Жасанды интеллект адамзаттың досы ма, дұшпаны ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Соңғы кезде жасанды интеллект деген сөзді жиі еститін болдық. Бұрын тек фантастикалық шығармаларда ғана кездесетін бұл сөз бүгінде өмірімізге ақырындап еніп, күнделікті тірлігіміздің ажырамас бөлігіне айналып бара жатқандай. Әзірге адамдар жасанды интелектіні түрлі салаларда мамандарды ауыстыратын тиімді көмекші ретінде қарастырғанымен, жекелеген салаларда жасанды интеллектінің адамдарды ығыстырып шығарып, оларға залалын тигізіп жатқан жайлары да ұшырасып қалады. Бұл әзірге оншалықты көп кездеспегенімен, уақыт өткен сайын ол адамзат үшін үлкен өзекті мәселеге айналу қаупі бар.
Жасанды интелект сенімді көмекші
Чат бот деп аталатын программаны қазір қызмет көрсету салалары мен сауда ұйымдары өте жиі қолданады. Арнайы маман кеңесші ұстап, оған қыруар ақша төлейтін мекемелер қазір осы программаны орнатудың арқасында клиенттердің сұранымына ие жоғары деңгейдегі қызмет көрсететін болды. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарының сайтына кіріп, түрлі мәселелерге байланысты ақпарат алғыңыз келді делік. Алдыңыздан чат бот программасының терезесі шығады. Не сұрайсыз, қандай мәселе бойынша ақыл-кеңес қажет деп алдыңызды көлденеңдеген терезеге сұрағыңызды жазсаңыз болды, әп сәтте жауабы шығады.
Осылайша, сіз халыққа қызмет көрсету ортылығына бармай-ақ, интернет арқылы қажетті ақпараттарды түгел ала аласыз. Бір мезгілде мыңдаған адам кіріп жата ма, бәрібір, барлығына да программа мүдіріссіз жауап беріп, қажет ақпараттарын алуға көмектеседі. Чат бот программасында сол мекемеге қатысты клиенттердің қоятын сұрақтары мен нақты жауаптары алдын ала дайындалып қойылады. Адам сұрақ қойса-ақ, оның дайын жауабын алады.
Чат бот программасын қазір сауда мекемелерінен бастап, денсаулық сақтау орындары, халыққа қызмет ететін түрлі салалардың мекемелері жиі пайдаланады және бұл үшін жеке маман ұстаудың қажеті жоқ, яғни шығынсыз.
Бүгінде екінші деңгейлі банктердің бәрінің дерлік интернетте қосымшалары бар. Сол қосымашалар арқылы банк аударымдарын жасауға, депозит, есепшот ашуға, ақша аударымын жасауға болады. Бәрі де автоматтандырылған, яғни компьютерлік программаның көмегімен жасалады. Ал Каспи.кз қосымшасы арқалы дүкендерден тауар сатып алып, түрлі төлемдер жасауға, тіпті автобус пен таксидің жолақысын төлеуге болады. Мейрамхана, дәмханалардан тамақ ішіп, каспи қосымшасы арқылы ақша аударатындар көп бүгінде. Қалтасына ақша салмай, тек телефоны арқылы банк қосымшаларының көмегімен ақша аударатындар қатары көбейіп барады.
Осылайша, жасанды интеллект өмірімізге жыл өткен сайын тереңдеп еніп, ол күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып та үлгірді. Ертеректе робот аталатын жасанды интеллект тек ғылыми жетістіктер көрмесінде ғана болса, қазір оны түрлі салаларда көп қолдана бастады. Автоматтандырылған шаңсорғыштан бастап, шөп шабатын машиналар, кір жуатын, тамақ істейтін құрылғылар қазір қарапайым халық үшін қолжетімді затқа айналды. Уақыт өткен сайын жасанды интелектіні қолданатындар қатары көбейіп барады. Соңғы жылдарда шетелдік мейрамханаларда робот даяшыларды пайдалану кең таралып келеді. Компьютерлік программа орнатылған арба столдың жанына келіп, клиенттен тапсырысты алады. Менюге қарап, мынадай тамақтарды аламын деп белгі қоясыз. Тапсырысын алған арба жөніне кетеді. Сәлден соң сіз тапсырыс берген тамақтарды әкеледі. Рас, оны арбадан клиенттің өзі алып столына қояды. Сосын есеп айырысып, телефон арқылы ақшасын аударады.
Бұндай робот даяшыларға ақша төлеудің қажеті жоқ және олар күндіз-түні уақытпен санаспай жұмыс жасайды. Яғни, арзан жұмыс күші. Батыс елдерінде, Қытайда робот жүргізушілерді жолаушы тасымалы саласында жиі пайдаланатын болды. Биыл көктемде Мәскеуде тұңғыш рет компьютерлік бағдарламамен басқарылып, жұмыс істейтін «Яндекс такси» жұмысын бастады. АҚШ-та алыс елді мекендерге жүк тасымалдайтын жүк көліктерін жасанды интелектіге басқаруға беруге қарсы жүргізушілердің наразылық шеруі өтті. Жұмыссыз қалған жүргізушілер жасанды интелектіні алып тастауды талап етуде.
Қоймалардағы жұмыс, жүк тиеу, автокөлік жүргізу, тіпті баланы жұбатуға дейін атқаратын роботтар пайда болуда. Бұның өзі адамдарды көп салалардан ығыстырып шығырып, олардың міндетін жасанды интелектіге жүктеу арқылы алпауыт мекемелердің ақша үнемдеуіне жағдай жасауда.
Жасанды интеллект арқылы мақала жазу түкке тұрмайтын болып қалды. Кез-келген тақырыпта, қалаған көлеміңізде мақаланы әп-сәтте жазып береді. Оны айтасыз, реферат, диплом жұмыстары, тіпті ғылыми диссертацияларды да жасанды интеллектінің көмегімен жаздырып алатындар бар. Ауруға диагноз қою, медбикелердің қызметін алмастыру, қашықтан оқыту арқылы ұстаздық қызмет атқару да жасанды интеллектіге түк емес. Ұшақтарды да жасанды интеллект автоматты түрде басқарып, баратын жеріне жолаушыларды еш кедергісіз жеткізе алады.
Сөйтіп, жасанды интеллект барған сайын барлық салаға еніп, ең күрделі деген жұмыстарды да қиналмай жасайтын болды. Соңғы кезде шет елдерде бақуатты адамдар пайдаланатын «ақылды үйлер» түгелдей жасанды интеллект арқылы басқарылады. Ал 3d принтерлердің өмірге келуі жасанды интеллектінің құрылыс, өнеркәсіп салаларына белсенді енуіне мүмкіндік ашуда.
Таяуда Алматыда бір фирма 3d принтер арқылы тапсырыс берушілерге небары 24 сағатта 2-3 қабатты сәулетті котедждер салып беретіндігі туралы ақпарат таралды. Тапсырыс беруші өзі қалаған макет бойынша үй салдыра алады. Сапалы және сәнді үйді 3d принтер 24 сағаттың ішінде салып бітіреді. Рас, есік-терезесін орнату, ішкі әрлеу жұмыстарын адамдар жасайды. Дегенмен, үйдің іргетасынан бастап, шатырына дейінгі ең негізгі жұмыстарының бәрін жасанды интеллект атқарады.
Жасанды интелектінің залалы
Таяқтың екі ұшы болатындығы сияқты, жасанды интеллект адамдардың жұмыстарын жеңілдетіп, қолын ұзартумен бірге, кері әсерін тигізетін жайлары да қазір анық байқалып отыр. Жасанды интеллектінің адамдарға тигізер ең үлкен зияны, нарық жағдайында өзекті мәселе болып табылатын жұмыссыздық деңгейін одан әрі көтеруге ықпалын тигізетінінде. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, АҚШ-та кен өндіретін үлкен компания жүк тасымалдайтын автокөлік жүргізушілерін түгел жасанды интелектіге ауыстырғандықтан, жұмыссыз қалған мыңдаған адам наразылық шеруіне шыққан. Қытайда соңғы жылдарда таксиді жасанды интеллекті арқылы жүргізу кең таралып келеді. Бұл да мыңдаған адамдардың жұмыссыз қалуына ықпалын тигізіп отыр.
Ресейдің мамандары таяудағы онжылдықта жойылып кету қаупі бар мамандықтар тізімін жариялады. Олардың ішінде бухгалтер, заңгер, баспа саласының қызметкерлері, журналистер бар. Бұл жұмыстардың бәрін қазір жасанды интеллект атқарады. Яғни, аталмыш мамандықтар ақырындап түгелдей жасанды интеллектінің атқаруына беріліп, ондағы мамандар жұмыссыз болып қалмақ.
Ертеректе кассир деген мамандық болды. Оның міндеті қызметкерлердің айлық жалақыларын банктен барып алып келіп, тізім бойынша тарату болатын. Дегенмен де, жасанды интелектіге негізделген карталық жүйенің шығуына байланысты, бұл мамандыққа қажеттілік түгелдей жоғалды. Қағаз баспа құралдарына деген сұраныс та уақыт өткен сайын кеміп барады. Бланка өнімдерін әр мекеме өз қажеттіліктеріне орай өздері басып алатын болды. Осыған орай баспаханалар саны күрт кеміп кетті. Бұрын әр бұрышта тұратын газет-журнал сататын дүңгіршектер қазір мүлдем дерлік жоғалды. Интернеттің таралуы қағаз баспа құралдарын ақпарат алаңынан ығыстырып шығарды. Болашақта қағаз газет-журналдар жойылып, оның орнын сайттар мен порталдар басатын сияқты.
Жасанды интеллектінің залалы түрлі мамандықтар бойынша мамандарға деген сұранысты жойып, жұмыссыздықты көбейтуге әсер етумен шектелмейді. Оны адам өлтіретін қауіпті қару ретінде пайдалану да белең алып барады. Ресей мен Украинаның соғысында жасанды интеллект арқылы басқарылатын ұшқышсыз ұшақтар кең қолданылуда. Осы қауіпті қарудың көмегімен мыңдаған адам ажал құшып жатыр. Жасанды интеллект арқылы басқарылатын снарядтар, бомбалар да бар. Осылайша қазір адамдар жасанды интеллектіні қатерлі қаруға айналдырып, оның қаупі уақыт өткен сайын күшейіп барады. Осылай жалғаса берсе, фантасикалық фильмнің кейіпкері болған адам өлтіргіш әмбебап солдат роботтардың шығатын кезі де келіп қалатын сияқты.
Жасанды интелектіге негізделген хакерлік программалар арқылы жеке адамдар мен мекемелердің ақшасын, басқа да мүліктерін ұрлау оқиғалары жыл санап көбеюде. Мәселен, хакерлік программа арқылы біреу банктің жүйесін бұзып, ондағы ақпараттар базасын ұрлап алады да, көп ұзамай клиенттердің есепшотындағы ақшаларын ұрлайды немесе солардың атына қашықтан кредит құжаттайды. Бұндай қылмыстар өкінішке орай уақыт өткен сайын көбейіп барады.
Жасанды интеллектінің болашағы
Жыл өткен сайын өміріміздің барлық салаларына тереңдеп еніп бара жатқан жасанды интеллектінің болашағы туралы қазір ешкім де дәл басып жауап бере алмайды. Дегенмен де, мына нәрсе айқын: адамдар оны қалай және қандай мақсатта пайдаланады, жасанды интеллектінің адамзатқа пайда немесе залал әкелуі соған байланысты болмақ. Қылмыскердің қолындағы пышақ суық қаруға айналса, дәрігер хирургтың қолындағы дәл сондай пышақ адам өмірін сақтап қалатын құрал болады. Әзірге жасанды интеллектінің адамзатқа тигізер пайдасы мен залалы итжығыс түсіп жатқан жайы бар. Оны еңбек өнімділігін арттырып, қызмет сапасын, жылдамдығын жақсарту үшін пайдаланушылар бар да, жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта, кісі өлтіретін қару ретінде пайдаланушылар бар.
Қазір жасанды интеллектке адамдардың бауыр басып, үйреніп алғаны сонша, онсыз өмірді көз алдарына елестете алмайтын болды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметінен бастап, дәрігердің кезегіне тұру, пойыз бен ұшаққа билет сатып алу, ақша аударымдарын жасау – бәрі де жасанды интеллектіге негізделген программа арқылы жасалады және бұл барша жұртшылыққа қолжетімді. Осыған орай, оған деген қажеттілік күн өткен сайын артпаса, кемімейді. Ал бұл жасанды интеллектінің уақыт өткен сайын қарыштап дамып, өміріміздің барлық саласына кеңінен енетінін көрсетеді. Яғни, біз қаласақ та, қаламасақ та, жасанды интеллект жыл санап дамый береді.
Қазіргі технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан кезеңінде білікті сарапшы мамандардың пайымынша, адамдар ертең қажетсіз болып далада қалмау үшін болашағы бар бірнеше мамандықтарды меңгеріп алулары қажет. Программашы, смм менеджер, сео менеджер, аналитик сияқты интернет мамандықтардың болашағы зор. Қазір үлкен сұранысқа ие дәрігер, мұғалім, заңгер мамандықтары болашақта жасанды интеллектінің дамуына орай ақырындап қажетсіз бола бастамақ. Міне, сондықтан да әр адам өз болашағы үшін осы бастан қам жасап, заман талабына сай мамандықтар алуға тырысқандары жөн.
Қалкөз Жүсіп.