Ауырмаудың қолжетімді амалы

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Пайғамбарымыз хадистерінде «адам екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық» дейді. Денсаулықтың қадірін көбіне біз ауырған кезде ғана біліп, түйсініп жатамыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын алдын ала жасадың жөн екендігін өкінішке орай, екінің бірі түйсіне қоймайды.

2002 жылдың көктемінде мен өкпеме суық тигізіп алып, екі айдай ауруханада жатып шықтым. Алғашында тәбет те, ұйқы да болмай, қатты жүдеп келген мен, ауруханада жатып, денсаулықтың қадір-қасиетін анық аңғарғандай болдым. Содан кейін-ақ, ауырып емделгеннен гөрі, оның алдын алу дұрыс екендігін түйсіндім. Міне, сол кезден, яғни 2002 жылдың көктемінен бері күнде таңертеңгілік дене жаттығуын жасау берік әдетіме айналды.

Таңертеңгілік дене жаттығуының берері мол.

Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде мүлдем ауырған емеспін және дәрі-дәрмек ішпеймін. Емханаға басымды сұқпаймын. Мұны мен  кездейсоқтық деп санамаймын. Бұл салауатты өмір салтын ұстанып, ұйқы, тамақтың кестесін сақтау арқылы келген нәтиже десем, артық айтқандық болмас.

Мен алғашында таңертең 15-20 минуттай дене жаттығуын жасап жүрдім. Бұл денсаулығымды біршама дұрыстауға көмектескенімен, кейде, әсіресе қыс айларында суық тиіп, тымауратып қалатын кездерім болатын. Бір тымау тисе бір жетіге дейін кетпей, әбден зықымды шығаратын және кейде, тіпті төсек тартып жатып қалатын кездерім де болды.

2009 жылы Көкшетауда шығатын «Шығыс спорт өнерлері» деген газетке жұмысқа ауыстым. Сонда қызмет ете жүріп, салауатты өмір салтын ұстанатын біраз адамдар туралы жазудың сәті түсті. Сондай-ақ,  «Алып күш иесі» деген айдар ашып, атақты Қажымұқан балуанымыздан бастап, өткен ғасырдағы Ресейден шыққан біраз атлеттер туралы жаздым. Әлемдегі ең күшті адамдардың бірі атанған Георг Лурих «кез келген адам атлет бола алады, ол үшін жаттығу керек» деп айтыпты.

Осыларды оқи және жаза жүріп, салауаттылыққа шындап ден қойдым. Сөйтіп, 2009 жылдың жазында алғашында 30 минуттан бастап, содан кейін ақырындап қоса отырып, күн сайын таңертеңгілік бір сағатқа дейін дене жаттығуын жасауға көштім. Нәтижесінде ауру атаулыдан түгел айығып, ауырмайтын болдым.

20 минуттық дене жаттығуы денсаулықты сақтауға көмектеседі. Ал 30 минуттық жаттығу денсаулықты жақсартады, 50-60 минуттық жаттығу денсаулықты нығайтып, аруларыңыздан айығуға әсерін тигізеді.

Тамақ пен ұйқы кестесі.

Ет жеудің денсаулыққа залалдылығы аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Оны қайталап жату артық болар. Өз басым қазір мүлдем ет жемеймін. Таңертең тамақтың алдында бір шәй қасық балды мұздай суға ерітіп ішемін. Қайнаған судан гөрі, тірі суға, яғни қайнамаған суға балды қосып ішкеннің пайдасы зор. Нәтиже: ұйқым жақсарды, өзімді сергек сезінетін болдым. Балдың құрамында пайдалы заттар өте көп. Ол туралы айтып жатудың өзі артық.

Таңертеңгі тамақтан соң тәтті жеген дұрыс болады. Мен күн сайын үш-төрт құрма жеймін. Құрманың пайдасы да ұшан-теңіз. Қазір құрманы үлкен қалалардың дүкендерінен табу онша қиын емес және бағасы да арзан.

Түсте ішетін тамағыңның жартсын жегенің дұрыс. Кешкілік көкөніс салаты немесе жәй шәймен шектелген жөн.

Кешкі сағат 22-де ұйқыға жатамын. Түнгі сағат 22-24 аралығында жүйке демалады екен. Дәл осы кездегі бір сағат ұйқы екі сағатқа тең келеді. Таңертең 5-те оянамын. Ең алдымен жасайтын шаруам бір кесе мұздай су ішемін. Өйткені, ұйқыда жатқан кезде залалды заттар өңеш пен ішекке жиналады да, ұйқымыз ашылған соң ол денемізге қайта сіңбек. Ал су ішу сол залалды заттарды шайып әкетеді.

Денсаулықты жақсартудың кепілі – мұздай суға шомылу.

Күнде таңертең дәрет алған соң мұздай суға шомыламын. Алдымен суды аяққа құю керек, Сонда жылу жоғары көтеріледі. Содан кейін бастан бастап мұздай су құйынған жөн. Суды шелекпен лақ еткізіп құйғаннан гөрі, кәдімгі себезгі арқылы мұздай суға шомылған тиімді.

Нәтиже: қазір өзімді сергек сезінемін және ауру дегенді ұмыттым. Тәжірибе жүзінде өзім нәтижесіне жеткен осы амалды сізге ұсынамын. Қабылдайсыз ба, жоқ па, ол өз еркіңізде. Бірақ, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын қарастырудың әлдеқайда тиімділігін естен шығармаңыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика