Путин қазақ ұлтын ұйыстырушы ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Әлеуметтік желіде «Путинге рахмет, ол қазақ ұлтын ұйыстыруға үлкен серпін берді» деген мазмұндағы видеоролик жарияланды. Автор онда қазіргі қазақ қоғамындағы оң өзгерістерге тоқталып, қазақтар орыстілді, қазақтілді болып бөлінбей, біртұтас ұлтқа айнала бастағанын баяндайды. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы қазақтардың көзін ашып, кеңес заманынан қалыптасқан ұлыорыстық көзқарастарын біршама өзгертуге ықпалын тигізді.
Тәуелсіздік алғанымызға биыл желтоқсанда 33 жыл толады екен. Бұл аз уақыт емес. Дегенмен де, осы уақытта Ата заңда, одан қалды арнайы қабылданған «Тіл туралы» заңда мемлекеттік мәртебесі нақтыланған қазақ тілі өзінің заң жүзіндегі мәртебесіне ие бола алмай келеді. Парламент, Үкімет және жергілікті әкімдіктер түгел орыс тілінде сөйлейді және іс қағаздары да орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілі әлі күнге дейін елімізде орыс тілінің тасасында қалып, екінші сортты тіл болып отыр.
Бұның себебін қазақ тілін үйренгілері келмейтін орыстілді қазақтар мен өзге ұлт, ең алдымен орыс ұлтының өкілдері тіл үйрететін дұрыс әдістемелік құралдардың жоқтығымен, тілге деген сұраныстың аздығымен және т.б. түсіндіріп, мемлекеттік тілді меңгеруді үнемі кейінге сырумен келе жатқандығымен түсіндіруге боолады. Осының салдарынан тілге қатысты сірескен сең әлі күнге дейін сетінемей тұр. Бұның өзі елімізде саны жағынан басым ұлтқа айналған қазақтарды тіліне қатысты екі топқа жіктеп, бұл аражік жыл өткен сайын ашылмаса, жақындамай келген еді.
2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіруі қазақ қоғамындағы жағдайды біршама өзгертті. Ресейдің бірқатар саясаткерлері тарапынан Қазақстанға үнемі шүйлігіп, келесі кезек сендердікі, солтүстік облыстар ресейдің атажұрты деген сияқты әңгімелер айтуы қазақтарды ғана емес, жалпы қазақстандықтарды қатерге қарсы бірлесіп тұру қажеттігіне көздерін жеткізе түскендей болды.
Әлеуметтік желілерде жеке блогерлер ғана емес, қарапайым азаматтар да өз көзқарастарын білддіріп, түрлі видеолар салып, жазбалар жазуда. Соларға назар аударып қарасаңыз, Путиннің басқыншылық саясатының қазақ қоғамын қалай оятып, ұлтымызды біртұтас етіп біріктіруге серпін беріп отырғанын аңғаруға болады. Бұрын қазақтілді қазақтарға мұрындарын шүйіре қарайтын орыстілді қазақтардың арасында ресейлік астам саясатқа қарсы шығушылар қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Өз ойын үнемі ашық айтып, ресейлік шовинистік көзқарасты сынап жүретін орыстілді саясаткер Досым Сәтпаевтан бастап, жекелеген орыстілді блогерлердің бәрі қазір елді бірлікке шақырып, қатерлі жауға қарсы тұруға, тәуелсіздігімізді қорғауға, мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің мәртебесін биіктетуге үндеуде. Павлодарлық орыстілді блогер Диас Құзайыр мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге атсалысып, жәй хабарлар ғана ұйымдастырып қоймай, рейдтер ұйымдастырады. Ол бірнеше рет, тіпті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес-он тәулікке қамалып та шықты.
Қазақтың өткен тарихын, әсіресе ұлттық мемлекет құруға талпынған Алашорда қайраткерлері туралы танымдық орыс тіліндегі тамаша хабарларды дайындап, таратып жүргендер кеңес заманында санаға сіңірілген қазақтардың әдебиеті, мәдениеті болмаған, оның бәрі орыс халқының арқасында келген деген сияқты сыңаржақ көзқарасқа соққы беруде.
Соңғы кезде орыстілді қазақтарды қойып, орыс ұлтының өкілдері тарапынан да ресейлік саясаткерлердің теріс көзқарасқа негізделген арандатушылық мәлімдемелеріне қатысты өз ой-пікірлерін айтып жататындар көбейді. Олар Қазақстанды өз Отанымыз деп санап, егер ресей тарапынан басқыншылық бола қалса, қолдарына қару алып, қазақ елін қорғайтындықтарын да ашық айтуда. Бұның өзі қазақстандықтардың тіліне, ұлтына қарамай, қазір біртұтас қоғамға айналып келе жатқандығын көрсетеді.
Өткен жылы ресейден әскерге шақырудан қашып келіп, елімізде тұрақты тұрып қалған, тіпті азаматтық алған орыс ұлтының өкілдері арасында Қазақстандағы жақсы істерді көрсетіп, елдегі қалыптасқан тұрақтылық пен ұлтаралық татулық қатынастарды, қызмет көрсету, экономика саласындағы жақсы көрсеткіштерді тілге тиек етіп түсірілген видеохабарларды орыс тілді аудиторияда кең таратып, ресейліктердің Қазақстанға деген жағымды көзқарасын қалыптастыруға игі ықпалын тигізіп жүргендер аз емес.
Орыстар мен украиндықтар, орыстілділер мен укаринтілділер болып жіктеліп келген украйндықтардың Путиннің басқыншылық соғысын бастағаннан кейін біртұтас ұлт болып жұдырықтай жұмылғандары сияқты, қазір қазақ қоғамы да ақырындап орыстілді, қазақтілді болып жіктелуін қойып, біртұтас қоғамға айналуға талпыныс жасауда. Орыс ұлты жастарының арасында «қазақ тілін үйренейік» деген шақырулар көп естіліп, қазақша білетіндер қатары да уақыт өткен сайын ақырындап өсіп келеді. Осы жайларға қарап «Путинге рахмет, қазақтарды ұлт ретінде ұйыстыруға ұйтқы болды» деген блогердерің сөзінің жаны бар екенін түсінесің.
«Бөлінгенді бөрі алады, жырылғанды жау алады» дейді қазақ. Еліміздің тұтастығын, тәуелсіздігімізді сақтап қаламыз десек, онда ұлтқа, тілге қарап бөлшектенбей, мемлекеттік қазақ тілінде сөйлейтін біртұтас қазақстандық қоғам құрғанда ғана бұл мақсатты орындай алатынымызды қазіргі уақыт анық көрсетіп отыр.