Құдай туралы не білеміз (жалғасы)

Барлық дәстүрлі діндердің ең басты мақсаты – адамдарды Құдайға қызмет етуге тарту, оның тиімді тәсілдерін меңгеруіне көмектесу. Өкініштісі сол, дәстүрлі діндердің барлығы дерлік, өздерінің осы басты міндетіне назар аудармай, адамдарды жаттанды діни шарттарды орындауға жұмылдырудан аспай отыр. Осыған орай, дәстүрлі діндерді ұстайтындардың бәрі дерлік, өздері құлшылық етіп жүрген Құдай туралы ештеңе білмейді және Жаратқанның пенделерден не қалайтынын, діни парыздарды орындаудың не үшін қажеттігін жете түйсінбейді.

Құдайдың тіршілік иелерінен қалайтыны не?

Қасиетті Құранда «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» деген аят бар. Яғни, Құдайдың пенделерден тілейтіні – Өзіне құлшылық етулері екен. Құдайға қызмет ету – бұл жалғыз саналы адам ғана емес, барша тіршілік иелерінің табиғи болмысы. Бһагавад Гитада Тәңірі Кришна барша тіршілік иелері Өзінің мәңгі ажырамас бөлшектері екендігін айтады.

Мысалы, менің саусағым, менің ажырамас бөлшегім. Егер саусағымды кесіп алып тастаса, ол денеден бөлектенеді және өзінің саусақ қызметін атқарудан қалады. Саусақ денемен бірге тұрғанда ғана өз міндетін атқарады. Сол сияқты әрбір тіршілік иесі Жаратқанның мәңгі ажырамас бөлшегі, сондықтан осы табиғи ахуалын түйсініп, бар әрекетін Құдайға бағыштаса, сонда ғана табиғи болмысын табады.

Денеден бөлініп қалған саусақтың өлі затқа айналатыны сияқты, Құдаймен байланысы үзілген пенде де өлі мүрде іспетті болып қалады. Ондай пенде хайуан сияқты 4 әрекет шеңберінде өмір кешеді, яғни ішіп-жейді, ұйықтайды, шағылысады және қорғанады. Адамды хайуан дәрежесінен көтеретін жалғыз әрекет – рухани әрекет, яғни Құдайға қызмет ету.

Иога – Құдаймен байланысты қалпына келтіру өнері

Индустардың мыңдаған жылдық тарихы бар иогасының басты мақсаты – адамның Құдаймен байланысын қалпына келтіру. Мына фәниде тіршік кешіп жатқан пенделердің бәрі Құдаймен байланысын үзіп алып, табиғи болмысынан аулақтағандар. Иога сол үзіліп қалған байланысты қалпына келтіруге көмектеседі.

Егер индустардың иогасына ой жүгіртіп қарайтын болсақ, оның ислам, христиан сияқты дәстүрлі діндермен егіз қозыдай ұқсас екенін бағамдауға болады. Ислам дініндегі намаз оқу, индустардың хатха иогасына қатты ұқсайды.

Ислам, христиан, иудей сияқты дәстүрлі діндердің бәрінде жалпы халыққа арналған діни шарттарға қосымша, сол діни парыздарды орындау арқылы нақты нәтижеге жетудің амал-тәсілдері бар. Ислам дінінде шариғат, тарихат және мағрифат деген амалдар діни парыздарды орындаудың нәтижелілігін қамтамасыз етеді.

Шариғат дегеніміз – бұл ішіп-жеуге болатын және болмайтын тағамдар, айтуға болатын немесе болмайтын сөздер, істеуге болатын және болмайтын әрекеттердің жиынтығы. Яғни, діни ереже-шарттар. Тиым салынғаннан тиылып, рұқсат етілгендерді жасап, міндет етілген парыздарды орындап жүру – діни парыздарды орындаудың нәтижелілігін қамтамасыз етеді.

Тарихат деген – бұл ынта-ықылас, яғни діни парыздарды ынта-ықыласпен, Аллаған бағыштап сүйіспеншілікпен орындау. Ыықылассыз атқарылған әрекет еш нәтиже бермейтіні белгілі. Құдайға құлшылық еткенде де ынта-ықылас болмаса, оның нәтижесі болмайды.

Мағрифат – бұл білім. Білімсіз жасалған әрекеттен жақсы нәтиже шықпайды. Кез келген мақсатқа жету үшін  мынадай үш түрлі нәрсе қажет: 1-ынта-ықылас; 2-білім мен тәжірибе; 3-нақты әрекет. Міне, осы үшеуін біріктіргенде ғана адам кез-келген арман-мақсатына жете алады. Дінде де солай. Жоғарыда айтылған шариғат, тарихат және мағрифат – үшеуін біріктіре әрекет еткенде ғана мұсылманның жасаған тағат ибадаттары нақты нәтиже бермек. Ал олай болмағанда, жасаған ибадаттарының бәрі құмға құйған су сияқты жоғалып кетеді. Яғни, еш нәтиже бермейді.

Құдаймен байланыс болмаса – діни шарттардан пайда жоқ

Діни шарттарды мейлі сіз он, жиырма жыл, тіпті өле өлгенше қалтқысыз орындап жүріңіз, бірақ егер ол әрекеттеріңіз Құдаймен нақты байланысыңызды қамтамасыз етпесе, оның еш нәтижесі болмайды. Мәселен, сіз бес-алты жыл университетте оқып, диплом алып шықтыңыз. Бірақ, оқыған мамандығыңыз бойынша теориялық іліміңіз бен практикалық тәжірибе біліктілігіңіз болмаса, дипломыңыз жәй қатырма қағаз болып қалады. Ондай дипломмен бәлкім сіз жұмысқа орналасарсыз, бірақ сол мамандық бойынша міндетіңізді орындай алмағандықтан, көп ұзамай қызметтен кетуге мәжбүр боласыз.

Барлық діннің ең бірінші және ең басты мақсаты – адамның Құдаймен байланысын қамтамасыз ету. Бұл міндет орындалмаса, онда сіздің оқыған намазыңыз, ұстаған оразаңыз, берген қайыр-садақаңыз, қажыға барғаныңыз – бәрі бос әурешілік болып қалады. Яғни, еш нәтиже болмайды.

Құдаймен байланысты орнату үшін не істеу қажет? Жоғарыда айтқандай, егер сіз ислам дінін ұстансаңыз, онда шариғат, тарихат, мағрифат деген амалдардың бәрін еш мүлтіксіз орындап жүруіңіз шарт. Оған қоса, мына жайды естен шығармау қажет: Алла біздің оқыған намазымызға, ұстаған оразамызға, берген қайыр-садақамызға еш мұқтаж емес. Оған біздің мұсылман болуымыз немесе дінсіз болуымыздың еш пайда-залалы жоқ. Алла ештеңеге мұқтаж емес.

Осы ақиқатты түсінген пенде намазды Алла үшін емес, өзі, яғни өзінің пайдасы үшін оқитынын жақсы біледі. Сондықтан, ол жанын салып, бар ынта-ықыласымен назаз оқиды және Жаратқаннан іштей оқыған намазын кемшіліктері мен олқылықтары болса кешіп, қабыл етуін жалбарына сұрайды.

Осы арада мынадай аса құпия жайды есіңізге сала кеткім келеді: Алла қазақ тілін біледі. Көп мұсылманбыз деп жүрген жандар Аллаға тек арабша ғана құлшылық ету қажет деп санайды. Бұл – дұрыс емес. Жаратқанға қазақша өз ойыңыз бен толғандыратын жайлар туралы жасырмай айтып, ақыл-кеңес сұрауыңызға, тілек тілеуіңізге болады. Бұл – пенденің Жаратқанмен байланысын нығайта түседі. Араб тіліндегі жаттап алған Құран сөздері сізді Аллаға жақындатпайды, қазақ тілінде шын жүрегіңізбен жалбарынсаңыз, сол сізді Жаратқанға жақындатып, Онымен байланысыызды нығайтады.

Құдайды адам қалай сезіне алады?

Қыстың күні күн жарқырап шығып тұрса да салқын болады, ал жазда керісінше күннің көзін бұлт бүркеп тұрғанына қарамастан, ауа райы ыстық болады. Неге? Өйткені, жердегі ауа райына тікелей әсерін тигізетін күн, сондықтан күннің жерге жақын, болмаса алыс болуы ауа райына нақты әсерін тигізеді.

Сол сияқты, діни парыздарын орындап жүрген пенде Құдайға жақын немесе алыс болуын – бойындағы имани жақсы қасиеттердің көп-аздығымен сезіне алады. Имани қасиет деген мыналар: қайрымдылық, кішіпейілдік, жомарттық, кешірімшілдік, мейрімділік, инабаттылық, сыпайылық, сабырлылық, төзімділік, нәпсіге бой алдырмаушылық, қарапайымдылық, уәдесінде тұрушылық, ұстамдылық – осылардың бәрі имани қасиеттерге жатады.

Егер сіз бес уақыт намазыңызды қаза жібермей, жыл сайын отыз күн оразаңызды ұстап, тиісті қайыр-садақаңызды беріп жүрсеңіз, өзіңізді таза мұсылманмын деп санасаңыз, бірақ бойыңызда жоғарыда аталғандай имани қасиеттер орнығып, уақыт өте келе көбейіп, күшейе түспесе, онда сіздің жасаған тағат ибадаттарыңыздың бәрі құмға құйған су сияқты нәтижесіз жойылып жатыр деген сөз. Бұл жағдай сіздің діни парыздарды орындауға қажетті үш шартты, яғни шариғат, тарихат және мағрифат дегендердің бәрін толық және толымды орындап жатпағаныңызды білдіреді.

Құдай көкте де, жерде де емес, Құдай әрбір пенденің жүрегінде. Веда ілімінде бұны барша әлемге таралған Параматма деп атайды. Адамның өз жүрегіндегі Құдайды сезіне алмауына жасаған күнәлары мен санасын жапқан надандық тұманы мүмкіндік бермейді. Адам діни парыздарын орындай жүріп, күнәсінен тазарған сайын, санасы ашылып, жүрегін бүркеген күнә тұманы сейіле түседі. Міне, сол кезде адам Құдайды нақты сезіне бастамақ.

Құдайды сезінгенін пенде қалай біле алады? Ең алдымен, ондай жан күнә әкелетін теріс әрекет жасай алмайды. Оны жасауға жүрегінде орналасқан Жаратқан мүмкіндік бермейді. Оны қазақ – ар деп атайды. Яғни, адамның ары жаман іске баруға жібермей, әрдайым тізгіндеп отырады. Тіпті, еркінен тыс пендені жамандықтан бой тартуға мәжбүрлейді.

Құдайға жақындаған сайын адам еркінен тыс айналасындағылармен тек жылы қатынас жасайды, сауап әкелетін жақсы істер істейді, жамандықтан бой тартады. Бұның бәрін ол еріксіз атқарады, яғни күн  сәулесі мол түсетін жаз айларында ауаның жылы болатыны сияқты, Құдайға жақындаған сайын пенденің жасайтын әрекеттері түгел  сауап әкелетін жақсы әрекетке айналады. Ондай пенде, тіпті жасаймын десе де жаман әрекет жасай алмайды, өйткені жүрегіндегі Жаратқан оны жаман әрекеттерден аулақтатып отырады.  

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика