Адам – қуыршақ

Адамдардың басым көпшілігі, тіпті діни сенім-нанымды ұстанатындарының өзі өздерін тәнбіз деп санап және жасап жатқан әрекеттерінің бәрін де өз еріктерімен, ақылдарымен жасайтынына сенімді. Өкінішке орай, бұл пікір шынайы емес.

Сізге мынадай жайды айтсам сіз соны қабылдар ма едіңіз: сіздің жасап жатқан әрекеттеріңіздің бәрін өзіңіз емес, материалдық қуаттың ықпалымен атқарылады және оны сол материалдық қуаттың өзі жасайды. Бһагавад Гитада рух, яғни жан әрекеттен тыс сырттай бақылаушы ғана екендігі айтылған. Бұны кино көріп отырған адаммен салыстыруға болар еді. Мәселен, сіз кино көріп отырсыз делік. Қатты еліккеніңіз сонша, киноның кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге қайғырасыз, яғни эмоциялық күйге түсесіз. Дегенмен, кино біткен соң көп ұзамай оны естен шығарасыз. Өйткені, оның кейіпкерлері бөтен адамдар, сізге мүлдем қатысы жоқ.

Адамды түрлі әрекеттерге итермелейтін күш – табиғат гуналары деп аталады. Бһагавад Гитада табиғаттың үш гунасы бар екендігі және барлық әрекеттің қайнар көзі де сол үш гуна екендігі айтылған. 1-ші: тама гуна, яғни қараңғылық гунасы; 2-ші: раджа гуна, яғни құштарлық гунасы; 3-ші: саттва гуна немесе қайрымдылық гунасы. Барша адамдар, жалпы тіршілік иелері туғаннан өлгенге дейінгі аралықта осы үш гунаның ықпалында болады және барлық әрекеттерін сол гуналардың ықпалымен жасайды.

Тама гуна, яғни қараңғылық гунасының ықпалына түскен адам жалқау, жайбасар, ұйқышыл, надан, дөрекі, өзімшіл, сараң, қатыгез болып келеді. Тама гунаның ықпалындағы адам әрдайым шындықты жалған деп, өтірікті шын деп, әділдікті әділетсіздік деп қабылдайды, яғни барлық нәрсені керісінше түсініп, керісінше жасайды. Бұндай адамдар әдетте арақ-шарапқа, есірткі заттарына үйір болады, құмар ойындарына бейім тұрады. Ондайлар өздеріне де, айналасындағыларға да тек залалын тигізіп жүреді.

Раджа гунаның ықпалындағы адамның белгісі – ол өте белсенді, іскер, тапқыр, еңбекқор болып келеді. Ол мақсатына жету үшін күндіз-түні тынбай жұмыс істеуге бар. Бұндай адамдар әдетте мақсатына жетсе қатты қуанып, ісі сәтсіздікке ұшыраса күйініп жатады. Материалдық дүниенің негізгі қозғаушы күші де дәл осы раджа гунаның ықпалындағы адамдар десек, артық айтқандық болмайды. Олар мына фәниде мың жыл тұратындай салтанатты сарайлар салады, өзіне ғана емес, барша ұрпағына жететіндей байлық жинайды, осылайша аласұрып жүріп уақытының, ақырсында өмірінің қалай өткенін де сезбей қалады.

Саттва гуна адамды ілім-білімге, өмірдің мәнін тереңірек ұғынуға итермелейді. Саттва гунаның ықпалындағы адамдардың бойында қайрымдылық, сабырлылық, мейрімділік, кішіпейілдік, кешірімшілдік, жомарттық сияқты жақсы имани қасиеттер орнығады. Ондай адамдар әдетте барына қанағат етіп, қиындықта сабырлы, төзімді болады. Ондай жандар рухани дамуға қатты көңіл бөледі, діндар, тақуа болып келеді.

Бұл үш гуна бір адамның бойында жеке-жеке таза күйінде болмайды. Ол гуналар әрдайым қосарланып, қабаттасып келіп отырады. Осыған орай адам өзі ықпалына түскен гуналарға сай әрекеттер жасайды. Тама гунаның ықпалына түскен адам жалқаулыққа, бойкүйездікке салынса, раджа гунаның ықпалына түскен кезде асқан белсенділікпен жұмыс істеп, мақсатына жетуге жанталасады, ал саттва гуна санасын билеген кезде сабырлы, байыпты күйге түсіп, өмірдің мәні туралы ойлай бастамақ.

Табиғат гуналары ұдайы алмасып келіп отырады және ол мына фәни жалғанның ең негізгі қозғаушы күші. Бұл гуналарды қуыршақты қозғалысқа келтіретін жіппен салыстыруға болады. Қуыршақты тасада жасырынып отырған актер жіпті тарту арқылы түрлі қозғалысқа келтіреді. Сахнада қуыршақ өзі қозғалып, өз бетінше әрекет жасап жатқан сияқты әсер қалдырады. Шындығында біз оны қозғалысқа келтіріп отырған актер екенін жақсы білеміз. Сол сияқты адам-қуыршақты да табиғаттың үш гунасы үнемі қозғалысқа келтіріп, еріксіз әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. Ал адамның шынайы «мені», яғни жаны еш әрекет етпейді, ол жәй бақылаушы ғана.

Адамды өзін тән ретінде сезінуге мәжбүрлейтін қуат – пракрити деп аталады немесе оны «жалған эго» дейді. Бұл нәзік қуат және оны көзбен көріп, сезіну мүмкін емес. Адам құрылысы туралы айтқанда жоғарыда баяндап кеткенімізді есіңізге алыңыз, адамның сыртқы материалдық тәні бес элементтен тұрады: от, су, ауа, топырақ және эфир. Ал оның ішінде көзге көрінбейтін үш элементтен тұратын нәзік тән бар: ақыл, зерде және пракрити немесе «жалған мен». Құдайсыз, дінсіз өмір кешкен және өлген соң мәңгі өшіп жоғаламын деп санайтын пенденің тәнін тастаған кездегі ең үлкен қорқынышы жанының нәзік тән арқылы дөрекі тәнін тастап шыққанын, санасының жоғалмай сол қалпында сақталғанын, өзі өмір бойы «менмін» деп келген бес материалдық элементтен құралған тәнінің өлі күйде қимылсыз жатқанын көргенде болады екен. Бұл кезде тән мен жан айрылады. Санасы сақталып қалған пенде алғаш рет өзінің материалдық тән емес екендігін анық ұғынады.

Ислам, христиан діндерінде өлгеннен кейінгі қайта туу, басқа тәнге ие болу, яғни реинкарнация туралы түсінік бар. Дегенмен, бұл діндердің бұрмаланып кеткені сонша, ондай түсінік мүлдем алынып тасталған және қазіргі мұсылмандар мен христиандар үшін реинкарнация – бұл индуизм мен буддизм діндерінің ойдан шығарған ертегісі сияқты қабылданады. Шындығында, реинкарнация ұғымын алып тастаған кезде, адамның табиғаты толық ашылмай, толымсыз болып қалады.

Шынайы білім дегеніміздің өзі – адамның тән емес, жан екендігін түйсінуі болмақ. Ең басты және негізгі осы түсінікті түсінбеген адам ешқашан ақиқатты түйсіне алмақ емес. Адам өзінің тәннен мүлдем бөлек екенін, тән деген сыртқы киім немесе табиғат гуналары арқылы қозғалып, әрекет ететін жансыз қуыршақ іспетті болатынын білген кезде пенде жүрегіндегі Жаратқанды танып, ақиқат жолына түседі. Ақиқатты түсінудің ең негізгі шарты да осы.  

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика