Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Қасиетті Құранда күн мен түннің, жаз бен қыстың ауысуында зерделі адам үшін Алланың белгілері бар деп айтылған. Өкінішке орай, адамдардың бәрі бірдей зерделі емес, сондықтан да көзге көрініп тұрған Жаратқанның белгілерін түсіне де, сезіне де алмайды. Әр адамға Алланың өлшеп берген өмірі бар, ол да зер салып ақыл көзімен қараған пендеге анық байқалып тұрады. Бірақ та, көкірек көздерін надандық шелі басқан пенделер осы көзге көрініп тұрған белгіні де байқамайды.
Әдебиетте «алтын уақыт» деп уақытқа алтынды қосақтап айтатын дәстүр бар. Шындығында уақыт алтын сияқты, тіпті одан да бағалы игілік. Өйткені, уақытты сіз алтынға да сатып ала алмайсыз. Осындай аса бағалы игілікті бірақ та, адамдар еш қадірлемей, оны босқа ысырап етеді. Қараңызшы, таңертеңнен кешке дейін телефонға үңіліп, әлеуметтік желілердегі өсек-аяңды тыңдап, әйтпесе ойын ойнап, болмаса сериалдар қарайтындар бар. Олар өздеріне көк тиын пайда әкелмейтін сондай ұсақ-түйектерге алтын уақыттарын ысырап қылып жатыр. Ал сол адамдар ертең ажал жақындағанда өмірді бір сәт те ұзарта алмай, уақытын босқа кетіргеніне іштей өкінетін болады.
Адам өмірі ақыл таразысына сала қарасаңыз 4 бөліктен тұрады: 1-балалық шағы; 2-жастық шағы; 3-орта кезең; 4-егде және қарттық шақ. Алғашқы үш кезеңде адамдар алдарында ешқашан бітпейтін ұзақ ғұмыр тұрғандай сезініп, уақыттарын босқа рәсуә етеді. Ал егде жасқа келген кезде алда қарттық пен ажалдан басқа ештеңе қалмағанын түсініп, уақытының аздығын ішкі түйсікпен сезіне бастайды. Дегенмен де, соған қарамастан, адамдардың басым көпшілігі алтын уақыттың қадірін әлі де түсінбей, уақыттарын пайдасыз бос нәрсеге жұмсауды жалғастырады. Жекелеген жандар ғана уақытының аз қалғандығын түсініп, оны пайдалы және өзіне жан рахатын әкелетін істерге жұмсауға талпынады.
Бұрын жұмыс істеп жүрген кезімде уақыттың қадірін мүлдем түсінбей келдім. Тезірек жұмыс күні аяқталса, демалыс келсе деп асығумен өмірімнің қалай өткенін де сезбей қалған екенмін. Ал зейнет демалысына шыққан соң жұмысты тастап, толайым демалысқа кеттім. Міне, сол кезде бұрын байқалмаған мына ақиқат алдымнан шықты: өмірімнің бар қызықты шақтары артта қалып, енді егделік пен қарттыққа жетіппін және ажал да ақырындап жақындап келеді екен. Бұрын өзім ойлап келгендей алдымда ұзын-сонар бітпейтін ұзақ ғұмыр емес, ертең шолтаң етіп үзілетін қысқа өмірдің қалғандығын ішкі түйсікпен ұғына бастадым. Міне, сол кезде уақыттың қадір-қасиетін анық түйсіндім. Енді бұрыныдай уақытымды бос пайдасыз істерге жұмсауды доғарып, қалған өмірім мен бақи дүниедегі жайымды ойлап, соған қажетті істерге уақытым мен күш-қуатымды жұмсауға талпына бастадым.
Веда ілімінде Кала деп аталатын уақыт – Жаратқанның бір сипаты ретінде айтылады. Яғни, уақыт – бұл Алланың қуаты. Сол қуатты дұрыс пайдаланып, өзінің болашағы үшін пайдалы істер жасауға жұмсаған адамдарды Құдай көңілдеріне сенім мен үміт ұялатып, марапаттайды, ал уақыттарын өзіне де, өзгеге де еш пайдасын тигізбейтін бос шаруаларға арнап, рәсуә еткен пенделерін Алла көкейлеріне үрей мен қорқыныш, өкініш салып, жазалайды. Осы арада мынаған назар аударып қараңыз: уақытын бос өткізіп, тойларға, қонаққа барып, өсек-аяң айтып, немесе қысыр әңгімемен өткізетін жандардың көңіл күйлері әрдайым басыңқы болады, еңселерін езген көңілсіздіктен арыла алмайды және қызығы сол, олардың бір пайдалы шаруа атқарайын деп ниеттенсе, уақыттары жетпей жатады. Ал керісінше, уақытын осы дүние үшін және бақи әлем үшін қажетті істерге арнап, пайдалы шаруалар жасаумен өткізетін жандардың көңілдері әрдайым көтеріңкі болады, өздерін сергек, қунақ сезінеді және жақындап келе жатқан ажалдан да, күн сайын күшейіп бара жатқан кәріліктен де онша қорықпайды.
Әскерден келгесін ауылда біраз уақыт құрылыста жұмыс істедім. Бір күні құрылысқа ауылда молда болып жүрген бір ақсақал келді. Үстінде әппақ көйлек пен дамбал киген, аяғында тәпішке. Киімі де, сақалы да әппақ қарияның жүзінен иман нұры төгіліп тұр. Көздерінде от бар, жасына қарамай қимыл-қозғалысы ширақ. Ақсақалдың мына түріне қарап біздер күліп жібердік. «Алла деңдер, балалар, Алла деңдер» дейді ол. Ақсақал кеткесін біреу «о дүниеге – жұмаққа барамын деп чемоданный настроениеде қутыңдап жүргенін қарашы, шалдың» деді. Шынында да, ол кісінің жүзінен жақындап қалған ажалдан қорқу емес, керісінше тезірек бақи әлемге кетсем деген бір қуанышты үмітті ойдың лебі анық сезілгендей еді.
Бхагавад Гитада Тәңірі Кришна «Мен күнәкарларға қорқынышты ажал болып келемін, діндар тақуалардың көкейіне қуаныш, үміт саламын» дейді. Осы арада мынаған назар салыңыз: қартайған адам жақындап келе жатқан ажалдан қатты қорықса – бұл оның уақытын текке өткізіп, күнаға батқанын сездіреді. Ал уақытын тиімді пайдаланып, бақи дүние үшін қажетті иман мен сауапты мол жинаған адамда ажалдан қорқу сезімі мүлдем болмайды.
Бұдан не түйіндеуге болады? Қартайған әрбір жан ажалдың жақындағанын, уақытының аз қалғанын сезініп, уақытын тиімді өткізуге, бұл дүниеде көңіліне қуаныш әкелетін жағымды істермен айналысып, бақи дүние үшін қажетті иман мен сауап, білім мен тәжірибе жинауға жұмсауы қажет. Сонда Әмірші – уақыт сізге жазалаушы емес, жарылқаушы ретінде қарап, көңіліңізге үміт пен қуаныш нұрын құяды.
