Уағыз айтқыштарға тиым болмай тұр

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазақтың танымал талантты жазушысы Мұхтар Мағауин КСРО тараған соң ислам діні елімізге ене бастағанда халық имандылыққа жүзін бұрды деп қуанып едік, бұл дін  жақсылық емес зиян әкелді деп жазған еді. Елімізде  мешіттер қаптап салынып жатыр, намазхандар саны күн санап өсіп барады, бірақ бұдан халық иманды болып кетпеді. Керісінше, сақал қойып, намаз оқығандардың, имам-молда сияқты дін қызметкерлерінің арасындағы естір құлаққа ерсі теріс істер көбейіп, бұның өзі қарапайым жұртшылықты исламнан аулақтатуда.  Ал соңғы жылдарда интернетте қаптап кеткен уағызшылардың әрекеттері халықтың дін исламға деген сенімін азайтып, тіпті реніші мен жеккөрінішін арттыруда.

Қазір ерінбеген имам-молдалардың бәрі әлеуметтік желілер арқылы уағыз айтатын болды. Жәрайды, уағыз айтсын, егер де адамдарды имандылыққа үндеп, жақсы әдеттерді бойына сіңіруге насихаттап жатса оған еш реніш жоқ. Бірақ та, әлгі уағызшылардың айтқандарын естігенде олардың дін ілімінен мүлдем аулақ, әлдекімдерден естігендері мен ойдан шығарылған бірдеңелер екендігін сезгендей боласың.  Бұндай уағыздар адамдарды дінге тартпайды, керісінше діннен аулақтатып, ислам дініне деген жеккөрініш пен  жиіркеніш туғызады.

Сол имамдар қандай уағыз айтады дейсіз ғой? Енді соған назар аударып қаралық. Бір имам былай деп соғып отыр. «Әйелі бар адам жұмаққа кірсе, -дейді әлгі имам. – Әйелі онымен қоса жұмаққа кіреді және оған қоса 70 үр қызын береді, ал әр қыздың 10-нан қызметшісі болады. Осылайша, бір әйелі бар мұсылман жұмаққа кіргенде оған 701 қыз беріледі.  Егер де, сенің 4 әйелің болса, онда 2804 үр қызын аласың, ойлап көр 2804 қыз» -дейді ол ыржалаңдай күліп. Жасыратыны жоқ, соңғы кездегі имам-молдалардың уағыздары осындай нәпсіқұмарлықтан аспай жүр.

Иегінің астында бес тал сақалы бар бір имам былай дейді: Пайғамбардың зәрі  көбіксіз өте мөлдір болған. Құмырада тұрған пайғамбардың зәрін бір сахаба білмей ішіп қояды. Өте дәмді екен және сусыны қанады» -дейді ол. Ал енді осы видеоға комментарии жазғандардың арасында біреу «сонда пайғамбар құмыраға немесе сусын ішетін аяққа дәрет алатын болған ба?» деп жазыпты.  Мына имамның сөзіне қарағанда пайғамбар  далаға шығуаға ерініп, түнде құмыраға дәрет алатын болғаны ма? Бұл не далбаса?  Бұндай есуастықты басқа емес, сақал қойған имам-молда айтса, оған не деуге болады?

«Ойбай, несін айтасың керемет білімді» деп жұрттың сілекейі шұбырып, мақтап жүрген тиктоктан шықпайтын Нұрсұлтан деген жас иамам бар. Сол айтады ораза ұстаған мұсылмандардың ауыздарынан  шығатын сасық иісті періштелер жақсы көріп, сондай ораза ұстағандардың қасында болады екен деп. Ау, ауыз бекітіп, ашыққан адамның аузынан сасық иіс шығады деп кім айтты? Керісінше, түрлі тамақпен қарнын тойдырып, асқазаны қорытуға шамасы жетпей жататын тамақсау адамдардың ауыздарынан жаман иіс шығып тұрмай ма.  Жалпы, имам-молдалардың арасында осындай өте надан және дін исламның беделін арттыратын емес, қадірін қашыратын уағызсымақтар өте көбейіп кетті. Соларды естіген зерделі адамдардың дінге деген көзқарасының дұрыс болмайтындығы анық.

Соңғы кезде ислам дініне қарсы бағытталған шабуалдар көбейіп барады. Швециядағы Құранды қайта-қайта ел алдына шығып өртеп жатқандарды былай қойғанда, біздің елімізде ата-бабамыз ұстаған дәстүрлі дін деп тәңіршілдікті уағыздап, исламға сол арқылы қарсы шығатындар көбейді. Дінсіз атеистер де исламға тістерін көрсетіп қояды. Әлеуметтік желілерде қазір тәңіршілдер мен ислам дінін ұстанушылар арасындағы тартыс барған сайын өршіп барады.

Ал исламның өз ішіндегі сәләфиттер мен ханафиттердің текетіресі де уақыт өткен сайын ушыға түсуде. Таяуда Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде намаз оқып тұрған сәләфитке ханафит мәзхабын ұстанушының  жұдырық жұмсап ұрып жыққаны туралы видео интернетте кең таралды. Бұның өзі ислам дінінің өз арасында да, өзгелермен қатынасында да  өзекті мәселелердің өршіп тұрғанын көрсетеді.

Имам-молдалар әлеуметтік желілер арқылы уағыздарын таратып, ауыздарына келгенді  айтуы дін исламның беделін арттырып жатқан жоқ, керісінше абырой-беделден жұрдай етіп, қарапайым халықтың дінге деген жеккөрінішін өршітіп жатыр. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы неге уағызды жөнге қоймайды, кім көрінген надан имам-имолдалардың интернет арқылы ауыздарына келгенді айтуыларына неге тосқауыл жасамайды деген сауал көкейге оралады. Егер ақыл таразысына салып қарайтын болсаңыз, уағыз айтып жүрген имам-молдалардың әрекеті ислам дінінен халықты бездіруге, оны жұртшылыққа жеккөрінішті етіп көрсетуге бағытталғандай әсер қалдырады. Бұны олар қасақана жасай ма, әлде білімсіздіктің салдарынан істей ме, белгісіз.  Қалай болғанда да, мұндай зиянкес әрекетке ҚМДБ қатаң тиым салып, уағыз мәселесін белгіленген ереже-шарт негізіне келтіріп, реттеуі керек. Бұлай болмаған жағдайда, енді біраз жылдардан кейін ислам діні қазіргідей қалың бұқара ұстайтын дін болудан қалып, халық  одан іргесін аулақ салатын болады.  Халық «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» демей ме.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика