Ресейдің басына қара бұлт үйрілді
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Қазір барша әлемнің назары Украинада. Міне, үшінші жетіге кетіп барады, Ресей қарулы күштерінің бейбіт елге баса көктеп кіріп, елді мекендер мен қалаларды ұшақтармен бомбалап, қашықтан ататын снарядтармен жермен жексен етіп жатқанына. Екі миллионнан астам тұрғыны бар Харьков қаласы Ұлы Отан соғысы кезіндегідей жермен-жексен болып қиратылғанын видеолардан көріп, жүрегің ауырады.
Украиндықтарға орасан зор қайғы-қасырет әкелген қанды соғыс оны ашып, жат елге басып кірген Ресей мемлекетінің өзіне де ауыр тиетіні қазір анық аңғарылып қалды. Путин мен айналасындағылардың екі-үш күнде Украина әскерін тас-талқан етіп жеңіп, шетелге бассауғалап қашқан Зеленскиидің орнына Янукович сияқты айтқанды істеп, айдаумен жүретін қуыршақ президентті қойып, елді түгел өзімізге бағынышты етеміз деген жоспарлары жүзеге аспайтыны қазір анық белгілі болып қалды. Қазақтың «тоқал ешкі Құдайдан мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылыпты» деген нақылындағыдай жағдай қазір Ресейдің басына төніп тұр. Ол қандай қатер? Енді соған кеңірек тоқтала кетейік.
Тәуелсіз өзге елге басып кіріп, соғыс қимылдарын бастаған Ресейді әлем халықтары айыптап, БҰҰ-ға мүше елдердің басым көпшілігі барлық салаларды қамтитын және Ресейді басқа елдерден оқшаулайтын аса ауыр санкциялар салуды жақтап, дауыс берді. Бұрын да Украинаның Қырым облысын тартып алған Ресейге біраз санкциялар салынғаны белгілі. Дегенмен, бұл жолғы санкция бұрынғыдан өзгерек, яғни Ресейді Солтүстік Корея сияқты барша әлемнен мүлдем оқшаулап тастайтын ауыр шара болғалы тұр.
Санкциялардың залалды әсерін Ресей халқы қазірдің өзінде-ақ сезіне бастады. Ең алдымен, шетелдерде де, өз елінде де кез-келген мөлшерде ақша алуға және аударуға мүмкіндік беретін халықаралық Виза мен Мастеркард карталары бұғатталды. Яғни, барша ресейліктер ендігі арада бұл карталарды пайдалана алмайды. Рас, Ресейдің өз ішінде аталмыш карталардың қазіргі жарамдылық мерзімі біткенше пайдалануға болады, дегенмен, шет елдерде карталар жұмыс істемейді. Бұл әсіресе, шетелдерге барып демалатын немесе жұмыспен баратын ресейліктерге ауыр тиетіні анық.
Қазір АҚШ Ресейдің газ және мұнай өнімдерін сатып алудан мүлдем бас тартып, басқаларды да соған шақыруда. Еуропа елдері өздері тұтынатын газдың 90 пайызы Ресейдің үлесіне тиетіндіктен, бұл мәселені бірден шеше алмайтын болып отыр. Дегенмен, қазір бұл елдер газды басқа жақтан алу шараларын іздестіруде. Бұл мәселе шешімін тапқан жағдайда Ресей бюджетінің басым бөлігін құрайтын мұнай өнімдерінен түсетін қаржыдан қағылмақ. Бұл ел экономикасына аса ауыр соққы болып тиетіні даусыз.
«Қырсық қырық ағайынды» демекші, санкцияның зардаптары мұнымен бітпейді. Ресей өнеркәсібі түгелге жуық әлемдік өндіріспен тікелей немесе жанама түрде байланысты болып шықты. Басқаны былай қойғанда, тіпті барлық бөлшектері Ресейде шығарылып, құрастырылады деген өнімдердің өзі шетелге тәуелді екен. Шаңсорғыштан бастап, автокөлік, ауыл шаруашылығы техникалары, ұшақтар мен қорғаныс саласындағы алыстан ататын қаруларға қажетті микросхеманы ресейліктер Тайландтан алып келіпті. Санкцияға байланысты енді Тайланд бұл өнімді сатпайтын болып отыр. Осыған байланысты отандық өндіріс орындарының көпшілігі жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болады. Ресейлік отандық өнім саналатын Автоваз бен КамАЗ компанияларының автокөлік шығаратын желілері тоқтап қалды. Өйткені, аталмыш компаниялар бірқатар бөлшектерді шетелдерден алады екен. Ондай бөлшектердің келуі тоқтаған соң-ақ, автоөлік желілері жұмысын тоқтатты. Санкцияларға байланысты жұмысын тоқтатып жатқан мұндай өнеркәсіп орындарының саны күн өткенс айын өсіп келеді. Бұл дегеніңіз миллиондаған жұмыссыз адамдар мен бюджет кірісінің миллиардтарды жоғалтуы деген сөз.
Санкцияның салдарынан Ресейде жұмыс істеп жатқан шетелдік 300-ден астам компания жұмыстарын тоқтатып, ел аумағынан кетті. Олардың арасында сонау 90-шы жылдардың басында келген канадалық Макдональдс, америкалық Кока-кола, пепси кола сияқты компаниялар бар. Бір ғана Макдонольдс 62 мың ресейлікті еңбекпен қамтып, жылына бюджетке 167 млрд рубль ақша түсіреді екен. Бұл компанияның кетуі 62 мың адамды жұмыссыз қалдырды. Тоиото, Фольксваген, БМВ сияқты автомобиль алыптарының кетуі ресейліктердің қолжетімді бағада шетелдік сапалы көліктерді сатып алу мүмкіндігін жойып, оған қоса мыңдаған адамды жұмыссыз қалдырды.
Санкцияның салдарынан шетелден әкелінетін тауарлардың бәріне бөгет қойылады. Бұның өнеркәсіпке ғана емес, ауыл шаруашылығына да ауыр зардабы тиетін түрі бар. Көктемгі егіс қарсаңында өткен ресейлік шарада диқандар өнімділігі жоғары шетелдік тұқым сатып алудан қағылғандарын айтуда. Дәнді дақылдар тұқымының 40 пайызын ресейлік диқандар шетелдерден алып келген екен. Тұқым жетіспеушілігінің орнын қалай толтырамыз деп қазір ауыл шаруашылығы компаниялары бастарын ауыртуда. Ал көктемгі егіс науқаны иек астында. Жылына 100 млн тонна астықты экспорттайтын ел үшін бұл да айтарлықтай үлкен кедергі. Сонымен бірге, Клаас, Джон дир сияқты сапалы және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу да мүмкін болмай қалды. Отандық техникалардың бағасы арзан болғанымен, сапасы сын көтермейді.
Украинаға соғыс ашқан Ресей саясаткерлері әлем тарапынан осындай санкциялардың боларын білмей қалды деуге болмас. Ең алдымен, олар Ресейдің осындай қиын жағдайларда пайдаланатын Ұлттық қорына сенгені анық. Орталық банк ұлттық қордың ақшасының үштен бірін, яғни 300 млрд долларды АҚШ құнды қағаз нарығына салған екен. АҚШ құнды қағаздары ақшаны сақтауға ғана емес, жоғары көлемде өсім алуға да жағдай жасайды. Дегенмен, соғысқа байланысты АҚШ үкіметі ресейдің 300 млрд ақшасын қатырып тастады, яғни оны алуға болмайды. Ол аз десеңіз, қазір АҚШ пен Украина үкіметтері арасында Ресейдің ақшасын соғыста бүлінген қалаларды қалпына келтіруге жұмсау үшін Украинаға беру мәселесі шешілуде. АҚШ ол үшін Ресейден рұқсат сұрауды қажет деп санамайды. Осылайша, Ресей ұлттық қордағы қыруар ақшасынан тапа тал түсте айрылатын түрі бар.
Ресейге салынған санкциялардың теріс әсері өте көп және оны ресейліктер ақырындап сезіне бастайтын болады. Мәселен, шетелдерге ұшу қызметін қамтамасыз ететін шетелдік компаниялардың бәрі жұмыстарын тоқтатып, елдеріне кетті. Осыған орай, ресейліктердің шетелдерге шығу мүмкіндігі қатты шектелді. Отандық әуе компаниялары тек ішкі қатынасты ғана қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, майкрасофт, феисбук, инстаграмм сияқты интернет компаниялары да қызметін тоқтатуда. Осыған орай, ресейліктер әлемдік интернеттен қол үзіп, оқшау қалатын түрі бар. Ол аз десеңіз, қазіргі жастар үшін ауадай қажет шетелдік смартфондар енді ресей нарығында саудаға түспейді.
Басқаны былай қойғанда, ресейлік сауда үйлерінде сіресіп тұрған күнделікті халық тұтынатын азық-түлік тауарларының басым көпшілігі шетелдерден әкелінеді. Ендігі арада ресейліктер ол өнімдерді дүкен сөрелерінен көрмейтін болады. Дүкен сөрелері 1990-шы жылдардағыдай мүлдем босап қалмағанымен, тек отандық сапасыздау тауарларды алуға ғана мүмкіндік бар. Бұның өзі таңдап, талғап алатын ресейліктер үшін ауыр соққы болары анық. Осы орайда, бірқатар сарапшылар «дефицит» деген сөзді ұмытқан ресейліктер енді қадам басқан сайын тауар қатшылығын сезініп, кейін келе, тіпті 90-шы жылдардағыдай халық тұтынатын өнімдерді талон арқылы беру жолға қойылады дегенді айтып отыр.
Санкцияның ресейліктерге әкелетін ең ауыр соққысы – рубльдің құнсыздануынан туындайтын қиындықтар десек, артық айтқандық болмас. Рубльдің долларға шаққандағы бағамының құлдырап кеткені соншалық, Орталық банк валюта айырбастау орындарының жұмысын тоқтатты. Соған орай, ресейліктер валютаны сатып ала алмайтын болды. Қолдағы бар валютаны сақтау үшін Орталық банк шетелге валюта шығаруға шектеулер қойды. Валюта есепшоты бар адамдар есепшотынан ақшасын ала алмайды, тек белгіленген мөлшерде ғана алуына болады.
Рубльдің құнсыздануына байланысты нарықтағы күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы әп-сәтте еселеп өсіп кетті. Ресейдің Қазақстанмен шекаралық аймақтарының тұрғындарының біздің елге келіп қаптап қант, макарон, ұн сатып алуының себебі де осында болса керек.
Ресейлік миллиардер Игорь Рыбаковтың айтуынша, енді екі-үш жылда Ресей халқы жаппай кедейленеді. Бұрынғыдай халықтың бір бөлігі бай, бір бөлігі орташа, қалғандары кедей деген болмайды, яғни халық кеңес заманындағыдай түгел кедейшілік қамытын киетін болады. Неге десеңіз, қазір бар байлықтарын шетелдерде сақтаған миллионер, миллиардерлер байлықтарынан түгел жұрдай болып айрылуда. Президенттің көмекшісі Песковтың шетелдегі ақшалары түгел қатырылып, жылжымайтын мүліктері тәркіленіп, шетелде тұратын балалары Ресейге қайтарылған. Мемлекеттік ақпарат таратуда үлкен орны бар Владимир Соловьевтің шет елдердегі бірнеше виллалары тәркіленіп, мемлекет меншігіне алынған. Осылайша, шет елде ақшамыз, жылжитын, жылжымайтын мүлікіміз бар, баймыз деп жүргендер аз уақытта бәрінен айрылып, кедейшілік қамытын киетін түрі бар.
Ресейдің соғыс салдарынан шеккен және шегуге тиісті зардаптары бұл ғана емес, ең бастысы қазіргі соғыс қимылдары барысында мыңдаған жауынгерлерінен, бағасы аса қымбат әскери техникалары мен қару-жарақтарынан айрылуда. Украиналық ақпарат құралдарының мәліметінше, осы кезге дейін Ресейдің 60 ұшағы, 82 тікұшағы, үш әскери кемесі, 365 танкісі мен 1200 бронды техникалары жойылған, 12 мыңнан астам сарбаз қаза тауып, 35 мыңнан астам солдат жарақат алған, 4 мыңдай жауынгер қолға түскен. Оған қоса, жойылған алыстан ататын қанатты ракеталар мен артиллериялық қондырғылар, жүк тасымалдайтын көліктер де аз емес. Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің осы екі жетіде тартқан залалы 1 триллион долларға жуықтайды.
Өз елінің басына түскен осындай қатерді сезінген көптеген қалталы ресейліктер шетелдерге қашып кетуде. Неғұрлым бақуаттылары Батыс елдеріне барса, қалталы жұқалаулары Грузия, Қазақстан сияқты жақын елдерге ағылуда.
Қазір мына жай анық белгілі болып қалды: бұл соғыс Ресейге өте ауыр тиіп, оның зардабын ресейліктер бір, екі жыл емес, ондаған жылдар тартатын болады. Санкциялардың салдарынан Ресей жуық арада Солтүстік Корея сияқты ешбір елмен араласпайтын оқшау мемлекетке айналмақ. Бұның өзі елдің ғылымы мен білімін, экономикасын заман талабына сай дамытуға кедергісін келтіріп, көш соңында қалу қаупін күшейтеді. Бір сөзбен айтқанда, Рсейдің басына үйрілген қара бұлт ондаған жылдар бойы елдің еңсесін езіп, өркениет көшіне ілесе алмай артта қалуына әсерін тигізетін сияқты.
Қалкөз ЖҮСІП.