Журналист. Ақын. Аудармашы

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ұзақ жылдар «Арқа ажары» газетінде қызмет істеп, газеттің үлкен жүгін көтеріскен қарымды қаламгер Амангелді Жұмабектің фәни дүниеден озғанына да бір жылдың жүзі болыпты.  Әріптестері «Арқа ажарының» сары өгізі» деп әзілдеп атайтын Аужекеңнің  газеттегі орны ерекше еді. Ол ұзақ жылдар газеттің ең ауыр және жетекші бөлімі саналатын экономика бөлімін басқарды және қазақ журналистері үшін ауыр тақырып болып отырған қаржы, экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың  жілігін шағып, жеріне жеткізе жазатын қарымды журналист болды.

Мен Аужекеңмен 1989 жылдың күзінде танысқан едім. Ол кезде Қима аудандық «Дала таңы» газетінде қызмет істеймін. Аужекең біреулердің жазған шағымы бойынша талдау материал жазу үшін ол кезде «Коммунизм  нұры» аталатын облыстық газеттен іссапарға келген екен. Аудандық газетте істесем де облыстық газетке жиі жазып тұрамын. Мақалаларымды былай қойып, очеркім мен әңгімем де жарияланған.  Аужекең маған «Қалкөз деген сенсің бе? Мен сені жазғаныңа қарап , жасы біразға келген адам ба десем, жап-жас жігітсің ғой» деді таңырқап.

Бір-бірімізді бірінші рет көріп, таныссақ та, адам жатырқамайтын ақкөңіл Аужекең маған кетерінде «Қаламың қарымды, қабылетің бар жігіт екенсің, саған орта керек, бізге келсейші» деп қалды. Бүгінгідей рушылдық, жерлестік дегенге қарамай қабылетіне қарайтын Аужекең сияқты жанашыр ағалар талай жасқа шарапатын тигізіп, өмір жолын ашқанын көріп, куәсі болдық. Кейінірек «Арқа ажарына» қызметке кріген соң жақын танысып, бірге талай іссапарларға да шықтық.  Сонда оның өзім білмейтін біраз қырларымен, кәсіби биік деңгейімен жан-жақты танысуға мүмкіндік болды. Ол қазақ журналистері онша бара қоймайтын экономика тақырыбын шемішкеше шағатын.  Шаруашылықтарға барғанда мамандармен ауыл шаруашылығы жұмыстары туралы сол саланың қыр-сырын түгел білетін кәсіби маман сияқты сөйлесетін. Мен Аужекеңнен  көп нәрсені үйрендім. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша талдау мақалаларын үтір, нүктесіне де дейін қалдырмай оқып шығатынмын.

Аужекең өте еңбекқор болды. «Ятран» деп аталатын электр машикасы болатын. Таңертең жұмысқа келе сала машинканы тарсылдатып, жұмысқа кіріседі.  Біреулер келіп амандасып әңгімеге тартса, «тұра тұр, тұра тұр» дейтін қолын сілтеп. Жұмыс істеп жатқанда ешкіммен сөйлеспейді, қашан материалды жазып бітіргенше бас алмай жұмыс істейді.

Газеттің бірінші, екінші, үшінші беттері Аужекеңнің мойнында. Ол жоқтан бар жасап, ауадан алғандай кабинетінде отырып-ақ көлемді мақалаларды төгілдіріп жазып тастайды. Телефонмен сөйлесіп бір-екі цифр мен адамның атын-жөнін алса жетеді. Газетке материал жетпеген кезде  жауапты хатшының орынбасары Нәқаң (Нағима Тасқызы)  мынанша жол материал керек дейді. Аужекең  «пять минут» деп жұмысқа кіріседі де, машинкасын тарсылдатып отырып сұраған материалын жасап береді.

Қандай мекеме, ұйымда болмасын жұрт алдына шығып көсіліп сөйлеп, өзін көрсетуге ұмтылмайтын, әрдайым тасада, көлеңкеде жүріп-ақ, сол елеусіз қалпымен көп шаруа тындыратын, мекеме жұмысының ауқымды бөлігін мойнына алған еңбекқор жандар болады. Аужекең де сондай адам еді. Ол газеттің бір қабырғасын тіреп тұрды деп айтуға болады. Газеттің әр шыққан нөмірінде Аужекеңнің ауқымды еңбегі, қолтаңбасы болатын. Содан болар оны әріптестері қалжыңдап «редакцияның сары өгізі» дейтін. Яғни, редакцияның бар жұмысын өрге  өгізше сүйрейтін еңбекқорлығына берілген оңды баға еді бұл.

Амангелді Жұмабектің мықты ақын екенін айналасындағылар болмаса, былайғы жұрт біле қоймайды. Өйткені ол өзін дәріптеп, өлеңдерін оңды-солды басылымдарға жариялап немесе кітап қылып шығарып  жарнамалауға құлшынбайтын. Өз басым өзі еңбек ететін «Арқа ажарында» Аужекеңнің өлеңдерінің жарияланғанын көрмеппін.  Анда-санда әлдекімдерге арнаған кейбір өлеңдерін беріп қоятыны болды. Сөз саптасы, ұйқастары қаламы әбден қалыптасқан қарымды ақын екендігін бірден сездіреді. Оның әр кезеңде жазған өлеңдері де аз емес-тін. Егер басқа пысықай біреу болса сол өлеңдерін жинақтап, кітап етіп шығарып, басқа белді басылымдарға беріп, ақын ретінде танылар еді.  Аужекең ондай өзін өзі жарнамалаудан аулақ болды және «мен ақынмын» деп кеуде қақпайтын.

Аужекеңнің тағы бір мықты қыры – аудармашалығы еді. Ол қарапайым мақаладан бастап, көркем шығармаларды, өлеңдерді де жеріне жеткізе өте шебер аударатын. Оның аудармасын оқып отырғанда орыс тілінің мәтінін мағынасын еш бұзбай қазақы нұсқаға қалай шебер айналдырғанына таңдай қағып тамсанар едің.

Қалам ұстағандардың арасында мерейтойларын дүрілдетіп атап өтіп, кітаптарын шығарып, өздерін жұртқа көрсетуге ұмтылатындар аз емес. Журналистігі мен ақындығы, аудармашылығы қатарластарынан бір бас жоғары тұрса да Аужекең мерейтойларын дүрілдетіп атап өтіп, кітаптарын шығарып, әкім-қаралардан сый-сыяпат дәметуден аулақ болды. Ол өзінің осындай қарапайымдылығымен-ақ өзін танитын айналасындағылардың үлкен құрметіне бөленді.

Аужекеңнің жұрт білей қоймайтын және  өзі де онша  көрсетуге  құлшына қоймайтын тағы бір қыры болды, ол – әншілігі еді. Оның онжылдықты бітірген соң консерваторияға оқуға түсіп, бір жылдай оқығандығын екінің  бірі біле бермейді. Ауыл адамдарының арасында ол кезде әнші, биші деген адамды бұзатын  жеңілтек мамандық  деген түсінік болды. Аужекең де сол ағайын-туыстарының айтуымен әншілік мамандықтан бас тартады. Анда-санда редакция қызметкерлері бас қосқанда ашық дауысымен ария әуенінде халық әндерін айтатыны бар-ды. Егер консерваторияны бітіріп, өнер жолына түскенде халыққа танымал жақсы әнші болар ма еді, деген ой келеді.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы. Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді данышпан Абай. Амангелді Жұмабектің соңында өлмейтұғын  тасқа басылған сөздері қалды. Бар өмірін шығармашылықпен өткізген адамға бұдан өткен бақыт болмаса керек.

Қалкөз Жүсіп.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика