Фәни дүниеден бақыт іздеушілердің баяны

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Егер сіз бір шаруамен айналысуды мақсат етсеңіз, онда алдымен сол шаруаны жүзеге асырған кезде қаншалықты игілік табатыныңызды, соның нақты мөлшерін алдын ала біліп алуыңыз қажет.  Өйткені сіз бұндай жағдайда артық күш-жігеріңізді жұмсап, болмаса мақсатыңызға жеткен кезде тапқаныңызды қомсынып, неге аз деп іштей ренішке бой алдырмау үшін де бұл қажет.

Біз өзіміз өмір кешіп жатқан мына фәни, яғни материалдық дүниеден қаншалықты бақыт табуға болады? Барша адамның өмірден ең бірінші іздейтіні бақыт, яғни рахатқа кенелу екендігі белгілі. Егер де біз өзіміз өмір кешіп жатқан фәни дүниеден қаншалықты бақыт таба алатынымызды, оның нақты мөлшерін білетін болсақ, онда әлдекімдердің сөзіне иланып, не болмаса өз ақылымыздың қияли болжамдарына сеніп, шамадан тыс рахат табамын деп жанталасып, күш-қуатымызды босқа сарып қылмайтын боламыз. Бұндай жағдайда біз мынадай ақиқатты түсінеміз: мына фәни жалғанда адам үшін белгіленген мынаншама бақыт, яғни рахат бар, одан артықты біз қанша тырбанып, шамадан тыс күш жұмсап әрекеттенсек те ала алмаймыз, өйткені, одан артық бақыт бұл фәниде жоқ.

Енді осы арада ақыл таразысына салып, өзіміз тірлік кешіп жатқан дүниеде қаншалықты бақыт бар екеніне ой жүгіртіп көрелік. Бұны білу үшін данышпан болудың қажеті жоқ, кез-келген адам фәни жалғанның қызығы мен тауқыметін таразылай келе, шынайы өлшем шегін дәл болмаса да, болжамды деңгейде анықтай алады. Енді соған назар аударып көрелік.

Адамның мына фәни жалғанда алатын рахатын екі топқа жіктеуге болады. Олар: 1-тәні арқылы алатын рахаттар; 2- ақыл және сезім арқылы алатын рахаттар.

Тән арқылы алатын рахат өте қарабайыр және адамға ғана емес, ол жан-жануарларға да тән. Бұлар – тамақ ішу, ұйықтау және шағылысу. Бұл үшеуі де адамға белгілі дәрежеде рахат, екінші сөзбен айтқанда бақыт сыйлайды. Дегенмен, оның мөлшері шектеулі және өткінші болып келеді. Дәмді тамақ жеу кезінде сіз белгілі дәрежеде рахаттанасыз, десе де сәл қарныңыз тоя бастаса-ақ, әлгі рахат та жойылады. Қатты шаршаған кезде ұйықтап алсам деген арман пайда болады, ұйықтау арқылы демалып, шаршағаныңыз басылып, рахат сезіміне бөленесіз. Ал жыныс жақындығы адамға да, жан-жануарларға да белгілі мөлшерде рахат сыйлайды. Бірақ та, бұл рахаттардың бәрі өткінші және оның нақты өлшемі болады. Мәселен, сіз ақшаңыз көп, мүмкіндігіңіз қанша мол болса да, тамақты тек қарныңызға сыйғанша ғана жей аласыз, одан көп жеуге мүмкіндігіңіз жоқ. Сол сияқты уақытыңыз қанша көп болғанымен, тәулігіне 7-8 сағаттан артық ұйқы сізге бұйырмаған. Жыныс жақындығы да солай. Тіпті, сіздің өте сұлу, сымбатты бірнеше әйеліңіз, оған қоса ашыналарыңыз болсын дейік, бірақ та, күш-қуатыңыздың мөлшері шектеулі болғандықтан, сіз жыныс жақындығына күндіз-түні тынбай бара алмайсыз. Яғни, рахаттану мөлшеріңіз шектеулі.

Тән арқылы алатын рахатқа сондай-ақ, арақ-шарап ішу, есірткі қабылдау сияқты денсаулығыңызға да, өміріңізге де залалды нәрселер кіреді. Дегенмен де, ондай рахаттан ақыл-есі дұрыс адам аулақтау жүруі қажет. Өйткені, оның пайдасынан зияны көп болады.

Ал сезім арқылы алатын рахат дөрекі тән рахатынан біршама көбірек, ұзағырақ болғанымен, ол да өткінші және бұндай рахатты алу үшін біршама дайындық немесе алдын ала жұмыс істеу қажет болады. Мысалы, классикалық музыка тыңдап, содан рахат алатындар бар. Дегенмен, ондай музыканы екінің бірі түсіне қоймайды. Оны түсіну үшін бұл саладан біраз білім алу керек. Сол сияқты шығармашылықпен айналысу, ғылыммен айналысу – бұлар да адамға біршама көңіл рахатын әкеледі. Десе де, ондай рахатты сезіну үшін бойыңызда талантыңыз және оған қоса сол саладан кәсіби біліміңіз болуы шарт. Екінің бірі журналист, не жазушы, болмаса ғалым бола алмайды.

Эстрадалық музыканы қазір екінің бірі тыңдай алады және кино көруге де оншалықты үлкен дайындық білім қажет емес. Сол сияқты адамдардың әңгімелесу, пікір алмасу арқылы алатын сезім рахаты да қолжетімді. Бірақ та, бұл рахат нысандарының бәрі өткінші және анау айтқандай оншалықты көп рахатқа кенелдіре қоймайды. Сонымен бірге, тән рахаты да, сезім арқылы алатын рахаттар да адамды уақыт өте келе жалықтырады. Осылардың бәрін ақыл таразысына сала келе мына фәни дүниеде адам қанша рахат ала алады деген сауалға болжамды түрде былай жауап беруге болар еді: адам өмірінің орташа ұзақтығы 70-80 жыл десек, осы уақыт ішінде пенденің алатын рахаты мен тартар тауқыметінің балансы болжамды түрде 3-97 деп алуға болар еді. Оның мәні сіздің алатын рахатыңыз ары кетсе 3 пайыздан аспайды, ал тартар азабыңыз 97 пайыздың мөлшерінде. Бұл барлық адамдарға тән өлшем емес. Бұл – ең жоғарғы өлшем. Адамдардың көбі бар өмірі ішінде 1-2 пайыз, тіпті одан да аз мөлшерде рахат алады.

Соныменен сіз өз өміріңізде қанша күш салып, қабылет-қарымыңызды, уақытыңызды жұмсағаныңызға қарамастан, алатын рахатыңыз 3 пайыздан аспаса, онда сол аз ғана бақыт үшін азаптанудың жөні бар ма? Жаратқанның берген несібесін қанағат тұтып, өз міндетіңізге адал болсаңыз, айналаңыздағы адамдармен жылы қарым-қатынас жасасаңыз – өміріңіз біршама тыныш, жайлы болып өтері анық. Ал мол бақытқа кенелемін деп жанталасып, ауадағыны арбап, жердегіні қармап, қайтсем бай боламын, тән рахатына кенелемін, атағым мен даңқымды асырып, биік мансапқа жетемін деп аласұрсаңыз, өміріңіздің қалай өткенін сезбей қаласыз және еш рахат таппай бар өміріңіз жанталаспен өтеді. Бұл сізге қажет пе?

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика