Әрекет арқылы өмірді қалай өзгертуге болады?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Мына фәниге келген кезде адамның қандай тән алатыны, қандай жетістіктерге жетіп, қанша жыл ғұмыр кешетіні – бәрі алдын ала бағдарлама іспетті жазылып қойылады. Бұны қарапайым пенделер – тағдыр деп атайды. Осылайша, тағдыр дегеніміз адам баласы дүниеге келген сәтінде алдын ала белгіленіп қойылған өмір жолы екен.

Дегенмен де, тағдыр деген еш өзгертуге болмайтын қатып қалған тас емес. Оны өзгертудің жалғыз жолы, яғни тәсілі – әрекет болып саналады.  Адам ойымен, сөзімен, нақты әрекетімен үнемі әрекет етіп жатады. Ұйықтаған кезде ғана адамның әрекеті тоқталады. Ал пенденің сол жасаған әрекеттерінің бәрі де еш өзгеріссіз кеңістікте жазылып, сақталады және болашақ өмір жолын айқындайтын бірден бір фактор болып табылады.

Адам өзінің әрекеті, яғни кармасын өзгерту арқылы алдын ала белгіленген тағдырын, болашақ өмір жолын да өзгертуіне болады дегенмен, пенделердің 90 пайызы бұл мүмкіндікті пайдаланбайды. Олар алдын ала белгіленген таптаурын тағдыр жолымен жел айдаған қаңбақтай ойсыз тірлік кешеді. Өмірді өзгерту саналы әрекеттен бастау алады. Яғни,  өміріне көңілі толмаған адам алдына нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төгеді және кездескен қиындықтардан тайсалмай ерік-жігерін серік етіп алға жылжиды. Осылайша ол ерте ме, кеш пе өзінің алдына қойған мақсатына қол жеткізеді. Яғни, өмір жолын алдын ала дайындалып қойылған сценариден өзгертіп, басқа бағытқа бұрады.

Үнді халқында карманы өзгертуге қатысты мынадай бір аңыз әңгіме сақталып қалған. Бір шағын қалада адамдардың болашағын қолмен қойғандай дәл болжап, айтып беретін жұлдызшы өмір сүріпті. Оның даңқы алыстарға кең таралады. Көп пенделер алыстан ат сабылтып жұлдызшыға келіп, болашақтарын болжатып алып жүреді. Күндердің күнінде жұлдызшыға алыс елден екі жас жігіт келеді.

Олардың алақандарына қарап, өзі ғана білетін таңба сызықтар арқылы жұлдызшы мынадай болжам жасайды. Ол бірінші жігітке: «сен бір жылдың ішінде байлыққа жетіп, әкім боласың» -дейді. Бұны естіген жігіттің қуаныштан жүзі гүл-гүл жайнап сала береді. Екінші жігіттің алақанына қараған жұлдызшы «сенің жолың болмайды екен, бір жылдың ішінде ажал құшасың» -дейді. Мынаны естігенде жігіттің көңілі жүдеп, жүзі қуқылданып кетеді.

Содан әлгі екі жігіт елдеріне оралады. Әкім боласың дегенді  естіген жігіт ұзақты күн арақ-шарап ішіп, ойына келгенді жасайды. Адамдардан қарызға ақша  алып, оны қайтармайды. Ақшасын сұрағандарға: «мен көп ұзамай әкім боламын, сонда сыбағаларыңды беремін»  -деп қоқан-лоққы көрсетеді. Ал ажалың жетеді дегенді естіген екінші жігіт болса өлімге мойынсұнып, бақи дүниеге дайындала бастайды. Ол Жаратқанға құлшылық етіп, жиған ақша-дүниесін садақа етіп таратады, сауапты істер жасап, бұрын ренжіткен адамдардан кешірім сұрайды.

Арада бір жыл уақыт зулап өте шығады. Әкім боласың деген жігітке байлық та, әкімдік те келмейді. Өлесің деген жігіт те ауырып-сырқамай бір жылды аман-есен өткізеді. Содан «бұл неге былай болды?» деген сауалдың жауабын алу үшін екеуі тағы да жұлдызшыға сапар шегеді. Жұлдызшы тұратын қалаға жақындаған кезде елсіз даламен төтелеп жол кеспек болған екеуі күтпеген жайға тап болады. Әкім боласың деген жігіттің аяғы әлденеге шалынып етпетінен оңбай жығылады. Қатты ашуланған ол аяғына оратылған тот басқан шынжырды қатты тартып қалғанында жер қабығы көтеріліп, астынан шұқыр көрінеді. Сөйтсе, шынжыр дегендері шұқырдың бетін жапқан қақпаққа бекітілген бау екен. Әлгі жігіт дереу шұқырға түседі. Содан шұқыр түбінде жатқан кішігірім сандықшаны алып шығады.

Сандықты ашып қараса, іші толған алтын ақша екен. Соны көріп қуаныштан естен айрылғандай күйге түскен жігіт ақшаға қолын салып, рахатты ойға беріледі.

-Жұлдызшының әкім боласың дегені жалған болса да, байлыққа жетесің дегені айнымай келген сияқты, -дейді ол. Сол кезде күтпеген оқиға орын алады. Орманда олжа іздеп жүрген ұры екі жігітті көріп бірдеңе ілініп қалар деп соңынан ереді. Ол әлгілердің шұқырдан сандық толы алтын тауып алғанын сыртынан қарап көріп тұрады. Күтпеген жерден бассалып, жедел қимылдаса алтын толы сандықты қолға түсірерін сезген ұры қанжарын жалақтатып бұқпантайлап жақындап келеді. Ол қанжарын алдымен беріректе тұрған жұлдызшы өлесің деген жігітке салмақ болады. Бірақ ұрыны байқап қалған жігіт әпжіл қимылдап онымен алыса кетеді. Қанжарын бір сермеп үлгірген ұры оның киімін жыртып, көкірек тұсын жарақаттайды. Дегенмен, күші басым түскен жігіт ұрының қанжарын қағып түсіреді. Қарусыз қалған ұры жандәрмен бассауғалап қашып кетеді.

Екі жігіт содан кейін еш қатерге ұрынбай жұлдызшының үйіне жетеді. Қызығы сол, жұлдызшы бұлардың келетінін және нендей сауалдарының барлығын алдын ала біліп отырыпты. Ол әкім боласың деген жігітке: «Сен тағдыр жазуы бойынша байлыққа жетіп, әкім болуға тиіс едің, дегенмен жаман әрекеттерің арқылы жиған жақсы кармаңды азайтып алуың себепті, осы бір сандық алтынмен қанағат етуіңе тура келеді. Бұл да аз байлық емес» -дейді. Ал ажалың бір жылда жетеді деген жігітке: «Сен өзіңнің жақсы әрекеттерің арқылы жаман кармаңды жойып, оны барынша азайттың. Соның салдарынан бүгін төніп келген ажалдан аман қалдың, тек киімің жыртылып, аздап кеудеңе сызат түскені болмаса» -дейді.

Тағдырды қалай өзгертуге болады? –деген сауалдың жауабын осы мысалдан анық табуға болатындай. Яғни, тағдырды өзгертудің жалғыз жолы – жақсы әрекет, яғни сауапты істер жасау екен. Осылай ету арқылы пенде тағдыр жолына байланысты кездесетін жамандықты барынша азайтып, залалсыздандыра алады. Бірақ та, карма заңына сәйкес, қатерді толайым жойып жіберу мүмкін емес, ол пенденің өмір жолында міндетті түрде кездеседі, десе де,  қатердің ауыр, не жеңіл болмағы оның жасаған жақсы-жаман әрекеттеріне байланысты айқындалмақ.

Бұдан не түйіндеуге болады? Туған кезде өткен өмірінде жасаған жақсы-жаман істеріне сай алдын ала белгіленген тағдырды адам  саналы түрде өз пайдасына өзгертуіне болады. Ол үшін жақсы сауапты істер жасап, жаман карманы барынша азайту қажет. Міне, сонда өмір жолымызда кездесуі тиіс ауыртпалықтардан қиналмай өтіп, фәни жалғанда біршама жеңіл, бақытты өмір кешуімізге мүмкіндік тумақ. Бұның өзі «адам өз тағдырын өзі жасайды» деген қағиданың ақиқаттығын нақты дәлелдей түседі.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика