Сот саласына түбегейлі реформа қажет
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Экс министр Қуандық Бишімбаевтың соты қазір барша халықтың назарында және үлкен қоғамдық пікір туғызып отыр. Үш адвокат жалдап, одан қалды блогерлер арқылы өзін ақтау үшін неше түрлі мақалалар мен видомәлімдемелер ұйымдастырып жатқан экс министрдің құйтырқы әрекеттеріне қарап жұртшылық соттың әділ шешім шығаратынына күмән туғызуда. Бұл жөнінде жәбір көруші жақтың адвокаты жасырмай ашық айтты да.
«Қуандық Бишімбаев деген ескі жүйеде жұмыс істеген, қоғамды қалай алдау керектігін жақсы біледі. Қоғамдық пікірді бұруды өте жақсы меңгерген адам. Қазіргі кезде қайтыс болған Нүкенова ханымның тарапына жасалып жатқан шабуылдар – оның қоғамдық пікірді қалай бұрмалауды жақсы меңгергенінің көрінісі. Олар желіде Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың 10 жасар қызын зорламақ болған деген хабар таратты. Мұның бәрі манипуляция. Біздің сот жүйесі жеке мемлекет секілді жұмыс істейді. Істі ашқысы келсе ашады, жапқысы келсе жабады. Халықтың қатысуымен ашық сот жасау керек дейтіндей Бишімбаев деген оппозициялық тұлға ма? Халықтың сөзін сөйлеген адам ба, жәбір көрген адам ба?», — дейді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Соттың әділдігіне деген халықтың сенімінің азайып кетуіне сот саласындағы жемқорлықтың белең алуы ғана емес, үлкен қоғамдық пікір туғызатын істерге қатысты сот шешімдерінің көре көзге әділдікті аяқ асты етуі де себеп болуда. 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 5 жастағы Айкөркем есімді қыз баланы атуға бұйрық берген офицерді сот жазықсыз деп ақтап жіберді. Бар өмірі алдында дейтін жастағы сәбиді атқандар жазықсыз болып ақталып, сот залынан бостандыққа шығуы жұртшылықтың қатты ашу-ызасын туғызды. Керісінше, қаңтар оқиғасында жәй көшеге шығып төбе көрсеткені үшін ғана жазықты болып сотталған адамдардың туыстарының сот шешіміне наразылық білдірген жанайқайы билікке жетпесе де, халық тарапынан үлкен пікір туғызды.
Өткен жылы Түркістан облысында 5 жастағы қызды зорлап, содан кейін өлтірген қылмыскердің әрекеті жұртшылықты қатты шошытқан еді. Бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған әлгі азамат мерзімінен бұрын босанып шығып, түрмеден келе сала тағы біреумен шатасып, балтамен басынан ұрып жарақат салған. Қаны бұзылған қауіпті қылмыскерді судья небары 2 жылға шартты мерзімге соттайды. Шартты мерзім деген бұл бас бостандығынан айыру емес, үйінде емін-еркін жүретін жаза. Кеңес заманында бір рет ауыр қылмыс жасаған адам, екінші қайтара қылмыс жасаса рецидив деген бап бойынша ауыр жазаға тартылатын. Ал қазір судьялар бір емес, бірнеше рет сотталып, аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарды да жеңіл-желпі жазаға тартып, тіпті істі жауып ақтап жататын жайлары да кездеседі.
Екі жыл шартты мерзімге сотталған әлгі адам көп ұзамай бес жастағы көршінің қызын үйіне алдап апарып, ойына келгенді жасайды және қылмысын жасыру үшін оны өлтіріп, қол-аяғын кесіп бөлшектеп, үйінің шатырына тастай салады. Егер де, судья қауіпті қылмыскерге лайықты жаза беріп, бас бостандығынан айырса, ол бұндай ауыр қылмысты жасай алмас еді. Осыған орай, әлеуметтік желілерде қылмыскерді жеңіл жазаға тартқан судьяны жазалау керек деген пікір көп айтылды. Жұртшылықтың қысымынан болар, аудандық соттың төрағасы болып жүрген әлгі судьяны төрағалықтан түсіріп, қатардағы судья етіп қойды. Бес жастағы бүлдіршіннің өліміне себепкер болған судьяға қолданылған бар шара осы ғана.
Сот шешімдерінің әділетсіздігі әсіресе, саяси реңк алған белсенділердің істеріне қатысты шығарылған шешімдерде анық байқалып тұрады. Қазатомпрмның бұрыңғы басшысы он жыл түрмеде отырып шыққан Мұхтар Жәкішев журналистке берген сұхбатында не үшін соттады деген сауалға «Белгісіз тұлғадан, белгісіз жерде, белгісіз мөлшерде пара алғаным үшін» деп жауап берді. Яғни, сот шешімі ешқандай айғақсыз, дәлелсіз және куәсіз жалаң сөзге сүйенген жалған айыпқа негізделіп шығарылған. Дәл осындай айыппен кез-келген адамды соттауға болады. Бұның өзі еліміздің сот жүйесінің толықтай билікке тәуелді болып отырғанын көрсетеді.
Сот жүйесіндегі реформалар еліміз тәуелсіздігін алған кезден басталып, әлі күнге дейін, яғни отыз жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Осы мерзім ішінде тәуелсіз емес, керісінше билікке толықтай тәуелді сот жүйесі құрылды. Кеңес заманында сайланып қойылатын судьялардың бәрін қазір президент бұйрығымен тағайындайды. Ал Жоғарғы соттың судьяларын Сенат дупататтары тағайындайды.
Кеңес заманында қылмыстық және азаматтық сот болып екі тармақтан тұратын сот қазір мамандандырылан соттарға жіктеліп, қатары ұлғайып далиып өсіп кетті. Қылмыстық, азаматтық соттарға әкімшілік, экономикалық, жасөспірімдер ісі жөніндегі соттар қосылды. Сот санының көбеюімен бірге судьялар қатары да еселеп артты. Судьялар қазір еліміздегі ең жалақысы көп қызметкерлер қатарында. Соған қарамастан, бұл сала еліміздегі ең жемқорлық белең алған сала болып отыр.
Осы жағдайлардың бәрі сот саласына түбегейлі үлкен реформа қажеттігін анық көрсетеді. Бұл саладағы реформа ең алдымен, судьяларды президент тағайындап қоюдан, халықтың өзі сайлайтын өзгеріспен басталуы қажет. Тағайындалған судья – бұл билікке толық тәуелді судья. Ал халық сайлаған судья халыққа қызмет етеді, биліктен тәуелсіз болады. Сот саласына осындай реформалар жасалмаса, қоғамымызда ешқашан әділдік болмайды.