеке меншігіндей көріп ұрлап келгендігі  ешкімге құпия болудан қалды. 

Биылғы жылдың қаңтар айында болған қанды оқиғаның салдарынан Назарбаев биліктен мәңгіге кетті. Сол-ақ екен, оның туыстарының басына қара бұлт үйріліп, қызметтерінен айрылып, қуғынға түсе бастады. Ең алдымен, Назарбаевтың үш қызы түгел әкелері қызметтен кеткен соң бірден Біріккен араб әмірлігіне қоныс аударды.

Көп ұзамай тұтқалы қызмет ұстап отырған күйеу балалары қызметтерінен шеттетілді. Содан кейін жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Назарбаевтың інісінің баласы Қайрат Сатыбалды ұсталып, түрмеге тоғытылды. Оның тағы бір құдасы  абақтыға жабылды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы халық игілігін сорып келген назарбаевтар отбасы мен туыстары ақырындап қызметтен шеттетіліп, заң алдында жауапқа тартыла бастады.

Бүгінгі күні Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың кеден бекетінен  түсетін қаржыны түгел қалтасына басып келгені белгілі болып отыр, оған қоса оның иелігіндегі күн сайын 1 млн доллардан астам ақша түсіретін Алтын орда сауда орталығы салық ретінде бір тиын төлемей келгендігі анықталды. Ал Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваның да біраз былықтарға қатыстылығы белгілі болуда.

Назарбаев билікте отырған кезінде айналасындағы жағымпаздардың көмегімен Конституцияға өзіне қатысты өзгерістер енгізіп, өзіне және туыстарына қандай жағдайда да қылмыстық іс қозғалмайтын заң қабылдаттырған еді. Қазіргі күні сол заңдарды өзгерту туралы әңгіме айтылуда. Ол заңдар күшін жойған сәтте назарбаевтың өзі де, туыстары да жасаған қылмыстары үшін жауапқа тарытлатын болады.

Қазақта «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген мақал бар. Дамыған шетелдерде бизнес өкілдері арасында  «Ақша абыройдан қымбат» деген ұстаным бар. Ақшаңызды жоғалтсаңыз, ол шығынның орнын толтыруға болады, ал абыройдан айрылсаңыз, оның орны ешқашан толмайды. Назарбаев отыз жыл ел басқарған кезде жинаған абырой-беделінен қазір жұрдай болып түгел айрылды.

Назарбаевпен бірге қызмет істеген, кезінде оның командасында болған қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов бір ақпарат құралының тілшісіне берген сұхбатында «Назарбаев отыз жыл бойы елдің байлығын ұрлады, сатты, сөйтіп байлыққа жетті. Ол тексіз, бейшара адам екен» -дегенді айтты. Назарбаевқа қатысты «тексіз, бейшара» деген баға жалғыз Серік Әбдірахмановтың емес, қазақастандықтардың 95-96 пайызының берген бағасы десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Жалпы қазақстандықтар, назарбаевтың былығы ашылған сайын оны жеккөріп, оның істерінен жиіркеніп барады. Назарбаетың отыз жылғы еңбегінің «жемісі» осындай. Сонша халықтың наласына, өкпе-ренішіне, ақырсында қарғысына қалған бүгінде жасы сексеннен асып, бір аяғы көрде тұрған қарияның  қартайған шағында адам үшін ең зор байлық – абыройынан айрылуы  неткен өкінішті.

«Назарбаевтың болашағы қандай болады?» деген сауалға қазіргі жағдайларға назар аудара отырып, былай деп нық сеніммен жауап беруге болады: назарбаевтың атындағы қала, барлық көшелер мен оқу орындарының атаулары түгел өзгертіледі, ескерткіштері құлатылады, енді 10-15 жылда оның аты да, заты да қалмайды. Халық үшін еңбегі сіңбеген адамды халқы да қажет етпейді. «Не ексең, соны орасың деген осы.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика