1890 жылы шыққан Құран табылды
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Биылғы жылдың көктемінде Зеренді ауданына қарасты Дөңгіл-Ағаш ауылының тұрғыны Болатбек Кәрімов үйінің шатырын жөндеп жатқан кезінде құндақтап оралған кітап тауып алады. Осындай кітап табылды дегеннен кейін мен ауылдың молдасы Жақия қажының баласы Сейфолланы апарып көрсеттім. Әрине бір жарым ғасырға жуық сақталғандықтан, кітаптың түсі оңып, біраз өзгерген екен. Кітаптың мұқабасында мешіттің суреті, арабша жазу және орысша «Проведена цензура 23 октября 1890 году. Санкт-Петербург» деген жазу бар.
Бұл үйді 1957 жылы Бекенұлы Қаппас деген кісі салып, 1977 жылы жұбайы Мақанқызы Күлбарам ағайыны Кәрімов Қабылтайға сатқан екен. Бұл кітаптың осы үйдің шатырында сақталуының себебін былайша түсіндіруге болады. Бекше — Тотақай баласы Итжаннан үш ер бала: Бегалы, Бекен, Мүсәйіп туған. Бекен 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында болыс болған. Ол кісінің салдырған үйі Кеңөткел ауылында мектеп ретінде біраз жыл пайдаланылып, қазір тұрғын үйге айналды. Ал Бегалы ауқатты адам болған. Мүсәйіпқа келсек, ол кісі Қызылсаяда Мейрам молла, Биіктесінде Масұғыт молла, Бірлестікте Ғарып молла, Жолдыбайда Қожахмет молла қатарлы Науан Хазыреттен тәлім алған діни білімі жоғары молла болған адам.
1929 жылы Совет Одағы балаларды оқыту үшін ашылған Қызыл отау шыққанға дейін Мүсәйіп молла Тотақай ауылының, көрші ауылдардың балаларына араб әліпбиін, Құранды оқытып үйреткен екен. Елге молда атымен танылған.
Нұралы балалары — Сапа, Шәрбан, Рүстем. Бегалы балалары – Сағит, Хамит, Аманжол. Бекен балалары – Қаппас, Сапура, Рәшит. Нұралы баласы Рүстем Әлиев Момақан имамның тұсында мешіттің ондық кеңесінің мүшесі болған. Бекен ұлы Қаппас жақсы оқыған білгір шәкірті ретінде аталған. Мүсәйіп атамыз Бөкей руынан шыққан Қожағұлқызы Бәтимамен отбасын құрып, Қадиша деген қызы болады. Ол кісі ерте қайтыс болғасын, ағасы Бекеннің екінші баласы Рәшитті бауырына салады. Ұлы Отан соғысы басталғанда жұрт қатарлы Бекеннің үш ұлы да соғысқа аттанған соң, Мүсәйіп шаңырақ көтерген Қаппас үйіне кіріп, соғыстың аяқ кезінде біздің үйде қайтыс болыпты. Бәйбішесі Бәтима да 1967 жылы көктемде біздің үйде қайтыс болды. Екеуі де Дөңгіл-Ағаш зиратына қойылған. Мүсәйіп атаны көрмегенмен, біздің үйде бұл кісінің кезінде шеберге жасатқан үш нәрсесі болды, олар: біріншісі – құран жәшік, екіншісі бауырына салған баласына жасатқан қазақи ертоқым, қазір менің үйімде сақтаулы, үшіншісі ағаш табақ, оны Айдарлы ауылындағы Дүйсен бабамызға арнап ашылған мектеп мұражайына тапсырғанмын, қазір сол мұражайда сақтаулы.
Әкем Бекенов Қаппас кезінде Петропавлда «Учительская семинарияны» тәмамдаған мұғалім болған, ол Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа білетін, себебі сол кісіден дәріс алса керек. Жұмабаев Өтелбай, Сағитов Хамит, Бижанов Қадіржан, Тәтиғожин Кенжебайлар бірге оқыған. Жоғарыда айтылған Итжанов Бекен 1937 жылы «халық жауы» аталып, Коми АСР-де лагерде жүріп қаза тапқан. Сондықтан халық жауының баласы ретінде қуғын көрген соң Булаев ауданында мұғалім болып жүріп соғысқа аттанып кеткен. Ол офицерлік курсты тәмамдап, партия қатарына алынып, аға лейтенант шенінде оралған. Бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін көп жылдар бойы атқарған. Ол кезде атейстік түсінік үстемдік құрып тұрған еді, сондықтан қасиетті Құранды үйде ұстау қауіпті болатын. Осы себепті ол кітапты үйдің шатырына жасырған сияқты.
Ұлы Абай: «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» деген. Атеистік түсінік үстемдік еткен кеңес заманында өмір кешсе де, аталарымыз Аллаға иман келтіріп, қасиетті Құранды құрметтегені осы жайдан анық байқалады. Таңғаларлығы сол, ғасырдан астам уақыт жатса да, Құранның шірімей, құрт-құмырсқаға жем болмай сақталуы. Бұл да Алланың құдыреті болса керек.
Қайдар Бекенов,
Қоныспай ауылы.
Зеренді ауданы.