Тарих рухы әлсіздерді аямайды

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Өткен аптада Астанамыздың 25 жылдық мерейтойын  салтанатпен атап өттік. Осы ширек ғасырдың  ішінде бір кезде провинциялық көп қалалардың бірі болған Астана еліміздің ғана емес, әлемнің сәулетті  шаһарларының біріне айналды. Мына жайды біз жадымыздан өшіріп тастай алмаймыз: Астанының Арқа төсіне көшірілуіне еліміздің бұрынғы президенті Н.Назарьбаевтың сіңірген үлкен еңбегі бар.

Қазір жасыратыны жоқ, Елбасы туралы ел арасында түрлі теріс пікірлер көп айтылады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде елді жайлаған жемқорлық пен асты-үсті толған қазыналы елде тұратын қарапайым халықтың кедейлік тауқыметін тартып отырғанына елдің бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың тікелей кінәсі барлығы тілге тиек болып, ол кісінің атына небір ғайбат сөздер айтылып жатады. Бір ғұламаның айтқан: «Адамның бойындағы жалғыз жаман қасиеті барлық жақсы қасиеттерін жояды» дегеніндей, Елбасының жасаған игі істерінің бәрін жемқорлығы мен мансапқорлығы, атаққұмарлығы жоқ қылып, жоғалтып жібергендей.

Астана Арқа төріне көшіріледі деген сөз шыққаннан кейінгі кезде сол тұстағы беделді адамдардың біразы ашықтан ашық қарсы шығып, өтпелі кезең әкелген қиындықтардан құтылу жайын ойламай, ел астанасын көшіру мәселесін көтеру жөн емес деген пікірлерін білдіріп жатты. «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырыпта сериалы мақалалар ұйымдастырылды. Авторлардың пайымынша, астана Ақмолаға көшірілсе, бір шетте қалған Алматыны Қытай қарпып алады –мыс. Міне, сондай көп адамдардың қарсылығына қарамастан, Н.Назарбаев  бар ерік-жігерін салып Елорданы Арқа төсіне көшірткен еді. Бұл қадамның дұрыс болғандығын тарих дәлелдеп берді. Бұрыңғы облыс орталығы болған Ақмола біраз жылдың ішінде адам танығысыз өзгеріп, милионнан астам тұрығыны бар сәулетті шаһарға айналды.

Бүгінде Астананың тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің барша азаматтарына мақтаныш болып отырған Астанамызды сол бір еліміз үшін аса ауыр жылдарда қиындықтарға қарамастан Арқаға көшіріп, көрікті де, сәулетті қала салғызған Елбасының еңбегі туралы аз айтылып, жазылған жоқ, кинолар түсірілді, тіпті әндер де шығарылды. Ал халықтың наразылығына қарамастан, 2019 жылы депутаттардың ұсынысымен Астана атауы Нұр-Сұлтанға ауыстырылды. Ол аз десеңіз, облыс орталықтарының бәрінде Назарбаев атындағы көшелер бар, Назарбаев мектептері, жоғары оқу орыны, әуежай, т.б. да жетерлік. Еліміздің әр өңірінде оның алып ескерткіштері де орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, Астананы Арқаға көшірген Елбасының еңбегі еселеп бағаланды. Бірақ,  соның бәріне қарамастан,  Елбасының қарапайым халық арасындағы беделі жыл санап құлдырап түсіп барады.  Бұл оның президенттік қызметтен кетуіне байланысты емес,  халық оны бір кезде президент болғаны үшін ғана сыйлап, қадір тұтқан жоқ. Қарапайым жұртшылық Назарбаев айтқан «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» деп аталатын және басқа бағдарламаларына, онда айтылған тәтті сөздерге иланды. Асты мен үсті қазынаға толы, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын, халық саны аз Қазақстан мемлекеті Елбасының басшылығымен  он-он бес жылда Біріккен араб әмірлігі сияқты бай елге айналады деп үміттенді. Өкінішке орай, отыз жылдай ел басқарған Назарбаев халықты ұшпаққа шығара алмады. Керісінше, халықтың көп бөлігі кедейшілік тауқыметін тартып, қарызға белшеден батып кредитке байланды.

Қазақстан суицид, яғни өзіне қол салып өлушілердің саны жағынан әлемде ең алдыңғы орындарда тұр.  Қылмыс белең алып, жыл санап өршіп барады. Жемқорлық барлық саланы қамтыды.  Мына жайға назар аударып қараңызшы: елді басқарып отырған бұрынғы Нұр-Отан, қазіргі Аманат партиясы мүшелерінің  көпшілігі қылмыскерлер, жемқорлығы үшін сотталғандар. Егер өркениетті Батыс елдерінде болса, бұндай  қылмысқа белшеден батқан партия халық алдындағы абыройдан жұрдай болып, әлдеқашан тарап кетер еді. Ал бізде олар түк болмағандай ел басқарып, жәй басқарып қоймай жұртқа ақыл айтып жүр.

Қазақстан сияқты жер асты байлығы жоқ, небары 5 млн-дай халқы бар Сингапур мемлекетінің президенті болып сайланған Ли Куан Ю-дің алдында екі түрлі жол тұрады: не жемқорлыққа белшеден батқан елін құтқару үшін жемқорлармен аяусыз күресіп, елге адал қызмет ету, болмаса өзге басшылар сияқты отбасы мен туыстарын байытып, жемқорлық жағында қалу. Ли Куан Ю алғашқы жолды таңдады. Сөйтіп, ол аз жылдың ішінде елді жайлаған жемқорлықты тыйып, соның нәтижесінде Сингапур қарыштап дамуға мүмкіндік алды.  Бүгінде Сингапур әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Олар осындай жетістікке жеткізген Ли Куан Ю-ді ешқашан ұмытпайды және оның есімі алтын әріппен тарихтарында мәңгіге жазылып қалды.

Еліміз тәуелсіздігін алған 1990-шы жылдардың басында халық  президент етіп сайлап, сенім білдірген Назарбаевтың да алдында екі түрлі жол тұрды: біріншісі – ел үшін, халық үшін еңбек етіп, жер асты байлығын  халық игілігіне жұмсап, 15-20 жылда Біріккен араб әмірлігі сияқты бай елге айналу, екіншісі – қара басы мен отбасын, туыстарын байытып, жемқорлыққа белшеден батып, халықты қайыршыландыру. Өкінішке орай,  Назарбаев екінші жолды таңдады. Отыз жыл билікте отырған кезінде оның отбасы мен туыстарының бәрі миллионер, миллиардер болып, шет елдерден сәулетті сарайлар сатып алды, топырлатып тоқал алып, ашыналарына бас айналдырар сыйлықтар жасады. Назарбаевтар отбасы мен туыстарының, оның айналасындағылардың жасаған жаман  әрекеттері туралы интернетте неше түрлі ақпараттар жетерлік. Оның бәрі қолжетімді болғандықтан, Елбасының  бетбейнесі сыпырылып ашылып, халық алдындағы беделі бес тиындық деңгейге дейін құлдырады.

Қазір Қазақстан халқының кем дегенде 95 пайызы Елбасын жалпақ тілмен айтқанда иттің етінен жеккөреді. Ол отыз жыл бойы елдің байлығын ғана емес, миллиондаған адамдардың отыз жылғы ғұмырларын да ұрлады. Халықтың болашаққа деген үміттерін аяқ асты етті. Осы үшін де жұртшылық оны ешқашан кешірмейді. 

Нұр-Сұлтан атанған ел астанасы қайтадан Астана болып аталды, Елбасының атындағы бірқатар мекемелердің атаулары өзгертіліп жатыр. Бұл үрдістің болашақта жалғасын табатыны анық. Енді он-он бес жылда Назарбаевтың есімі түгел жоғалып, келесі ұрпақ Назарбаев дегеннің кім екенін де ұмытатын болады.

Өзі үшін емес, халқы үшін еңбек еткен Ататүрік, Ли Куан Ю сияқты тұлғалардың есімдері тарихта алтын әріппен жазылып,  халықтың есінде мәңгілік сақталып қалды. Олар өз мүддесінен, халықтың мүддесін биік қойған рухы күшті, ұлы тұлғалар еді. Ал өзін өзі қанша дәріптесе де, халық үшін емес, қара басы үшін ғұмыр кешкен Назарбаевтың есімін ел есінде сақтамайтыны даусыз шындық.  Тарих рухы әлсіздерді ешқашан аямайды.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика