Шыңғысханның шын тегі кім?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Тарихтан барлық өтірікті алып тастасаң тек шындық қалады деген сөз емес, онда мүлдем ештеңе қалмауы мүмкін» деген сөзі бар бір ғұламаның. Тарихтағы ақтаңдақтар, тарихтағы бұрмалаушылықтар, тарихтағы жалғандықтар – мұның бәрі бүгінде тарихшы ғалымдарды былай қойып, қарапайым қалың жұртшылыққа да белгілі болған жайлар. Ақтаңдақтарды анықтап, бұрмалаушылықтарды түзету – қазіргі ұрпақтың міндеті. Өйткені, тарихыңды дұрыс танып алмай, болашағыңды бағдарлау мүмкін емес.

Шыңғыс хан монғол ма?

Бар өмірін Шыңғысханның жаулап алуларын зерттеп, зерделеуге арнап келе жатқан украйн тарихшысы Владимир Белинский Шыңғысханның шын тегі – қазақ деген қортындыға келеді. Иә, мұны қарапайым біреу айтса ойдан шығарылған ертегі деп назар аудармауға болар еді, дегенмен бар өмірін осы саланы зерттеуге арнап келе жатқан ғалымның аузынан шыққан бұл пікір еріксіз ойландырады. Сонымен, осы кезге дейін монғолдан шыққан дегенді барша әлем мойындап қойған ұлы жаулап алушыны Владимир Белинскийдің неліктен қазақ деп атауының жайына тоқталайық.

Ғалымның пікірінше, біріншіден, Шыңғысханды хан ретінде таққа отырғызған төрт негізгі тайпаның бәрі қазақ ұлтының құрамына кіреді. Олар: қият, керей, найман және меркіт тайпалары. Бұл төрт тайпа Шыңғысхан құрған алып мемлекеттің түпқазығы болып табылады. Екіншіден, Шыңғысханның өзі қият тайпасынан шыққан. Әкесі Есугей батыр, атасы Амбахай  осы тайпаның көшбасшысы болған. Анасы Оян меркіт руынан болса, болашақ ханның әйелі Бөрте қоңыраттың қызы. Тарихшының айтуынша, монғолдардың арасында мұндай тайпалар жоқ. Ханның ұлдарының  және немерелерінің, қолбасшыларының есімдері де түгел түркі тілді: ұлдары Жошы, Шағатай, Үкітай, Төле, немерелері Бату, Мөңке хан, қолбасшылары Сүбітай батыр, Жебе ноян, жалайырдан шыққан ноян Мұхали, қоңыраттан шыққан Тоғашыр болып жалғаса береді.

Шыңғысханның қазақтан шыққандығының тағы бір дәлелі ретінде ғалым  1206 жылы өткен оны ақ киізге салып хан көтеру дәстүрін келтіреді. Бұл қазақ дәстүрі және ондай дәстүр монғолда мүлдем болмаған. Сондай-ақ, монғолдар ешқашанда елбасшысын хан деп атамаған, бұл да қазақтың сөзі. Кейінірек монғол тайпалары бірігіп, жоңғар хындығын құрғанда басшыларын хан емес, қонтайшы деп атағаны белгілі.

Ғалымның келтірген және бір ғылыми дәлелі – Шыңғысхан мемлекетіндегі монеталардағы жазу – түркі тілінде болғандығы. Сондай-ақ, іс жүргізу тілі де түгел түркі тілі болып табылған. Владимир Белинскийдің бұл пікірін ресейлік тарихшы Мұрад Аджи де растайды. Мұрад Аджи Шыңғысхан Алтай тауының баурайындағы көшпелі түркі тайпаларының өкілі деп көрсетеді.

Тарих неге бұрмаланды?

Тарихтың бұрмалануына бірқатар себептер түрткі болады. Мұндай себептердің арасында жазба және басқа айғақ құжаттардың сақталмауы немесе басқа өркениетті халықтардың саяси ұстанымына байланысты қасақана бұрмалауы сияқты жағдайлар бар.

Ресейлік ғалымдар бүгінде өз тарихтарын түгелдей қайта қарап, зерделеп жатыр. Орыс мемлекеті 10-шы ғасырдағы Киев русінен бастау алады және оның негізін қалаған скандинав тайпаларының өкілдері болып табылатын варягтар деген түсініктің жалған екендігін айғақтайтын жайлар қазір көптеп табылуда. Жалған тарихты орыс ғылымының негізін салып, соның басында болған неміс ғалымдары жасағаны белгілі. Міне, сол тұста бұрмаланған тарихты қалпына келтіру үшін енді орыс ғалымдарының біраз тер төгулеріне тура келмек.

Ал Шыңғысханның шыққан тегін монғол деп көрсету кімге қажет болды? Бұл туралы техника ғылымдарының кандидаты Қалибек Данияров өзінің «Альтернативная история Казахстана» деген ғылыми мақалалар жинағында былай деп көрсетеді: «В самом начале XIII века разрозненные русские княжества пали под ударами войска хана Батыя, и русские земли на несколько столетий попали под власть Золотой Орды. Как известно, в Золотой Орде главную роль играли роды, вошедшие в состав казахского народа, и лишь второстепенные роли — волжские булгары (татары, чуваши, башкиры и др.) и ногайцы, численность которых всегда была незначительна. После освобождения от власти Золотой Орды молодое Российское государство всегда очень болезненно относилось к периоду, когда оно находилось под властью золотоордынских ханов. По приказу царей и высших сановников Российского государства стиралась сама память об Улусе Джучи (Золотой Орде), как о государстве».

Әлемдегі алып державалардың біріне айналған орыс патшалығы екі ғасырдан астам езгіге ұшыратқан «Алтын орда» хандығын, оның негізін құраған түркі тілдес қазақтарды осылайша тарих сахнасынан алып тастап, Шыңғыс ханды айдалада көшпелі тірлік кешіп жатқан монғол тайпаларынан шыққан деген ертегіні дүниеге әкелді. Бұл тарихи бұрмалаушылық КСРО заманында онан әрі жалғасын тауып, ұлттық сана түгел дерлік тұмандандырылды.

«Алтын орда» туралы ақиқат

Қазақтың біртуар перзенті талантты жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» атты трилогиясы кеңес билігі шарықтау шегіне жеткен 70-80 жылдары жарық көрді. Және бұл кітап сол тұста қалыптасқан Шыңғыс хан мен оның жаулап алулары жайындағы ертегі-әфсананы түгелдей теріске шығарды. Алтын орда тарихы – бұл бүгінгі Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекетті мекен еткен осы елдің негізін құрайтын қазақ халқының тарихы екендігін аталмыш кітапты оқыған әр адам анық түйсінеді.

Қалибек Данияровтың жоғарыда аталған кітабында  «Как известно, в Золотой Орде главную роль играли роды, вошедшие в состав казахского народа, и лишь второстепенные роли — волжские булгары (татары, чуваши, башкиры и др.) и ногайцы, численность которых всегда была незначительна» -деп атап көрсетілген. Шындығында, «Алтын орда» деп аталатын өз дәуіріндегі ұлы мемлекет қазақ тайпаларының мемлекеті болды. Жазушы Ілияс Есенберлин кеңес дәуірінің дәуірлеп тұрған сол кезеңінде осындай шындықты тайсалмай көркем тілмен көпшілікке жеткізе алды. Бұл кітап кейінірек тарихтағы бұрмалаушылықтарға иланып келген көкірек көзі ашық көп жандардың пікірлерін өзгертулеріне игі әсерін тигізді.

Осы арада Шыңғысханның және оның ұрпақтарының шыққан тегінің қазақтығын айғақтайтын тағы бір жайды айта кеткен артық болмас. Алтын орда хандығын құруға атсалысқан тайпалардың құрамында монғолдар да болды. Бірақ олар елеулі рөл атқарған жоқ және сан жағынан да аз еді. Міне, сол монғол тайпаларының ұрпағы бүгінде қалмақ аталып, Ресейдің құрамында автономды республика болып отыр. Қалмақтар Алтын орданың ұстыны болған түркі тілдес тайпалардан тілі де, діні де, салт-дәстүрі де мүлдем басқа. Егер Шыңғыс хан мен оның ұрпағы монғол болса, онда неге сол тілде сөйлеп, сол халықтың дәстүрін ұстанбады? Олар неге түркі тілінде сөйлеп, түркілердің салт-дәстүрін ұстанды және ислам дінін қабылдады?

Украйн тарихшысы Владимир Белинскийдің пікіріне тағы назар аударып көрейік. Оның айтуынша, қытайлар Шыңғысхан құрған дала мемлекетінің негізін құраған тайпаларды «қассақ», яғни «нағыз сақ» деп атаған. ХІІІ ғасырда табылған монеталарда «қассақ» деген жазу болған. Осыған қарап қазақ атауының шығуы Жәнібек пен Керейдің Ақ орда хандығын құрудан әлдеқайда бұрын, Шыңғысханның таққа отырып, көшпелі тайпалардың басын құраған кезінен бастау алады деп тұжырымдауға болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Алтын орда хандығы қазақтардың мемлекеті болды. Оған дәлел ретінде халық арасында ертеден айтылып келе жатқан «Өлдің Мамай қор болдың» (Мамай Алтын орданың ханы), «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау» (бұл қыпшақ ханы Қотанның Шыңғысханнан бой тасалап, мадиярлар еліне кетуіне байланысты айтылған) деген сөздерін келтіруге болады. Қазақтың арасында «Ұлы Ұрымға, қызы Қырымаға кеткен» дейтін де сөз бар. Ұрымы – Рим. Тарихшы ғалымдардың айтқанындай мал бағып, дала кезген тағы тайпалар Римді қайдан білген? Яғни, Алтын орда сияқты алып мемлекетте өмір сүрген қазақтардың Қырымды да, Римді де білетіні, жәй біліп қоймай, ол елдермен қарым-қатынаста болғанын бұл жай анық дәлелдемей ме.

Біздің тарих ол-дағы қалың тарих…

Бір кезде өзбек бауырларымыз генерал Сабыр Рахымовты өзбек деп жазып, ол туралы кино шығарып жібергені есімізде. Кейінірек генералдың жұбайы оның қазақ екендігін айтып, бұл бұрмалаушылық қалпына келтірілген еді. Тарихта мұндай жиеншарлықтардың болып тұратыны ешкімге құпия емес. Жарты әлемді жаулап алған Шыңғысханға, Алтын орда сияқты сол замандағы алып империяны құрған оның ұрпақтарына да жиеншарлық жасалып, бодандыққа түскен қазақтардың қол астында екі ғасыр езгі көргендігіне намыстанған орыс саясаткерлерінің қолымен жасалған бұл бұрмалаушылықты түзеу генерал Рахымовты қайтарып алу сияқты оңайға түспесі даусыз. Өйткені қазір Шыңғысханды барша әлем монғол деп танып, мойындап қойған. Оның түркі тайпаларынан шыққандығын Белинский сияқты осы саланы зерттеген бірлі-жарым ғалымдардан басқа ешкім біле қоймайды.

Бірақ та, алмас қылыштың қап түбінде шірімейтіндігі сияқты шырылдаған шындық күндердің күнінде бәрібір жарыққа шықпай қоймайтыны анық. Қазірдің өзінде орыс әміршілері бұрмалаған бұл шындық оқта-текте жарияға жар салынып, айтылып жүр.

Ресей Қырымды қосып алған кезде басқа саясаткерлер үнсіз қалған тұста Беларусь президенті Александр Лукашенко «егер бұл бұрын біздің жеріміз болған деп өзге елдің жерін қосып ала беретін болсақ, онда Ресейдің Оралдың арғы жағындағы жері түгел қазақтарға тиесілі болады ғой» деп салған еді. Қалың жұрттың алдында «қазақтардың бұрын мемлекеттігі болмаған» деп пікір айтқан тарихты мектеп оқулығы деңгейінде ғана оқып, түйсінген Путиннен ерекшелігі сол, мамандығы тарихшы Лукашенко Алтын орда деп аталатын ұлы империяның қазақ мемлекеті болғанын жақсы біледі.

Шыңғысханның қазақтығы бізге не береді? Ең алдымен, қазақтардың бұрын мемлекеттігі, мәдениеті мен өркениеті болмаған деп санайтын астам түсініктің жалғандығын дәлелдейді. Жарты әлемді жаулап алып, көшпелілердің алып империясын құрған Шыңғысхан шыққан ұлттың мемлекеттігі болмады деуге ешкімнің аузы бармасы анық.

Екіншіден, көшпелілердің өркениетін, алып мемлекетін құрған Шыңғысхан, Батухан, оған дейінгі Еділ патша (Атилла), Бейбарыс сұлтан сияқты жихангер қолбасшылар шыққан халықтың бүгінгі ұрпағы даңқты бабаларын мақтаныш етіп, бойларында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттің орнығары даусыз.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика