Ақпараттық кеңістігімізді қалай қорғаймыз?..

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Ақпаратты билеген әлемді билейді» деген сөздің ақиқаттығын дәлелдейтін жайларды өмір үнемі алдымызға тартып отырады. Ғылым мен білімнің барлық саласы шарықтап дамығанына қарамастан, өзіміз өмір кешіп отырған 21-ші ғасырды «ақпарат ғасыры» деп атауымыздың да өзіндік үлкен мәні бар. Өйткені, ақпараттың адам санасына әсерінің күштілігін қазіргі ең қуатты қару – ядролық қарудың күшімен салыстыруға болар еді.

Халықтың 70 пайызы соғысты қолдайды

Ресейдің Украина жеріне басып кіріп, қанды соғыс болып жатқанына да біршама күндер өтті. Осы қысқа мерзімнің ішінде мыңдаған адамның өмірін жалмаған қанды соғыс украйналықтарға айтып жеткізгісіз орасан зор материалдық шығындар да әкелді. Ресейлік ұшақтардан тасталған бомбалар мен алыстан ататын қанатты ракеталардың соққысы салдарынан елдің астанасы Киевтен бастап, ірілі-ұсақты қалалары түгел зардап шегуде. Қираған ғимараттардың қатарында көп пәтерлі тұрғын үйлер де аз емес.

Соғыс өрті не себепті тұтанды, оған кім кінәлі, деген мәселелерге жауап іздеу мақсатымыз емес. Сондықтан оған назар аудармаймыз. Ең бастысы, барша әлем елдері айыптап жатқан соғысты бастаған Ресейдің әрекетін сол елдің тұрғындарының басым көпшілігінің қолдайтыны болып отыр. Сұрау салулар көрсеткендей, халықтың басым бөлігі Путиннің өзге елге басып кіру саясатын қолдап, бұны мәжбүрлі түрде жасалған және бірден бір дұрыс қадам деп қабылдайды екен. Барша әлем соғысты, оны бастаған Ресейдің әрекетін айыптап жатқанда ресейліктердің басқыншылық соғысты жақтауының себебі неде?

Бұның астарына үңілсек, бар пәле – мемлекет қаржыландыратын ақпарат құралдарының көп жылдардан бері Путин жүргізіп келе жатқан ұлыресей державасын құру идеясын саналарына әбден сіңіргенінде жатқанын бағамдауға болады. Өздерін кешегі қирап қалған КСРО-ның мұрагеріміз деп санайтын  Ресей тәуелсіздік алып кеткен бұрынғы одақтан шыққан республикаларды кері қайтарып, қайтадан алып держава құру идеясын ақпарат құралдары арқылы үнемі насихаттап келеді. Соловьев, Бабаян сияқты журналистердің хабарларында үнемі осы идея көтеріліп, оған аты танымал саясаткерлер мен тұлғалар үн қосып, бұл идеяны халықтың санасына мықтап сіңіруде.

Орыс ұлты кәрі ұлттардың қатарында саналады. Демографиялық ахуал мынадай: орыстардың 70 пайыздайы жастары 50-ден асқан егде жастағы адамдар. Сол егде адамдардың көбі, тіпті барлығы дерлік мемлекеттік БАҚ-тан ақпарат алады. Ал жастар интернетті жөн санайды. Мемлекеттік БАҚ жоғарыда айтқанымыздай, ұлыорыстық держава құру идеясын санаға сіңірсе, жастар интернет арқылы біршама шынайы ақпараттар алады. Сондықтан, елдегі жастардың көзқарасы мен аға ұрпақтың көзқарасы арасында үлкен өзгешелік бар.

Украинадағы соғысты айыптап, Ресейде болып жатқан бейбіт шерулердің бәрінің басында жастар жүр. Ал мемлекеттік БАҚ арқылы ақпарат алатын аға ұрпақ өкілдері Украинада жазықсыз халықтың қаны төгіліп жатқанынан, бұл соғысты барша әлем елдері айыптап, Ресейге бұрын-соңды болмаған санкция сала бастағанынан мүлдем бейхабар. Міне, ақпараттың қуаттылығының айқын дәлелі.

Шынайы ақпаратты интернеттен ғана алуға болады

Менің мамандығым журналист. Ұзақ жылдар мемлекеттік басылымдарда қызмет еттім. Сондықтан мемлекеттік ақпарат құралдарының қалай, қай бағытта жұмыс істейтінін жақсы білемін. Шындық мынадай: шынайы ақпаратты сіз тек интернет арқылы ғана ала аласыз. Неге десеңіз, интернетте түрлі көзқарастар мен ұстанымдарға негізделген сан түрлі ақпараттар өте көп. Солардың арасынан салыстыра, сараптай отырып, белгілі бір мәселеге қатысты шынайы ақпаратты табуыңызға болады. Ал бір бағытта және қатаң бақылауда жүргізілетін мемлекеттік ақпарат құралдарынан сіз тек белгілі бір топтардың мүдделерін көздейтін, белгілі бір мақсат пен идеологияға негізделген ақпарат қана аласыз.

Осы арада мысал ретінде тағы да бүгінгі күні өте көп айтылып жүрген Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты ақпараттарды алып қаралық. Ресейлік ақпарат құралдарына назар аударсаңыз, орыс әскерлері ДНР және ЛНР республикаларына шабуыл жасап жатқан украин сепаратистерінің күштеріне тойтарыс беріп, аталмыш республикаларды қорғауда. Ресми мәлімет бойынша осы кезге дейін 498 орыс жауынгері қаза тапқан.

Ал енді интернет арқылы сол қанды соғыстың ортасынан беріліп жатқан видеотүсірілімдерге негізделген интернет ақпараттарына назар аударсаңыз, мәселе мүлдем басқаша. Ресей солдаттары ДНР, ЛНР аумағында ғана емес, жалпы бүкіл Украина елінің аумағында соғыстар жүргізуде. Ел астанасы Киевтен бастап Николаев, Чернигов, Сумы, Харьков, Мериаполь сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрі қыспаққа алынып, бомбалануда және алыстан ататын қанатты ракеталармен атқылануда. Осының салдарынан тұрғынүйлер қирап, бейбіт адамдар, оның ішінде әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр.

Дегенмен, бұл туралы Ресей БАҚ-тары ләм деп ауыз ашпайды. Украин жағының мәліметтеріне сенсек, осы кезге дейін 10 мыңнан астам Ресей жауынгерлері қаза тауып, мың жарымы тұтқынға алынған, бес мыңдай жауынгер жарақат алған. Ал қирап, өртенген танк, бронды техникалардың саны жүздеп саналады. Қолға түскен жауынгерлердің видеожарияланымдарында айтқанына сенсек, оларды оқу-жаттығу болады деп алып шығып, соғысқа салған. Үш күнге ғана жететін жанар май мен тамақ берген. Жағар майы таусылған танктер мен бронды техникаларды орыс солдаттары тастап кетуде.  Ары кетсе үш-төрт күнде Украинаны тізе бүктіреміз деп жоспарлаған Путин билігінің жоспары жүзеге аспай қалды. Бірақ бұл жайлардан Ресей халқы хабарсыз. Өйткені, мемлекеттік БАҚ мүлдем басқаша ақпарат таратады.

Интернетте кең таралған басқа емес, Ресейдің тәуелсіз журналистері мен блогерлерінің, оппозициялық саясаткерлердің, қаржыгер мамандардың Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдарының қаншалықтың ел үшін қатерлі екендігі туралы ақпараттардан да мемлекеттік БАҚ арқылы ақпарат алуға бейімделген жұрт бейхабар. Ендігі уақытта ресейліктер шет елдерде де пайдаланылатын Виза және Мастеркард карталарын пайдалана алмайды, ресейлік кәсіпорындардың шетелдермен экономикалық байланыстары түгел үзілген. Ресейлік кәсіпорындардың барылғы дерлік шетелден әкелетін түрлі бөлшектерді пайдаланады екен. Тіпті, бастан аяқ Ресейде құрастырылатын автокөліктер мен шаңсорғыштарға дейін қажетті микросхеманы Тайландтан алатын болып шықты. Ал Тайланд ендігі арада Ресейге микросхема жеткізбейді. Осыған орай, көп ірі зауыттар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл дегеніңіз жұмыссыздық, халықтың күн көрісінің ауырлауы.

Санкция салына бастағанына көп болмаса да, оның теріс әсері қазірдің өзінде анық сезілуде. Күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы шарықтап өсіп кеткен, ресей рублі күннен күнге құнсыздануда. Миллиардер, өз видеоблогын жүргізетін Рыбаковтың пайымынша, енді екі-үш жылдан кейін Ресей халқы жаппай кедейленбек. Бұрын халықтың бір бөлігі кедей, тағы бір тобы орташа, енді бір бөлігі аса бай болып келсе, ендігі уақытта халық жаппай кедейлік қамытын киетін болады. Қазір шет елдер Ресей олигархтарының шет ел банктеріндегі ақшаларын қатырып, жылжитын, жылжымайтын мүліктерін тәркілеуде. Мәселен, Италияда журналист Соловьевтің құны 8 млн. евро тұратын вилласы тәркіленіп, мемлекет иелігіне алынған. Осылайша, өздерін баймыз деп жүргендер аз уақытта бар байлықтарынан жұрдай болып айрылып қалар түрі бар.

Белгілі журналист Невзоров мынадай әңгіме айтты. Испанияда бір ресейлік бай отандасының айлақта тұрған яхтасын жарып жібереді. Оны сол арада полицейлер тұтқындап, жедел сотқа жеткізеді. Судья одан үш сұрақ сұрайды:

-Бұл кімнің яхтасы?

-Путиннің жақындарының бірі пәленше деген шенеуніктің яхтасы, -дейді әлгі.

-Бағасы қанша тұрады?

-7 миллион евро.

-Жарған сен бе?

-Иә, -дейді әлгі ресейлік. Сонда судья оған «Жақсы, онда боссың» дейді. Шетелдіктердің қазір ресейлік олигархтарға, жалпы Ресейге қатысты ұстанымы осындай. Соңғы күндерде ресейлік олигархтардың жылжитын, жылжымайтын мүліктері жиі тәркілене бастады.

Ресейдің шетелдерге ұшуын қамтамасыз ететін әуе компаниясы Ирланияның иелігінде екен. Санкция салына бастаған тұста ирландиялық компания өз ұшақтарымен Ресейге қызмет көсретуден бас тартқан. Осылайша, ендігі уақытта ресейліктердің шетелге шығуы қиындайтын түрі бар.  

Дегенмен де, мемлекеттік БАҚ-ты ғана көріп, содан ғана ақпарат алатындар бұндай төніп келе жатқан сойқан сұмдықтан мүлдем бейхабар. Ресей коммунистерінің көшбасшысы Зюганов Қазақстанда орыс тілділердің мүддесі аяқ асты болып отыр деп, ендігі кезек сендерге келеді дегендей сөз айтты. Ал ресейлік бір шіркеу өкілі, парвославие шіркеуінің священнигі Владивастоктан бастап  Калининградқа дейін жететін орыс әскері Беларусь, Молдова, Қазақстан және Украина елдерін бағындырады деген уәжін білдірді. Ресейдің басына үйрілген қара бұлттың салдарынан елде үлкен төңкерістер, тіпті азамат соғысына ұласатын оқиғалар, Ресейдің ыдырауына ұшырататын қатерлер болуы мүмкін деп дабыл қағып жатқан шетелдік сарапшылар мен өз отандастарының үнін мүлдем естімейтін,  мемлекеттік БАҚ-қа ұйыған адамдардың көзқарасы осындай.

Ақпарат кеңістігімізді қалай игеріп жатырмыз?

Мен біраз жылдар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет атқардым. Бірнеше жыл Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің редакторы болдым. Осы уақыт ішінде аудандық, облыстық газеттердің ақпарат кеңістігінде қалай таралып, қандай ауқымды қамтып жатқаны туралы тиісті мағлұматтар алдым. Сонда көзім жеткені: қазіргі шақта ауданнан бастап, республикалық деңгейге дейінгі ақпарат құралдары, оның ішінде негізгі ақпарат таратушы болып саналатын газеттердің оқырмандарды қамту деңгейі өте төмен.

Бұған көз жеткізу үшін мынаған назар аударсаңыз жеткілікті: аудандық газеттер кеңес заманында аптасына үш рет кіші форматта төрт бет болып шықса, қазір аптасына бір-ақ рет шығады. Таралымы мың-екі мыңнан аспайтын аудандық газеттің сол төрт бетінің бір беті телебағдарламаға арналады, үш бетіне орыс және қазақ тіліндегі мақалалар беріледі. Арасында ресми хабарлар мен жарнамалар бар. Ақмола облысындағы аудандарда тұратындардың орташа саны 20-30 мың десек, мың данамен төрт бет болып аптасына бір рет шығарылатын газет сол аудиторияны қамтып, қоғамдық пікір қалыптастыруға қауқарлы ма? Жоқ, әрине.

Кеңес заманында үлкен форматпен аптасына бес рет шығатын облыстық газеттер қазір сондай форматпен аптасына екі рет қана шығады. Екі тілде шығатын «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттерінің таралымы екі мыңнан сәл ғана асады. Екі мың таралыммен аптасына екі рет шығатын бұл газеттер 750 мың тұрғыны бар облыстың ақпараттық сұранымын толықтай қанағаттандырып отыр десек, шындықтан алыс кетер едік.

Бұл тек Ақмола облысындағы жағдай емес, еліміздің барлық аймақтарындағы жай осыған ұқсас. Ресейліктер газет-жорналдарымен, оған қоса, телеканалдарымен халықтың басым бөлігін ақпаратпен қамтып отырса, біздегі жай басқаша. Жоғарыда атап өткеніміздей, орыс ұлты кәрі ұлттар қатарында болса, қазақтар жас ұлт болып саналады. Қазақтардың 70 пайыздайы 40 жасқа дейінгі жастардан құралған. Ал сол жастағы адамдардың бәрі дерлік ақпаратты негізінен интернеттен алады. Газет-жорналдың негізгі оқырмандары егде жастағы адамдар. Теледидарды да аға ұрпақ өкілдері ғана тамашалайды. Ал сонда еліміздегі негізгі ақпарат таратушы болып отырған интернет ақпарат кеңістігін игеру жайы қандай?

Мен соңғы жеті жыл бойы «Ақиқат» атты ақпараттық-танымдық сайтты жүргізіп келемін. Сайтқа күніне 500-700 адам кіреді. Айына 17-20 мыңдай адам кіріп, сайтымнан түрлі ақпараттар алады. Сол оқырмандарымның 5 пайызы ғана 50 жастан асқандар, қалғандары 50-ге дейінгі жастағы адамдар, оның ішінде 25 пайызы 18 жасқа толмағандар. Бізде «жастар оқымайды» деген пікір жиі айтылып жатады. Ол дұрыс емес, жастар оқиды, бірақ олар газет-жорнал, кітап емес, веб сайттардан алады ақпаратты. Менің сайтымда қызықты танымдық материалдар көп, ал оқырмандарымның 25 пайызы 18 жасқа толмағандар, яғни мектеп оқушылары екен. Яғни, олар танымдық қызықты мақалаларды оқып жатыр.

Қазақстанадғы ең ірі сайттардың қатарынан саналатын https://tengrinews.kz/, https://massaget.kz/ сияқты сайттарға күн сайын 40-50 мың, айына 1-1,5 миллион адам кіреді екен. Миллиондаған аудиторияны қамтып отырған бұндай сайттардың ақпарат кеңістігіндегі үлес салмағы газет-жорналдардың үлессінен алдеқайда көп. Жастардың көбі осындай сайттарды қарап, ақапараттарды солардан алады. Ал мемлекет тарапынан миллиардтар бөлініп, қаржыландырылып отырған газет-жорналдар мен телеканалдардың ақпарат кеңістігіндегі үлес салмағы жыл санап кемуде.

Осы арада «сонда не істеу керек?» деген сауал алдыңнан шығады. «Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, заманға бейімдел» деген бір данышпанның сөзі бар. Қағаз басылымдар мен телеканалдардың пәрменділігі азайып бара жатқан тұста, уақыт талабына бейімделіп, интернет кеңістік арқылы ақпарат таратуға жете көңіл бөлетін кез келгендей. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, аптасына бір-ақ рет төрт бет болып мың данамен таралатын аудандық, қалалық және аптасына екі рет шығатын облыстық газеттерді сайтқа көшірсе, ол әлдеқайда арзанға түсер еді және қамтитын аудиториясының көлемі де әлдеқайда артар еді.

Өзім біраз жылдар қызмет еткен облыстық газетке мемлекеттік тапсырыс арқылы берілетін қаржының 70 пайызға жуығы пошта мен баспахана қызметіне, қызметкерлер отыратын офистің жалақысына жұмсалады екен. Осының салдарынан газет қызметкерлері саны барынша қысқартылған, мәселен облыстық газеттегі шығармашылық қызметкерлер 4-5 адам ғана. Олардың орташа жалақысы 100 мың теңгенің көлемінде, мұндай жалақыға қазір кім жұмыс істейді?

Егер сайтқа көшірілетін болса, баспахана, пошта және офисті жалға алуға төлейтін ақша көлемі қысқарып, соның есебінен штатты ұлғайтуға, қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік туар еді. Сайттың бар шығыны хостинг пен доменге төленетін ақы және қосымша SMM менеджер мен IT маман сияқты мамандар, кейбір ақылы плагиндер сатып алудан басқаға жұмсалмайды. Шығармашылық қызметкерлер қашықтан, яғни үйлерінде отырып та жұмыс істей алады. Редакцияға бухгалтер мен бірнеше мамандар отыратын бір-екі бөлме болса жетеді.  

«Таңның атпасына күн қоймайды» деген мақал бар. Қазіргі ақпараттық технологияның даму қарқыны көп ұзамай қағаз басылымдар мен телехабарларды ығыстырып шығаратыны анық. «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің бір кейіпкерінің айтқан: «енді жиырма жылдан кейін театр да, кино да болмайды, бәрі теледидарға айналады» деген сөзін былайша өзгертіп айтуға болар еді: «енді он жылдан кейін газет-жорнал да, теледидар да болмайды, бәрі интернетке айналады». Сондықтан да, заман ағымына дер кезінде бейімделіп, интернет кеңістікте ақпарат таратуды жолға қоя алсақ, мемлекеттігіміздің орнығуына да, экономикамыздың дамуына да оның үлкен әсері болары анық.

Мына жайды естен шығармағанымыз абзал: Ақпарат ғасырында ақпаратты билеген әлемді билейді.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика