Толымды түсінік қалай келеді?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

“Бай әке және кедей әке” атты әлемге кең таралған кітаптың авторы Роберт Киосаки кәсіби инвестор обьектінің бір қырын ғана емес, барлық қырын көреді, сондықтан дұрыс шешім қабылдайды, дейді. Адамдардың басым көпшілігі таным обьектісінің көзге көрініп тұрған бір жақ қырын ғана көріп, басқа қырларын назардан тыс қалдырады. Сондықтан да, олар сол обьектіге жан-жақты толымды баға бере алмайды. Ал бұның өмірде көп залалы тиіп жатады. Енді осы мәселеге кеңірек тоқтала кетейік.

Ертеректе Югославияның әлемге танымал жазушысының қазақ тіліне аударылған “Бикеш” деген романын оқыдым.  Кітаптың қысқаша мазмұны мынадай. Бақуатты бір кісі әлдекімдерге алданып, ақшасынан айрылады және соған назаланып, жүрегі ауырып, қайтыс болады. Ол өлерінде соңында қалып бара жатқан жалғыз қызына “ешкімге сенбе, туыстардың өзі ақша үшін алаяқтыққа барады” деп өсиет етеді. Бір кезде шалқыған бай болған оның соңында қызына кішкентай үй ғана қалады. Әкесінің кебін кимейін деген қызы ешкімге сенбей азын-аулақ шаруашылығын өзі жүргізеді. Ісі алға басып, ақша таба бастайды. Бірақ ол басқалар сияқты тапқан ақшасын өз қызығына жұмсап, шалқып өмір кешпейді, ақшаны үнемдеп, оны көбейте береді. Өмір зулап өтіп жатады. Тұрмысқа шықпаған қыз ақырындап қартайып, егде жасқа жетеді. Ол әкесінен қалған шағын үйінде тұрады, кең үй алып, тұрмысын түзеп, өмірдің қызығын көрмейді.  Малынып киініп, жарқыратып дүние жинамайды, көңіл көтеріп, қыдырмайды. Сырт қараған адамға кедей сияқты көрінетін оның сандығындағы алтын ақшалар жыл өткен сайын молайып, сандық толады. Ол ақшаға сәулетті үй сатып алып, шалқып өмір сүруге болатын еді. Бірақ та, әкесінің басынан кешкен жайы қатты әсер еткен ол ешбір пендеге сенбейді және ақшасын жасырып, бір адамға бір тиын бермейді. Ол әр тиынын үнемдеп, тіпті қыс түскенше от жақпайды, қараңғы түскенше жарық жақпайды. Осылайша өмірін кедейлікте, тапшылықта өткізген ол қайтыс болғанда соңында сандық толған алтын ақша қалады. Қайыршылықта күн кешкен әйелдің соншама ақшасының барлығын естігенде ағайын-таныстары таң-тамаша қалады.

Осы кітапты оқыған адамдардың көбі, тіпті барлығы дерлік, әр тиынын үнемдеп, есі-дерті ақша жинау болған әйелдің әрекетін ақымақтық санайтыны анық. Автордың оқырманға айтпағы да “қамшының сабындай келте өткінші ғұмырда мүмкіндігінше қызық көріп, шалқып өмір сүр, өзіңнен ақшаны аяп,  кедейшілікте ұстама, әйтпеген жағдайда өкініште қаласың” деген ой болғаны даусыз. Дегенмен де, жоғарыда айтып кеткеніміздей, әрбір істің бір жағына емес, барлық жағына назар аударатын инвестордың көзімен қарайтын болсақ, оның екінші қыры ашылады.

Қарапайым пенделердің түсінігі бойынша, ақшаң бар екен, оны жаратып, қызығын көр. Яғни, жарқырап киін, ішіп-же, ойнап-күл, қысқасы өмірдің бар қызығын көріп қал. Міне, сонда сен өзіңді бақытты өмір сүрдім деп айта аласың. Ал югославтық жазушының кейіпкері сияқты бар өміріңді ақша табуға, оны үнемдеп, сандығыңа толтырып жинауға бағыштап, өзің аш-жалаңаш, жүдеу тірлік кешсең — бұл ақымақшылық болады. Шынында солай ма?

Ақшасы көп бай адамдардың өміріне назар аударып қараңызшы, олар мол ақшаны оңды-солды шашып, шалқып өмір сүреді. Майкл Джексон деген американдық атақты әншінің 50 бөлмелі зәулім сарайы болыпты. Бір баласы мен әйелі бар шағын отбасы үшін 50 бөлмелі сарайдың қажеті бар ма? Тіпті, ол көп бөлмелерге ешқашан басын да сұқпаған болар. Оған 4-5 бөлмелі шағын котедж жетіп артылар еді. Дегенмен де, шалқып өмір сүрудің жайы осы екен деп, бай адамдар сондай ақымақ істерді жасап жатады. Олар ақшаларын өте қымбат, шындығында онша қажеті жоқ дүниелер алуға жұмсайды. Мейрамханаларға бір барғанда қыруар ақшасын тастап кетеді. Аса қымбат алтын сағат, әшекейлер тағынады. 10 мың доллардың алтын сағаты мен 10 доллар тұратын қарапайым сағат шындығында бірдей уақыт көрсетеді.  5 мың доллар тұратын кәстем нен 50 долларға сатып алған кәстөмнің де онша көп айырмасы жоқ. Соған қарамастан, байлар өте қымбат заттар сатып алып, ақшаларын ысырап етіп жатады.

Одан қалды казиноға барып, мыңдаған доллар ақшаларын тастап кететіндер, аса қымбат қонақүйлерді жалдап, қымбат яхталармен қыдыру, аса қымбат автокөліктер сатып алу сияқты өте көп ақшаны қажет ететін шаруаларды жасауға ондай жандар әрдайым дайын тұрады. Бұның бәрін байлар өмірдің қызығын көру, рахаттану үшін жасайды. Және неғұрлым көп ақшаны шашсаң, соғұрлым көп рахат аласың деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, егер істің мәніне тереңірек үңіліп қарар болсаң, мол ақшаны шашу қандай адамға да ешқандай қуаныш әкелмейді. Ақшаны шашып, өмірдің қызығын көремін деген пенденің бар табары көп ақшасын, уақытын, күш-қуатын босқа сарып қылу ғана.

 Жоғарыда айтып кеткен югославтық жазушының кітабындағы бар өмірін ақша жинауға бағыштаған әйелдің әрекетінің жұртшылық назар аудармаған көлеңкелі екінші жағына ой жүгіртіп қарар болсақ, қоғам арқылы санамызға сіңіп қалған бақыт туралы түсініктің өзіміз ойлағандай ақиқат еместігіне көз жеткізер едік. Көп бейнетпен тапқан ақшаларын ысырап қылып, щашудағы адамдардың басты мақсаты — өмірдің қызығын көру, сол арқылы бақытты болуға ұмтылу екендігі белгілі. Ал “Бикеш” романының кейіпкері әр тиынын үнемдеп, өмірдің қызығынан ерікті түрде бас тартады. Ол мейрамханаға бармайды, қымбат киім, әшекей сатып алмайды, зина жасап, тән қызығын қумайды. Сонда ол сонша ақшаны не үшін жинайды? Кез-келген ақыл-есі дұрыс адам осындай сауал қояры анық.

Өзін өзі дамыту ғылымының кәсіби білікті сарапшысы германиялық Бодо Шефердің  ақшаны үнемдеу, оны сақтап көбейтуге арналған бірнеше сериалдық фильмдерін көрген едім. Оның пайымынша, бай-бақуатты болу үшін көп ақша табу міндет емес. Аз жалақымен де, егер ақшаңды үнгемді пайдаланып, жинақтап, оның көбейту шараларын жасайтын болсаң, бақуаттылыққа қол жеткізуге болады. Және ақшаны үнемдеу аш-жалаңаш қалып, қиындық көру емес, керісінше адамға үлкен қанағат сезімін әкелетін жағымшы іс. Бодо Шефердің айтуынша, ақшаны үнемдеуді үйреніп алған адам әрбір үнемдеген тиыны үшін қуанып, үлкен қанағат сезімін табады.  Ал енді осы түсінікті “Бикеш” романының сараңдықпен өмірін өткізген басты кейіпкеріне пайдаланып көрелік.

Бар өмірін жападан жалғыз өткізген, әр тиынын үнемдеп, соңында мол ақша қалдырған әйелдің әрекеті сырт қараған адамға ақымақшылық және еш қуаныш әкелмейтін пайдасыз іс сияқты көрінетіні белгілі. Дегенмен де, істің байыбына тереңірек үңіліп, ақыл таразысына салып қарар болсақ, ол әйел бар өмірін қуанышты көңіл күймен, үлкен қанағат сезімінің ықпалында өткізгенін ұғынуға болады. Ол әрбір үнемделген тиынынан үлкен қанағат сезімін табады, ал анда-санда сандығын ашып қойып, алтын монеталарды алақанына салып қарап отыру арқылы мол қуанышқа кенеледі. Осы арада мына жайға назар аударып қараңыз: өлгелі жатқан әкесінен “ешкімге сенбе, ақшаңа ұқыпты бол, оны сақта” деген өсиет  естіген қыз бар өмірін ақшасын үнемдеп пайдалануға және барынша мол ақша жинауға бағыштайды. Алғашында әке өсиетін орындау мақсатында жасалған бұл іс кейін келе көңіліне қанағат сезімін орнықтырып, өзін ақшасы көп бақуаттымын деп ойлауға, сол арқылы қаржылық жағынан ешкімге тәуелсіз еместігін түйсінуге, ақшаның буына елігіп, содан рахат алуға жеткізеді. Сараң әйелдің ақшасын үнемдеуден, оны жинап, молайтудан алған көңіл рахаты ақшаларын ысырап қылып шашып, өткінші тән рахатын іздеген қарапайым пенделердің көрген қызықтарынан көп болмаса, аз емес еді. Қарапайым пенделер тән рахатын табу үшін көп ақшаларын, күш-қуаттарын, уақыттарын сарып қылатын және алған рахаттары тым мардымсыз аз, өткінші болатын. Ал сараң әйелдің көңіл рахаты тұрақты және тән арқылы сезінетін рахаттан әлдеқайда мол болды. Ақшасын үнемдеп, көбейту арқылы алатын көңіл қуанышы оның әрдайым санасында болды және күндіз де, түнде де сол қуанышты сезім күйінен арылмайтын. Оны қыс түскенше суық бөлмеде отыруға, қараңғы түскенше жарық жақпай, терезенің алдында отырып шұлық тоқуға, тіпті тойып тамақ ішпеуге мәжбүрлейтін күш — сол байлықтан алатын көңіл қуанышы болатын.

Егер де, адамның алатын рахаты мен қуаныш сезімін өлшейтін құрылғы болса, ақшаларын тән рахаты үшін жұмсайтын пенделер мен бар өмірін ақша жинауға арнаған “Бикеш” романының кейіпкерінің алған рахатының арасында ат пен түйедей айырма бар екенін анықтар едік және ол айырма қарапайым пенделердің емес, сараң әйелдің есебіне шешілер еді.

Тағы бір мысал. Қазақтың “Қозы Көрпеш, Баян сұлу” деген әйгілі жыры бар. Оның басты кейіпкері Баян сұлудың әкесі асқан бай Қарабай жұт болған жылы малдарын құдық қазып содан алған сумен суарып құтқарған Қодар деген алып күш иесі кейіпсіз жігітке қызымды беремін деп уәде етеді. Бірақ та, байдың қызы Баян сұлу әкесінің 90 мың жылқысын құдық қазып суарып құтқарған кейіпсіз Қодарды емес, сұлу, сымбатты бозбала Қозыны ұнатады. Баянға ақыл-есінен айрыла ғашық болған Қодар қызғаныштан Қозыны өлтіреді. Жігітінен айрылған Баян сұлу қайғыдан өзіне қол жұмсап өледі. Жырдың қысқаша мазмұны осындай. Оны оқыған әрбір адам кейіпсіз Қодарды жеккөріп, екі ғашықтың қосыла алмағанына күйінетіні дау туғызбас шындық. Дегенмен де, оқиғаның астарына тереңірек ой жүгіртіп қарар болсақ, оның басқа екінші қырының бар екенін аңғарамыз.

Жырдағы ұнанмсыз кейіпкер Қодардың ісіне қарап, оның соншалықты ұнамсыз еместігін түсінуге болады. Бар айыбы — кейіпсіздігі. Қазақ “Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу” дейді. Сыртқы кейіпі ұнамсыз болғанымен, алып күш иесі Қодар сөзінде тұратын және ақыл-есінен айрыла ғашық бола алатын үлкен жүректі азамат екенін жырды оқи отырып түсінуге болады. Ол шөл даладан 20-30 құлаш құдық қазып, 90 мың жылқыны суарып, оны бағып байдың малын аман алып қалады. Осыған разы болған бай жалғыз қызын беремін деп уәде етеді. Егер де Баян көркіне ақылы сай ару болса, өзін өлердей сүйетін және соны нақты ісімен дәлелдеген Қодарға әкесінің сөзін жерге тастамайын деп тұрмысқа шығар еді. Ол кезде “құда да тыныш, құдағи да тыныш” дегендей, тартыс та, талас та болмай, олар ерлі-зайыпты болып, бақытты ғұмыр кешкен болар еді. Өкініштісі сол, Баян сұлу әкесінің уәдесін аяқ асты етіп, өзіне өлердей ғашық жанды кейіпсіздігі үшін кеудесінен кері итеріп, тек сұлу, сымбаттылығы үшін қалыңдық іздеп жүрген бозбалаға жүрегін сыйлайды. Оның осы ойсыз ісінің ақыры өзі сүйген жігітін құрбан етіп, өзі де қайғы жұтып өмірден өтуге ұшыратады. Ол аз десеңіз, қызға ғашық болып, сол үшін сонша бейнет тартқан Қодарды қызғанышқа ұрындырып, кісі өлтіруге итермелейді.

Енді осы іске әрбір құбылыстың көрініп тұрған беткі жағын ғана назарға алмай, көрінбейтін көлеңкелі қырларын да зерттеп, зерделеу арқылы ақшадан ақша жасауды меңгерген кәсіби инвестордың көзімен қарап көрелік. Таразының бір басында сұлу сымбатты бозбала тұр, екінші жағында кейіпсіз болса да еңбегі адал Қодар тұр. Екеуі де Баян сұлуға өлердей ғашық. Қайсысы тиімді күйеу болар еді? Сымбаты мен сұлулығынан басқа ештеңесі жоқ Қозы ма, әлде қара күшін де, өмірін де  сүйгенінен аямайтын Қодар ма? Егер Баян сұлу дұрыс таңдау жасап, Қодарға тұрмысқа шыққанда, онда қайғылы оқиға орын алмаған болар еді. Бұл — ақиқат шындық.

Діндар ғұламалардың арасында айтылатын мынадай сөз бар: бізге жақсы көрінген нәрсенің жамандығы, ал жаман көрінген нәрсенің жақсылығы болады. Өкінішке орай, бұл ақиқатты әрбір нәрсенің көрініп тұрған қырын ғана емес, көрінбейтін көлеңкелі жақтарын да көре алатын данышпан жандар ғана түсінеді. Осындай түсінікті игерген жандардың өмірі толымды болады, өйткені олар өздеріне пайда әкелетін әрекеттерді залалды нәрселерден айыра біледі және пайдалы әрекеттер жасау арқылы өмірлерін жеңілдетеді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама

"Ақиқат" сайтының Кітап дүкенінен әдеби, танымдық қызықты кітаптар ала аласыз. Ол кітаптардан сіз көптеген пайдалы ақпараттар тауып, оны нақты өмір тәжірибеңізге қолдануыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Яндекс.Метрика