4 сатыдан тұратын өмір мектебі

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қасиетті Құранда Алла мына фәни дүниені жәй ойыншық ермек үшін жаратқан жоқ деген мазмұндағы аят бар. Егер бұл фәни  дүниені жаратудың астарында бір мән болса, ол не? Алла бұл дүниені не үшін жаратты? Мақаламызда осы мәселеге қасиетті діни кітаптардың негізінде талдай отырып, назар аудармақпыз. Сонымен…

Өмір – мектеп

Иә, біз өмір кешіп жатқан мына фәни дүние – бұл мектеп. Мектепке келген адамның – мейлі ол бала ма, үлкен кісі ме, әйел, не ер адам ба, бәрібір, жалғыз ғана міндеті болады, ол – оқып, білім алу. Мектеп туралы айтқан бір ақынның «тарыдай боп кіресің, таудай болып шығасың» деген сөзі бар. Мектеп табалдырығын ештеңе білмейтін сауатсыз болып аттаған жас бала, он жылдан соң ғылымның барлық салалары бойынша фундаменталдық негіздегі білім алған, жан-жақты білімді жас бозбала болып шығады.

Ал біз өмір сүріп жатқан ӨМІР МЕКТЕБІ туралы өкінішке орай, бұлай деп айта алмаймыз. Өйткені, түк білмейтін  сәби болып өмірдің есігін аттаған адам 40, 50, 80, тіпті 100 жыл жасап, бірақ көп нәрсені түсінбеген күйінде бақи әлемге аттанып кетіп жатады. Өмір мектебінің өзгешелігі сол – онда кәдімгі мектептегідей жалақы алатын кәсіби ұстаздар жоқ, оның есесіне өмір жолымызда кездесетін көп адамдар бізге ұстаз болып табылады және ең басты ұстаз – ол ӨМІРДІҢ өзі.

Мен бала кезімде арақ ішіп мас болған, не болмаса аузына келгенді айтып қалжақтаған үлкен кісілерді көрсем, ақылы толмаған ақымақтықтарына таң қалушы едім. Менің сәби түсінігімде: жасы ұлғайған сайын адам ақылы толысып, сабырлы, байыпты, дана бола түсуі тиіс. Өкінішке орай, дап-дардай ересек адамдардың жас баланың қылығын жасап, сөзін сөйлеп қылжақтағандарын үнемі көріп, куәсі болып жүрдім. 

Ал араққа салынып, маскүнем болғандар, қылмыс жасап, бар өмірін түрмеде өткізетіндер, өле өлгенше зина жасап, ұрлық істейтіндер, т.б. осындай жаман әдеттерден өлгенше арылмайтын пенделер де аз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, егер өмір – мектеп болса, онда сол мектептен білім және тәлім алған адамдардың таным дүниесі кеңіп, жақсы мінезді, даналықты бойына ұялатқан азамат болып шығуы тиіс емес пе? Бірақ ондай деңгейге жетпеген адамдар саны көп қой, ендеше олардың бәрі өмір – мектепте оқып, білім және тәлім алудың орнына, уақыттарын текке өткізіп, бос жүргендер деп санауымыз қажет пе?

Мектеп бағдарламасы

Бәріміз оқып, білім алып шыққан мектептерде білім берудің арнайы бағдарламасы болады. Біз ғұмыр кешіп жатқан «өмір – мектебінде» де өз бағдарламасы бар. Бһагавад Гита және Шримад Бһагаватам деп аталатын санскрит тілінде жазылған ведалық ілімді түсіндіретін кітаптарда  адам өмірінің 4 сатысы туралы жан-жақты айтылады. Бұны шын мәнінде 4 сатылы бағдарлама десе де болады.

Енді осы сатыларға кеңірек тоқтала кетейік. 1 саты – артха деп аталады. Ол адамдардың тұрмыс жағдайын түзеуге, бақуатты болуға, бір сөзбен айтқанда материалдық жағдайларын жақсартуға негізделген. Қазақта «ораза-намаз тоқтықта» деген нақыл бар. Аш адам намаз оқып, ораза ұстамайды, оған күш-қуаты да, құлшынысы да жетпейді. Яғни, тамақ тойдыру, тұрмысты түзеу – адам тірлігінде ерекше орын алатын маңызды нәрсе.

2 саты – кама деп аталады. Тамағын тойдырып, баспаналы болған, тұрмысын түзеген адам енді  сезімдерін қанағаттандыру жайын ойлай бастайды. Ол үшін үйленіп, отбасын құрады, өзінің сәулетті үйін, байлығын көрсету үшін өзгелерді қонаққа шақырады, той жасайды, театр, концерттерге барып, рухани азық алады, мейрамханаларға, шипажайларға барып, демалып, көңіл көтереді. Бір сөзбен айтқанда, материалдық жағдайын жасаудан кейінгі адам үшін ең қажетті нәрсе – сезімдерін қанағаттандыру, яғни, өмірдің қызық-шыжығын тату болып табылады.

3 саты – дхарма. Қарны тойып, нәпсісін қанағаттандырған, байлыққа, мансапқа қол жеткізіп, атағын шығарған адам бұл игіліктердің бәрі өзінің ақылымен, қарым-қабылетімен келе қоймайтынын, оның астарында табиғаттан тыс бір Құдыретті күштің, Жоғарғы сананың барлығын түйсініп, енді дінге бет бұроа бастайды. Дхарма  дегеніміз – дін. Діни шарттарды орындау, мешіт, ғибадатханалар салып, сонда барып құлшылық ету – бұның бәрі алғашқы екі қажеттікке қол жеткізген пенделер үшін маңызды міндет болып саналады.

Бірақ адам өмірі осы үш сатымен бітпейді. 4-ші саты – мокша деп аталады. Қарнын тойдырып, тұрмысын түзеген, одан кейін сезімдерін қанағаттандырған адам, әрі қарай дінге жүзін бұрып, имандылықты жүрегіне сіңіре бастайды. Адамның табиғаты сондай, мына фәнидегі барлық қызық-шыжықтар – пендені белгілі уақыт өткенде әбден жалықтырады. Адам мансаптан да, байлық пен атақтан, әйелден де жалығады. Оның үстіне қартайған сайын адамның күш-қуаты қайтып, тәнін түрлі дерт меңдейді. Оған қоса,  өмір үнемі алдымызға тартып отыратын проблемалар да шаршатады. Енді адам «бар дүниені тәркі қылып, дүниенің қызық-шыжығынан бас тартып, ештеңеге алданбай, ештеңеге құлшынбай жәйбарақат, жайлы өмір сүруді» армандай бастайды.

Бұндай жайлы өмір бар ма? Бар. Тәңірі Будданың 4 ақиқатының бірі мынау: «дүниенің таусылмайтын қайғы-қасыреттерінен арылу үшін, тілектерден бас тарту қажет». Егер жәйбарақат, бақытты тірлік кешкіңіз келсе, онда таусылмайтын арман-тілектерден бас тартып, Алланың бергенін қанағат етуіңіз қажет болады. Сонда көңіліңіз көктем, жаныңыз жаз, жайлы тірлік кешесіз. Міне, бұны – мокша, яғни фәни дүниенің азап-тауқыметінен азаттық алу деп атайды.

Осы аталған 4 сатыдан өткен кезде, адам фәни дүниенің бар қызығы мен  қуанышын татып, жалған дүниенің жалғандығын түйсініп, енді оны тәркі қылып, жүзін толықтай Жаратқанға бұрып, мокша, яғни азаттыққа қол жеткізеді. Өмірдің бар мәні де осында – нәпсінің құлдығынан толық босанып, азаттыққа қол жеткізу.

Түйін: Сіз осы аталған 4 өмір сатысының қай сатысында тұрсыз? Өмір – мектептен сабақ алып, біліміңіз толығып, алға жылжып жатырсыз ба, әлде бір орнында тұрсыз ба немесе, тіпті кері кетіп барасыз ба? Алдымен сол өз деңгейңізді анықтап алыңыз да, содан кейін өмір сатысымен өрге басуға бағдар ұстаныңыз. Өкініштісі сол, адамдардың 99 пайызы өмір-мектепте білім-тәлім алмай, босқа уақыттарын өткізіп, бос келіп, бос кетіп жатады. Солардың бірі болғыңыз келмесе, ӨМІР-МЕКТЕПТЕ білім-тәлім алыңыз, алтын уақытыңызды текке өткізбеңіз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика