“Бай әке және кедей әке” атты әлемге кең таралған кітаптың авторы Роберт Киосаки кәсіби инвестор обьектінің бір қырын ғана емес, барлық қырын көреді, сондықтан дұрыс шешім қабылдайды, дейді. Адамдардың басым көпшілігі таным обьектісінің көзге көрініп тұрған бір жақ қырын ғана көріп, басқа қырларын назардан тыс қалдырады. Сондықтан да, олар сол обьектіге жан-жақты толымды баға бере алмайды. Ал бұның өмірде көп залалы тиіп жатады. Енді осы мәселеге кеңірек тоқтала кетейік.
Ертеректе Югославияның әлемге танымал жазушысының қазақ тіліне аударылған “Бикеш” деген романын оқыдым. Кітаптың қысқаша мазмұны мынадай. Бақуатты бір кісі әлдекімдерге алданып, ақшасынан айрылады және соған назаланып, жүрегі ауырып, қайтыс болады. Ол өлерінде соңында қалып бара жатқан жалғыз қызына “ешкімге сенбе, туыстардың өзі ақша үшін алаяқтыққа барады” деп өсиет етеді. Бір кезде шалқыған бай болған оның соңында қызына кішкентай үй ғана қалады. Әкесінің кебін кимейін деген қызы ешкімге сенбей азын-аулақ шаруашылығын өзі жүргізеді. Ісі алға басып, ақша таба бастайды. Бірақ ол басқалар сияқты тапқан ақшасын өз қызығына жұмсап, шалқып өмір кешпейді, ақшаны үнемдеп, оны көбейте береді. Өмір зулап өтіп жатады. Тұрмысқа шықпаған қыз ақырындап қартайып, егде жасқа жетеді. Ол әкесінен қалған шағын үйінде тұрады, кең үй алып, тұрмысын түзеп, өмірдің қызығын көрмейді. Малынып киініп, жарқыратып дүние жинамайды, көңіл көтеріп, қыдырмайды. Сырт қараған адамға кедей сияқты көрінетін оның сандығындағы алтын ақшалар жыл өткен сайын молайып, сандық толады. Ол ақшаға сәулетті үй сатып алып, шалқып өмір сүруге болатын еді. Бірақ та, әкесінің басынан кешкен жайы қатты әсер еткен ол ешбір пендеге сенбейді және ақшасын жасырып, бір адамға бір тиын бермейді. Ол әр тиынын үнемдеп, тіпті қыс түскенше от жақпайды, қараңғы түскенше жарық жақпайды. Осылайша өмірін кедейлікте, тапшылықта өткізген ол қайтыс болғанда соңында сандық толған алтын ақша қалады. Қайыршылықта күн кешкен әйелдің соншама ақшасының барлығын естігенде ағайын-таныстары таң-тамаша қалады.
(далее…)







