Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Әлеуметтік желіде 15 жастағы кәмелетке толмаған оқушы қызды үш күн бойы бірнеше ер адамның зорлағаны туралы ақпарат таралды. Оқушы қызға қырындап жүрген 19 жастағы бозбала қала маңындағы ауылда тұратын қызды алдап қалаға алып барып, пәтерде зорлайды. Өзі зорлаған аздай, сосын оны үш танысына беріп кетеді. Үш еркек үш күн бойы кәмелетке толмаған қызға ойларына келгенді жасайды. Қыздың анасының айтуынша, психикалық қатты соққы алған қызы біресе күледі, біресе жылайды дейді.
Ресми мәліметтерге сай, соңғы үш жылды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасаған 1868 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Үш жылдың ішінде соншама бала арсыздардың зорлығына ұшырап, тән жарақатын ғана емес, барша өмірін өксітетін жан жарақатын да алған. Бұл құқық органдарына белгілі болып, зорлықшылардың заң бойынша жауапқа тартылған фактілері. Ал айтуға қорқып, іштей тынып үнсіз қалған зорлыққа ұшыраған балалардың санын ешкім дәл басып айта алмайды. Бізге белгілісі, жыл өткен сайын балаларға қатысты зорлық қатары көбейіп барады және жәй зомбылық жасап қоймай, ұрып-соғып азаптау, арсыздықтар жасау, тіпті куә қалдырмау үшін өлтіріп тастаау жағдайлары да жиі бой көрсетеді.
Балалардың өздерін қорғай алмайтын әлсіздіктерін, ересектердің айтқанына алданып қалатын аңғалдықтарын пайдаланатын арсыздар кәмелетке толмағандарға зомбылық жасауларын азайтар емес. Биыл жазда Түркістан облысында бес жастағы сәбиді үйіне апарып зорлап, сосын өлтіріп тәнін бөлшектеп шатырына жасырған азғынның әрекеті сол тұста барша халықтың қатты ашу-ызасын туғызған болатын. Тіпті, ашынған адамдар жиналып барып азғынды өздері жазаламақ та болды. Бірақ та, құқық қорғаушылардың араға түсуімен қан төгілмеді. Сәбиді зорлаған арсыз өмір бойына бас бостандығынан айрылды. Дегенмен де, бұндай жаза да нәпсіге құл болып, ақыл-естен айрылған педофил аталатын азғындарға тосқауыл бола алмай тұр.
Азғындықтың белең алғаны сонша, балалар өзге емес, жақын туыстарынан, тіпті өгей немесе өз әкелерінен де зомбылық көру жағдайлары ұшырасады. Апалы-сіңлілі екі оқушы қызды өгей әкелері бірнеше жыл бойы зорлап келген. Балалар бұл жағдайды айтуға қорқып, іштей тынған. Тек жазғы демалыс кезінде ауылда тұратын әжелеріне барғанда болған жайды айтып, сол арқылы құқық органдары қылмыскерді құрықтады. Ал Маңғыстау облысында 15 жастағы қыз өзінің туған әкесінен жүкті болып қалған. Түркістан облысында 7 сыныпта оқитын ер баласын бірнеше жылдан бері зорлап келген мектеп директоры сотталды.
Өкінішке орай, естір құлаққа ерсі осындай сұмдық жайлар жыл санап көбеймесе, азаяр түрі байқалмайды. Ересектерді қойып, енді жоғары сыныпта оқитын ересек балалардың төменгі сыныпта оқитын балаларды зорлау оқиғалары да әредік бой көрсетуде. Таяуда бірінші сыныпта оқитын ер баланы 8-ші сыныпта оқитын бес бала зорлағаны туралы үлкен шулы оқиға болды. Қынжыларлығы сол, мектеп басшылығы бұл оқиғаны жасырып, зорлықшыларды қорғап әлекке түсті.
Жоғарыда баяндалған үш еркектің зорлығына ұшыраған кәмелетке толмаған қыз туралы оқиғаға қайта оралайық. Бұл оқиғаға қызды алдап пәтерге алып барған бозбаламен бірге, бейтаныс екі әйелдің де қатысы бар болып шықты. Ол әйелдер де қызды алдап, жалпақ тілмен айтқанда бозбаланың қойнына салып берген. Қатты психикалық соққы алған қыздың қазіргі ахуалы ауыр дейді анасы. Ұятты ұмытқан зорлық жасаған жігіт жазадан құтылу үшін «қызға үйленемін» деп үйлеріне келіпті. Әбден ашынған ана оны қуып шыққан. Полицияға арыз жазса да, әлі күнге дейін қылмыскерлер қамалып, қылмыстық іс қозғалмаған.
Соңғы жылдарда балаларға қатысты зомбылықтың белең алып кетуіне құқық қорғаушылар тарапынан жауырды жаба тоқу, ақша алып, қылмыскерлерді босатып жіберу, сондай-ақ, зорлық жасаушыларды жазалауға қатысты заңдардың жұмсақтығы біраз әсерін тигізіп отырғаны анық. Екі жыл бұрын кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін сотталған жігіттің «үлгілі тәртібі» үшін мерзімінен бұрын түрмеден шығып, содан кейін 14 жастағы қызды үйіне апарып үш күн бойы зорлап, қылмысын жасыру үшін оны өлтіріп, денесін бөлшектеп, ауыл сыртына апарып көміп тастаған қанды оқиға сол тұста жұртшылықтың қатты ашын туғызған еді.
Жазда Түркістан облысында бес жастағы сәбиді өлтірген қылмыскер де түрмеден үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босап шыққан адам. Бұндай оқиғалардың көбейіп кетуі, бүгінде назардан мүлдем сырт қалған қылмыстық атқару жүйесіндегі былықтарды тыймаса болмайтынын анық байқатады. Аса қауіпті қылмыскерлерді мерзімінен бұрын шығарған қанша түрме қызметкері жауапқа тартылды? Ондай бір де бір оқиға болмапты. Қылмыскерлерді мерзімінен бұрын босатып жіберетіндердің әрекетіне ешкім баға беріп, жауапқа тартуды сұрамайды. Бұл жағдай қылмыстық атқару жүйесіндегі былық-шылықтың әбден белең алуына себеп болып отыр.
Жалпы, елімізде балаларға қатысты зомбылыққа байланысты заңдарды барынша қатаңдату, жауапкершілікті күшейту қажеттігі белең алып кеткен қылмыстардан анық байқалады. Мектептердің бәрінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі испектор штатын енгізген жөн. Сондай-ақ, бала тәрбиесіне байланысты тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналардың да жауапкершілігін барынша күшейткен дұрыс. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа қатысты замбылықты тыймасақ, ертең зардабы өте ауыр болады.
