Су тасқыны әнші жұлдыздардың халықтан қаншалықты алыстап кеткендігін көрсетті
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Фонограммамен ән салып, халықтың арқасында әбден байыған әнші жұлдыздардың өздері сияқты байшыгештермен және билік өкілдерімен ғана араласып, қарапайым халықтан іргелерін аулақ салып алғаны қашан. Қайрат Нұртас әкесінің туған күніне бағасы 200 мың доллар тұратын шетелдік автокөлік сыйлады, Төреғали Төрәлі қарындасының үйлену тойына қымбат автокөлік тарту етті деген сияқты жұлдыздардың асып-тасыған байлығын барша әлемге жариялап жарнамалап жататын әлеуметтік желілердегі ақпараттарды оқи-оқи халықтың ондай жұлдыздардан көңілі қалып барады. Еліміздің біраз өңірлерінің тұрғындары үшін үлкен ауыртпалық алып келген көктемгі су тасқыны әнші жұлдыздардың халыққа деген пейілдерін тағы да бір ашып көрсетіп берді.
Елді мекендерді басқан қызыл су әп-сәтте адамдарды баспаналары мен жиған-терген мүліктерінен айырып, қиын жағдайға ұшыратты. Осындай қиын-қыстау сәтте қарапайым халыққа жанашырлық танытып, көмек қолын созған сол қарапайым халықтың өзі болды. Жер-жерден қайрымдылық көмек жиналып, апат болған аймақтардың тұрғындарына жөнелтіліп жатты. Көрші қырғыз абуырлардан да көп көмек келді. Тіпті, Қарақалпақстаннан біраз жас жігіттер келіп, қауіпті аймақта бөгет тұрғызуға қол ұштарын берді.
Осындай ел басына күн туған қиын сәтте халық арасынан табылып, сәзімен де, нақты қаржылай да көмек қолын созған жалғыз өнер адамы – әнші Димаш Құдайберген болды. Ол Батыс аймаққа арнайы барып, халықпен жүздесіп, жанашыр сөздерін айтты және 1 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек бергендігі туралы әлеуметтік желілерде ақпарат таралды.
Ал енді әншейінде ауыз жаппай, өздерін жарнамалап айқай-сүрең жасап жүретін әнші жұлдыздардың ел басына күн туған ауыр шақта үн-түнсіз қалуы жұртшылық тарапынан қатты сынға алынды. Содан болар, бірқатар әншілер жиналып ақша жинап жатқандығын жазды. Бір-біріне қымбат автоөклік, тіпті котедж сыйға тартып жататын жұлдыздардың апат болған аймақ тұрғындары үшін 100 мың теңгеден ақша бергендігін естіген адамдар арасында тағы да наразы пікірлер көптеп айтылды. Ертеректе 2 млн. теңгеге костюм сатып алдым немесе мейрамханадан түскі асты ішуге 200 мың теңге жұмсаймын деп мақтанатын жұлдыздардың кенеттен сонша сараңдықтары ұстап, 100 мың теңгеден ақша жинағандары естір құлаққа тым ерсі болды.
Жұртшылық тарапынан әлеуметтік желілерде қатты сынға ұшыраған өнер жұлждыздарының кейбіреулер бұған шамданып, біз әлдақашан ақша аударғанбыз, оны көрсетпей сыпайылық жасап жүрген едік деп жазып, ақшаларының чегін әлеуметтік желіге салыпты. Мәселен, әзілкеш Нұрболхан Шәріпов 200 мың теңге, ал әнші Динара Қырықбаева 500 мың теңге аударыпты. 5000 мың доллардан кемге тойға барып ән салмаймын деп шіренетін жұлдыздардың 500 мың теңгені әлдеқандай ақша санап чегін әлеуметтік желіге салуы ұят-ақ болды. Тойдағы әндерін былай қойып, сәбидің тұсауын кескені үшін 1000 доллардан кем алмайтын өнер жұлдыздарының қарапайым халыққа көмекке осыншама сараңдық танытуы олардың халықтан қаншалықты аулақтап кеткенін көрсеткендей.
Интернетте барлық өнер жұлдыздары жабылып су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 25 млн теңге жинағаны туралы ақпарат таралды. Ал жалғыз Димаш Құдайбергеннің 1 млн доллар, теңгеге шаққанда 250 млн теңге бергенін ескерсек, жұлдыздардың халық үшін еш бас ауыртпайтынын аңғаруға болады.
Билік партиясы бұрыңғы «Нұр Отанның» сайлау алдындағы шараларына асқан белсенділікпен қатысып, тегін концерттер беріп, нұротандықтарды жарнамалаудан күш-жігерлерін аямайтын әнші жұлдыздардың халықтың басына күн туған апат кезінде үнсіз шетте қалуы ыңғайсыз жай болды. Түрлі күмәнді инвестициялық жобаларды жарнамалауда да белсенділік танытып, өз беделдері мен абыройларын түгел салып жұртты талай тақырға отырғызған жұлдыздардың су тасқыны кезінде жұртшылықты қайрымдылық көмекке шақырып, бір ауыз сөз айтпағаны да көңілге кірбің ұялатты.
Жұлдыздарға қарағанда қарапайым блогер Ырысбала Икрамбай нағыз азаматтық танытты. Су тасқыны басталған күні-ақ апат болған аймаққа бір КамАЗ қайрымдылық жүк аттандырған ол жұртты осы қайрымдылық шарасына ұйыстырып, одан кейін де талай қайрымдылық керуіндерін ұйымдастырды. Ал Өзбекстаннан келген бір азамат апат болған аймақтағы халыққа тегін палау пісіріп беріп, қайрымдылықтың тамаша үлгісін көрсетті. Еліміздің әр өңірінен барған жас қыз-жігіттер су басу қаупі бар аймақтағы елді мкендерге бөгет тұрғызу жұмыстарына нақты көмектерін берді. Әлеуметтік желіде бөгет салуға көмектесіп, қап толтырылған құмды тасып жүрген Күшен атты төбеттің әрекеті жұртшылықты үлкен ризалыққа бөледі. Ит екеш итке дейін көмектесіп жатқанда, былқ етпей үнсіз қалған өнер жұлдыздарының әрекеті олардың халықтан қаншалықты алыстап кеткендігін тағы да бір анық көрсетіп бергендей болды.