637 көрілім

Материалистік ғалымдар атам заманнан осы күнге дейін алдымен идея болған ба, әлде материя болған ба деген сауалға жауап таба алмай бастарын қатырып жатыр. Бұл мәселеге фәни философия тұрғысынан емес, кәдімгі адами қисынға салып қарайтын болсақ, алдымен идеяның дүниеге келетінін бағамдауға болар еді.
Мәселен, сіз үй салу үшін бірден іргетасын құйып, содан кейін қабырғасын қалап кірісіп кетпейсіз ғой. Алдымен болашақ үйдің нобайын көз алдыңызға елестетіп, көңіліңізде пісіріп аласыз. Ол үш, бес бөлме бола ма, есігі, терезесі қайда қарайды және қанша болады дегенді ақылға салып аласыз. Бұны – жоба дейді. Яғни, бәрі идеядан, анығырақ айтқанда ойша болашақ нысанның бейнесін жасаудан басталады. Ал бұны қарапайым ұғымға салар болсақ – арман деп айтуға болады.

Барлық іс армандаудан басталады.

Адамды биіктерге бастап, жаңа істерге құлшындыратын құдырет – арман. Алдымен адам армандап, егер осындай мақсатқа жетсем, мынадай игіліктерге ие болар едім деп қиялдайды. Сол қиял-арман келе-келе нақтыланып, одан жоспар пайда болады. Сол жоспарды іске асыру арқылы адам алғаш пайда болған қиял-арманын нақты іске асыруға мүмкіндік алады.

Егер адамнан армандау қасиетін алып тастасақ, ол дамымай, өшіп қалар еді. Бүгінгі биік өркениетке қол жеткізуіміз үшін де біз арман деп аталатын тамаша қасиетке қарыздармыз. Жюль Верн деген француз жазушысы осыдан екі ғасырдай бұрын снаряд арқылы Айға ұшып бару туралы фантасикалық хикая жазды. Сол кезде бұл қиял болып саналса, қазір ол нақты жүзеге асты. Снаряд, яғни реактивті қондырғы арқылы адам баласы Айға ұшып барды.

Өкінішке орай, арман деген барлық адамның бойынан табылатын қасиет емес. Адамдардың көпшілігі армандай алмайды. Иә, арман деген олар үшін ақылға сиымсыз нәрсе, бос уақыт өткізу. Бар ақыл-ойлары күнделікті тірлік дейгейінде қалған ондай пенделер ешуақытта өспейді. Бұл – шындық.

Алдыңызға арманнан бастау алатын нақты мақсат қойыңыз.

Егер сіз алдыңызға арманнан бастау алатын биік мақсат қойсаңыз, өмірде міндетті түрде биік жетістіктерге жететін боласыз. Бұл – ойдан ышғарылған қиял-ғажайып әңгіме емес. Мұны сондай биіктерге қол жеткізген әлемге танымал тұлғалардың өмір жолы мен ұстанымдары анық дәлелдейді.

Американдық құрылыс магнаты, миллиардер Дональд Трамп өзінің «Ешқашанда берілме» деген кітабында табысқа жету үшін нақты жоспар жасап, сол жоспарды жүзеге асыру қажеттігін айтады. Жоспар қалай жасалады? Сіз алдыңызға өзіңіздің шамаңыз жететін, мүмкіндігіңізге сәйкес келетін мақсаттарды қойып, соған жетудің жолдарын белгілейсіз.

Мәселен, сіздің айлық табысыңыз қазір 100 мың теңге болса, сіз алдығы 2-3 жылдың ішінде оның көлемін 1 миллионға жеткіземін деп мақсат қоясыз. Нақты жұмыстар жүргізу арқылы сол мерзім ішінде сіз ойыңызға алған жоспарыңызды орындайтын боласыз.

Арман неғұрлым асқақ болса, соғұрлым биіктерге жету мүмкіндігі ашылмақ.

Егер сіз өзіңіздің мүмкіндігіңізге қарап, осындай мақсатқа жетемін деп сонымен шектелетін болсаңыз, болашақ даму мүмкіндігіңізді жоясыз. Мәселен, мынау төбеге шықсам, онан басқаның қажеті жоқ деп санайтын альпинист Эверест сияқты асқақ шыңдарды бағындыра ала ма? Жоқ. Оның бар жетістігі әлгі төбемен шектеледі.

Сол сияқты егер сіз алдыңызға қолжетімді мақсат қана қойып, соған жеткен соң арманым орындалды деп санайтын бослаңыз, тоқырайсыз. Сондықтан да, Дональд Трамптың пікірінше, адам алдына ақылға сиымсыз асқақ арман-мақсаттарды қоюы тиіс. Айына 100 мың теңге алатын сіз алдыңызға миллиардер боламын деген мақсат қоятын болсаңыз, бұл асқақ арман сізді биіктерге жетелейтін болады.

Бәлкім сіз арманыңызға жетерсіз, бәлкім жете алмассыз, мәселе онда емес. Ең бастысы, сіз ешқашан тоқталмай, өле-өлгенше алға жылжумен боласыз. Бұл сізге төбешікке шығып, тоқтап қалуға жол бермейді. Сіз өз мүмкіндігіңізден әлдеқайда жоғары биіктерді бағындыратын боласыз. Сондықтан, ақылға симайтын асқақ армандардан қашпаңыз. Қазіргі даму жетістіктеріміз үшін де біз сондай ақылға сиымсыз асқақ армандарға қарыздармыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика