Бақыттың қайнар көзі

Адамды мына дүниеге байлап, фәни жалғанды пендеге қызықты және тартымды етіп көрсететін құдыретті күш – бақыт. Иә, есі дұрыс әрбір адам бақытты болсам деп армандайды және іштей бақытты болатынына сеніп, ертеңгі күнге үмітпен қарайды. Дегенмен де, бақыт құсы мыңның біріне ғана қонатын аса сирек кездесетін игілік. Көп пенделер бақыт дегенді армандап қана, оны ешқашан сезіне алмай өмірден өтіп жатады.

Фәни игіліктер адамға қанша бақыт әкеледі?

Адамдардың 99 пайызы байлық, мансап, атақ-даңқ, сұлу қыз-келіншек, арақ-шарап сияқты фәни игіліктер адамға бақыт әкеледі деп санайды және бар өмірі мен күш-қуатын, қарым-қабылетін сондай игіліктер табуға жұмсайды. Өкініштісі сол, ондай фәни игіліктерге қол жеткізгенімен, пенде ешуақытта өзін шынайы бақытты сезіне алмайды. Осы қате түсінікті санасына сіңірген адамдар шөлдегі сағымды су деп өкпесі өшкенше жүгіріп, ақырсында шөлден қаталап өлетін киік сияқты күн кешеді.

Айналаңызға ақыл көзімен байыптап қарап көріңіз, фәни игіліктерге қол жеткен пенделер бақытты ма? Осы арада мысал ретінде жұртшылыққа жақсы танымал тұлға – Бекболат Тілеухан туралы айта кеткім келеді. Бұл адамға Алла байлықты да, атақ пен мансапты, қабылетті де аямай берген. Ол біраз жыл министрдің орынбасары қызметін атқарды, Мәжіліс депутаты болды, әнші, сазгер, талантты актер. Қазақ хандығы туралы кинода Қазтуған жыраудың рөлін тамаша сомдап шықты. Бір сөзбен айтқанда, өмірге өкпесі жоқ адам.

Ал сол Бекболат Тілеуханның үш әйелі бар екен. Әйелдерінің бәрі жас, сұлу, сымбатты. Сол әйелдерінен көптеген ұл-қыздары бар. Бір сөзбен айтқанда БАҚЫТ деген пендешілік игіліктің бәріне бұл азамат толықтай қол жеткізген. Соған орай, ол әрдайым көңілі көктем, жаны жаз болып, қуанышты, қайғы-мұңсыз тірлік кешуі тиіс. Дегенмен, шындығында бұлай емес. Бекболат Тілеуханның Мәжілісте әртүрлі мәселелер көтеріп, әлдекімдермен қызылкеңірдек болып  дауласып жатқандарын теледидарда талай көрдік. Бірде, тіпті ол қолайсыздау сұрақ қойған журналист келіншекке қол көтеріп, ашуын ақылға жеңгізе алмай ыңғайсыз жағдайда қалды. Жалпы, Бекболат Тілеухан мырзаның күлімсіреп, көңілді жүретін кезінен қабағын қарс жауып, ашуланып жүретін сәттері көп. Ал бақытты адам солай жасай ма?

Егер назар салып қарасақ, бақыт дегеніміздің өзі әрдайым қуанышты көңіл күйде болу, уайым-қайғыдан, үрей-қорқыныштан ада болу деген сөз ғой. Қайғы-мұңсыз, көңілі көтеріңкі, ұдайы күліп жүретін адамды бақытты деп атауға толық негіз бар. Ал осындай талапқа жауап беретін адам айналаңызда көп пе? Егер зер сала ақыл тоқтатып қарайтын болсаңыз, ондай адам мүлдем жоқ деуге болады.

Көңілі көктем, жаны жаз

2001 жылы жаз айында бір таныс кісінің сұрауымен веда ілімінің қайнар көзі саналатын  Бһагавад Гита кітабының қазақша аудаормасын редакцияладым. Менің мамандығымның журналист екендігін білген таныс кісі қолқа салған еді. Ақшасын төлейміз, тұратын жерің, тамағың – бәрін мойнымызға аламыз деді. Ол кезде Астанада жұмыс істеймін, ал кітапты Алматыда редакциялауым керек екен. Мен ұсынысқа келістім.

Кітапты  шығарушы Халықаралық Кришна санасы қоғамының Қазақстандағы филиалы екен. Олардың Алматы маңында храмы мен ер адамдар тұратын жатақханасы бар болып шықты. Сол жатақханадан маған уақытша орын дайындап берді. Екі қабатты жеке меншік үй. Онда кітап таратумен айналысатын біраз кришнайт жігіттер тұрды. Тамақты храмға барып ішеміз. Етсіз вегетериан тағамы.

Маған бөлме, компьютер берді. Сөйтіп жұмысқа кірістім. Адам болғасын өзіммен бірге тұратын кришнаит жігіттермен араласып, сөйлесемін. Қызығы сол олар ұдайы күлімсіреп жүретін. Тіпті, екі езулері құлақтарына жетіп, қашан қарасаң мәз-мәйрам болып жүргендері. Алғашында бұған түсінбей, оны еріслеу көріп жүрдім. Есі дұрыс адамдар ма өздері деген де ой келді. Неменеге жетісіп мәз болады екен деп ойлаймын ішімнен.

Бірнеше рет қызық көріп, олардың таңертеңгі құлшылығына бардым. Таңғы сағат 3-тен 6-ға дейін құлшылық, сосын 2 сағаттай тәсбих тартады, содан кейін тағы да біршама уақыт құлшылық болып, 9-да таңғы тамақтарын ішеді. Құлшылық деген аты болмаса, санскрит тіліндегі мантра, яғни дұғаны әндетіп, билейді. Алғашында ақырындап басталған би кейін келе қызып, қыз-жігіттердің көбі секіріп асыр салып кетеді. Дұғаны білмейтін мен билеріне қосылмаймын, дегенмен, маха-мантра дұғасын білетіндіктен, соны айтқанда  қосылып отырамын. Қызығы сол, дұғаны  қосылып әндеткен кезде көңіл күйің өз өзінен көтеріле бастайды.

Олардың алдымен Құдайдың бейнесіне ұсынып, содан кейін  Оның сарқыты саналатын прасад деп аталатын тағамдарын жеген кезде де көңіл күйің көкке көтеріліп, тіпті мас адам сияқты сезінесің өзіңді. Алғашында мыналар  тамаққа есірткі қосып жүрген жоқ па деп ойлағанмын, кейін келе кришнайттардың есірткі, арақ-шарап түгілі, шәй мен кофе де ішпейтінін білдім. Тамақтың сыры – Құдайдың бейнесіне ұсынылғандықтан және Оның сарқыты болатындығында екен. Онда рухани энергия бар. Дұғада да энергия бар. Дұғаға қатысып, тамағын жесең, сол рухани энергияны бірден сезінесің. Ол қуат көңіліңді көкке көтеріп, өз өзіңнен ыржалаңдап күле бастайсың.

Сөйтіп, кришнайттардың үнемі мәз-мәйрам болып  күліп жүретін себебі – рухани қуаттан нәр алатындығында екен. Мен олардың таңғы лекцияларына қатысып, біраз ақпараттар алдым және Бһагавад Гитаны редакциялай жүріп те, көп пайдалы ақпараттар алып, кришнаиттардың діни пәлсапасымен тереңірек таныса түстім.

Сонда көзім жеткені: Құдай аспанда да, жерде де емес, әр  тіршілік иесінің жүрегінде. Жүрегіндегі Құдайды сезінуге адамның тірлігінде жасаған күнәкар әрекеттерінің салдарынан жиналған лас энергия кедергі келтіреді. Кришнайттар Маха-мантра деп аталатын 16 сөзден тұратын Харе Кришна Харе Кришна Кришна Кришна Харе Хере, Харе Рама Харе Рама Рама Рама Харе Харе  деп қайталанатын мантраны күн сайын таңертең 108 моншағы бар тәспихпен 16 айналым жасайды. Оған 2 сағаттай уақыт кетеді.

Маха мантра адамның жан дүниесін тазартып, жүрегіндегі Құдайды сезінуге әсерін тигізеді. Көп ұзамай жүрегіңдегі Құдайды анық сезіне бастайсың және өзіңнің ертең өліп қалатын ет пен сүйектен жаратылған тән емес, мәңгілік жан екеніңді түйсінесің. Осы кезде жанның, яғни рухтың 3 сипаты ашылады, олар: МӘҢГІЛІК, БІЛІМГЕ ТОЛЫ және ЖАН РАХАТЫ.

Осы үш сипат ашылған кезде адам өзін мәңгілік жан екендігін анық сезінеді және айналасындағы барша тіршілік иелері де мәңгілік жандар екендігін біледі. Бұның өзі адамның өзін оқшау жеке сезінбей, барша әлеммен бір екендігін түйсінуге көмектеседі. Білім дегеніміз осы. Бұндай түсінікке жеткен адам ешқашан өзін жалғыз сезінбейді, ол бар уақытта өзі сияқты жан иелерінің ортасында, өзін сүйетін жақсы жандардың үлкен отбасының арасында жүргендей сезінеді.

Оған қоса, Құдайдың ананда деп аталатын ЖАН РАХАТЫ энергиясының ықпалына түсіп, уайым-қайғы, үрей-қорқыныштан құтылып, әрдайым қуанышты жағдайды сезінуге қол жеткізеді. Кришнайттардың үнемі мәз-мәйрам болып қуанып жүретін себептері де сол. Яғни, Құдайдың ананда қуатының ықпалында болуларынан.

Түйін: Сонымен бақытты болудың жолы – фәни игіліктерге қол жеткуде емес, өйткені фәни игіліктерге қанша қол жеткізсең де, тойымсыз нәпсіні ешқашан тойындыра алмайсың, ол тағы да әкел деп аузын ашады да тұрады. Осыған орай, пенде фәни игіліктен бақыт табамын десе, онда өле өлгенше азап пен тауқыметтен құтылмай, аласұрумен өтеді және тірлігінде жасаған көптеген күнәлары үшін өлген соң тозаққа түсіп және тауқымет тартады. Ал бақытты жүрегіндегі Құдайды табудан іздеген адам шынайы бақытқа қол жеткізеді. Ол көңілі көктем, жаны жаз күйге түсіп, Құдайдың бергенін қанағат етіп, тірлігінде байыпты, сабырлы өмір кешеді, өлген соң рухани әлемге оралып, Жаратқанның жанында мәңгі жан рахатына кенеледі. Бұл екі жолдың қайссын таңдайсыз – ол сіздің өз еркіңізде

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика