Өмірімді өзгерткен кітап

1994 жылдың қазан айының бір жаймашуақ күні еді. Ол кезде Атбасар қаласында  қазақ тілінде шығатын аудандық «Атбасар» газетінің редакторы болып қызмет етемін. Сол тұста еңбек демалысын алдым. Демалысқа төленетін ақыға қоса екі айлық жалақы көлемінде қосымша сыйақы төледі. Осыған орай 10 мың теңгенің үстінде ақша алдым. Бұл ол кезде өте көп ақша.

Ақша қолға тиген соң ең алдымен көптен бері сырттай қарап қызығып, ақшам болса алар едім деп жүрген «Бһагавад Гита» кітабын сатып алдым. Қаланың орталығындағы орталық әмбебап дүкені жабық базарға айналған. Соның бірінші қабатында кітап сататын орын болатын. Анда-санда соғып кетіп, бірлі-жарым кітап алып тұратынмын. Сол кездерде мұқабасы қалың түрлі түсті суреттермен безендірілген Бһагавад Гитаға қызыға қарап, қолыма алып беттерін ашып  талай қарағанмын. Бағасы 700-800 теңгедей болды ғой деймін. Ол кезде бұл қымбат саналатын. Міне, сол сырттай қызығып жүрген кітапты сатып алдым.

Бһагавад Гитаны қолыма ұстап сыртқа шығып үйге қайтып келе жатқанда бойымды бір ғажайып сезім кернеді. Бұл менің өмірімнің бір өзгерісті сәті сияқты сезіндім. Шынында да ішкі үн алдамапты. Бһагавад Гита менің өмірімді 100 пайызға өзгертті. Өмірге деген көзқарасым, соған байланысты ақырындап мінез-құлқым, адамдармен қарым-қатынасым – түгел өзгерді. Бірнеше жылдың ішінде мен мүлдем басқа адамға айналдым. Неге бұлай болды және ол қалай жүзеге асты, бұның астарында не бар? Енді осы сауалдарға толығырақ тоқтала кетейін.

Адам маймылдан жаралды деген Дарвиннің эволюциялық теориясын мектепте оқып өскен мен де басқа замандастарым сияқты дінсіз атеист едім. Рас, ата-анамның, басқа да үлкен кісілердің ықпалымен аздап Құдайға сенетін сияқтанғаныммен, шын мәнінде атеистік көзқарас санамды толық билеп алған-ды. Содан болар, мен өлгеннен кейінгі өмірге, адамның тән емес жан екендігіне сенбейтінмін және өмірдің бар қызығы осы жалғанда деп ойлайтынмын.

Жастық шақта арақ та іштім, қыз-келіншектермен де аздап қыдырдым, жалпы алғанда басқа замандастарым сияқтя күнәкар тірлк кештім және бұндай әрекеттерді күнә деп ойламайтынмын. Дегенмен, мені басқалар сияқты күнәға белшеден батуға кедергісін келтіретін бір күш болатын. Мен оның барлығын алғашында мойындамай жүрсем де, кейін келе өміріме үнемі араласып, жолымды кескен әлгі белгісіз күштің барлығын еріксіз мойындауға тура келді.

Арақ ішсем, ауырамын, яғни арақты ағзаларым қабылдамайды. Темекіні үйрене алмадым, таныс жолдастарымның арасында темекі тартатындар болды, солғарға еріп аздап тартып та жүрдім, бірақ үйреніп кете алмадым. Ал қыздармен қыдырсам-ақ белгісіз бір күш кедергі келтіріп, араға қара мысық жүріп, жолымды кесіп өтеді. Менің өмірімде мынадай қызық құбылыс үнемі қайталанып отыратын. Өмірімнің қара жолағы тұқыртып, қиындық пен сәтсіздіктен көз ашпай, біраз тауқымет тартамын. Бір қырсықтан кейін екіншісі келіп, әбден титығыма тиеді. Содан бір күні қырсық аяқталып, ақ жолақ, яғни сәттілік кезеңі басталады. Енді еңсемді көтеретін болдым, бәрі біткен шығар деп сәл-пәл ес жия бастаған сәтте, қара жолақ тағы килігеді. Өмірім осылай үнемі үлкен қара жолақтар мен арасындағы сәл-пәл ес жиғызып, тыныс алдырар ақ жолақтардың алма-кезек ауысуынан тұрып жатты.

Мен болашағыма арнап көптеген жоспарлар мен мақсаттар жасадым, бірақ ешқайссы орындалмады, үнемі киіп кететін қырсықтар жолымды бөгеп, өзім ойыма да алмаған басқа бір қиырларға бастайтын. Яғни, менің өмірім алдын ала белгіленіп қойған тағдыр жолымен ескі сүрлеумен өтіп келе жатты. Одан шығамын, өмірімді өзгертіп, болашағымды өз қолыммен жасаймын деп қанша талпынсам да, еш нәтиже болмады.

Мен ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірдім. Жоғары курстарда философия тарихы деген пәнді өттік. Сол пәннің ықпалымен біраз уақыт философиямен айналыса бастадым. Ол менің өмір жолыма белгілі дәрежеде өз ықпалын тигізді. Кейінірек жазушы болсам деген арман-мақсатқа беріліп, Джек Лондонның айтқанындай, мықты жазушы болу үшін философияң, яғни өмірге деген өз көзқарасың мен ұстанымың болуы шарт деген қағиданы ұстанып, өз кейіпкерлерімді «өмірдің мәні неде» деген сауалға жауап іздейтін ойшыл адамдар етіп бейнелеуге күш салдым. Осының ықпалымен алғашында материалистік философияға ден қойсам, кейін келе діни пәлсапаға назар аудардым. 1990 жылдардың басында алғаш рет қазақшаға аударылған Інжілді оқып, діни пәлсапаға шындап көңіл аудара бастадым. Кейінірек Прабхупада аударған «Шри Ишопанишад», «Өзге планетаға саяхат жасаудың жеңіл жолы», «Учение Шри Чайтаниа» сияқты бірқатар кітаптар қолыма түсті. Содан кейін Құранның қазақша мағына аудармасын оқыдым. Осылайша, ақырындап діни пәлсапаға шындап ден қойып, зерделеп зерттей бастадым.

1994 жылдың қазанында Бһагавад Гитаны алғаш ашып, оқыған сәтте өмір бойы іздегенімді тапқандай қатты әсерге бөлендім. Мен Бһагавад Гитаны шөлдеп келген адамның суға бас қойып, тоймай ішетіні сияқты бас алмай әлденеше рет қайталап оқыдым. Бұл кітапты кемінде оншақты рет оқып шықтым. Қызығы сол, әр оқыған сайын жаңа ақпараттар алып, білім көкжиегім кеңи түсті. Қазір мына жайды батыл және нық сеніммен айта аламын: Бһагавад Гита менің өмірімді түгел өзгертті.  

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика