Жағымпаздықты ауыздықтайтын заң қажет

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Түріктің ұлы жазушысы Әзиз Несиннің бір әңгімесі бар, қаланың мэрі туралы. Сол қалада тұратын элита аталатын топ өз араларынан бір адамды мэр етіп сайлайды. Бірақ, арада бірер жыл өткенде әлгі сайланған мэр көзін шел басып, ойына келгенді жасап, аузына келгенді айтып есерсоқ болып кетеді. Екіншісін сайлайды, ол да соның кебін құшады. Осылайша біраз адам мэр болып сайланып, ақыл-естерінен айрылып, жындыхананың клиентіне айналады. Содан элита өз ішінен шыққан асып-таспайтын, сабырлы, ақылды бір кісіні мэр болуға үгіттейді. Бірақ, әлгі аяқ-қолын бауырына алып, болмаймын деп ат-тонын ала қашады. Дегенмен, жан-жақтан жабылған жұрт оны әзер дегенде мэр болуға көндіреді. Бірақ, сайланған адам мынадай шарт қояды: «мені мақтамайсыңдар». «Жәрайды, құп болады» дейді басшы табылғанына қуанған жұрт.

Содан жаңа сайланған мэр білек сыбанып жұмысқа кіріседі. Дегенмен, жағымпазданып үйреніп қалған адамдар кездескен жерде-ақ оны жер-көкке сыйғызбай мақтап, жаңа басшының жұмысына таңдай қағып тамсанумен болады. Жаңа мэр құлағын басып қанша қашса да, жағымпаздардан құтыла алмайды. Ақырсында арада бірер жыл өткенде ол да есіріп, ақыл-естен айрылып жынды болып кетеді…

Бір қарағанда Әзиз Несиннің әңгімесі ойдан шығарылған жай сияқтанғанымен, шындығында мұндай жағдайларды қай-қайссымыз да өмірден үнемі көріп, куәсі болып жүреміз. Қазақ «семіздікті қой ғана көтереді» дейді. Мақтауды көтеретін адам жоқ. Жер-көкке сыйғызбай мақтап жатса, кез-келген адам ақылдан айрылып, шындықтан аулақ кетеді. Бұл – ақиқат.

Егер жағымпаздық мемлекетті басқарып отырған үлкен тұлғаларға қатысты жасалса, оның зардабын халық тартады. Тарихқа ақыл көзімен ой жүгіртіп қарайтын болсаңыз, бұған мысал жетіп артылады. Жамбыл атамыздың «Күн көсем» деп Ленинді күнге теңегені белгілі. Содан ол кісіге партия басшыларының бірі енді Сталин жолдасқа да  осындай теңеу арнаңыз дейді. Күн айтылып кетті, жұлдыз немесе ай десе, дәрежесі төмен болып қалады, содан қатты қысылған ақын «Сталинге теңеу таба алмай, қарт Жамбылдың сасқан жер» депті дейді. Сол теңеу таба алмай сасқызған Сталинді айналасындағы жағымпаздар тірі құдайға айналдырғаны тарихтан мағлұм. Тірі құдай халыққа қаншалықты зардап шеккізіп, қайғы-қасырет әкелді. Ол да тарихтан мәлім.

Бұдан түйер ой: жағымпаздық жалпы адамзат баласына қатер төндіретін өте қауіпті, жаман құбылыс. Жалпы, жағымпаздық әлсіздіктің көрінісі. Әлсіз, дарынсыз адамдар жағымпаздық арқылы қолында билігі, байлығы бар адамдардың көңілдерін тауып, жақсы қызметке қол жеткізуді мақсат етеді. Жағымпаздардың бар көксейтіні – осы.

Жағымпаздардан біздің еліміз, оның ішінде қазіргі өмір сүріп жатқан ұрпақ та аз зардап шекпегендігі барша жұртқа мәлім. Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Нұрлы көш» деп аталатын жұмыс істемейтін ешкімге пайдасы жоқ бағдарламалар, Назарбаев мектебі, университеті, әуежайы, Нұр-Сұлтан қаласы, Елбасының атындағы көшелер мен орнатылған ескерткіштер… Бұның бәрін жасаған сол жағымпаздар. Жағымпаздық барлық елде бар ғой, дегенмен, біздің жағымпаздар барша әлем жағымпаздарын шаң қаптырып, көш басына шықты деп нық сеніммен айтуға болады. Әлемнің бір де бір елінде қазір де, өткен замандарда да ел басқарған тұлғаның атын ел астанысына көзі тірісінде беру деген жай болған емес. Бұндай құрмет, тіпті Сталинге, Ленинге де бұйырмаған.

Жалпы, қазақ халқында өткен ғасырларда жағымпаздық деген құбылыс онша көп болмаған. Өйткені, көшпенді тірлік кешкен қазақтар еркін өмір сүрді. Үш жүздің басын қосып, хан болған Абылайға «Әй, Абылай, Абылай, мен сені алғаш көргенде, үйсін Төле бидің түйесін баққан құл едің» деген сөзді айтқан Бұхар жырау қарапайым халық өкілі еді. «Хан емессің, қасқырсың, хас албасты басқырсың» -деп Жәңгір ханның көзіне айтқан Махамбет те қазіргі түсінікпен айтқанда қарапайым ел азаматы болатын. Ал бүгінде президентке осылай айта алатын бір адам бар ма? Жоқ.

Ханына да, бай-бағыланы мен би-төрелеріне де қаймықпай шындықты қасқайып айтатын қазақ неге бүгінде жағымпаз, жалтақ  болып кетті? Тарихқа назар аударсаң, бұл қасиеттің орыспен қосылғаннан кейін келгенін бағамдауға болады. Орыстың крепостной мұжығының құқы құлдың деңгейінде болды. Бүтін бір деревняны тұрғындарымен қоса барин сатып жіберетін. Кездескен кезде мұжық бариннің алдында тізерлеп тәжім етіп, қолын сүйетін. Осындай орыстан тараған құлдық сана қазаққа да патша заманында, одан кейінгі кеңес дәуірінде ақырындап санаға сіңірілді.  «Лично вам, дорогои Леонид Ильич» деп сөз бастайтын партия қызметкерлері жағампаздықтың қыр-сырын әбден меңгерді.

Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс хан айтты деген мынадай сөз бар: «Мен жауларымды сыйлаймын, өйткені олар босаңсымай, әрдайым сақ жүруіме көмектеседі, мен бейтарап адамдарды сыйлаймын, өйткені олар жақсымды жақсы, жаманымды жаман деп шандықты айтады, мен жанымда жүрген жағымпаздардан қорқамын, өйткені олар көзіме мақтап, жақсы мен жаманды айырудан қалдырып, көрсоқыр етеді».

АҚШ-тың президенті Рузвельт былай деп жазыпты: «Бала күнімде бірде мектептен қайтып келе жатып темір ұстаханасының жанынан өттім. Темір ұстасы көрік басып, темірді соғып жатыр екен. Қызық көріп соған біраз қарап тұрдым. Ол өзі қу кісі екен, аузын ашып таңырқап тұрған маған «көрік басып үйренгің келе ме» деді. Содан жауабымды күтпестен, кел мында отыр, мен саған көрсетемін деді. Маған көрікті қалай басатынын түсіндіріп берген соң,  көрік басуға кірістім. Ол менің мақтауымды келістіріп «тамаша басады екенсің, керемет» деп отырып, екі сағаттан астам жұмыс істеткізді. Үйге қалжырап әзер жеттім. Содан кейін ұстахана тұрған көшені айналып өтетін болдым және осы оқиға маған үлкен сабақ болды. Егер мені біреу себепсіз көзіме мақтай бастаса-ақ, оған меннен бірдеңе қажет болып тұрғанын сезе қоямын».

Дегенмен де, саясаткерлердің бәрі Шыңғыс хан, Рузвельт сияқты әрнәрсеге байыппен қарйтын данышпан емес. Жағымпаздардың жылтыр сөзіне алданатындар көп және олар өздеріне де, басқаларға да залалын тигізіп, жағымпаздардың мүддесіне қызмет ететінін ұға қоймайды. Ал жағымпаздар өз мүдделерін өте жақсы біледі және басқаларды өте шебер пайдалануды әбден меңгерген.

Үлкен мінберден «Елбасындай ерен ұлы бар ел бақытты» деген бұрынғы Мәжіліс депутаты, кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Хаменова 5 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін істі болып, абақтыға қамалды. Жалпы, бүгінде басшы қызметтер атқарып, жемқорлықпен айналысып сотты болғандардың 99 пайызы жағымпаздар. Осыған қарап-ақ, жағымпаздықтың қаншалықты қауіпті екенін аңғарасың.

Елімізге есімі белгілі бір сазгер Елбасыға арнап шығарған күйін өртеп жіберіп, енді президент Тоқаевқа арнап жаңа күй шығарғанын айтыпты, ал «Нұрсұлтан менің құдайым, сеннен басқа құдай жоқ» деп жырлаған Балтабек деген ақын Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап ода жазыпты. Қазір әлеуметтік желілерде президентке арнап мадақтау айтып жатқан адамдар жиі кездесе бастады. Яғни, жағымпаздар желдің қайдан соғатынын бағамдап, енді жағыну обьектісін де өзгертуге кіріскендей.

Президент Тоқаев бір журналистке берген сұхбатында жағымпаздықты ұнатпайтынын, олардың сөзіне құлақ аспайтынын айтты. Бірақ та, ойға алған мақсаттарына жетпей тоқтамайтын, өлермен жағымпаздар президенттің сөзіне құлақ аса қояр ма екен?!.  Қазірдің өзінде тілдері салақтап ит сияқты Мемлекет басшысының қай жағынан келіп, қалай жалаймын деп жанталасқан жағымпаздарды арнайы заң арқылы тыймаса, тоқтату еш мүмкін емес. Көзге мақтаған адамды әкімшілік жазаға тартатын заң қабылданса, бұл жаман және залалды құбылыс ақырындап қалар еді. Айыппұл сомасы мейлі, үлкен болмай-ақ қойсын, бірақ жағымпаздығы үшін жазаланды деген айыпқа тартылудың өзі қоғамда үлкен пікір туғызып, жағымпаздықты кәсіп еткендер аяқтарын тартатыны анық.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика