26 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева ұлттық банк басшылығының назарын аударған мәлімдемесінде екінші деңгейлі банктердің қарапайым халықтың қанын теспей сорып, аяусыз тонап жатқандығын айтады. 145 мың теңгеге дейінгі микрокредиттерді банктер 2 мың пайыздан артық өсіммен қайтарып алады екен. 2000 пайыз дегенге ой жүгіртіп қараңызшы. Бұл енді ешбір ақылға сыймайтын өсім ғой.

Ақша тапшылығынан құтылудың  оңай тәсілі

Бүгінде адамдардың көбі, әсіресе қазақтар ақша қажеттігі мәселесін шешудің ең оңтайлы жолы деп таныс біреулерден қарыз алуды немесе банктен кредит алуды санайды. Қарыз алуға үйреніп алған адам сәл ақшаға қажеттілік туа қалса банкке немесе ақшасы бар таныстарына жүгіреді. Осылайша олар мойындарына мол қарызды жинап алып, бар тапқандарын сол қарызды жабуға жұмсаумен тірлік кешеді.

Өткен жылы Президенттің пәрменімен біраз адамның банктегі несиелері кешірілді. Осыған дәндеп алған адамдар биыл тағы да үкіметтен кредит қарызын кешіруді талап етуде. Осы арада мынадай сауал туындайды: егер сіз банк кредитін өтей алмайтиын болсаңыз, онда неге кредит алдыңыз?

«Көтере алмайтын шоқпарды қарыңа байлама» деген халық нақылы бар. Егер кредитті қайтаруға шамаңның жетпейтінін білсең, онда несие алма. Есі дұрыс адам осылай жасайды. Дегенмен, ақша тапшылығынан құтылудың жалғыз жолы – қарыз алу дегенді саналарына сіңіріп алған адамдар қарызды қайтара ала ма, жоқ па оны ойлап бастарын ауыртпайды. Бар пәле содан кейін туындайды.

Қарызға байланған өмір

Қарыз алу несімен қауіпті? Ең алдымен, егер таныстарыңыздан өсімсіз қарыз алсаңыз әңгіме басқа, ал банктен өсіммен кредит алсаңыз оны еселеп артығымен төлеуіңізге тура келеді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, 145 мың теңгеге дейінгі микрокредиттерді адамдар жалақыға дейін ала тұрайын деп мойындарына ерікті түрде қарыз қамытын іліп алады. Ал оның өсімі 2000 пайыз екендігімен қарыз алған сәтте олардың шаруасы болмайды. Тек қайтарар кезде мәселе туындап, сол кезде ғана айқайға басып, банктен несиені кешіруді, үкіметтен көмектесуді сұрап, жылап-еңіреп жатады.

Әлемге аты танымал инвестор, миллиардер Уоррен Баффет ешқашан қарыз алмаңыз дейді. Өйткені қарыз сіздің табысыңызды түгел жеп, ертеңгі байлыққа жеткізетін инвестицияға қажетті артық ақшаны қалдырмайды. Тапқаныңызды түгел шығындарды жабуға және қарызды қайтаруға жұмсап, бар өміріңіз бен күш-қуатыңызды текке сарып етесіз.

Қарыздың тағы бір жағымсыз жағы – қайтаратын уақыт жақындаған сайын ақшаны қайдан аламын деп мазасызданып, жйүкеңізді жұқартасыз. Стресс, депрессия деген аурулар осыдан пайда болады. Ал бұл аурулар түптің түбінде адамның өз өмірін өзі қиюға дейін жеткізеді. Қазақстан қазір әлемнің 188 елінің ішінде суицидтен 8-ші орында тұр екен. Бұл өте жаман көрсеткіш.

Тарта жесең тай қалады, тоя жесең түйе де қалмайды

Қазақта осындай мақал бар. Яғни, үнемдеуді үйренген адамның қай уақытта да есесі кемімек емес. Қарадан шығып миллионер болған неміс Бодо Шефердің айтуынша, бақуаттылыққа жетудің ең бірінші және негізгі қадамы – үнемдеуді үйрену. Жұмысынан айрылып, қарызға белшеден батқан ол өзін өзі дамыту тақырыбына арналған ақылы лекцияны тыңдап, содан кейін лектормен оңаша сөйлесіп, сауалдарын қояды. Лектордың айтқанынан түйгені, ең алдымен үнемдеуді үйрену қажет екен.

Осы қағиданы есінде мықтап  ұстаған Бода Шефер бірнеше жылдың ішінде бақуаттылыққа қол жеткізеді. «Мен қазір барлық ісімде ең алдымен үнемдеуге назар аударамын және әрбір осындай әрекет маған іштей қанағат сезімін сыйлайды. Үнемдеу мен үшін артық салмақтан арылу үшін өзін өзі қинап ашыққан сияқты ауыр тимейді. Керісінше, одан рахат аламын. Ақшаны босқа шашпай, пайдалы істерге жұмсауды меңгеріп, байлығыма байлық қосамын» -дейді ол.

Қит етсе танысынан жалынып қарыз сұрау немесе банкке барып кредит алу – бұл қиындықтан шығудың амалы емес, керісінше, кедейшіліктің құрдымына құлататын жол. Сондықтан, ең алдымен АҚШАНЫ ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕНІҢІЗ. Ақша тапшылығынан құтылдың және бақуаттылыққа жетудің ең сенімді және жалғыз жолы – осы.  

"Кітап дүкенінен" сіз ағылшын тілін жедел үйрететін аудиокурсты және "Веда кітапханасы" сериясымен ақпараттық, танымдық кітаптарды алуыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы кіріп алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика